Көктөбедегі қызғалдақтар бой көтерді

Әсел ДАҒЖАН

Былтыр қазан айының басында «Jasyl Almaty» көгалдандыру акциясы аясында Көктөбе тау бөктеріне 500 мың қызғалдақ баданасы мен Сиверс алмасының көшеттері отырғызылған болатын.


«Қазақстан» және «Нұрсұлтан Назарбаев» деп аталатын сол қызғалдақ түрлері қар еріп, күн жылығалы бой көтеріп, өсе бастаған және алма ағашы да бүршік атыпты. Оны қаланың эко-белсенділері байқап, әлеуметтік желіге жариялаған. Олардың артынан іле-шала журналистер де барып, жағдайға көз жеткізіп қайтқан еді.
«Көк-Төбе тауы – бұл Алматы қаласының визиттік карточкасы. Өткен жылы мұнда мен, Қоғамдық кеңес мүшелері, қала басшылығы, студенттер болып Сиверс алмасы мен қызғалдақтар отырғызғанбыз. Бүгін біз сол эндемиялық алма ағаштарының бүршік атқанын көрдік. Бұл олардың қыстап шыққанын көрсетеді. Керемет», – деді журналист, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Сергей Пономарев.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы тамыз айында Көктөбе тау бөктері тұтанған өрттен зардап шеккен еді. Кейін көгалдандыру акциясы аясында мұнда қызғалдақпен қатар Сиверс алмасының 40 мың көшеті отырғызылды. Мамандардың айтуынша, бұл жабайы алма жерсінген соң өзі-ақ өсіп кетеді дейді. Гүлдердің бір бөлігі Нидерландыдан жеткізілсе, қалғандары қалалық саябақтар мен алаңдарды безендіретін жергілікті сорттардан алынған.
Жалпы алғанда, үш жылдық «Jasyl Almaty» жобасы аясында миллионға жуық ағаш отырғызу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, қазір қалада екі миллионнан астам ағаш болса, олардың бес жүз мыңға жуығы апатты жағдайда тұр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *