«Көк қағаздың» өсуінен «қара аспанды төндіруге» болмайды ғой

205Қазір жұрттың аузында теңгенің құнсыздануы жайындағы әңгіме. Жолап кетсең болғаны, тап бір керемет жаңалық секілді көреді де, аузы-аузына жұқпай көргенін, естігенін айта жөнеледі. Көршім айтады, «Теңге қымбат­таған күні «Арзан» көтерме супермаркетіне кірсем, мәссаған, халық бәрін жаппай талап алып жатыр. Тіпті, мен қант сатып алып, арбаға салып, тағы бір зат алмақ болып 3-4 қадамдай кетіп едім, біреу келіп оны да қағып кетіпті. Бұл жұртқа не болған?!». Одан көшеде кездейсоқ кездес­кен біреу «Жолдасыммен қас-қарая бір жанармай құю бекетіне барып ем, кеше ғана бір литр АИ-92 бензинін 115 теңгеден сатып жатыр еді, енді 175 теңгеге бір-ақ секіріпті. Бұл не болды, сонда? Баяғы «рубль» секілді теңге де «сабан ақшаға» айналатын шығар?..» деп таңдайын тақылдата жөнелді.

Құттыбек АЙМАХАН

Әрине, бұл баға қымбаттаған алғашқы күнгі жағдайлар. Оған байланысты дүрліккен жұрттың әңгімесін әлі талай күн айтуға болады. Тіпті, бұл адамдарға дауа жоқ шығар, теңге құнсызданған күнді «қара сейсенбі» атандырып жіберіпті. Бірақ, Үкіметтің, одан қала әкімінің мәлім­демесінен кейін жұрт «қызуы» басылғандай болды. Қайта әкімнің не дегенін өз көзімен білгісі келді ғой деймін, бейсенбі күні қалалық әкімдіктің үні – «Алматы ақшамы» газетін күнделікті газет сататын дүңгіршектерден де үптеп сатып алып кетіпті. Тіпті, өткен бейсенбіде біреудің «Ақшамды» оқып бара жатқанын, ал екінші бір қазекемнің «шыдай алмай», газет сататын дүңгіршек жанындағы машина­сына кіріп алып оқып отырғанын көріп қалдық.

Міне, осындай «дүрбелең жағдай» сенбіге қарай ақырындап барып басыл­ғандай болды. Бірақ, демалыс күндердің өзінде теңгенің құнсыздануына байла­нысты жағдайларды байқауға болады. Мысалы, осы күндері қайсыбір газеттердің бағасы қымбаттағанын көрдік. Сатушылар тағы «Бұл қымбаттағаны ештеңе емес. Кеше газетті алуға барғанда, ондағылар «Бағасы әлі де өседі. Өйткені, қағаздар, газет басатын бояулар бізге шет елден келіп жатыр ғой» дейді» деп «қара аспанды төндіріп» отыр. Сондай-ақ, өткен сенбіде «Тастақ» ықшамауданындағы қайсыбір дүкендер, атап айтқанда, «Асыл» сауда орталығының астындағы екі-үш азық-түлік дүкені есігіне «Переучет» деген қағазды іліп қойыпты. «Шамасы, сататын тауарларын қаншаға көтеретіндерін есептеп жатыр-ау» деп ойладық біз.

Иә, халық кейде тиіп қалсаң жарылып кететін шар секілді ғой. Жағдайға мән бермей, бостан-босқа дүрліге береді. Әйтпесе, тәуелсіз Қазақстан тарихында  ақшаның мұндай құнсыздану жағдайлары бір-екі рет болды ғой. Бірақ, ешкім аш қалған жоқ, екі-үш айдан кейін-ақ теңгенің долларға қарағандағы бағамының өскенін ұмытып та кетті. Бұл жолы да солай болатынына күмәніміз жоқ.

Жалпы, Ұлттық банк теңгенің долларға қатысты бағамын өсіруге алты ай бойы дайындалып келіпті. Жарты жылдай еліміздің бас банкі есеп-қисап жүргізіпті. Осыны айтқан Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің одан әрі «Ақпан айында бізде салық аптасы өтетіні жасырын емес. Бұл ретте ірі экспортерлер өздерінің доллармен тапқан табыстарын теңгемен салық төлеу үшін сата бастайды. Сондықтан да бұл қазақстандық қаржы жүйесі үшін ең бір қолайлы кезең. Және осы себептен де доллардың бағасын өсіруге шешім қабылдадық» деді. Осыған орай шетелдік қаржы сарапшылары «Қазақстан Ұлттық банкі ұзақ уақыт теңгенің долларға қатысты бағамын қатаң дәлізде ұстап келіп, 19 пайызға босатып жіберуі дамушы елдердің валюталық нарқындағы жањан­дық жағдайға сәйкес келеді» деп бағалады.

Десек те, 2009 жылдан кейін құнсыз­дануға түскен теңге бағамына бұл жолы соңғы жылдары ресейлік рубльдің әлсіреуінің тікелей қатысы бар. Мұны жұрттың бәрі біледі. Тіпті, осыған байланысты теңгенің құнсызданатынын сезгендер де көп болды. Бірақ, бұл «операцияның» қашан жүзеге асатынын ешкім дөп басып айта алмады.

Иә, болар іс болды. Тірі адам әрі қарай тіршілігін жасай береді. Осы ретте күні кеше «Тастақтағы» үйімнің жанында ескі-құсқы тесір-терсектерді сатып тұрған бір ағамыздың «Мен де тауарларымның бағасын өсірдім. Өйткені, мына темірлер ол кездері бір Одақ болған, қазір шет ел саналатын Ресейде 1956 жылы жасалған. Олай болса, «шетелдік» өнімнің бәрі қымбаттауы тиіс қой» деп мәз болып тұрғанын көрдім. Шіркін, кейде уақытша қиындыққа болса да күліп алғанға не жетсін!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *