КӨЛІК КЕПТЕЛІСІН ҚАЛАЙ ШЕШУГЕ БОЛАДЫ?

nnn

Серік ЖҰМАБАЕВ

Бірден айтайық, Алматы қаласының экологиялық ахуалы тым нашар. Оны қала билігінің өзі толық мойындайды. Алып қаланың басты экологиялық проблемасы, бұл – көшелерде жүретін көліктердің тым көптігінен болып отыр. Ірі мегапо­листің өзінде 600 мыңнан аса көлік тіркелген болса, оның үстіне, күн сайын қала арқылы шамамен 200 мыңдай автокөлік транзитпен өтеді. Оған Оңтүстік астанаға әртүрлі шаруалармен Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келетін көліктерді қосыңыз. Сонда есептеп қарасаңыз, алып шаһардың көшелерінде күнде миллионға жуық автокөлік жүйткиді екен. Бұл қаланың экологиялық ахуалына айтарлықтай кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Енді бұл мәселені қалай шешуге болады, қаланың экология­лық ахуалы мен көлік тығынын ретке келтіру үшін не істеу керек? Бұл ретте біз ғалымдармен, қоғам қайрат­керлерімен, жалпы қала тұрғында­рымен пікірлесіп, олардың ұтымды ойларын ортаға салғанды жөн санадық.

Таяуда ғана жергілікті билік өкілдері Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы жасалынғанын, онда тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер ескерілгенін жеткізген болатын. Бұл бағдарламаның жобасымен танысқан­да байқағанымыз, шынында да мұнда экологиялық ахуалды шешу, көлік кепте­лісін ретке келтіру жолдары жақсы көр­сетілген екен. «Қала тұрғындарының және қонақтарының мобильдік мүмкіндігі қоғамдық көліктер есебінен қамтамасыз еті­летін болады. Бұл жеке көлікке балама болмақ. Қоғамдық көлік атмосфераға зиян­ды заттарды аз бөліп, экологияны жақсарта отырып, жеке көлікке қарағанда энергияны 3-4 есе аз тұтынады. Қоғамдық көлікті дамыту жолдардағы кептелістерді азайтуға, қалалықтардың уақытын және кө­лікке, инфрақұрылымға арналған шығындарды үнемдеуге әкеледі. 2020 жылы қоғамдық көліктің үлес салмағы 32 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Осы міндетке қол жеткізу үшін, бірінші кезекте жеке көлік­пен салыстырғанда, қоғамдық көліктің тартымдылығын арттыру қажет. Дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес, ынталандыру шаралары қолданылады (айрықша автобус жолақтарының санын көбейту, серіктес қалалар мен көлік қатынасын ұйымдас­тыру, метроны дамыту, т.б.) және шектеу шаралары (ақылы тұрақтар енгізу, теңгермелі тарифтер және т.б.). Жаяу жүр­гіншілерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, сондай-ақ, велокөлік­ке инфрақұ­рылымды дамытуға айрықша көңіл бөлінеді», – делінген аталмыш жобада. Сонымен қатар, «Алматы қорша­ған ортасы қазіргі әлемдік талаптарға сай келетін адамдардың өмір сүруіне қолайлы қала болуға тиіс. Атмос­фераның ластану деңгейі 140 мкг/м3-дан 36 мкг/м3, қаланың ІАӨ-нің энерго­сыйым­дылығы 2020 жылы 0,3 шжт/млн. долл. болады. Осыған орай ауаға тарату көздерін монито­рингілеу мен табиғат қорғау полициясының қызметін жандан­дырып, кәсіпорындардың ауаға таратуын төменде­ту бойынша шараларды қабылдау­ды Қазақ­станның экологиялық кодексі нормала­рына енгізуді қамтамасыз ету қажет. Жеке тұрғын үйлерді газдандыру, ЖЭО-тарда тазартушы қондырғыларды монтаждау, шағын және орта қазандық­тарды табиғи газға немесе электр қуатына ауыстыру жоспарлануда», – деп атап көрсеткен «Алматы – 2020» даму бағдарламасында.

Шынында да, Алматы қаласы әкімді­гінің бұл жобасы, тұрғындар үшін қолай­лылық жасаймыз деп отырған әрекеттері өте құптарлық іс. Егер бұл жұмыстар шын мә­нінде жүзеге асса, онда алматылықтардың әкімге алғыстан басқа айтар сөзі болмасы анық.

Жалпы, көлік кептелісін ретке келті­рудің, экологиялық мәселені шешудің басқа қандай жолдары бар? Ол үшін тағы не істеуге болады? Енді осыған аз-кем тоқтала кетейік.

Негізі, кептелісті ретке келтірудің жол­дары өте көп. Мәселен, қалада үлкен, ұзын жолдар бар да, алайда, оның алдынан көпқабатты үйлер салынып қойылған. Егер сол үйлерді бұзып немесе тесіп шығарып, еркін көше қылсақ қалай болады? Санамалайтын болсақ, қалада Абай мен Райымбек даңғылдарының арасында 15 көше бар екен. Алайда, батыс бағытқа қарай осы көшелердің ішінде үшеуі-ақ Момышұлы көшесіне дейін барады – Абай, Төле би, Райымбек көшелері. Аталған кө­шелерде үнемі кептеліс. Егер біз ең болмағанда тағы екі көшені Момышұлыға дейін баратын етсек, тіпті, «Қалқаман» ықшамауданы, «Алтын орда» базарына дейін ұзартсақ, біраз тығынды таратар едік. Өйткені, Абай, Төле би даңғылдары Момышұлыға барып тіреледі де, Қалқаман мен «Алтын орда» базарына, ары қарай қаладан шығу үшін тек Райымбек көшесі ғана қалады. Нағыз кептеліс осы жерден басталады. Сондықтан Абай мен Төле би даңғылын «Қалқаманға», тіпті, «Алтын ордаға» баратындай етіп жасау қажеттігі туындап тұр.

Оның үстіне, бізде көліктер жол жиегінде көп тұрады. Демек, екі «жолақ» жол болса, соның бірі жабылады. Осы­лайша жол өзінің жүргізу қабілетін жоғал­тады. Ал «Автомобиль жолдары туралы» Заңымызда: «Автомобильдік жол — кешенді инженерлік құрылыс. Ол автомобильдердің жүруіне арналған» делінген. Демек, заң бойынша жол   машина­ның тұруына емес, жүруіне арналған. Олай болса, заң неге орындалмайды? Неге жол жиегіне көліктерді қаңтарып қоямыз? Мұны жол полициясы (ЖП) қызметкерлері ретке келтіруі тиіс емес пе? Әрине, мұны жасау үшін ең бірінші көлік жүргізу­шілеріне жағдай жасауымыз қажет. Ол жағдай – жол жиектеріне тұрақтар орнату. Мейлі, екі талдың арасына бір көлік сыйса да, оған тұрақ жасау қажет. Сонда жолға кедергі болмайды. Керек десеңіз, бұған соншалық­ты көп қаражат та кетпейді.

Негізі, мұны шешу үшін кешенді әрі жүйелі түрде жұмыстар жүргізу қажет. Бұл орайда көлік тығынынан құтылу бағы­тын­да бірқатар жүйелі бағдарламалар әзірлеген экономика ғылымдарының докторы, профессор Атамұрат Шәменов­тің ұсыныстары ой саларлық-ақ.

 

Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Қаланың жұмыс тәртібін өзгерту керек

– Тіпті, қаржысыз да істелетін жұмыстар бар. Әкімшілік ресурс арқылы көп жұмыстарды ретке келтіруге болады. Қаладағы жұмыс режимін өзгерту керек. Мысалы, таң атпай базарға немесе басқа да сауда орындарына кім барады? Сондықтан олар жұмысын сағ. 9:00-де емес, 12-де бастасын. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтары мен банктер 7:00-де бастаса, онда жұртшылық жұмысына дейін сондағы тірліктерін бітіріп алады. Тағы бір мәселе, барлық мемлекеттік,  жекеменшік мекеме, тіпті, түрлі сауда орындары қаланың нақ ортасына орналасқан. Ол маңда көліктер сығылысып тұрады. Міне, қала әкімдігі осындай көлік көп келетін орындарға өздерінің жанынан паркингтер салуды талап ету керек. Сонда оларға келетін автокөліктер жол жиегінде емес, соларға тиісті жерлерде салынған паркингтерге қойылатын болады. Ал, ондай талаптарды орындамай ма, онда оларды қаланың шетіне көшіру керек.

Өткенде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза халыққа есеп беру жиынында шаһардың экологиялық мәселесіне ерекше тоқталды. Оңтүстік астананың экологиялық ахуалына алаңдаған әкім, тіпті, қызметтік қымбат көлігін тастап, велосипедке мінетінін жеткізді. «Қазір қаламыздың эко­ло­гиясы өте нашарлап кеткен. Бұған мен де сіздер секілді алаңдаймын. Бұл – менің қалам. Мен үшін экологиямыздың таза болуы маңызды. Сондықтан бәріміз енді велосипедке ауысуымыз керек. Алматы – Астана сияқ­ты суық, аязды қала емес. Барлығымыз жұмысқа вело­сипед­пен қаты­най­тын бол­сақ, денсаулыққа да, эколо­гияға да пайдалы болады. Сондықтан мен өзімнен бастаймын. Қалалық әкім­шілікке тапсырма берілді. Осыдан бастап біздің әкім­шілік қызметкерлері велоси­пед­ке ауысатын болады», – деді әкім мырза.

Несі бар, бұл да құптарлық бастама. Велосипед арқылы да бұл мәселенің алдын алуға болады. Уақыт үнемдеуге әрі салауатты өмір салтын ұстануға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігінен бастап барлық ірі компаниялар өздеріне қызметтік көлік  жалдаса жақсы-ақ болар еді. Бұрындары мұндай автобустар көпшілік мекемелерде бар болатын. Соны неге қайта ендірмеске?.. Сондай-ақ жолда үлкен жылдамдықпен жүретін көліктерді жүргіншілермен кездестірмеу керек. Ал жаяу жүргіншілерге жерүсті өткелдерін салу қажет. Сонда көліктер ондай жерде бөгелмейді.

Мәселен, Германияның Лейпциг қаласы әкімшілігі бұл түйткілді басқаша тарқат­қан. Олар қоғамдық көлікте жүру құнын төмендетіп, барлық тұрғындарға жүргізуші куәлігін көрсеткенде, автобустарда тегін жүруге жағдай жасаған. Нәтижесінде, жүз мыңдаған жүргізуші  көліктерін тастап, қоғамдық көлікке ауысқан. Содан болар, немістер жеке көлікпен жүргеннен гөрі, автобусты қош көреді екен. Неге мұның да тиімді тұстарын тәжірибеге енгізіп көрмеске?..

Жалпы, қарап тұрсаңыз, бұл айтылып жатқан ұсыныстардың көбі экономикалық жағынан тиімді, әрі арзан, әрі нағыз қазіргі дағдарыс уақытында істелетін шаруалар болып тұр. Осы тұста айта кетейік, біз кезінде Семей полигонын жарты күнде жаптық. Оның қасында тығынды реттеу деген не, тәйірі? Егер құлық болса, барлығын ретке келтіруге болады. Тіпті, бұған қатысты арнайы заң шығармай-ақ, қалалық әкімдік жергілікті мәслихат арқылы шешуіне де болады. Жергілікті әкімдік қалалық мәслихат сессиясының күн тәртібіне осы мәселені қойып, олармен бірлесу арқылы заңды түрде шешім шығарса, дұрыс-ақ болар еді. Өйткені, қалалық мәслихаттың шешімі сол қала тұрғындарының барлығына бірдей заңдық күші бар құқықтық акті болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, мұның барлығы – әкімдіктің құзырындағы мәселе. Оларда заң да, мүмкіндік те, күш те бар. Тек ниет болса, бәрін де шешуге болады.

Тақырыпқа орай

Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін не істеу керек?

Сәдібек ТҮГЕЛ, эколог:

Сырттан келетін көліктерді қалаға кіргізбеу керек

– Өкінішке орай, Алматыға келген басшылардың көбі көлік мәселесін шешеміз деп бастама көтереді де, бірақ, оны соңына дейін жеткізбей қояды. Әйтпесе, бұл – Алматы қаласының басты экологиялық проблемасы болып тұр. Бұл ретте ең бірінші, сырттан келетін көліктерді қалаға кіргізбеу мәселесін оңтайлы шешу керек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Ол үшін, алдымен, қала әкімдігі сырттан келетін адамдарды қала сыртында көлік қоятын тұрақ пен қалаға еш кедергісіз жеткізетін қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуі тиіс. Оған қоса, жүк көліктері қаланы сырттай айналып өтетін жол салу қажет. Сондай-ақ, жылу жүйелеріндегі мазут, көмір пайдалануды толықтай газбен алмастыру керек. Сонан соң қала ішіндегі құрылыс заттарын сататын базарларды, бірінші кезекте, сыртқа көшірген жөн. Өйткені, ауаның ластануына құрылыс заттарының да қосып отырған үлесі аз емес. Біз әліге дейін экологияның қасіретке ұрындыратынын ескермей келеміз.

 

Құралай КӘРІБАЕВА, Экология және орнықты даму институтының директоры:

Қала құрылысында архитектуралық заңдылықтар сақталмай отыр

– Алматы ойпаң жерде орналасқандықтан, ауаның табиғи желденуі дұрыс жүрмейді. Сондықтан қала үстінде зиянды заттар жиналып қалады. Сол үшін ауаны тазартуды жүзеге асыру керек. Өкінішке қарай, бір кездегі жасыл желекке оранған қала, бүгінде ондай қалыптан тайған. Қала құрылысында архитектуралық заңдылықтар сақталмай отыр. Қала ішіндегі саябақтар оталып, орнына зәулім ғимараттар салынып жатыр. Олар желдің жолын бөгейді. Жаңа салынып жатқан шағынаудандардың жобасында саябақ қарастырылмаған. Ауаның тазаруында жасыл желектің алатын орнын ескерсек, бұған жол беруге болмайды. Сонан соң, жанармайды газға алмастыру арқылы көліктен келетін залалды азайту мәселесін шешу қажет. Бізде қала ішінде түтіні будақтаған ескі көлік те, жүк көлігі де жүре береді. Осыдан біраз бұрын қала әкімдігі «Алматының таңдауы – жасыл экономика» деген бастаманы қолға алды. Онда мен жоғарыда айтқан мәселелерді шешу жолдары көрсетілген. Сондай-ақ, ол бастамада өндіріс ошақтарын қала сыртына шығару, жылу жүйесіне пайдаланатын отынды зиянсызымен алмастыру мәселесі де қаралған. Егер осы жоба қағаз жүзінде қалмай, іске асып жатса, 2020 жылға қарай Алматы қаласының экологиясы біршама жақсаруы тиіс. Мен соған үмітпен қараймын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *