КӨК БАЙРАҚТЫ ЕЛ КӨСЕМІ

(Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көпбалалы аналарға қамқорлығы жайлы бір үзік сыр)

Мен Алланың берген сыйы – жеті бала сүйген аналардың бірімін. Туған жерім Қазығұрт болса да, білім іздеп Алматыдағы Қыздар университетін үздік бағамен аяқтап, Алматыда қызметке қалған едім. Әуелі Академияда жаңадан ашылып жатқан «Қазақ совет энциклопедиясында» қызмет істеп жүргенде тұрмыс құрып, бес перзент сүйіп, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағаның қамқорлығы арқасында үш бөлме үйге ие болған едік.

Алла одан соң екі пензент сыйлап, қызметім «Жалын» баспасына ауысқан еді. Еліміз егемендік алмай тұрып, 7 перзентті болған соң үйдің кезегіне тұрған едім. «Жалын» баспасынан тағы да кезекке тұрып, сәті келіп, 6 бөлме үй бөлінген болатын. Сол үй үлкен дауға айналып, 6 бөлме орнына, 2 және 3 бөлме үй ұсынды. Оған мен келіспеген соң, ол үйді өзгелерге таратып, мен үйсіз қалатын болдым. Сол кезде Жазушылар одағында (бұл 1987 жыл еді) Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ХІХ конференцияға делегат сайланып кездесу болды. Мен сол жиынға көппен бірге қатысып, үй ала алмай қалатын жайымды жазған арызымды ала бардым. Нұрекең сол кезде қағазға қарамай үш сағаттай елмен сұхбат жүргізді. Кейбіреулер шағымдарын айтып, жауап алып жатты. Мен де арызымды мінбеге жібердім. Ертеңіне сол арыз берген кісілерді қабылдап жатқан жерге кездейсоқ мен де барып қалдым. Аға адамдардың тілектерін кезегімен тыңдап, қанағаттандырып жатты. Ең соңына дейін әдеп сақтап отырдым. Кезегім келгенде:

– Қалқам, сіздің қандай бұйымтайыңыз бар? – деді. Мен Госкомиздат үй бергенін, бірақ аумағы аз болған соң келіспегенімді, сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділов алты бөлме үй ұсынған еді. Баспадағылар бір бөлмені кемітіп, бес бөлме үй бергенін, оны өзгелерге беріп қойғанын, менің үйсіз қалайын деп тұрғанымды айттым.

Сөзімді тыңдаған аға менің көзімше телефонның тұтқасын алды да, З.Нұрқаділовке телефон соғып, мән-жайды түсіндірді де, маған: – Қарындасым, ертең Зәкеңе бар, жұмысың реттеледі. Егер ісің тынбаса, маған қайта кел, – деді де, көмекшісі Нидің телефонын жазып алуды өтінді. Мен ертеңіне Зәкеңе келсем, «Алмагүл» ықшамауданындағы жаңа салынып біткен, үйлердің бірінен 2 үш бөлмелі, 6 бөлме баяғы өзі айтқан үйдің құжатын алуым үшін Үй басқармасының бастығы Раевқа жұмсады.

Мен үйлі болып, ісім тынған соң, ағаның қамқорлығы шабыт беріп, Нұрекеңе деген риза пейілімді өлең жолдарына түсіріп, біріне өз замандасым Дариға Тілендікелініне ән жазғыздым. Ол оны оркестрге қосып, «Отырар сазы» ансамблінде өнерге еңбек сіңірген қайраткер әнші Ермек Әбілтаев сахнаға алып шықты.

Отыз жылға жуық елінің қамын жеп, көркейткен, Астананы жаңалап, болашаққа жол салған, ер, Елбасына деген мен секілді көптеген аналардың атынан өлеңге ойын түсіріп, оны әнге айналдырған мақсат «Елім» деген ер, азамат Тұңғыш Елбасымыз Нұрекеңе деген игі ниет еді. Елімен мәңгі жасай берсін деген тілек қосамын. Еліміздің Егемендігі Мәңгілік болғай.

Сол өлеңнің сөзін қоса ұсынғанды жөн көрдім. Ол менің 1997 жылы жарық көрген «Қазығұрт қызғалдағы» деген жыр жинағымның 36-бетінде жарық көрген еді.

 

Көк байрақты ел көсемі

(Нұрсұлтан Назарбаевқа)

 

Елімнің тұңғыш Елбасы,

Парасат, ақыл жолдасы,

Халқына қамқор Нұреке.

Ел қамын жеп жүр кілең,

Елбасымыз Нұрекең.

 

Әлемге елін танытқан,

Алғыс алып ел-жұрттан.

Болашаққа жол салған,

Сөзге шешен майталман,

Ақылшымыз Нұрекең.

 

Ұлт белгісі – Елтаңба

Асқақтаған Әнұран.

Желбіресе көк байрақ,

Енді теңгем ен жайлап,

Тұсауын кескен Нұрекең.

 

Ата заңым елдігім,

Азат еліміз біз бүгін,

Босып кеткен бауыр да,

Қайтып жатыр ауылға,

Көш бастаған Нұрекең.

 

Тарихы терең елдерден,

Тәлім алып меңгерген.

Қажетін алып еліне,

Шығарды жайлап төріме,

Мәмілегер Нұрекең.

 

Халқы бәрі қолдаса,

Еш жамандық болмас та.

Кері тартпай кейбірі,

Жылжыса түгел ілгері,

Жол бастаған Нұрекең.

 

Халық қадірі ханымал,

Жалғаушы ол Тәңірімен.

Ырыс, байлық бірлікте,

Сыйласқан жөн тірлікте,

Тірегіміз Нұрекең.

 

Ел ырысы еңбекте,

Еңбек түбі жеңбекте.

Мақсатына ел жетпек,

Барлығымыз тер төксек,

Бағдар берген Нұрекең.

 

Жарқырап ақ маңдайы,

Жұртты өзіне баурайды.

Пейілімен шын жүректен,

Әр жүрекке гүл еккен,

Жанашыр болған Нұрекең.

 

Сал-сері, батыр Нұрекең,

Тәңірі сүйген ұл екен.

Өзіңмен ырыс берекем,

Жарқырай бер, ер көкем,

Ер көкем, ер көкем!

 

Бекемкүл Батырбекқызы,

«Алтын алқалы ана», «Әлем халықтары», «Халықаралық Жазушылар», «Қазақстан журналистер одағының» мүшесі, «Генерал Сабыр Рахимов», «Абылайхан», Халық қаһарманы «Бауыржан Момышұлы» медальдарының иегері.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *