Көкшолағы тепеңдеп, осы заманға жетем деп…

Өтеш ӨТЕУЛIҰЛЫ

Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қалалық әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен «Таулы қыраттағы» Кенен Әзiрбаев атындағы көше төңiрегiне халық ақынының болашақ ескерткiшiнiң белгi тасын қою рәсiмi болды.

Сол күнi Әдебиетшiлер үйiнде әншi әрi композитор Кенен Әзiрбаевтың өмiрi мен шығармашылығы жөнiнде түсiрiлген «Алатаудың ақиығы» атты деректi фильмнiң тұсаукесерi өттi. Фильм көрсетiлiмiнiң алдында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин құттықтау сөз сөйлеп, халық ақыны Кенен Әзiрбаевтың жазба мұрасын елге насихаттау мақсатында қолға алынған шаралар туралы айтып өттi.

Халықаралық «Түрiк әлемi» киностудиясының директоры Доктырхан Тұрлыбек деректi филимнiң қалай түсiрiлгенi туралы әңгiмеледi. Киностудия осы кезге дейiн қазақтың танымал тарихи тұлғаларының өмiрi мен қызметiне арнаған көптеген деректi киноленталар түсiрген. Кенен Әзiрбаевқа арналған фильмде халық ақынының өмiрiнен тың деректер мен беймәлiм жайттар қамтылды. Мұрағаттарда сақталған бейнетаспалар да молынан көрсетiледi.

Астанадан келген Бақытжан Кененұлы әкесiнiң жазба және ән мұрасын халық арасында насихаттауға атсалысып жүрген азаматтарға ақын ұрпақтарының атынан ризашылық сезiмiн бiлдiрдi.

– Әкемiз «Көкшолағын тепеңдеп, осы заманға жетем» деп жүрiп, өмiрден өтiп кеттi. Көзi тiрiсiнде ол кiсi туралы екi мәрте фильм түсiрiлдi. Бiрақ, ол кезде кеңестiе идеологияның ықпалы мол болғаны белгiлi. Мына жаңа түсiрiлген фильмнiң орны ерекше. Бiздiң үйге әкемдi iздеп ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлерi жиi қонақ болатын. Он төрт жасымды ұлы Мұхтар Әуезовтiң қолына су құйып едiм. Менi ел «Шалдың баласы» деп атауы көп жауапкершiлiк жүктейдi. Кейiнгi ұрпағы әкемiздiң атына лайық болуға күш салып жүр, – дедi халық ақынының ұлы.

Бiр сағаттан асатын «Алатаудың ақиығы» деректi фильмiнде Кенен Әзiрбаеы өмiрiнен ертеде түсiрiлген бейнетаспалар, қазақ қаламгерлерi Ғабит Мүсiреповтiң, Ғабиден Мұстафиннiң, Шерхан Мұртазаның, Мұрат Әуезовтiң, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың естелiктерi енгiзiлген.

Деректi фильм көрсетiлiмнiң соңында танымал өнер қайраткерлерi мен әншiлердiң қатысуымен Кенен Әзiрбаевтың әндерiнен тұратын концерттiк бағдармала көпшiлiк назарына ұсынылды.

Ұлы дала күйшiсi

ҚР Мемлекеттiк Орталық музейiнде күйшi-сазгер, қазақ мәдениетiнiң аса көрнектi қайраткерi, ұлы домбырашы Дина Нұрпейiсованың туғанына 150 жыл толуына арналған «Ұлы күйшi – Дина» атты мерекелiк шара өткiзiлдi.

Дина Нұрпейiсова 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс, Ұлы Отан соғысы және халық шаруашылығын қайта қалпына келтiру кезiне де куәгер болды. Күйшi өз туындыларында қазақ әуендерiндегi өзiне тән ерекшелiктерiн сақтай отырып, жаңа дәстүрлi әуездер енгiзген. Өмiр бойы өз шеберлiгiн мейлiнше жетiлдiрiп отырған.

Даңқты күйшiнiң туындылары қазақ халқының алтын қорына кiрдi. Оның iшiнде әлi күнге дейiн сахна төрiнен кетпеген, ұрпақтан ұрпаққа тараған шығармалары «Бұлбұл», «Әсемқоңыр», «Байжұма», «Жiгер» және тағы басқа күйлерi бар. Кеңес дәуiрi кезiнде-ақ, «Қазақфильм» киностудиясы Дина Нұрпейiсованың өмiрi мен өнерi жайлы фильм түсiрген.

Сазгердiң асқақ шабытпен орындалатын «Көгентүп», «16 жыл», «Той бастар», «Ана аманаты», «Сауыншы», «Сегiзiншi март» атты шығармалары қазақ домбыра музыкасының классикасына айналған. Соңғы рет ол көрермендер алдына 1952 жылы шықты. Дина Нұрпейiсова 1955 жылы 31-қаңтарда Алматыда қайтыс болды.

Өткiзiлген шара аясында Орталық музей қорындағы Д.Нұрпейiсованың фотосуреттерi және де ұлы домбырашының өмiрi мен өнерi туралы кiтаптар қойылған көрме ашылды. Сонымен бiрге, К.Байсейiтова атындағы музыка мектебiнiң оқушылары, А.Жұбанов атындағы музыка мектебiнiң шәкiрттерi, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның солистерi Дина Нұрпейiсованың күйлерiн орындап, А.В.Селезнев атындағы хореографиялық оқу орнының жас өнерпаздары өнер көрсеттi. Оған Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлерi, сонымен қатар қала жұртшылығы қатысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *