Көктемді күтіп жүрсіз бе?

Көктемді қондырып қанатына,

Құс қайта оралды Алматыма, – деп Тұманбай ақын жырлаған көктемнің де лебі келіп жетті. Тіршілік атаулының бастауы болған көктеммен бірге көңіл-күй, сүйіспеншілік, бір-бірімізге деген мейірім де келгендей. Баршамызға жылы жүрек, әдемі әсер ала келген көктемді сағынып-ақ қалыппыз. Көңіліміз де, көзіміз де көкке түсе береді.

 

Роза РЫМБАЕВА:

 

– Өзім дү­ние­ге күзде кел­сем де, көктемді керемет жақсы көретін жан­мын. Менің өне­рдегі жолым, табысым бәрі көктем мез­гі­лінде басталған. Осыдан қан­шама жыл бұ­рын мамыр айын­да «Ән жа­уын­герлік сапта» деген байқауда ең алғашқы жеңісіме қол жет­кізген едім. Содан бергі өмірім көрер­меннің көз алдында. Ақтауға жол жүріп барамын. Сосын Астанада жеке концертім. Биылғы жоспарым өте тығыз. Алма­тыдағы жеке концертім мамыр айында болып қалар. Наурыз мереке­сінде өтетін барлық іс-шараға шақырту алып отырмын. Сәтін салса, бәріне қа­ты­сып, өзімнің әніммен шашу шашамын.

Наурыздың 10-ы күні «Қазақстан» арнасында  «Мәңгілік махаббат мекені» деген концертімді береді. Сосын 22 наурызда мерейтойлық концертімнің толық нұсқасын тамаша­лай аласыздар. Көрермендер «Көктем келді, Роза қашан шақырар екен» деп алаңдауы мүмкін. Мерей­тойыма байла­нысты концертім күзде өткендіктен, жиі өткізіп, жұртты жалық­тырып алмайын деп кейінге ысырып отырмын. Негізі «Көктем шақырады» концерті жалғасын табатын болады.

 

 

Майра ИЛЬЯСОВА:

 

– Барлық өмірдің бастауы ана мен көктем дер едім. Мен өмірде анамды қалай құр­мет­тесем, көктемге де сол құр­ме­тімді сыйлап келе жатқан адам­­мын. Анамнан үш жасымда ай­рыл­ған соң ба, көктем десе анамды еске алып, ерекше сағыныш күйін кешем. Жыл сайын көктемнің хабаршысындай болған Жан анамнан» көрермендер биыл көз жазып қалды. Оның себебі, танымал өнер иесі Айман Мұсаходжаева өзінің «Айман жұлдыздары» деген орталығын ашқан еді. Сол орталықтың 40 өнерлі студентімен Венгрияда бол­дық. Енді сәтін салса, Австрия, Аме­рикаға жол түсіп тұр. Өнер сапарымен біраз жерлерде болатын сыңайлымыз. Елімізге көктем келіп жатқанда біз шет елде жүрдік. Сондықтан еліміз көркейіп, жеріміз көгерсін деймін!

Мен де дәл 1 мамыр күні дүниеге келіппін. Атымды сол үшін Майра қойған екен. Сондықтан көктемде дүниеге келгендіктен бе, шығарма­шылыққа деген құштарлығым осы айда арта түседі.

 

 

Шұғыла САПАРҒАЛИҚЫЗЫ:

 

– Өнер адамы болған­дықтан әдемі­лікке, ізгі­лікке жаным құ­мар. Менің өмі­рімде көктемнің орны тіпті ерек­ше. Көк шөптер қар астынан қыл­тиып шыға бас­та­ған сәтте-ақ өзім бір сезімге бері­ле­мін. Кү­ннің жылы­лы­ғы, құстың қайта кел­ген кезі, жа­уынның дүркін-дүркін жауып өткені бәрі де табиғаттың заңымен жүзеге асып жатады. «Күн жылынса қолға аламын-ау» деген жоспарларым да көп. Оның үстіне биылғы қыстың аязынан соң өзім де күннің көзін сағынып қалыппын.

«Қазақ хандығы» фильмінің жалға­сына кірісіп жатырмыз. Тарихи фильм болғандықтан көшіп-қонып, анда-мұнда жүруге тура келіп тұр. Жоспар да көп, жол да ұзақ болатын сияқты. Еліміздің барлық қыз-келіншектерін көктем мерекесімен құттықтаймын. Аналары­мыз аман болсын!

 

 

Гауһар ҚАСПАҚОВА:

 

– Көктемде дүниеге кел­ген­нен соң ба екен, суықты ұната бер­мей­мін. Көк­темді күтіп жү­ре­тінім де сон­дықтан болса керек. Тұң­ғы­шым да осы көктем айын­да дүниеге келді. Көк­тем­нің бір шабыт­ты күнін­де «Алғашқы махаббат» деген ән дүниеге келген еді. Сол әнді әлі күнге айрықша сезімде орындаймын. Осындай жақсы әндер болса деген тілегімді Бейбіт аға Оралұлына жиі айтып жүрмін. Жалпы, менің даусыма сай келетін әндерді композиторларымыз жазып жатқан болар. Кез-келген жеңіл әнді айта алмаймын. Сөзі мен әні келіскен әнді таңдап жатқан жайым бар. Қазір көп көрінбей кеткенім де сондықтан.

Әзірге менің бар жұмысым екі бала­панымды мектепке апарып, алып қайту болып тұр. Кейде ойлаймын «бұларға менің көмегім дәл қазір керек емес пе? Оларды тастап сапарлап кетіп жатсам күндері не болады? Баланың жанын түсінетін ең алдымен анасы емес пе?» деп қоямын. Жас кезімізде түсінбеген екенбіз бала үшін, оның тәрбиесі мен оқуы ең алдымен анаға байланысты екен ғой. Мен сүйікті «Ақшам» арқылы барлық аналарды, қыз-келіншектерді ару көктем мерекесімен құттықтаймын! Өмірлеріңіз күндей, өздеріңіз гүлдей, жайнай беріңіздер!

 

Жұлдыздармен көктемді күтіп алған – Рая ЕСКЕНДІР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *