Күй табиғатын дөп таныған

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

Жамбыл атындағы қазақ мемлекет­тік филармониясында еліміз бен Алматы қаласы­ның жұртшылық өкілдері Қазақ­стан­ның халық әртісі, профессор, 88 жасқа қараған шағында өмірден өткен Алдаберген Мырзабековті соңғы сапарға шығарып салды.

Қаралы жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди­ұлының көңіл айту жеделхатын М.Әуезов атындағы академиялық драма театры директорының кеңесшісі, Қа­зақ­станның халық әртісі, қоғам қай­раткері Есмұхан Обаев, Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің көңіл ай­туын қалалық Мәдениет басқармасы басты­ғының орынбасары Данияр Әлиев, Қара­ғанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың көңіл айту жеделхатын облыстық мәдениет, мұрағат және құжат­­тама басқармасының бастығы Еркебұлан Арғынбаев жеткізді. Жам­был облысының арнайы делегациясын басқарып келген Алдаберген Мырза­бековтің жақын туысы Сайлау аға ағайындарының атынан қайғы­ла­рына ортақтасуға келген жұртшылыққа ризашылық сезімін білдірді.

Қазақстанның Халық әртісі, про­фессор, дирижер Алдаберген Мырзабе­ков қазақ күй өнерін оркестрге түсіру­дің шынайы шебері, күй табиғатын дөп таны­ған аса білгір дирижер еді. Қазақ оркес­трін­де «Алшағыр», «Топан», «Жігер», «Қо­ңырқаз», «Ыңғайтөк», «Жезкиік», «Аман бол, шешем» сияқты көптеген күйлердің бағын ашқан талант иесі болды. Кеңес заманында жұрттың барлығы батыс музыкасына ден қойғанда, күйлерді, оның ішінде шертпе күйлерді оркестрге лайықтап түсірді. Қазіргі оркестрлердің репертуарын­дағы күйлердің дені Алдаберген Мырза­беков лайықтаған үш партитура жинағы негі­зінде ойналады. Алдаберген Қайырбек­ұлы 1930 жылы 14 қарашада Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауы­лында дүниеге келген. Дирижер, педагог, ҚР халық әртісі Алматы мемле­кеттік консерва­ториясының халық аспап­тар факультетін бітірген. 1956 жылы Құр­манғазы атындағы Қазақтың Мемлекеттік халық аспаптар оркестріне дирижерлік қызметке тағайын­далып, 1968—1971 жылы оркестрдің бас дири­жері әрі көркемдік жетекшісі, 1971— 1988 жылдар аралығында дирижер болып еңбек етті.  1962 жылы Моңғо­лия­­ның Баян-Өлгей аймағында қазақ музыкалық драма театрының көркем­дік жетекшісі және бас дирижері міндетін атқарып, қазақ ұлт аспап­тар оркестрін ашуға, ұжымның орындаушы­лық, кәсіби деңгейін көтеруге де атсалысты. Оркестрге арнап түсірген Тәттімбеттің, Сүгірдің, Әшімтайдың шертпе күйлері, Ықыластың қобыз күйлері, тағы басқа халық композиторларының ән-күйлері, орыс және шет ел классиктерінің туынды­лары бар. Моңғолияның Баян-Өлгей айма­ғында қазақ музыкалық драма театрын­да қойылған «Тұлбанор шайқасы» спектаклі­не музыка жазды. Мәдениет қайраткерінің өзінің де ән-күйлері, күрделі увертюра, поэма жан­рын­­да жазылған төл туындыла­ры көп­теп саналады. Алдаберген Мырзабе­ковтің «Қоңырқаз», «Көкейкесті», «Жі­гер» сияқты оркестрге арналған парти­тура, таңдамалы жинақтары жарық көрген.

Қазақстанның халық әртісі, про­фессор Алдаберген Мырзабековтің дене­сі «Кеңсай» зиратына жерленіп, «Жұлдыз» мейрамхана­сында марқұмның рухына құран бағыш­талды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *