КҮЙЕУІНЕН ҚАШЫП ЖҮР

Дубай әміршісі, шейх Мохаммед бин Рашидтің әйелі Хайя Лондон жоғары сотына өзін және балаларын қорғау жөнінде өтініш түсірді. Сондай-ақ, ол соттан өзінің қызын мәжбүр­ленген некеден құтқаруын сұрады және өзінің өмірі мен денсаулығына төнген қауіптен құтқару үшін арнайы күзет ордерімен қамтамасыз етуді өтінген.

Хайя ханым осыдан біраз уақыт бұрын балаларымен қоса 40 млн. долларды алып күйеуінен ақпан айында қашып кеткен болатын. Бүгінде 11 жасар қызы, 7 жасар ұлымен Германияда жасырынып, саяси баспана сұрап жүр.

Ол мұндай қадамға шейх Латифаның тағдыры (Мохаммед бин Рашидтің қызы) жөнінде күзетшілерден білген соң барған. Ол 2018 жылы елден қашуға әрекет жасаған, бірақ ұсталып қалған. Кейбір БАҚ-тарда оны жасырын қамақта ұстап отыр деп жазды. Бірақ бұл ақпарат толық ресми расталмаған.

 

Орыс әйел үшін

Куала-Лумпурдегі резиденциясында Малайзияның су жаңа билеушісі Абдулла Аль-Мұстафа Биллах ант берді.

Ол өз сөзінде Малайзия халқы және оның жақсы өмір сүруі үшін бар қолынан келгенін жасайтынын, аянбай­тынын айтты. Сондай-ақ, ант қабылдау кезінде елдің премьер-министрі Махат­хир Мохаммед ел үкіметі жоғары жетістіктерге жетуі үшін бұдан да табанды жұмыс істейтінін мәлім етті.

Бұдан бұрынғы король Мухаммед V-ші кейбір БАҚ-тың жазуынша, ел билеушілерінің қысымына шыдай алмаған. Олар оның ресейлік Оксана Воеводинамен той өткізуін құптамаған.

 

Мәжбүрлеу емес, сауапты іс

Өзбекстанның Бұхара облысындағы жергілікті билік өкілдері бюджет саласының қызметкерлері мен солдаттарды ежелгі мұсылман зиратын тазалап, гүлдендіруге мәжбүрлеуде. 17 гектарды алып жатқан зиратта 18 мың адам жерленген. Осы уақытқа дейін бейіттер қараусыз қалған. Мектеп мұғалімдері, балабақша, емхана қызметкерлері бір айдан астам уақыттан бері таңғы жетіден тұрып зират тазалап жүр. Бұл үшін оларға көк тиын төленбейді. Дейтұрғанмен де, мұның мәжбүрлеу емес, сауапты іс екенін айтқан ләзім.

 

Қылмыскерлермен кездеседі

Финляндияда қылмыс жасалған жерлерге экскурсия ұйымдастырады. Мәселен, адам өлтірген, ұрлық жаса­ған, өмір бойы түрмеде отыруға шешім шыққан қылмыскермен кездесіп, әңгімесін тыңдау, оқиға болған жерге сапар­шылау, т.б. Сондай өмірлік жазаға кесілген қылмыскерлердің бірі – Янне Раннинен. Оның осындай қатаң жазаға кесілгеніне қарамастан оған оқиға болған жерге экскурсия жасауға рұқсат етілді. Сондай-ақ, түрмеден қашқандар, банк тонағандар да өзінің әңгімесін айтып береді.

Алайда, тиісті қоғамдық ұйымдар бұл идеяға жан-тәнімен қарсы шықты. Олардың ойынша, қазіргі қоғамда мұндай жантүршігерлік қылмыстар жұртты қызықтырудың, жарнаманың түріне айналып кетеді деп қауіптенеді. Алайда, Раннинен болса, жасаған қылмысына өкінетінін жастарға егжей-тегжейлі айтып түсіндіргісі келеді екен.

Ранниненнің түрмедегі өмірі жаман емес. Осында қызы дүниеге келді. «Менің атым жалдамалы кісі өлтіруші» атты кітабы жарық көрді. Сондай-ақ, түрмеде жатқан балалар мен олардың ата-аналарын қорғайтын арнайы ұйым құрған.

 

Үй жинамағаны үшін

Мұндай да болады. Англияның Сол­түстік Йоркшир графтігінде күйеуіне үй жина дегені үшін әйелін 17 сағат камерада ұстап отырған.

58 жастағы Валери Сандерс күйеуі Майклден үй шаруасына көмектесіп жіберуін өтінген. Оның айтуынша, күйеуі фитнес-клубқа менеджер болып орналасқан соң үй шаруасына қараспай кеткен. Жұмыстан келген соң күйеуіне көмектесіп жіберуін өтінгені сол-ақ екен, екі полицей жетіп келеді. Сөйтсе, Майкл әйелім мені күштеп үй жұмы­сына жекті деп полицейге арызданып үлгеріпті. Әйелді ұстап, ісін сотқа тапсырады. Сандерстің айтуынша, оны камерада ұстап, кәдімгі қылмыскердей жауап алған. Күйеуінің айтуынша, әйелі оны үнемі қолдамайтын көрінеді. Осының салда­рынан ол өзін нашар сезінген. Сондай-ақ, жұмыс орнын­дағылар оның мінезіндегі өзгерістерді байқаған.

«Біз бірге уақыт өткізбейміз. Мен жұмыс істеймін. Ол азаннан қара кешке дейін спортпен шұғылданады. Сондық­тан оған жыным келді», – дейді Сандерс.

Әйтеуір күйеуі райынан қайтып, оны кешіргендей болды. Сандерсті босатты. Әйтсе де, олар ажырасу қамына кірісіп кетті.

 

Елін сүйген қырғыздар

2009–2019 жылдары қырғыздың еңбек мигранттары туған еліне 19 млрд. доллар аударған. Бұл республикаға келетін шетелдік инвестициядан екі есе көп.

Бұл жөнінде ел президенті С.Жээн­беков мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы он жылда Қырғызстан сыртқа 18 млрд. доллардың тауарын экспорттаған, ал осынша аралықтағы инвестиция көлемі 8,3 млрд. долларды құраған. Сондай-ақ, мемлекет басшысы мигрант­тардан түсетін қаржының экономиканы дамытуға қосқан үлесі зор болып отырғанын мақтанышпен айтты. Өткен жылы еңбек мигранттары елге 2,68 млрд. доллар аударған, бұл 2017 жылдан 8,2 пайызға артық.

Бұл да болса елді сүюдің, патрио­тизмнің бір белгісі.

 

Қ.ИМАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *