«КӨКТЕМДІ ҚОНДЫРЫП ҚАНАТЫНА…»

45Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Физули атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің рухына арналған «Көктемді қондырып қанатына…» атты ән-жыр кеші болып өтті. Көзі тірі болғанда, Т.Молдағалиев 20 наурызда 80 жасқа толар еді. Халқы «Тұмаш ақын» деп еркелеткен Тұманбай Молда­ғалиев:  «Көңілімнен өлеңнің оты өшкен күні жер бетінде жүре қоймаспын. Өлеңнен өз орнымды таптым», – деген екен. Ғұмырының соңғы сәтіне дейін ақын өлең жазуын тоқтатпады. Қазақ әдебиетінің классигі әндерге мәтін де жазды. Қазақтың белгілі сазгерлері  – Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуовтермен жақын байланыста көп әндерге өлең жазды.

 

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әні халықтың сүйікті әуеніне айналды. Даңқты сазгер: «Сенің өлеңдеріңе алда талай ән жазамын. Бірақ, дәл осындай ән қайта тумайды. Мені ақтық сапарға осы әнді айтып, шығарып салыңдар» деген екен. Сейдолла Бәйтерековтің «Жан досым» әнінің шығу тарихы да қызық. Балалық шағын сағынған сазгер бірге өскен достарына арнап ән жазады. «Тұманбай аға, мынау дос туралы ән болсын» деп дайын әуенді тыңдатады. Өлең мен әуен үйлесім тауып, «Дос туралы жыр» өмірге келіп, кейін аты өзгеріп, «Жан досым» болады. Ақын Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», Н.Тілендиевтің «Қайран менің жүрегім», «Куә бол», «Құстар қайтып барады», Әсет Бейсеуовтің «Шақырады көктем», Бекен Жамақаев­тың «Ертіс вальсі», Қуат Шілде­баевтың «Отан-Ана», өзге де әндерге сөз жазады. Жаратылысы кең, ешкімнің көңілін қимайтын ақын жас сазгерлердің өтінішіне де сергек қарап, өлең жазып берген. Қорлан Картенбаеваның «Көңіл сыры» әніне жазған өлеңі сәтімен шығып, ел ішінде жиі орындалады. «Тұманбай Молдағалиевтың өлеңдер жинағын оқып отырып, «Жазғы таңның нұрынан» деп басталатын шумаққа көңілім ауды. Бірнеше мәрте оқып шығып, өлеңді ұнатып қалдым. Жетігенге салып айтып едім, өлең мен әуен арасында бір үндестік табылғандай көрінді. Тұманбай атаның қызмет орнына барып, өлеңін ән етіп жазуға рұқсат сұрадым. Ақын әнге лайықтап, өлеңнің кейбір тұсын түзетіп, ақыл-кеңес айтты. «Көңіл сыры» аталатын әнім ақынның көңілінен шығып, батасын берді. Бұл 2011 жылдың мамыр айы болатын. Өкінішке орай, арада көп уақыт өтпей, Тұманбай ақын дүниеден өтті» — деп еске алады сазгер. Тұманбай Мол­дағалиев туған халқына өлеңнің інжу-маржаны мен әсем әндер қалдырды.

Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, ақын Жанарбек Әшімжан жүргізген Тұманбай Молдағалиевтың рухына арналған «Көктемді қондырып қанатына…» ән-жыр кешін Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай кіріспе сөзбен ашып, танымал өнер шеберлері – Тұңғышбай Жаманқұлов, Бақыт Бөке­баев, Айгүл Қосанова, Ұлту Қа­баева, Медеу Арынбаев, «Ағайындылар» тобы, Қыздар педагогикалық университетіндегі «Назқоңыр» үйірмесінің өнерлі жастары, Тұманбай Молдағалиевтың күйеу баласы  Ержан Белғозиев ақынның өлеңіне жазған әндерді орындады.

— Көңілге бір әннің әуені қонғанда Тұмағаңды үйіне іздеп бартынмын. Күндіз жұмыстан қолым босай бермейтін болғандықтан, түнгі он бірлерде ақынның есігін қағатынмын. Есікті ашқан Күлтай анамыз: «Тұмағаң ұйықтап қалды» деп жауап береді. Қипақтап тұрғанымды байқап: «Оятып көрейін» —  деп бөлме­сіне кіреді. Тұмағаң жеңіл халатын киіп, кабинетіне келеді. Мен жағдайды айтып түсіндірген соң: «Иә, әніңді айта бер!» — дейді. Гитарамен жаңа әннің әуенін келтіріп, ыңылдап айтамын. Тұмағаң тыңдап отырып, қалғып, ұйықтап кетеді. Орнымнан тұрып, кетуге ыңғайланғанда көзін ашып алып: «Әй, қайда барасың? Әніңді жалғай бер!» — дейді. Орындыққа қайта отырып, әннің әуенін жалғаймын. Қайта-қайта айтқызып, қолына қаламын алып, ақ қағаздың төменгі жағына бір шумақ өлең жазады. Тұмағаң ән мәтінін ең соңынан немесе ортасынан бастап жазатын. Алдына, соңына қосып, толық нұсқасын қағазға түсіретін. Тұмағаң сазгердің ойын дөп басып табушы еді. Мақпал Жүнісова жиі орындайтын «Ғашық жүрек» әнімді  Тұмағаңмен бірге отырып, дүниеге келтірген кезді ұмыт­паймын. Осы әнді маған жиі айтқы­затын, — деп еске алды күйеу баласы Ержан Белғозиев.

Ақын-жазушылар – Бексұлтан Нұржекеев, Марфуға Айт­қожа, Рафаэль Ниязбеков, Болат Үсенбаев, Есей Жеңіс­ұлы естелік айтып, өлеңдерін оқыды.

— Тұмағаңдар біздің алдымыздағы бір шоғыр ақындар еді. Әуелде ақынның өзін көрместен, өлеңін оқыдық. Біздің студент кезімізде аты дүрілдеп шығып тұрды. Ақын қызға қалай ғашық болса, біз де солай ғашық болдық. Алыс-жықын қазақтың бәрін бауырына тартты. Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық етіп жүрген Сәкен Жүнісовке оқуға түсуге келген Мұқағали Мақатаевқа көмек көрсетуін өтінгенінің куәсі де болғанмын. Өз басым Тұмағаңның көп жақсылығын көрдім. «Жалын» баспасы ашылғанда қызметке шақырды. Ұлым Бейбіт жұмысынан босап, бір жарым жылдай бос жүргенде Тұмағаңның бір ауыз сөзімен орналасқан еді, — деді Бексұлтан Нұржекеев.

Тұманбай Молдағалиевтың жары, «Біз екеуміз ғашықтармыз қосылған» деп жыр арнайтын Күлтай Қасымқызы жиыл­ған жұртшылыққа өзінің алғысын жеткізді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close