«КӨКЖАЙЛАУ» жобасын жүзеге асыру кейінге қалдырылды

Алматыда Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын бары­сында қала әкімі Бауыржан Байбек «Көкжайлау» жобасын жүзеге асыру­ды кейінге қалдыруды ұсынды.

Алматы әкімі тау локацияларын, жалпы туризмді дамыту еңбекпен қамтуға, экономиканы өсіруге, экспорттық түсімді арттыруға оң ықпал ететінін, сонымен қатар, қазіргі кезде электронды коммер­цияны дамыту мен сауданы қысқартудың маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі күні қала­да бұл бағытты дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүруде, жаңа архитек­туралық келбет пайда болуда, тартымды нысандар бой көтеруде, Алматының халық­аралық аренадағы өзіндік орны қалыпта­суда.

«Таулар – бәсекелестіктегі біздің басты артықшы­лығымыз, сондықтан біз оны ұтымды пайдалануымыз қажет. Австрия сарапшыларының бағасы бойынша, оны тиімді пайдалану үшін 7—10 жыл ішінде 1,5 млрд. доллар жұмсалса, онда экономика үшін жыл сайын 2 млрд. доллар пайда табу­ға болады екен. Ең маңыздысы – 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Дегенмен, біз экономиканың, социум­ның, экология­ның тепе-теңдігін сақтауы­мыз қажет, яғни қоршаған ортаға өте аз мөлшерде әсер ететін заманауи курорт­тарды салуға тиіспіз. Бұл істе асықпаған жөн деп есептеймін. Барлық сарапшы пікірлерін, жаңа локациялар болашағын қарастырған жөн. Сондықтан жобаны тағы бір рет пысықтап, кейінге қалдыруды ұсы­намын. Оның үстіне, жұмыс істеп тұрған курорттарды дамытудың өзі, сарапшы­лардың пікірі бойынша, кем дегенде 3—5 жылға созылады екен. Осы жылдар ішінде қажетті тәжірибені жинақтай­мыз, кадрлар­ды дайындаймыз, тұрғындардың және курорттар қонақтарының пікірлерін зерттейміз. Содан кейін ғана «Көкжайлау» тау шаңғысы курортын салуға кірісетін боламыз», – деді Бауыржан Байбек.  Айта кетер­лігі, жаңа концепция бары­сында қаржының шығын бөлігі оңтайлан­дырылды, құрылыс салынатын жердің қоршаған ортаға тигізер ықпалы 14 есе, ағаштарды сүру 26 есе азайды. 100 га. жер Ұлттық паркке қайтарылады. «Көкжайлау­дың» жаңа концепциясында жеке коттедж­дерді жобалау мүлдем болмайды. Өткен жылдың қараша айында жобаның қорша­ған ортаға тигізер ықпалы жөнінде алдын-ала қоғамдық тыңдау болды. Бұл – «Алма­ты–2020» жобасынан кейінгі қалалықтар­дың қатысуымен талқыланған екінші жоба. Орхусск конвенциясының барлық талабы сақталды. Қоғамдық тың­дау қорытындысы бойынша ашық оқуға болатын 293 парақ­тан тұратын хаттама жасалды. Өткен 5 ай ішінде ол сарап­тамадан өтті. Қорғаныс министрлігінің балансындағы ЦСКА-ның тау шаңғысы базасы қаланың коммуналды меншігіне берілетін болғандықтан, «Master Concept» компаниясының кеңесшілері «Көкжайлау» курорты мен ЦСКА-ны біріктіруді ұсынды, ал бұл базалық станцияның локациясын өзгертеді.

Жалпы, Шеберлік-жоспарда «Тау Парк» курорты мен Бутаковка шатқалын дамыту қарастырылған. Жаңа локация­ларды «Көкжайлаумен» берге бірыңғай кластерге енгізу қажет. Курортқа келуші­лердің 70%-ын қалалықтар құрайтындық­тан, плато аймағында қонақүй салын­байды.

«Тау шаңғысы индустриясы дамыған елдердің тәжіри­бесіне сүйенсек, курорт­тарды қаржыландыру принципі мынадай: жол және инженерлік инфрақұрылымдар толығынан мемлекеттің есебінен салынады, коммерциялық бағыт жеке инвесторлар есебінен жүзеге асады, ал тау шаңғысы құрылымының бір бөлігі мемлекет есебінен субсидияланады. Қазіргі кезде субсидия­лау­дың бұл механизмі Үкіметте талқы­лануда. Сондықтан «Көкжай­лау» және басқа курорттар тек мемлекеттік бюджет есебінен ғана емес, осы қағида бойынша қаржыланды­рылуы тиіс. Яғни жобаға бюджеттен барынша аз шығын жұмсай отырып, жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырған жөн. Ал жобаға жұмсауға жоспарланған қаржыны өзге қалалық маңызды бағдарламаларға аудару қажет», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

«АҚШАМ»-АҚПАРАТ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *