Көктем көркі – қызғалдақ

Балнұр АХМЕТ

 

Жарық әлемдегі сұлулықтың символы саналатын гүл – адамзаттың жан-дүниесін жадырататын табиғаттың тамаша туын­дысы, ғаламның ғажайып жаратылысы. Көңілді көктем күйге бөлейтін нәзік гүлдер әсемдікке әуес адамның өміріндегі маңызы ерекше табиғаттың таңғажайып тартуы болып мәңгі қала береді. Сиқырлы сұлулы­ғымен жүректі жаулап алатын гүлдер табиғаттың тіршілігіне, адамның өміріне ерекше сән береді. Жер бетіндегі адамзат атаулы бақытқа бөленген, қуанышқа кенелген өміріндегі сәулелі сәттерін көркіне көз тоймайтын әлемдегі ең әдемі гүлдермен безендіреді. Тамылжыған табиғаттың әсем бір сәні саналатын өсімдіктің бұл түрі өзінің керемет көрінісімен адамның жан-дүниесін гүлдендіреді. Хош иісті, түрлі-түсті гүлдер ақыл иесіне жаратылыстағы сұлулық­тың сиқырын сездіреді. Құлпырған гүлдердің сұлулығына жанарын суарған адам баласы іңкәрлік, нәзіктік пен әсемдікті жүрекпен сезіне біледі. Айналаны сұлулыққа ораған, ғаламат ғаламдағы таңғажайып түстерге боялған гүлдердің керемет көрінісінен рухани ләззат алған әрбір адам жарық әлемнің әсемдігін көңіл көзімен көреді. Жайнаған гүлдерден кілем жамылған табиғат көрінісі кейде адамның өмірге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Жан-дүниесін нұрландырар нәзіктік пен сұлулыққа жаны құштар адам баласының гүлдерді ежелден ерекше сүюінің сыры мүмкін осы болар.

Көктем көркі – қызғалдақ екені көне кездерден бері белгілі. Қылқалам шеберлері мен арқалы ақындардың шығармашы­лығына шабыт беретін гүлдердің арасында қызғалдақ гүлі әлі күнге дейін тылсым бір сезіммен адамның жүрегін тебірентіп, өзгеше көркімен талай тіршілік иесін тамсандырып келеді. Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен «Көктем көркі – қызғалдақ» атты фестиваль адам мен табиғат арасын өзара жақындатып, адам өміріндегі гүлдердің маңыздылығын арттыра түсіп, қала тұрғындарын құлпыр­ған қызғалдақтар әлеміне ендірді. Шаһар жұртшылығының көңілін гүлге толтырған бұл мәдени шара Алматы – гүл қала екенді­гін және қызғалдақтың отаны – Қазақстан екендігін тағы да дәлелдей түскендей. «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында өткен ізгі шараға Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті. Маңызы зор мәдени шараны Медеу ауданы әкімдігі мен Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен, «Грин Ланд» ЖШС-нің демеушілігімен «Жас натуралистер стансасы» ұйымдастырды. Іргелі шара ұлтжандылық сезімін жас ұрпақтың діліне дарыту, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, жауқазын жастарды табиғатқа жанашырлықпен әрі жауапкершілікпен қарауға баулу мақсатын көздеді. Сондай-ақ, іс-шараның басты мұратының бірі – қызғалдақ гүлінің отаны Қазақстан екендігін насихаттау болды. Дәстүрге айналған шара шеңберінде алғаш рет қызғалдақ гүлінің «Президент Назарбаев» атты жаңа сұрпы қала жұртшылығының назарына ұсынылды. Айта кетерлігі, голландиялық селекционерлер еңбегінің жемісі болып табылатын аталған қызғалдақ гүлінің жаңа түрінің таныстырылымы 2014 жылы Мемлекет басшысының Нидерланды Корольдігіне ресми сапары барысында өткен еді. Бүгінгі таңда алматылықтар Орта­лық мәдениет және демалыс саябағындағы және Тұңғыш Президент саябағындағы гүлзарларды безендіріп тұрған қызғалдақ­тардың жаңа сұрпының сұлулығына сүйсіне алатын болды.

– Құлпырған қызғалдақ гүлінің «Прези­дент Назарбаев» атты жаңа сұрпы өзінің керемет көркімен сұлулықты сүйетін қала тұрғындарының көңілін қуанышқа бөлейтіні анық. Гүлдердің бұл сұрпының биіктігі 50 сантиметрді құрайды. Бұл сұрып өте төзімді, сабақтары берік әрі биік, жапырақтары толқынды болып келеді. Грейг қызғалдағына ұқсайды, бірақ таңбалары жоқ. Қызғалдақтың қауызы лалагүл тәрізді, олардың ортасы қара емес, сары түсті болып келеді. Ару қаламыздың көркіне көрік қосып, ажарын ашып тұрған қызғалдақтар өзгеше хош иісімен де ерекшеленеді, – деді Жас натуралистер стансасының директоры Зейнеп Аришева.

Айта кетерлігі, голландиялық селекцио­нерлер шығарған қызғалдақ гүлінің жаңа сұрпын сатып алу, өсіру және күтіп-баптау жұмыстарымен нидерландық селекционер­лер­мен келісім-шарт орнатқан «Грин Ланд» ЖШС айналысып жатыр.

– Бүгінгі таңда Алматы қаласының көрікті орындарына айналған Орталық мәдениет және демалыс саябағына және Тұңғыш Президент саябағына 5 мыңнан аса қызғалдақ отырғыздық. Алдағы уақыт­та бұл саябақтардағы гүлдердің жалпы санын 100 мың данаға дейін жеткізу мақсатын көздеп отырмыз. Алға қойған мұратымызға қол жеткізгеннен кейін болашақта бұл сұрыпты сатылымға шығару жолдарын қарастыратын боламыз. Қазіргі кезде қала­мыздың саябақтарына егілген пиязшықтар­дың 30 пайызы ғана көбеюге қабілетті екенін ескере отырып, алдағы жылдарда қызғалдақтар санын бұдан да көбейткіміз келеді, – дейді «Грин Ланд» ЖШС-нің директоры Гүлзада Қалдыбаева.

Қызғалдақ гүлінің терең тарихымен таныстырған мәдени шара шеңберінде көрермендер өнерімен өрге жүзген өрен­дердің мерекелік концертін тамашалады. Балдай тәтті бүлдіршіндер ізгі шара аясында өткен «Көктемгі қиял» гүлмен безен­дірушілер байқауына, «Көктемнің нәзік гүлдері» костюмдер сайысына, «Қызғал­дақ шеруі» плэнеріне, «Мың бір қызғалдақ» шеберлік сабақтарына, «Көк­тем­нің көрікті гүлдері» атты асфальтқа сурет салу байқауына, «Қырдың қызыл қыз­ғалдағы» мәнерлеп оқу сайысына қызыға әрі қуана қатысты. Сондай-ақ, табиғи таза тауарлар мен өнімдердің эко-жәрмеңкесі, жемістік-сәндік мәдени өсім­діктердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

 

Керек дерек

Әлемде қызғалдақтың 2500-ге тарта түрі бар екен. Қазақстанның далалық аймақта­рында қызғалдақтың 35-ке жуық түрі өседі. Оның 11 түрі эндемикалық болып табылады. Альберт қызғалдағы,  Грейг қыз­ғалдағы, Кауф­ман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы тәрізді  қызғал­дақтың өте сирек кездесетін 13 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Археологиялық қазба­ларда Қазақстан жеріндегі Теңдік қорғанынан табылған алтын бұйымдардағы қызғалдақ бейнелері біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ІІІ ғасырға жататындығы анық­талды. Бұл тарихи дерек қызғалдақтың отаны – Қазақстан екенін дәлелдей түсетіндей.

 

тақырыпқа орай

Қазақстанға жасаған ресми сапарында Нидерланды Ханшайымы Беатрикс ханым Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевпен сұхбатында былай деген еді: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ, Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Қазақстанның даласы мен таула­рында жайқалып өсетін бұл гүл біздегі саудада ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі нидерландықтарға барынша танылған экспорттық тауар ретінде бағаланады. Ол біздің ұлттық симво­лымыз іспетті. Қызғалдақ – ең үлкен сыйлық. Сол үшін біз сіздің елге қарыз­дармыз. Қызғалдақ екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды гүлден­діретін дәнекер ретінде жайнап өсе берсін!»

(«Қос елді қауыш­тырған қызғалдақ». «Егемен Қазақстан», 3 желтоқсан, 2002 жыл).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *