Күле отырыңыз!

Сенсация!

– Сенсация! 100 адам алданған! Нағыз қызық осында! – деп қолында бір бума газеті бар балақай көшені басына көтеріп айқайлап жүр екен. Өтіп бара жатқан біреудің қызығу­шылығы оянып, газетті сатып алса керек.

– Сенсация! 101 адам алданды! – деп бала әрі қарай жүгіріп кете барыпты…

Сол сияқты… 1 сәуірде ешкімге алданып қалмаңыздар!

***

 

Кездейсоқ махаббат

 

Кеше кешкілік,

Екі қыздың әңгімесін естідік.

– Әй, бір кісі маған сөз айтты.

– Аты-жөні кім екен?

– Какой-то Жұмекен.

Институт бітірген,

Видимо доцент,

Но орысша сөйлесе

Сплошной қазақбайский акцент.

Отырсам бақылап,

Қызметі зор.

Алатыны – бес жүз сом оклад!

Квартирам бар дейді центрде,

Говорит «жарымай жүрмін кемпірге!»

Паркке бардық потом.

– Биледіңдер ме?

– Куда с таким животом?!

Өзі сондай толстяк,

Как Шекспировский Фальстаф.

Да такой он чудак,

Мұрны шулап,

Прямо мойныма асылды.

Ерні бір кусок піскен ет секілді,

Көзін жұмып алған,

Мойнымнан тістемек секілді.

Көзін жұмып алған

Мен так итеріп жібердім,

Что ол кекіріп жіберді,

Көзін шақшита зекіріп жіберді.

Артынан тез жадырап:

– Қарындас, шошымайық,

Давай, екеуміз қосылайық! – деді.

– Ну и дура! «Қосылсақ қосылайық,

Бірге жосылайық» демедің бе?

Әйтеуір, айырылып қалма,

Саған осы лайық!

– Конечно, сама солай дедім.

 

* * *

О, махаббат,

Соншалық оңай ма едің?

 

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ

***

 

Ұялшақ

 

Баяғыда біреу жол жүріп келе жатып, түн боп бара жатқан соң, алдынан кездескен бір ауылға ат шалдырыпты. Шеткі үйге кеп түссе, үй иелері енді жатқалы жатыр екен. Құдайы қонақ көрсе, қо­раға тұра шабатын заман ғой, бұл қожайын да қой соймақ ыңғай та­нытса керек, бірақ бей­таныс кісі «қойы­ңыз, әуре бол­маңыз» деп әзер тоқт­атыпты.

– Онда әлгінде ға­на ішіп алған кө­жеміз бар еді, содан дәм татыңыз, – дейді үй иесі.

– Жоқ-жоқ, қажет емес! – деп шыр-пыр болады ұялшақ қонақ.

– Апыр-ай… шай ішсеңізші тым бол­маса! – дейді үй иесінің әйелі.

– Жоға, о не дегеніңіз, керегі жоқ, қи­сая кететін орын табылса болды маған, – дейді елде жоқ ерекше сыпайы мейман сызылған күйі.

«Не деген қызық адам?» деп таңқалады қожайын ішінен.

«Не деген экономшайский қонақ?» деп ернін сылп еткізеді әйелі.

Содан бәрі ұйқыға жатады. Жолаушы жолда күні бойы нәр сызбаған аш екен, бірақ кісі үйінен дәм татып көрмеген, біреуден су да сұрап іше алмас ыбылжыған ынжық, дауасыз ұялшақ болса керек. Жаңағысының бәрі сол баяғыдан бойға сіңген болбыр сыпайылығы ғана көрінеді.

Алайда, аш қарын миды тыңдап, тыныш жат­қызушы ма еді, көп ұзамай құрылдап, шұрыл­дап, мазасын ала бастайды. Қонағы­ның әрі-бері дөңбекшіп, көз іліндіре алмай жатқанын сезген үй иелері:

– Бір жеріңіз ауырып жатыр ма? – деп сұрайды.

– Асқазаным… – дейді анау міңгірлеп.

– Қап… Шипа боларлық шай-шөбің бар ма еді, бәйбіше?

– Қазір қарайын.

Әйел орнынан тұрып, шам жағып жатса, қонақ басын көтеріп:

– Бағана… көже… бар деп жатыр еді­ңіздер… қалып па еді? – депті күмілжіп.

– Бар ғой, құйып берейін бе?

– Иә.

Әйел көжесін жылытып жатса, өзегі талып, өлейін деп қалған бейшара:

– Қозғап-қозғап… қоюын араластырып құйыңыз­шы… – депті.

 

 

***

Тың тәржімелер

 

Осы күнгі аудармашылар түпнұсқа тілдегі түбір сөзді сақтамай, олай да қағыстырып, былай да қағыстырып, сөз-сөй­лемнің ту-талақайын шы­ғарады. Өз басым ең әуелі тү­бірге қа­раймын, алдымен соны тәржі­мелеп аламын. Мәселен, «Стра­ховое общест­во» деген тіркесті қазақшалау керек бол­са, мен негізгі сөздің түбіріне («страх» – «қор­қы­ныш») үңіле­мін. Сөйтемін де, бұл сөз тіркесін «Қорқыту қоға­мы» деп аударамын. Расында да, сол мекемеден келетін қара­ғым­дардың сөзінің бәрі қорқыту-үркіту болып келеді ғой: «алда-жалда көлігіңіз тоң­қалаң асып, көрер жары­ғыңыз таусылса, былай етіңіз…», «егер үй-мүл­кіңіз түгел өртеніп кетіп жатса, алдын- ала біз арқылы сақтан­дырып қойсаңыз, өтем­ақы ала­сыз», «салынып жатқан ғима­раттың тұсынан өтіп бара жатқаныңызда төбеңізге кір­піш құлап кетсе, есіңізді жия сала бізге хабар­ласыңыз!», т.б.

«Семейные проблемы» деген сөздің де дереу түбіріне («Се­мей») қараймын да, «Семейдің пробле­малары» деп аударамын. Күнде теледидар­дан өзіңіз де көріп жүрсіз, Семейде қазір проблема шаш-етектен. Қыста қар жауаты­нын, қыстан кейін көктем келе­тінін, көктемде қар еріп, өзен тасып, бөгет бұзы­латынын әкім-қара­лар білмей ме, білсе де, ұмы­тып кете ме, немене, жыл сайын жылаулы ағайын көбей­месе, азаятын түрі көрінбейді…

Осындай тың тәржіме­леріме қарап, кейінгі уақытта жұрт­шылық мені кәнігі аудар­машы ретінде құрметтеп, жиі өтініш айтатын болды. Құдайға шүкір, ешкімнің көңілін қал­ды­рып жатқан жоқпын.

«Жығылғанға жұдырықты» «Лежащему құлап – в подарок кулак!» деп аудардым.

Біреу «Өз обалың өзіңе» дегенді орысшалап берші деп еді, оған сол сөзді ішімнен бір бағыш­тап алдым да, «Свой обал оставь себе» дедім.

«Бір ашуыңызды беріңіз!» дегенді не деймін?» деп сұраған көршіме – «Дайте мне ашу вашу!» деп, тақ ете қалдым.

«Ауызашарды» орысша не дейді?» дегендерге «Ужин для ротозеев» (ашықауыз­дардың кешкі асы) деген тың аударма ұсындым.

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақалды орысқа қайтіп түсіндіремін?» деген танысым «Понаехали чабаны, сдохли бараны» деген тәржіме­ме тәнті болды.

Алдағы уақытта өлең-жыр, көркем әдебиет аударсам ба деп жүрмін. Несі бар, қазір бұл салаға кім көрінген араласа беретін болды ғой. Алғашқы қадамым жаман емес секілді. Оқып көріңіз:

«Көк шыққанға бір қуанып,

Шөп шыққанға бір қуанып,

Өмір өтер сырғып ағып…»

«Радуюсь, как дурак, лужайке,

Радуюсь травке зеленой.

А жизнь не стоит на месте

Летит, сволочь, стрелой!»

 

***

 Шайтанның әйелінің аты кім?

 

Молда мешітте халайыққа уағыз айтып бітіп:

– Егер түсінбегендеріңіз болса, қысылмай, сұрап отырыңыздар. Қане, кімде қандай сауал бар? – депті.

Сөйтсе, арт жақтан біреу қол көтеріп:

– Осы шайтанның әйелінің аты кім? – деп қойып қалыпты.

– Шайтанның әйелінің атын дауыстап айтуға болмайды, бері кел, құлағыңа сыбырлайын, – деп молдекең оны жанына шақырып алыпты да, даусын бәсеңдетіп:

– Сенің денің сау ма өзі? Шайтанның әйелінің атын мен қайдан білейін? Үйлену тойларында болыппын ба? Сұрайтын басқа ештеңе таппай қалдың ба? Бар да, қайдағыны сұрамай тыныш отыр! – деп жер-жебіріне жетіп, ұрсып тастайды.

Әлгі бейбақ орнына барып отырса, қасындағылар «шайтанның әйелінің аты кім екен?», «аты кім екен?» деп қайта-қайта сұрап қоймаса керек. Сонда ол:

– Шайтанның әйелінің аты өте ұзақ һәм тым қиын екен, тілім келмейді, оны тек молдекең ғана айта алады. Білгілерің келсе, өздерің барып сұраңдар, – депті.

 

 Дайындаған – Сәкен СЫБАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *