КҮЙІКОВТІҢ КҮЙІГІ

29 тамыз — Семей полигонының жабылғанына 25 жыл
Серік ЖҰМАБАЕВ
Елімізде Семей полигонының жабылуына шын жүрегімен беріліп атсалысқан, тіпті, өзі соның зардабын тартып, екі қолынан айрылса да аузымен, аяғымен сурет салып, ядролық қаруға төзуге болмайтынын Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге жеткізіп жүрген нағыз қайсар бір жан бар. Ол – Кәріпбек Күйіков. Оның жасаған ерлігін екінің бірі қайталай алмайды. Оның тісімен салған суреттерін екі қолы сау адам да сала алмайды. Керек десеңіз, Күйіковтің туындылары Түркияда, Жапонияда, АҚШ-та, Германияда, т.б. шет мемлекеттердің көрмесінде таныстырылған. Тіпті, оның полигонға қатысты «Жарылыс» атты бір суретін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі АҚШ президенті Барак Обамаға табыстаған.
Ол Семей полигонының жабылуына атсалысып қана қоймай, әлемдік масштабта, бүкіл дүние жүзіне ядролық қарудың адамзатқа тигізер зиянын талмай түсіндіріп жүр. Мұндайды өзінің басынан өткізген, ешқандай қиындыққа мойымай, өмірінің соңына дейін күресе білетін нағыз табанды, қайсар, сүйегі асыл азаматтар ғана көтере алады. «Менің негізгі мақсатым – мен сияқты кемтарлар ядролық сынақтың салдарынан зардап шеккендердің соңғы өкілі болуы үшін аянбай қызмет ету. Әзірге жүрегім соғып тұрғанда, бойымда күш-қуатым барда мен адамзатты Жер шарын қорғауға шақырамын. Кезінде Елбасының арқасында Семей полигонын жаптық. Аңсаған арманымыз орындалды. Ендігі міндетім – барша әлем назарын бұл мәселеге аудару арқылы осындай қауіпті сынақтардың жабылуына титтей болса да үлесімді қосу», – дейді суретші әрі «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының белсендісі.
Кәріпбек Күйіков 1968 жылы Қазақстанның шығысында орналасқан Семей ядролық полигонынан 100 шақырым жердегі Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Алайда, қатал тағдыр оны анасының құрсағында жатқанда-ақ аямаған. Ядролық сынақтың салдарынан қос қанаты қиылған құсқа ұқсап, екі қолсыз өмірге келген. Мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатында оқып, қылқаламды тісімен қысып немесе аяғының басбармақтарының көмегімен сурет салуға машықтанған. Құдай оған қол бермесе де ерекше талант берген! Әрине, алғашында мұны жасау оңай болған жоқ. Ол көп қиналды, жаны да, жүрегі де ауырды, налыды. Дегенмен, қайсар рухты Кәріпбек өмірге, өнерге деген құштарлығының арқасында бәрін жеңе білді. Сезімтал, сұңғыла жігіт ағасы өзіндей құрбандықтардың көп екенін біліп, олардың мұңын, ішкі дүниелерінің жанайқайларын әлем көзіне жеткізу үшін полигонның сұмдықтары, зардаптары туралы көптеген сурет салды. 1989 жылы Олжас Сүйлейменов «Невада-Семей» қозғалысын құрғанда, ол бірден Олжекеңнің қасынан табылған. Осылайша тағдыр тақсыретін тартқан қолсыз суретші антиядролық қозғалыстың белсендісі, қажымас қайраткеріне айналды.
– Антиядролық қозғалыс алғаш рет құрылғанда бізде интернет, ұялы телефон дегендер болған жоқ. Сондықтан, жаяу-жалпы мектептерді, үйлерді аралап, қол жинадық. Адамдардың қол қойған қағаздарын үлкен жәшіктермен тасыдық. Мен полигоннан зардап шеккен көптеген отбасын білемін. Менің әкемнің әріптесі 10 бала сүйді. Бірақ, барлығы да ауру болып туып, шетінеп кетті. Әкесі бұл күйікке шыдай алмай, өмірден озды. Мұндай жағдайлар өте көп. Біздің жанұяда да екі бала болған, алайда, олар да бір жылға толмастан көз жұмды. Күні бүгінге дейін аспанға шашыраған от түсіме кіріп, шошып оянамын. Тіпті, ауылда көптеген ата-аналар мен акушерлердің дүниеге келген сәбилерден шошынғанын көзіммен көрдім. Балаларын жұртқа көрсетуге батпай, бөтен көзден тығып бағып, анда-санда ғана күн көзін көруге шығарып отырған отбасыларын танимын. Радиацияның кесірінен өрбіген «жаман аурудан» түгел әулетімен қырылған отбасыларды көрдім. Қаншама бейнет, қасіреттің куәсі болдым. Сондықтан, біздің ұрпақ ядролық сынақтардың ауыртпалығын және орны толмас зардап шеккендердің соңғы буыны болатынының кепілдігі үшін барымды саламын деп шештім. Сол себепті антиядролық қозғалыстың белсендісіне айналдым. Салған суреттерім арқылы ішімдегі терең мұңымды шертемін. Қаламды аузыма тістеп немесе аяғымның бармақтарының арасына қысып алып, өз ойымды, ішімдегі зарды қағаз бетіне түсіремін. Менің көргенімді ешкімнің басына бермесін. Мұны болдыртпау – борышым деп білемін, – дейді К.Күйіков.
Суретшінің айтуынша, мұндай трагедиялар көптеген отбасында болған екен. Тіпті, бір ата-аналар келесі баламыз сау болып туылатын шығар деп үміттеніп, 10 балаға дейін дүниеге әкелген көрінеді. Алайда үміттері ақталмай, науқас балаларды туа берген. Он бала туып және барлығы да ауру болған жанұялар бар екен!
Қазіргі таңда қазақстандық суретші Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай, ядролық қаруға қарсы петиция әзірлеп, ядролық державаларға жіберуге дайындап жатыр. Онлайн-петицияға 100 шақты елден 300 мыңнан астам адам қолдау білдірген. Айта кетейік, оған ғаламшардағы әрбір адам кіріп, қолдай алады. «Егер біз осы сайтта (http://www.theatomproject.org) миллионнан астам дауыс жинасақ, онда қазіргі күні де ядролық қарумен жарысқа түсіп жатқан ел басшыларына батыл түрде үндеу жасап, бұл қаруды жоюларын талап ете аламыз. Ядролық қарумен мықты боламыз дейтін елдерге заңды талап қояр едік. Мен дүние жүзіндегі ядролық қарулар жойылса екен деймін», – дейді Кәріпбек Күйіков.
Иә, қазір елу жасты алқымдап қалған батыр суретші әлемді саяхаттап, адамдарға ядролық сынақтардың адамзат өміріне қандай кері әсерін тигізетінін айтудан талмай келеді. Атом бомбаларына лағнет айтқан оның күрескерлігі көпке үлгі. Керек десеңіз, ол нағыз азулы, қайтпас қайсар, қаһарман суретші! Ол өзін мүгедекпін демей, қайта керісінше, кішкентай ғана қылқалам найзасымен-ақ атом аждаһасына қарсы күрес жүргізіп келеді. Ол қолсыз туды. Басқа біреумен қол алысудың қандай екенін білмейді. Әйтсе де, оның сурет салу үшін аяқтары бар, сөйлеуге мүмкіндік беретін тілі, даусы бар. Құдай оны кемтар қылып жаратқанымен, мүмкіндігін шектеген жоқ. Ол әлі де ядролық қаруға қарсы күрес жүргізіп, шамасы келгенше әлемге мұны мәселе етіп көтере береді. Осы мұратқа жету жолында оның ойында әлі талай дүниелер бар. Тек, ең бастысы, біз оны тыңдап, қолдау білдіріп, қолымыздан келгенше қолғабыс етсек екен…