Кәкімбек келген күн

Кезінде жас ұрпақтың санасын оятып, руханият әлемінен нәр алуға батыс пен Ресейде ертелеу дамып, қазақ елінде кештеу «өркен жайған» радионың да ықпал-әсері аз болмағаны аян. Қазір айтуға жеңіл көрінгенмен, сол радиоңыздың өзін (не екенін) соғыстан кейінгі жылдарда сезінгеніміз өтірік емес. Ара-тұра атын естігенмен, затын аңдау арман болатын.

Зәкір АСАБАЕВ

 

Бірде отыз шақты қожалығы бар біз туып-өскен шағын колхоз бастығының үйінде радиоқабылдағыш пайда бопты деп естідік те, қандай екенін көріп, білу үшін бүкіл ауыл балалары сол үйдің маңын торуылдаумен жүрдік. Ішке кіре алмайтындықтан, шілденің шыжыған ыстығында сыртқы терезенің алдында топтаса телміріп отырамыз. Жасы егде тартқан бастықтың жасы өзі қатарлас қату қабақ, түсі суық, қайыстай қатқан қара қатынынан бөлек ешкімі жоқ-тын. Бір сәт балаларды үйге шақырып, радио тыңдатуды атамаңыз.  Қайта аузы-мұр­ны бітеу, қараңғы бөлмеден түк есті­месек те, қара қатын тысқа шыға қалса, сол замат тым-тырақай қаша жө­нелуге бейілміз. Не керек, бастықтың үйінен радио тыңдау бұйырмай, ұзамай ол жайлы ойламайтын да болдық. Есесіне…

Біздің үйдің оң қапталында шаруа­сын шайқалта ұстап, колхоздың полу­торка (деп аталатын) жүк машинасын жүргізетін Жақып (Яков) дейтін неміс көршіміз болушы еді, жолың болғыр сол жігіт Тәшкеннен сатып әкелген радиоқабылдағышын үйінің дәл маң­дайшасына орнатып, күні-түні сарнатып қоятын. Ән-күй, хабар-ошар алақандай ауылдың о шеті мен бұ шетіне жетіп, жырғап қалдық.

Елуінші жылы жетіжылдықты бітірген соң сегізіншіден бастап аудан орталығында оқи бастаған үш жыл ішінде ара-тұра клуб алдындағы баға­наға ілген шелектей радионы тыңдап, «Алматыдан сөйлеп тұрмыз», «Говорит Москва», «Әнуарбек Байжанбаев» дейтін сөздерге құлақ үйреніп, радио «құпиясына» қаныға түстік. Әйтсе де, аудан орталығында да екі үйдің бірінде радиоқабылдағыш жоғы, кей үйлерде дұрыс естілмейтін радиомикрофон бола­тыны да есте. Сөйте-сөйте біртін­деп радио, соңынан теледидар, оларды басқаратын Телевидение және  радио­хабарлар жөніндегі мемлекеттік комитет дегенді білетін кез де жетті. Әр үйде күні-түні радио сайрап, телевизор жұмыс істейді. Бұл өмірге біртіндеп енген прогрессивті жетістік еді.

1958 жылы жазда  Алматыға қыз­метке келген соң радио, телевизор дик­торларының кімдер екенін де жақсырақ білетін болдық. Және олардың әрқай­сысы атақ-даңқтары айтулы өнер өкілдерінен артық болмаса, бір мысқал кемдігі жоқ тұлғалар-тын. Отан соғысы жылдарында атағы әлемге жайылған мәскеулік радио дикторы Левитан, теле­­дикторлар Анна Шатылова, Аза Лихитченко, өзіміздің Әнуарбек Бай­жанбаев, Қатира Әзімбаева, Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Ұлжан Пармашқызы, алғаш­қы (1958 ж.) теледикторлар Зұлқия Жұматова, Ләзи­за Аймашева, кейінірек Тыныс Өтебаев, Мариям Айымбетова, Бақытжамал Ерманова, өзге де көп-көп радио, теледикторлар кезінде Қазақ­стан­ның халық артисінен бастап, жоға­ры атақ-марапаттарға ие болған, есім­дері аңызға айналған қайраткерге айналды.

Ал енді біз осынау азын-аулақ пікірді радио, телевидениенің тарихын қаузау үшін емес, керісінше, қазір ешкім­ге таңсықтығы жоқ осы саланы қатардағы тыңдарман, көрермен ретінде еске алу ниетімен келтіріп отырға­нымызды шамаларсыз деп ойлаймыз, дос (және дикторлардың еске түскен­дерінің ғана аты-жөндерін атағаны­мызды да қаперге алғайсыз). Оларға қоса, осынау толғамды хатқа түсірудің төмендегідей себебі де жоқ емес. Енді соған келейік.

Басы ашық бір нәрсе, мейлі, радио, телевидение болсын, дикторлыққа ешкімді де жәйдан-жәй қабылдай салмайды, оның да аса жауапты, жоғары талап-талғам, кез-келгеннің тісі бат­пайтын күрделі шарттары болатынын да жүре келе білгеніміз рас. Мәселен, радио­да ұзақ жыл диктор боп, соңғы хабарлардан бастап, радиоспек­такль­дерге қатысып, ақын-жазушылардың шығармаларын майын тамыза оқитын (оқыған) Ұлжан Пармашқызының негіз­гі  мамандығы – консерваторияны кешегі өткен еңбек сіңірген артист, мар­құм Бақыт Жанғалиевамен бірге бітірген актриса екен. Радиоға арнайы шақырумен барыпты. Қалғаны белгілі. Қандай мәтінді болмасын, құлаққа жағымды әсем ырғақ, сүйкімді үнмен шебер оқитыны үшін күллі тыңдар­манның алғысына бөленіп, марапаттар алумен қатар, шығармалары эфирге шыққан авторлар тарапынан да шынайы ілтипатқа ие болған шақтарын бүгінде өзінен бөлек жетік білетін ешкім жоғы айтпаса да түсінікті. Барлығын атау мін­дет емес, тек өзім білетін бір факт – оның белгілі жазушы Нұрғали Оразбен апа-інідей сыйлас екені. Нұрғали оны көптеген шығармасын радиодан келіс­тіре оқығаны үшін әдейі барып ризалық айтыпты, танысыпты. Қайсыбір жыл­дарда «Парасат» журналында жұмыс істеген Нұрғали екеуміз бір кабинетте отырғанда оған жиі келетін Ұлжанмен мен де танысып, содан бері анда-санда ұшырасқанда арқа-жарқа әңгімелесетін сәттер болады.

Сондай шақтарда тағы бір білгенім, Ұлжан дикторлықпен шектелмей, арғы-бергіде көрген-білгендерін қағазға түсі­ріп, олары баспасөз беттерінде жария­ланып тұрады. Осы таяуда «Ақиқат» журналында шыққан «Ілияс Омаров», «Әнуар Байжанбаев», «Дүкен­бай Дос­жанов», «Балғабек Қыдыр­бекұлы» атты мақалалары тартымды, әсерлі, деңгейі биік дүниелер екен. Кім білсін, асылдың сынығы дегендей, бұл бәлкім, Бауыр­жан Момышұлымен бір ауылда өсіп, Отан соғысында бірге соғысқан, соғыс жылдарында ол туралы А.Бек жазған «Волоколамское шоссе» повесін «Арпа­лыс» деген атаумен аударған көрнекті тұлға (фамилиялары бөлек), туған ағасы, өмірбақи жауапты лауазымдар атқарған, кезінде Орталық комитет, «Оңтүстік Қазақстан» өлкелік газетінде бас редактор, саяси баспада директор, «Қазақстан коммунисі» журна­лында бас редактор боп істеген белгілі журналист, марқұм Құрманбек Сағындықовтың да шарапат-шафхат, ықпалы шығар. Сонымен, бүгінде Халық­аралық Жам­был атындағы сый­лықтың лауреаты, радионың «Алтын жұлдызы», басқа да атақ-марапаттар иесі, зейнетінің қызығын көріп, немере-шөберелеріне сүйікті әже боп отырған Ұлжанға «жазар көбейсін» дей отырып…

Таяуда ол сөз арасында айтып қалған бір ғибратты әңгімесін келтіруді жөн көрдік. Иә, Ұлжан не айтты, не деді дейсіз ғой?

– Тек мақтанды демеңіз, бұл бір бастан өткен өзім үшін қымбат естелік, – деді жаратылысынан сыпайы Ұлжан күлімсіреп, – Кеңестік дәуірде болған жағдай. Компартия дәуірі. Министрлер Советінде ұзақ жыл председатель боп істеген Бәйкен Әшімов мүшел жасқа толып, көрнекті ақын Кәкімбек Салы­қов оған арнап ұзақ поэма жазыпты. Ұзақ деу себебім, оқуға 52 минут кетті. Әрине, ол кезде Кәкімбекті танымай­мын, радиодан берілетін өлеңдері, әндері арқылы сырттай білемін. Қайда қызмет істейтіні де есімде жоқ. Әлде Мәскеу, әлде Қарақалпақ, әйтеуір, шет жақтың бірінен келіпті де, бірден Теле­видение мен радиохабарлар жөнін­дегі мемлекеттік  комитет председа­теліне кіріп: «Мына поэманы тек Ұлжан оқысын, әйтпесе бермеймін»,– депті. Председатель неге қарсы болсын, бірден келісіпті де, арадан бір-екі күн өтер-өтпесте поэма радиодан оқылды. Оқыған – мен, әрине. Міндетсінетін ештеңе жоқ, оқу – жұмысым. Ертесіне таңертең қызмет бөлмемде отырғанда коридор­дан: «Ұлжан қайда? Осында отыра ма?» деген дауыс естілді де, ізінше қолында бірнеше қорап сәлем-сауқаты бар жігіт ағасы кіріп келді. Келді де: «Ұлжан сенбісің?», – деді бетіме қарап.

–  Менмін, – дедім ұялғаннан жерге кіре жаздап.

– Ой, жақсы, ой, жақсы! Мен Кәкім­бек Салықов деген ағаң боламын. Поэманы тамаша оқыдың. Сол үшін рахмет айтуға келдім. Сені алдын-ала әдейі таңдап едім, жаңылмаппын. Қайда болсам да, қазақ радиосын тыңдап жүремін. Үнің, дауыс ырғағың, мәнерің бөлек, айналайын. Маған ерекше ұнай­ды. Кеше сен оқыған поэманы Бәйкен Әшімұлы да тыңдап, риза болды. Саған ол кісі де сәлем айтты! – деді бұрын-соңды өң-түсін де, сөйлесіп те көрмеген Кәкімбек Салықов ағынан жарылып.

Сөйткенше болмай, Кәкімбек мұнда ешкімге айтпай, өзінше келсе керек, әйтсе де, қолма-қол құлақтанған коми­тет төрағасы мен орынбасар, телеви­дение мен радио директорлары келіп, бөлме іші у-дуға толды да кетті. Лезде бұған дейін онша көп ести бермейтін жылы лебіз, құттықтауларға көмілдім де қалдым…

– Ал енді бұл оқиғаны жұмыс со­ңында өздерің тойлаңдар деген Кәкім­бек сәлем-сауқаттарын қалдырып, меке­ме басшыларымен бірге шығып кетті, – деді Ұлжан.

– Керемет болған екен, – дедім аузыма басқа сөз түспей. – Кәкімбек сондай жігіт. Бір жолы жақын аралас­тығым болмаса да, «Алатау» санато­рийінде демалып жатқанымда маған да Шота Уәлиханов екеуі арнайы келгені бар. Бұл, әрине, байырғы досым Шота­ның арқасы. Онда Кәкімбек Салықов Жезқазған облыстық партия комите­тінің екінші секретары еді. Өте қара­пайым, кішіпейіл, жан-дүниесі ашық екен, әңгіме-дүкен құрып, ән шырқап, көңілді тарасқанбыз…

Иә, Ұлжанның әңгімесіне орай, Кәкімбектің аруағын сыйлап, осы жайды да ауызға алу  артық болмас деп қарадым. Шота дос куә! Оған алғыс таудай!

Айтпақшы…

– Кәкімбек Салықов келіп кеткен соң  жұмыс соңында әріптестерге көл-көсір дастархан жайып, кішігірім той жасадық,– деді Ұлжан Пармашқызы сөзінің соңында. – Мұны ішіп-жеген емес, Кәкімбектей біртуар, дарабоз ақынды еске алып, алғыс сезімімді білдіру үшін айттым. Ғафу етіңіз…

Бәрекелді, Ұлжан! Ол да бір кезең! Дәурен! Жақсы күндер жарқылы!

Кәкімбек келген күн!..

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *