«КӨКЕНІҢ» ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

70Қазақстан Жазушылар одағының кіші мәжіліс залында көзінің тірісінде-ақ «тентек Тоқаш» атанған қазақтың көрнекті ақыны Тоқаш Бердияровқа арналған «Көке» атты естеліктер жинағының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Жинақты құрастырған – ақын Болат Шарахымбай, шығарған – «Тоғанай Т» баспасы.

Кітаптың тұсау­кесеріне «күтпеген жерден басталып, күт­пеген жерден аяқ­талатын» (Е.Раушанов) ақын­ның көзін көрген әріп­тес­тері мен кейінгі толқын інілері қатысып, оның өмір жолы мен шығарма­шылығы жайлы ой бөлісті. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Темірхан Медетбек: «Тоқаш Бердияров әдебиетке ХХ ғасырдың бел ортасында келген, жай келмей, поэзияға өзіндік өрнек сала келген сыршыл, парасатты талант­тарымыздың бірі. Өкінішке қарай, соңғы кезде аты көп аталмайтын болды. Оған кім кінәлі? Әрине, өзіміз кінәліміз. Ұмытшақпыз. Ұмытшақтық абырой әпермейді. Тоқаңдай біртуар ақынның отыз жылдан бері бір де-бір кітабы жарық көрмепті. Не деген әділетсіздік!.. Сон­дықтан, мынау Болат інімнің құрас­тыруындағы естеліктер кітабының жарық көруі – еліміздің мәдени-әдеби өміріндегі елеулі оқиға. Мұны Тоқаңа арналған керемет ескерткіш деп есептеймін», – деді. Жиында сөз алған ақын Аманхан Әлім: «Тоқаң сырт көзге аса қатал болып көрінгенмен, барынша ақкөңіл, жүрегі сұмдық жұмсақ адам еді. Есенғали екеуміз жанында көп жүрдік. Ол бізді туған інісіндей аялап-мәпеледі, біз оны «көке» деп қадір тұттық… Ол кісі баласына титімдей де жамандық ойламайтын, қолынан келсе жақсылық істеуге бекініп тұратын. Жақсылық демекші, Тоқаңның өз қаражатына туған ауылына – Ұшқынға асфальт жол төсеттіріп бергенін біреу білсе, біреу білмейді. Жарық көрген бір кітабының қаламақысын түгел сол жолға салған ғой… Тоқаң осындай мәрт еді! Керек десеңіз, оның мәрт мінезі жазған өлеңдерінен де көрініп тұрады», – деп толғады.

Тұсаукесерге Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ақын-жазушылар Зәкір Асабаев, Толымбек Әлімбекұлы, Талғат Айтбайұлы, белгілі ғалымдар – медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуірбек Рузиддинов, физика ғылымдарының докторы, профессор Бекболат Тасболатұлы, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, тағдырлы ақынның өмірінен қызықты хикаяттар шертті. «Көке» кітабы жайлы жылы лебіздерін білдірді.

– Бүгін тұсауы кесіліп отырған «Көке» жинағына Тоқаш ақынның өзіндік қолтаңбасын айқындайтын әріптестерінің зерттеулері мен естеліктері енген. Әрине, оның ішінде ең таңдаулыларын сұрыптап беруге тырыстық. Атап айтқанда, М.Әуе­зов, М.Мақатаев, Қ.Ергөбек, Е.Рау­шановтан бастап, мүйізі қарағайдай 46 автордың жазған дүниелері қамтылған. Жинаққа енбей қалған естеліктер мен зерттеу еңбектер де баршылық. Оның бәрін қамтуға бізде мүмкіндік болмады. Қайткенде де, бұл жинақ Тоқаш ақын туралы естелік кітаптың соңғысы емес деп ойлаймын. Егер қолдау көрсетушілер табылып жатса, дәл осы кітапты одан әрі дамытып, өңдеп, толықтырып, қайта бастырып шығаруға болады. Тек елдің ниеті түзу болсын! Айтарым, кейінгі ұрпақ үшін, әсіресе, Тоқаш ақын мұрасын зерттеушілер үшін «Көке» – берер тәлім-тәрбиелік мәні зор кітап, – деді кітаптың құрастырушысы Болат Шарахымбай. Жазушы Бейбіт Сарыбай жүргізген тұсаукесер рәсімі тек бір ғана кітап төңірегінде шектелмей, жалпы әдебиет әлемі, поэзия патшалығы туралы ауқым­ды әңгімеге де арқау болды.

И.ХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close