Көктемде кенеден келер кесел көп

Енді санаулы күндерден соң күн жылынса, жәндіктер, шыбын-шіркейлер тіріліп, олар да өз «тіршіліктерін» бастайды. Биыл қыс қарлы, көктем жауынды болғандықтан, кене жылдағыдан көп болуы мүмкін деген қауіп бар. Осы қауіптің алдын алу мақсатында Алматы қалалық қоғамдық денсаулық департаменті кене энцефалитінің алдын алу шараларын қолға алуда. Өйткені, көктемде кенеден келер кесел көп.
Кене энцефалиті – адамдарға иксодты кенелердің шағуы арқылы берілетін орталық жүйке жүйесін зақымдайтын табиғи-ошақтық вирустық ауру. Сонымен қатар, адамдар вируспен зақымданған кенелер шаққан жануарлардың шикі сүтін пайдаланғанда немесе оларды мыжыған кезде ауруға шалдығуы мүмкін. Ауру жіті түрде басталады. Аурудың алғашқы симптомдары тұмау ауруының белгілеріне ұқсайды: қалтырау, еттерінің ауырсынуы, артралгиялық белгілер, бас ауруы, әлсіздік, енжарлық, құсу және дене қызуының жоғарылауынан құрысу пайда болуы мүмкін.
Аурудың ауыр түрімен ауырғанда (менингиальды, менингоэнцефалитті, полимиелитті) көз қарығуы, санасының бұзылуы, психикалық ауытқу, құрысу, аяқ-қолдарының әлсізденуі, мойын, аяқ-қол бұлшық еттерінің салдануы пайда болып, ол мүгедектікке әкеліп соғуы мүмкін.
Иксодты кенелердің белсенділігі ерте көктемде қар ери салысымен басталып, ең жоғары белсенділігі мамыр-маусым айларында байқалады.
Кене энцефалиті ауруының алдын алудың ең тиімді әдісі арасы 1 айдан 7 айға дейінгі екі екпеден тұратын вакцинациялау болып саналады. Ағзада спецификалық иммунитет пайда болу үшін вакцинациялауды күзде және қысқы мерзімдерде жүргізу тиімді. Одан ары қарай иммунитетті қалыпты деңгейде ұстап тұру мақсатында ревакцинациялау жүргізу қажет, бірінші ревакцинациялау алғашқы вакцинациялаудан кейін бір жылдан соң, ал кейінгі ревакцинациялау – әр үш жыл сайын жүргізіледі. Кененің табиғи ошағы болып саналатын аймақтарға екпеден кейін 2 апта өтпей баруға болмайды.
Кене энцефалитіне қарсы екпе тұрғылықты мекен-жайы бойынша қалалық емханаларда ақысыз жүргізіледі.
Күзгі-қысқы мезгілде екпе алып үлгермегендер, екпелер аралығын 2 аптаға дейін қысқартып, вакцинациялаудың жедел түрін алуға болады.
Сонымен қатар, кене шағуды болдырмаудың қарапайым шараларын білу және оларды сақтау керек. Кененің табиғи ошағы болып саналатын аймақтарға барғанда кенелерді үркітетін заттарды – репелленттерді қолданып, кененің бар-жоқ екенін анықтау үшін әрбір 2 сағат сайын киімдерді, денесін және басқа да заттарын тексеріп отыру керек. Денені толығымен жауып тұратын киімдер кию қажет (жабысып тұрған кенені байқау үшін ашық түсті киімдер):
– шалбардың балағы етікке, резеңкесі бар шұлыққа, жоғарғы сыртқы киім шалбарға салынуы керек;
– киімнің жеңінде манжет болуы қажет;
– кененің денеге еніп кетпеуі үшін, киімнің жағасы мен шалбардың ілгегі болуы керек;
– басына күртешеге, көйлекке тігілген капюшон немесе шашты жинап қалпақ, орамал кию керек.
Мұрат БІРЖАНОВ,
Алматы қаласы бойынша қоғамдық денсаулық департаменті басшысының орынбасары.
Керек дерек
Кене шаққан жағдайда, жедел спецификалық көмек алу үшін кене энцефалитіне қарсы иммноглобулин тағайындайды. Оны ақысыз жұмыс істейтін 5 медициналық ұйымда орналасқан серопрофилактикалық бөлімшелерден алуға болады:
1) Орталық қалалық клиникалық аурухана (Жандосов көшесі, тел. 2748641) –Бостандық және Медеу аудандарының ересек тұрғындарына көмек көрсетеді;
2) Жедел жәрдем көрсететін аурухана – (Қазыбек би көшесі, 96, тел. 2923101) – Алмалы ауданының ересек тұрғындары үшін;
3) №4 қалалық клиникалық аурухана (Папанин көшесі, 220, тел. 3003701) – Жетісу және Түрксіб аудандарының ересек тұрғындары үшін;
4) №7 қалалық клиникалық аурухана («Қалқаман» ықшамауданы, Райымбек даңғылы, тел. 2708631, ішкі тел. 138) – Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарының ересек тұрғындары үшін;
5) Медициналық жедел жәрдем көрсететін балалар орталығы (Манас көшесі, 40, тел. 2748319) – қаланың барлық аудандарының 14 жасқа дейінгі балалары үшін.