КҮЛЛІ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚАСИЕТТІ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

Біз өзіміздің шынайы тарихымызды білуге тиіспіз

Сағади БӨЛЕКБАЕВ,

философия ғылымының докторы, профессор,

Синьцзян университетінің профессоры, академик

– Қазақстан Президенті Ұлы Дала өркениетінің ұлы сипаттарымен және оның құрамдас құндылықтарымен кеңінен танысуға мүмкіндік беретін бағыттарды жариялады. Түркі өркениетінің байлығын қазіргі заманғы үрдістерге үйлестіруде және оның тарихи, мәдени мұрасын зерделеуде қандай бағдарларға басымдық бергеніміз жөн?

– Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы әлем тарихындағы, адамзат өміріндегі түркілердің даму динамикасын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Мойындау керек, түркілердің әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан үлесін толықтай ашып көрсететін материалдар өте аз. Әлемдік мәдениеттегі түркілердің орны әлі де толықтай өз бағасын алып болған жоқ. Олардың шынайы тарихы неғұрлым толықтай және жан-жақты зерттелсе, солғұрлым әлемдік тарих, мәдениет пен өркениеттегі алатын орны анық әрі дәлелді бола түсері хақ.

Түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесін айқындап, әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында біз де өз ғылыми жобамызды бастадық. Ертеректе өз ұсы­нысымызды ЮНЕСКО-дағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовке жіберген болатынбыз. ЮНЕСКО аясында, түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі жайлы халықаралық деңгейде «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Бұл жиынға Түркия, Әзербайжан, Татарстан, Қазақстан және Еуропа мемлекеттерінің белгілі түркітанушы ғалымдары қатысты.

Біздің ойымызша, прототүркілер мен түркілер ғаламат зор территорияларды жаулап алып, үлкен империялар құрып қана қойған жоқ, сонымен бірге, өздерінің соңына ұлы өркениет пен мәдениет қалдырды. Осы қазына қазір негізделе зерттеліп, толықтай бағасын алып, көпшілік қауымға ұсынылып отыр.

Бүгінде бүкіл қоғамтанушы ғалымдар алдында үлкен міндет тұр. Ол – тарихи, мәдени-өркениеттік негізді меңгеру мен көтеру міндеті. Өзіміздің жеке талдауымызды алға тартып, түркілердің әлем мәдениетіне қосқан үлесін біз аштық деп таласпаймыз. Біз тек көпшілік қауымға жаңадан белгілі болған тарихи және түркологиялық материалдар негізінде түркілердің әлемдік өркениет пен мәдениетке қосқан үлесін белгілі бір жүйеленген формада ұсынғымыз келеді. Бұл материалдардың көпшілігі бізге дейін де мәлім болған, бірақ бір өкініштісі, ол бұрынғы дәстүрлі тарих шеңберінен шыға алмады. Қазіргі қоғамдық ғылымдардағы жаңалықтарды, түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлестерін тек айтып, жазып қана қоймай, соның негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің жаңа концепциясын құруымыз қажет. Біздіңше, мұның өзі Қазақстан жастарын патриоттыққа тәрбиелеуде, шындыққа негізделген жаңа тарихты бүкіл білім мен тәрбие жүйесіне енгізуде өте зор маңызға ие болмақ. Ұрпақ өзінің шынайы тарихын білуі тиіс.

 

«ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНДАҒЫДАЙ МӘДЕНИ ПОТЕНЦИАЛ ЕШБІР ХАЛЫҚТА ЖОҚ»

– Түркі әлемінің қайта өркендеуі барлық түркітілдес мемлекеттердің бірлескен іс-әрекетін одан әрі күшейтуді және осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытуды талап ететіні анық…

– Прототүркілерден бастау алатын төл тарихымызды тануымыз қажет. Атақты ғалым-түркітанушы, белгілі қоғам қайраткері Садри Мақсуди 1917 жылы былай деп айтқан болатын: «Біздің аталарымыз ұлы өркениетті ту­дырған. Түркі халықтарындағыдай мәдени потенциал ешбір халықта жоқ. Біз бұны бүкіл әлем алдында дәлелдей аламыз».

Бұл тұрғыда біз батыстық ғалымдардың деректеріне жүгінсек дейміз. Француз антропологі Леви-Строс тек Еуропа ғана әлемдік өркениеттің дамуына үлес қосты деген концепцияны терістей отырып, былай деп жазады: «Батыс­тың барлық ғылыми және өнеркәсіптік революциялық кезеңі – адамзат жүріп өткен мыңдаған жылдың жартысын ғана қамтиды. Батыс өркениеті екі-үш ғасыр бұрын тек адамды күшті механикалық құралмен жабдықтауға арнады. Егер осы критерий тұрғысынан қарайтын болсақ, онда адамзат қоғамының даму деңгейінің индикаторы тұрғын­дар рухына жұмсалған энергияға айналмақ. Американдық негіздегі батыс өркениеті мұның басында тұрады. Егер қауіпті географиялық жағдайларды бағындыру тұрғысынан алсақ, эскимостар мен бәдәуилер алдыңғы орынға шықпақ. Басқа өркениеттермен салыстырғанда, Үндістанда алдыңғы қатарлы философиялық-діни жүйе жасалынса, Қытайда демографиялық күйзелістің психологиялық салдарымен күресетін өмір сүру стилі дамыды. Осыдан үш ғасыр бұрын Исламда батыс мәдениеті осы уақытқа дейін таба алмай келген, адам өмірінің барлық: техникалық, экономикалық, әлеуметтік және рухани формаларына қажет теория жасалынды» деп тұжырым жасайды. Одан ары қарай Леви-Строс Батысқа түркілердің, жекелей алғанда якуттардың қосқан үлесі туралы айтады. Оның пікірінше, бұл тарихи- технологиялық дамудағы сирек кездесетін жағдай: «осы кезеңде (адамдар 15–20 мың жыл бұрын Беринг бұғазы арқылы Америкаға өткенде) әлем тарихында ойға келмес іс-әрекеттер жасалды. Мәселен: солтүстік пен оңтүстік арасындағы табиғи ресурстарды зерттеу, жабайы жануарлар мен өсімдіктерді үй жағдайына баулу, оларды тамаққа, дәрі-дәрмекке пайдалану.

БАЙКАЛ МЕН ЛЕНА ӨЗЕНДЕРІНІҢ БОЙЫНДА ТҮРКІЛІК КӨНЕ МӘДЕНИЕТ БІТЕ ҚАЙНАСЫП ЖАТЫР

– Тарихи-мәдени дамуда түркілер әлемдік өркениетке қандай үлес қоса алды?

– Біз түркілердің әлемдік деңгейдегі бай тарихы бар екендігін енді ғана біліп жатырмыз. Бұл еуроцентристік және таптық концепциялардың ұзақ жылдар бойы үстемдік құруынан. Біз оқитын ресми тарихқа келетін болсақ, онда төл тарихымыздан гөрі басқалар туралы көп жазылған.

Бұл турасында Мұрат Уәли былай деп ақиқатын жазады: «Бумын қаған мен Кенесары ханға қарағанда, біз көне Рим императорлары мен Киев Русінің княздары жайлы көп білеміз. Алыстағы жапон самурайлары туралы жоңғар шайқасында ерлік көрсеткен батырларымызға қарағанда көп білеміз. Олимп құдайлары мен Көне Грекия батырлары туралы әрбір адам хабардар.

Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен соң, өз тарихы­мызды толықтай қайта қарастырудың арқасында ондағы еуроцентристік және таптық әдіснаманың тасасында қалып қойған талай ақтаңдақтарымыздың беті ашылды. Түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың да лайықты бай тарихы болғандығын білдік. Бүгінгі таңда олардың әлемдік мәдениет пен өркениетке сүбелі үлес қосып қана қомай, сонымен бірге әлемдік тарихтың дамуына да белгілі бір мөлшерде ықпал еткендігі белгілі болып отыр. Бұл тұрғыда қазақ халқы, Ұлы Даланы тарихи мекені еткен түркі халықтарының бір бөлігі ретінде, әлемдік тарихи дамуға ықпал еткен түркі тарихының, түркі халқының лайықты мұрагері ретінде саналуы тиіс. Сон­дықтан ол бүкіл түркілердің барлық тарихи жетістіктері мен кемшіліктерін теруге құқы бар.

Қазақ халқының тарихы ресейлік империялық тарих негізінде емес, «түркілер», «түркі халықтары» ұғымдары­ның басын қосатын түркілік тарих негізінде жазылуы тиіс. Біз өзіміздің жалпы тарихымызға, көне тамырымызға үлкен құрметпен қарауымыз керек. Бұл – түркі халықтары өз тәуелсіздіктеріне қол жеткізіп, ұлттық тарихы мен ұлттық ерекшеліктерін тануға тырысып жатқан бүгінгі күнде үлкен маңызға ие. Өз тамырын, негізін, өз тарихын тану жастарды патриоттыққа тәрбиелеу тұрғысында да үлкен мәнге ие. Өйткені, патриотизм, Отанға деген махаб­бат өз халқына деген мақтаныш сезімнен, осы халық арқылы жазылған оның тарихындағы ерлік істерге деген құрметтен құралады. Мұндай сезім өз халқының өткені мен бүгінгі жетістіктерін толық білгенде ғана пайда болады.

Түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы өмірінің соңында белгілі ресейлік тарихшы-түркітанушы, академик А.П.Окладников та мойындап кеткен. Ол былай деп жазады: «Көне түркілік Сібірдің Батысқа қарағанда, Шығыспен байланысы тығыз болған. Оның тарихы өте терең. Байкал мен Ленаның жағалауында Шығыс пен Батыстың көне мәдениеттері біте қайнасып жатты, осының арқасында сол кездегі күшті мәдени ошақтар өмір сүрді. Бұларсыз біз Еуразияның тарихын толық тани алмаймыз. Байкалдан табылған археологиялық мұралар бұл байланыстарды Дон мен Дунайға дейін алып барады.

 

ТЕМІР РУДАСЫН БАЛҚЫТУ АРҚЫЛЫ ШОЙЫН МЕН БОЛАТ АЛҒАН

Түркі әлемі көптеген өркениеттердің, соның ішінде, өз мәдениетінің озық үлгілері арқылы батыс өркениетінің дамуына түрткі болды. Яғни тас ғасыры мен қола дәуірінен темір дәуіріне өту кезеңін (б.д.д V-ІІІ ғасыр аралығы) ерек­ше айту қажет. Бұл кезең түркілерге жаңа Құдай – Тәңір ханның келуімен сипатталады. Ол адамдарға темір балқы­туды үйретті. Алтайлықтардың ғана емес, басқа барлық халықтардың жаңа дәуірі басталды. Темір – бұл өте көне металл. Ол туралы Египет перғауындары да білетін еді. Темірді Кавказ бен Кіші Азияда да өңдеді. Бірақ бұлар темірді балқытпай, күйдіру арқылы алса, алтай түркілері бүгінгі күні де әлемде пайдаланылып келе жатқан өздерінің жаңа технологияларын ойлап тапты. Олар темір рудасын пеште балқыту арқылы шойын мен болат алды. Бұл орасан зор пайда әкеліп, металға сұранысты арттырды. «Шойын» және «болат» түркі сөздері. Олар адамзат тарихындағы жаңа дәуірдің құнды ескерткіштері. Темір Египет пер­ғауындарының қолында баға жетпес құнды зат болса, ол түркілердің қолында жұмыс металына, құралына айналды.

Түркілер керемет рухани мұра қалдырып қана қоймай, материалдық мұралары арқылы да адамзатты таңдай қақтырды. Түркілердің Қытайдағы Вэй династиясына үстемдігі кезінде Юньган және Лунмэня үңгірлерінде керемет скульптуралық мектеп қалыптасқан. Азиядағы керемет монументтерді түркілер еншісіндегі дүниелер деп айтуға болады, олар: Исфахандағы үлкен Жұма мешіті, Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесі, Аградағы Тәж-Махал, Самарқандтағы Регистан және Стамбулдағы Сүлеймен мешіті.

Үндістанның әлемге әйгілі перзенті Джавахарлал Неру түркілердің қала салу өнерін айта отырып, Үндістан үшін түркілер тек жаулаушылар ғана емес, сонымен қоса өз заманындағы керемет архитектура қалыптастырушы құрылысшылар болғанын айтады. Д.Нерудің пікірінше, Ұлы Моғолдардың архитектурасында үнді халқының рухы, парсы поэзиясы және түркі халқының күші мен жігері бар.

Ш.Монтескье өзінің «Парсы жазбалары» атты кітабында түркілердің жеңісі жайлы жаза келе: «Әлемдегі бірде-бір халық өзінің жаулап алуы мен жеңісі жағынан татарларды (түркілерді) басып оза алмайды. Шын мәнінде бұл халық әлемді билеуші, басқа халықтар оларға бағыну үшін жаралғандай. Сонымен қоса, ол империяларды жоюшы және оны қалыптастырушы. Олар барлық уақытта да, ғасырларда да үстемдікке жетіп отырды. Олар Моғол империясы атты иелікке ие. Олар Персияның билеушілері және Кир мен Гистасктың орнына отырушылар. Олар Московияны бағындырушылар. Олар түркі есімдерімен Еуропада, Азияда, Африкада жорықтарын жүргізді және үш бөлікке үстемдік етті. Ары барсақ, Рим империясын құлатушыларға тірелеміз. Шыңғыс хан жорықтарымен салыстырғанда Александр жорықтары қандай? Бұл халықтың тарихын жазуға тарихшылар да жетпейтін шығар. Қанша ерліктер тарих тылсымына айтылмастан кетті! Олар біз білмейтін қанша империя құрды! Бұл үнемі жеңіске жетуші ержүрек халық, өздерінің ерліктері жайлы болашаққа қалдырмаған халық». Басқаша айтсақ, түркілер өздерінің жаулап алуларымен әлем тарихы мен саясатын бір рет өзгертпеді.

 

ТҮЙЕНІ ПІЛГЕ ҚАРСЫ ҚОЙҒАН ДА ТҮРКІЛЕР

Белгілі саяхатшы Марко Поло түркілердің әскери өнері туралы көп мәліметтер қалдырған. Ол «түркілердің соғыс алдындағы психологиялық даярлығы, қарсы барлауды ұйымдастырудағы тактикалық тәсілдері, далалық жағдайдағы іс-қимылы, жаудан шегініп бара жатып, қарсылық танытуы, астындағы аттарын ит секілді үйретуі, әскери сап түзуі, жаумен жақындаспай, алыстан техниканы істен шығарып, мүмкіндігінше көп адамды жою тәсілі» жөнінде сипаттаған. Түркілердің әскери өнері туралы мысал ретінде Әмір Темірдің жорығын айтуға болады. Үндістанға жасаған жорығында Дели қаласының маңында алғашқы қақтығыс болады. Темір әскеріне қарсы соғыста үнділер алғашқы күні алпысқа жуық әскери пілдерді пай­даланады. Бұл өте қорқынышты және күтпеген әдіс бола­тын. Темір әскері бірінші күні-ақ, жеңіліске ұшы­райды. Ұлы Ескендір де бір кездері осындай шабуылға ұшы­раған болатын. Сонда Темір де қарсыласына қарсы айла ойластырады: түйелерді пайдаланып, жауға үрей туғызып, күтпеген тәсілмен олардың бетін қайтарады. Олар түйенің артына шала байлап, оны тұтандырып жібереді. Өрт құшағындағы үлкен дала жануарларын көрген пілдер кейін шегініп, айналасындағы әскерлерді таптай қашады. Бұл туралы түйелердің пілдерге қарсы соғысы туралы Темірдің замандасы – Самарқандағы испан елшісі Руи Гонсалес де Клавихо өз күнделігінде жазып қалдырған.

Марко Поло жеңімпаз әскер туралы өз жазбаларында былай деп тұжырымдапты: «Қажет кезде азықсыз, от жақпай он күн бойы тоқтаусыз жол жүре алады. Құрал-жабдықтары соғұрлым жеңіл. Жауыннан қорғану мақ­сатында кішкентай шатыр алып жүреді. Сондай-ақ, олар құрғақ сүт алып жүрді: суға араластырып, ерітіп, оны сусын ретінде пайдаланды».

 

ЕУРОПАДАҒЫ БІРДЕ-БІР ТІЛ ТҮРКІ

ТІЛІНЕ ТЕҢ КЕЛЕ АЛМАҒАН

– Әлем ғалымдары түркілердің бай тілін олардың үлкен жетістігі ретінде пайымдайтынына көзқарасыңыз қандай?

– Белгілі ғалым Рафаэль Мухамметдинов былай деп жазады: «Түркі тілі мағыналық түбір тұрғысынан алғанда – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Бұл тұрғыда бірде-бір еуропалық тілдер түркі тіліне тең келе алмайды. Бүгінгі таңда әлемдегі ең бай тіл ретінде саналатын неміс тілінде шамамен тоғыз жүздей түбір сөздер кездеседі. Ал басқалары осы түбір сөздерден шыққан туынды сөздер болып табылады. Ал түркі тілінде ұмытылған және ескірген сөздердің барлығын қосқанда сегіз мыңға жуық жеке лексикалық бірліктер бар. Егер осы тілдік байлық басқа ұлттардағы секілді саналы түрде қайта жанданатын болса, түркі тілі әлемдегі ең бай тілдердің біріне айналар еді». Сондай-ақ, Алтай тілдер тобының басқа тілдерден айырмашылығы оның лексикасы мен грамматикасы математикалық ережелер секілді айнымас тұрақты.

Жиырмасыншы ғасырдың атақты түркітанушысы Садри Мақсудидің пікірінше, прототүркілердің тілдерінің құрылуы мен дамуы, олардағы қоғамдық ұйымдастыру мен материалдық мәдениеттің басқа қоғамдармен салыстырған кезде ешбір күмәнсіз жоғары болғандығына дәлел бола алады. Прототүркілер әлемде бірінші болып мал шар­уа­шылығы мен қолға үйретілген жылқылар арқылы көш­пелі өмірді қалыптастырды. Ал бұл өз кезегінде прото­түркілердің өте динамикалық өмір сүруіне, ғаламат үлкен территорияны бақылауда ұстауға, осы аумақтардағы ақпаратқа ие болып, олардан көптеген материалды құндылықтарды жинауға мүмкіндік берді.

Көне түркілердің дамыған тілдері туралы батыстық ғалымдар да көптеген пікірлер айтқан. Мысалы, атақты түркітанушы Эрнст Добльхофер былай деп жазады: «Түркі жазуы өзінің бай дифференциациялық белгілерімен көне түркі тілінің фонетикалық дыбыстарын дәл беруге әлдеқайда қолайлы».

Түркілік руникалық жазуда 38 графикалық белгілер, дауыссыз да, дауысты да белгілер бар. Көптеген дауыссыз дыбыстардың қандай дауысты дыбыстармен қатар келгеніне байланысты, екі мен беске дейін жазылу түрі бар. Мәтін негізінен оңнан солға қарай жазылған. Жазудағы сөздер бір-бірінен қос нүкте арқылы ажыратылады. Түр­кілік жазудағы бұл жаңалық ғылымдағы үлкен жаңа­лықтардың бірі болды. Бұл турасында Эрнст Добльхофер былай деп жазады: «Олар Азияның жүрегінен шыққан, батыс өркениеті үшін «беймәлім әлем» болып табылатын… міне, осынысымен олар біз үшін қызықты». М.Барман­құловтың пікірінше, Волга бойындағы татар-моңғолдар қыпшақ тілінде сөйлеген және өздерінің жазуы болған. Татар шапқыншылығына дейінгі түркілердің славяндарға сыйға тартқан сөздері мыналар: вишня, казак, казня, казначей, киоск, кисет, курган, люлька, отава, очаг, сургуч, товар, шаль, ярлык, диван, капкан, лачуга, лошадь, серьга, утюг, кирпич, карман, чулок, каблук, дрофа, жилет, сапог, хмель, курень, кафтан, кивер, нефть, аршин.

Түркілердің медицина саласына қосқан үлесіне де айрықша ден қойған жөн. Кеннет Медоуз өзінің «Ша­мандардың көне даналығы» атты еңбегінде, түркілік ша­мандар адамды емдеу, анатомия мен физиологиялық білімдері тұғысында қытай мен тибет медицинасынан кем болмағанын айтады. Дәлел ретінде ол тувалық шамандарды келтіреді. Ғалымның айтуынша, өз медицинасындағы ең маңызды міндет ретінде тувалық шамандар (тек тувалықтар ғана емес) адамның энергетикалық жүйесінде орналасқан күштік орталықтарды ояту мен қозғалысқа түсіру деп білді. Адамда 10 чакр бар. Үнділік медицинада белгілі болғандай 7 чакр бар. Айтпақшы, «чакр» ұғымын көне түркінің «чукр» сөзімен байланыстыратындар да бар, ол ойық неме­се құйғыш мағынасын береді деген болжам жасалады. Түркілік шамандардың чакрлар жайлы түсініктерінің ерекшелігі сонда, егер үнді медицинасында чакрлар құйым­шақтан басталып бастан аяқталатын болса, шаман­дардың зерттеуі бойынша олар аяғының астынан басталып, басының төбесінен аяқталады. Бұл күшті орталықтар өмірлік энергияларды өндіріп, физикалық денеге эндо­крендік темірлер, жүйке жүйесі арқылы таратады. Түркілік шамандар медицинасында адамды энергиялық жүйе арқылы емдеу секілді түрлі емдеу тәсілдері бар және ол мерзімі жағынан өте көне. Шаманизм отыз мың жыл бұрын қалыптасса, ал қытайлық және үнділік өркениеттер он мың жыл бұрын қалыптасқан.

– Заман мен уақыт өзгерсе де, салт-дәстүрлеріміз – біз үшін басты құндылықтарымыздың бірі. Осы орайда төл дәстүріміздегі қазақы күнтізбе туралы не айтар едіңіз?

– Қазан революциясынан кейін көшпелілердің циклдық күнтізбесі өз дәрежесінде түсіндірілмеді және бағаланбады. Бұл күнтізбені қазақтар мүшел деп айтады. Ол аспан жарықтарының қозғалысы біліміне негізделген. Циклдық күнтізбенің мәртебесі – цикл білімінде кли­маттың 12 жылдық Юпитермен байланысты өзгерісін қамтиды. Ол күн белсенділігінің ауытқуының арқасында ауа райын көп жылдарға болжауда және қазіргі ғылым тілімен айтқанда, шаруашылықтың көпжылдық страте­гиясын жоспарлауда қолданылды.

Юпитер күнді толығымен 12 жылда айналып өтеді және Жердің жылдық климатының өзгерісіне әсер ететін өзіндік сәулеленуі бар Күн жүйесіндегі ең үлкен планета. Әрбір 12 жыл сайын бұл өзгерістер қайталанады, бірақ түрліше болады. Түрлілігі айлық, күндік, сатурндық циклдармен, сондай-ақ, жануарлар таңбасының түсінің өзгеруімен болатын онжылдықпен сәйкестендіріледі. 60 жылдан кейін барлығы басынан бастап қайталанады. Қазақтар, өзге де ортаазиялық номадтар секілді әрбір жылдың не әкелетінін, қанша ылғал пен желдің, шөп пен күндердің, жылу мен суықтың мерзімдерінің болатынын болжаммен білген. Олар өздерінің өндірістеріндегі жемісті жылдарды – сиыр, барыс, жылан, жылқы және жемісті емес жылдарды – тышқан, ұлу, мешін, тауық, доңыз деп бөлген. Бірақ адам­дарға ең қауіптісі қоян жылы болды, ол әр 36 жылда қайталанатын жұт жылы болып табылды. 12 еселенген бірлік-сағат – тәулікті, 30 тәулік – айды, 12 ай – жылды, 12 жыл – мүшелді білдірген. Ал 5 мүшел – 60 жылдық айналым, яғни үнемі қайталанып отыратын толық мүшел.

Уақыт айналымына жеке адамның өмірі де тәуелді. Адам өмірі – 12 жылдық мүшелдердің байланысы. Адамдар әр 12 жыл сайын мүшел жасқа толады, ол өтпелі, тұрақ­сыздық кезеңі, денсаулықтың уақыттық бұзылуы, заңды­лық бойынша психология және әлеуметтік қиындықтар кезеңі болып табылады. Бұл сақтықты, байыпты талап ететін өмірдің 13, 25, 37, 49, 61, 73-жылдары. Бұл мүшел жас­тар қазіргі медицинада адамдардың гормондық жүйесінің қайта құрылуымен түсіндіріледі, яғни организм мен психиканың тұрақты тепе-теңдіктен шығу кезеңі. 13 жас – жыныстық жетілу кезеңі, 25 жас – гормон­дық өсім­нің, физикалық жастықтың тоқталуы, 37 жас – психоло­гиялық дағдарыс кезеңі. Американдық ғалым­дардың айтуынша, «адам өмірінің көлеңкелі тұстары», 49 жас – өндіргіш функциялардың сөнуі.

 

«Әлемдік мемлекет» идеясы:

«Аспан – біздің шатыр,

ал Күн – біздің тұғыр»

– Түркілердің әлемдік өркениет пен мәдениетке қосқан үлесін тұжырымдағанда қандай бағдарларға мән берген жөн?

– Түркілер империяларының ұзақ өмір сүруінің құпия­сы олардың өзге халықтардың дініне, тіліне, мәдениетіне толерантты болғанын айғақтайды. Зерттеушілердің айтуынша, түркілер биліктің шыңында отырып, өз вассалдарынан көп көмек сұрамаған.

Түркілер толеранттылығының сапалық ұстанымы – «әлемдік мемлекет» идеясымен үндес. Тек осы ұғыммен ғана түркілердің әлемдік билігі жайлы айтуға болады. Оғыздардың «аспан – біздің шатыр, ал күн – біздің тұғыр» сөзінен түркілердің әлемдік мемлекет идеясын аңғарамыз.

Түркілердің әлемдік мемлекет идеологиясының жергілікті және мемлекетті басқару ісін Қытай, Рим, Византия, Англия, Ресей, Кеңестер Одағы басқару жүйелерімен салыстырып көріңіздер. Түркілерде көптеген империяларға тән алынған жерлерден түскен байлықты өз астанасына тасу әдеті болған жоқ. Еділ, Шыңғыс хан, Бабырды, Осман империяларын еске түсірейікші! Тек Әмір Темір ғана алынған жерлерден түскен байлықтарды, құры­лысшыларды, ақындар мен жазушыларды, ғалымдарды мәжбүрлеп, астанасы Самарқанға тасыды, қоныс аудартты. Түркілер қарамағындағы халықтарға қатыгездік көр­сетпеді. Көптеген империялар секілді оларды басып-жан­шымады. Тарихта қатыгездік пен басыну – үнемі көте­рілістерге ұласатыны белгілі. Түркілер алынған халық­тардан жасақ немесе аз мөлшерде салық алып отырды.

Атап өткеніміздей, түркі халықтарының әлем мәде­ниетіне қосқан үлесін пайымдағанда, өз халқымыздың мінезін, психологиясын, т.б. қасиеттерін зерделеуге тиіспіз. Зерттеушілердің тұжырымдауынша, бұл қасиеттер мына­лар: индивидуалды ашықтық пен бостандық, этника-конфессияаралық толеранттылық, ойлаудың тұтастығы мен икемділігі, өзге мәдениеттерді қабылдауы, дамыған шешендік және ақындық өнері, әскери борыш пен парыз, батырлық рухы, шежірені білу, тәңіршілдік культі, тәңіршілдік пен исламның араласуы, ұжымшылдық және туыстық қатынас.

Соңғы жылдары сапалық сипат туралы сөз қозғағанда, Батысқа альтернатива ретінде Шығыс мәдениеті қарас­тырылады. Альтернативаның бірі – Еуразиялық жол болып табылады. Бәлкім, Президентіміз айтқандай, Еура­зиялық жолда ғана Шығыс пен Батыс дихото­миясындағы шешілмеген түйіндерге жауап табармыз. Мүмкін, Еура­зиялық жол ғана Батыс пен Шығыс гармониясын қалып­тастырар. Міне, осылардың бәрін ескере келіп, ТҮРКІ ЖЕТІСТІКТЕРІНІҢ АНТОЛОГИЯ­СЫН құрас­тыру керек. Бұл антологияда тұтастай түркі халқының ерлігін, рухын, негізін түсіндіру қажет. Олардың әлем мәдениетіне қосқан үлесінің маңызын ашқан абзал.

Түркілердің саясат ғылымына қосқан үлесі жайлы мынаны айтуға болады: көшпелі түркілердің өркениеті – шын мәнінде қазіргі көптеген өркениеттердің басы. Дәстүрлі көшпелі демократияны жаңғыртудың басы.

Ол өркениеттің саяси-экономикалық, мәдени-рухани құндылықтарын ұлықтаған ұлылары, тұтастығын бекем сақтайтын әскері, қару-жарағы, жылқылары болған.

Көшпелі өркениетті қазақ қоғамының өз құқықтық ұстанымы – құқықтық жүйесі болған. Зерттеушілердің пікі­­рінше, ол жалпыадамзаттық және гуманистік маз­мұндарға толы. Қазақ құқығының күші, даналығы, өмір­шеңдігі оның маңызды жетекші функциясының моральдық нышандарға, жеке индивидтердің жүріс-тұрыстарына негізделген. Қазақтар үшін мораль құқығы кәдімгі құқық­тан әлдеқайда жоғары болған. Ал адам­гершілік жүйесіндегі қонақжайлылық этикеті қазақтың кеңдігі мен мәрттігін көрсетеді.

Көнеден бастау алатын дәстүрлі қонақжайлылық қасиеттің жас буынды туыстарға, көршілер мен жақын­дарға, таныс және бейтаныс адамдарға құрметпен қарауға тәрбиелеудегі орны зор.

Жалпы, түркілердің әлемдік өркениет пен мәдениетке қосқан үлесі өте ауқымды әрі зор. Сондықтан да бұл бағыт­та әлі де жан-жақты зерделі зерттеулер жүргізу қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен –

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *