Көңілі жарым жандарды риза етті

Мұхамед пайғамбарымыз «Рамазан – сабыр айы. Сабырдың сыйы болса – жаннат». Кімде-кім рамазан айында ораза ұстаған бір адамға ауызашар берсе, бұл амалы күнәларының кешірілуіне себеп болып, ораза ұстаушының сауабындай сауапқа ие болады» деген екен. Өткен аптада Алматы қаласындағы Ардагерлер үйінде 300-ден астам қарттарға дініне, ұлтына қарамастан ауызашар берілді. Ол «Нұр Отан» партиясының жауапты хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлының тікелей қолдауымен ұйымдастырылды. Ауызашарға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары қатысты.

Ауызашарда оразаның қасиеті, оның сауабы жайында уағыз айтылды.

Қарттар, әсіресе, Кеңес одағының халық әртісі Бибігүл Төлегенованың әр салған әніне сүйсіне қол соғумен болды.

Одан кейін қарттар Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін, «Салтанат» би ансамблі бишілерінің биін тамашалады. Ардагерлер үйінің қарт тұрғыны Кәрібжан ата: – Біздер жүрегінің түбінде мұңы бар жандармыз. Өмірдің қызығы кетіп, қайғысына тап болдық. Тірі адам тіршілік кешеді. Бүгінде өзім қатарластармен Ардагерлер үйін мекен тұтып, дәм-тұздас болып отырмын. Жамауы көп жыртық көңілімізді көтеріп, бізді ескеріп, ұмытпай қасиетті рамазан айында қарттардың басын қосып, ауызашар беріп отырған Қайрат Сатыбалдыұлына, осы шараның басы-қасында жүрген Қанат Мұсақұловқа, өнерімен жанымызға нұр сепкен Бибігүл Төлегеноваға, Ескендір Хасанғалиевке деген алғысымыз шексіз, – деді. Сосын, аталық алғысын айтып, ақ батасын берді.

Көңілі жарым, қуанышынан қайғысы молдау жандардың көңілдерін бір сәт көтеріп тастаған өнер жұлдыздарының мың бұрала билеген билері мен әуелете салған әндері қарттардың жадында ұзақ сақталары анық.

А. ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *