КӨҢІЛДЕС

(ӘҢГІМЕ)

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Төсек теңестірген қосағына жиырма жылда бұлай жағымпазданып көрмеп еді, қолы-қолына жұқпай дастарханды әп-сәтте жайнатып жіберді. Күнде шығара бермейтін тоназытқыштың күргейінде тұрған сары майды да тәрелкеге толтырып алдына қойды, қара табаға шыжғырып пирәшке пісірді. Онан шыққан түтінді терезені ашып, бөлмені таза ауамен біраз желдетті де, имене басып кеп: «Шәй дайын», – деді. Күйеуі әдеттегіше сақалын сабындап алып, ең арзан «Калина красная» әтірін дәу алақанының шұңқырымен бір көсіп ап, екі бетін кезек сипады. Сосын ескі мәнеріне сап, екі бөлмеге жалтақтап басын сұғып, біреу бірдеңені алып кетті ме дегендей бір қарап ап, асүйге кірді. «Қарауыл десе қарауыл, осы әдетті қашан қояр екен».  Шәй құймаққа дайындалған жұбайы асығып-аптығып тұр. «Қарауыл боп кеткенің кеткен ғой». Күйеуі жайнап тұрған таңғы дастарханды көріп: «Оу, қатын, бүгін Жаңа жыл ма, жайнатып жіберіпсің ғой», – деді мұртынан күліп. Ләззат дір ете қалды.

– Терезені тағы ашып алайын ба, әлде осы бола ма? – деді күйеуінің алдында оқушыдай кібіртіктеп.

– Болады.

– Пирәшке пісіріп едім. Бүгін кезекке баратын күнің ғой.

– Болады. Иістің бәрін бір ашқанда-ақ айдап шығады біздің қатын, – деп, жабулы терезенің тұтқасын оң қолымен төмен тартып, тағы бір қатайтып қойды.

«Қарауылдығың қалмайды. Өмір бойы кеткені кеткен ғой», – деді Ләззат іштей ыза болып.

– Сүтпен ішесің бе? Қолдың сүті. Есіктің алдына әкеліп сатты.

– Оу–у, «Су сұраса, сүт берген, айран берген», – деп күйеуі өлеңдетіп жіберді. Бәріне үлгеріпсің ғой.

Жұбайы төмен қараған күйі жауапсыз қалды. «Өлең сенің не теңің», – деді іштей ыза боп. – Онан да ішеріңді ішіп, тезірек қарауылдығыңа кетпейсің бе».

Ол ыстық кесені қолына алып, ыстық пирәшкіден бір тістеді. Жұбайының бойынан бір діріл зу етіп, сонан кейін ғана көңілін демдеді. Бірақ бетін бұрып қарай алмады, сабақ айтатын бастауыштың баласындай тік тұр.

– Отырсайшы, қатын, шәйің ыстық, құманың бұрқылдап тұр. Неге қорқып тұрсың?! – дегенде ғана мұнтаздай таза ақ шәйнектің сол жағын ала тізесін бүкті. Әдетте бір-ақ кесе ішетін дөң күйеуі шәйқор боп кетті. «Майлы пирәшкені төмен айдаған түрі шығар». «Сен үшін тағы бір кесе», – деді күстене бастаған күректей алақа­нымен шүңет кесені түбінен аялай ұстап. «Мейірленген түрі ғой, сорлының. Одан да жұмысыңа тезірек кетсейші». Ол «Болдым!» деп күректей алақанымен дөңгеленген кесенің бетін жапты. Шәй кесе көрінбей қалды. Жуан дауыс «Қанағат!» дегенде, әйелі тағы да дір етіп орнынан атып тұрды. «Қорқақ боп кеткенсің бе?» деді жиырма жылдан бергі жансерігі үстел басынан қозғала бергенде. Иығына қолын салып, жұбайын біртүрлі жақсы көріп кетті. Ол болса денесін алып қашып, тартыншақтай берді. «Мен қаштым. Өкімет жұмысы күтіп тұр» деп, үстіне жеңіл түте-түте ескі курткасын ілгенде, «Осыны бір ауыстыру керек еді» деген жолаушы ой әйелінің көкірегін осып өтті. «Барғасын өкіметтің киіміне ауыстырады ғой. Аэропорт­тың қоқымын не үшін жинап жүрсің» деген ызамен есіктен шығып бара жатқан өмірлік серігінің арқасына қарады. Жалпақ жауырыннан көз алмай тұрып: «Осыны қайдан таптым екен? – деп өкінді. – Өзім ғой, мені ешкім зорлаған жоқ. Бір жерденбіз дегесін, құлай кеттім. Жаманкөлден басқа адам болса жанымды алатындай көрінді», – деп өзін-өзі жазғыра бастады. «Пока!» – деді жалт бұрылып. Бұл ернін түртитіп, болар-болмас басын изеді. «Орысшасының түрін…». Қап-қалың ағаш есік сарт жабылды. Ол арғы бетте, бұл бергі бетте қалды. «Сорлы!» деді ішінен. Қосағынан туған екі қызы бар. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүруде. Ол әуежайдың қарауылы, өзі Байланыс міністрлігінің кеңсе жабдықтары бөлімінде қызмет істейді. Қарап тұрса, өзінікі де қара жұмыс. «Оған күлетін түрім жоқ. Оның айлығы менікінен екі есе көп. Сыйақысы тағы бар. Менікі міністрлік деген аты болмаса, еден жуғыштан сәл-ақ жоғары тұрмын. Сол жердің қара жұмысының бәрін өзім істеймін. Сәнденіп жүргенім болмаса… Осы сән маған не керек» деді де, айнаның алдына қалай барғанын білмей қалды. Бірақ өз бейнесіне өзі тамсанып үлгермей ытқып балконға шықты. Жүргінші жолында бәрінің үстінен қарап,  бойшаң біреу кетіп барады. Ол – өзінің қосағы. «Сорлы!» деді іштей бала­ғаттап. Кері бұрылып, айна алдына кеп құлағына мөлт-мөлт еткен сақтап жүрген сырғасын таға бергенде саусағы дір етіп, асыл тас аяқ астына түсті. «Құдай құлақты да шұнтитып бергенін қарашы, осы сәндену маған неменеге керек» деп, жерде мөлтілдеп жатқан сырғаны белін әрең бүгіп қолына алды. «Бұны да туған күнімде сыйлаған анау сорлы ғой, – деп күйеуін күстәналады. – Жоқ, тағайын, сырға сұлулық сыйлайды» деп, бітеле бастаған құлақтың тесігіне иненің ұшын кіргізіп жібергенде тұрған орнынан ыршып кетті. Терісі ауырғанмен, жан-дүниесі жай тапты. «Бітеліп қалыпты, көптен тақпағандікі  ғой. Бітелсе енді ашылады» деді қытымыр көңілмен. Үстіне ең әдемісін ілді. «Осы мен кімнен кеммін». Әдемі шүберектің әсерімен көкірегі оттай жанып, бір мақтаныш сезіммен жер баса алмай алып-ұшты. Тігінен тұрған сопақ айнаның алдына қайта-қайта барды. Қырынан тұрып, денесіне қол тигізіп, айнадағы келбетіне сүзілді. Алақанымен бөксесін сипады. «Ешкімнен кем емеспін. Осы бөксе ғой маған бөтен еркек­ті ынтық қып қойған» деп, енді өмірде кездескен екінші адамның қылықтарын ой елегінен өткізе бастады. «Бойы біртұтам. Бірақ сөзі нық. Жиналыста бәрін жеп қоя жаздайды. Бәрі осының сөзіне тоқтайды. Пысық-ақ».  Өзінің тікелей бағынатын бастығы да сол. «Енді мені жеп қоятын шығар», – деп миығы тартып, екі көзі оттай жанған, қимылы шалт тапал жігітті көргенше асықты. «Өзі сөзге шебер-ақ, қисық сөздің түбін түсіреді. Жаңа жылға таяу жаңа күнтізбе, қалам мен жеке қойын кітапшаларын таратып, есігін жәймен тық-тық шерткенде, «Кіріңіз» деген сергек дауыс естілді. Күнде көріп жүрсе де есіктен имене аттады. Мұнтаздай таза бөлме мен түкпірдегі телевизор, диван мен кресло көзіне жұмсақ көрініп, көңіліне майдай жақты. Жанары шырадай жанып, ойнақ­шып тұр екен. Алдында шәй. Ұрты томпиған шәйнектен бір кесе шәй құйды.

– Мен құямын ғой, – деді қолын созып.

– Үй менікі, мен құяйын.

– Иә, солай ғой, – деп, кеңсе заттарын  алғандығы туралы тізімді алдына қойып: – Мына тұсқа қол қойыңыз, – деді күбірлеп.

– 37-жыл болса бас кетеді ғой, – деді ол жұп-жұқа алақанына ілігіп тұрған нәзік саусақтары бүлкілдеп.

«Қандай кішкентай алақан, – деп таң қалды. – Біздің үйдегі үстінен басқанда шәй кесе  жоқ боп кетеді».  Сырты бұжыр-бұжыр жалпақ алақанды көз алдына әкелді. Ол қол тигізсе бұның түгі қалмайды. Солай. Ол далада, бұл үйде. Ол – күрек, бұл – қалам ұстайды…».

– Мә, – деді тізімді өзіне ұсынып.

Бұл қап-қалың жорналды қайтып алды да, «Неге 37-жылды еске алды екен?» деп, бір піспеген ой басына дік ете қалды. Әйтеуір 37-нің жақсы нәрсе еместігін біледі.  Сол кездері ата-бабасы Қытайға қашқанда бұлар бергі бетті сағалап елде қалған екен.

– Жаңа жылдың алдында екеу боп шәй ішейік, – деді бастығы. Кішкентай тәрел­кеге былжыраған торттан салып, суып бара жатқан шәйінің үстіне томпақ шәйнекті еңкейтіп, сыздықтатып су тамызды. – Менен де бір дәм татсайшы.

– Иә, – деп бір ұрттады. Суып қалған қызыл су ерніне мұздай боп тиіп, салқын әсер тұлабойынан жүгіріп өтті. «Осыны да шәй деп ішіп отыр ма?..».

– Ләззат, «Служебный романды» көріп пе едің? – деді күлімсірей қарап.

Ештеңе түсіне алмады. Күлімдеген қос жанар тұла бойын ішіп-жеп барады.

– Қазақшасы «Кеңсе махаббаты». Екеуміз сонымен айналысайық. Кімнен кембіз. Ескі жылды жібермей…

Басын көтере алмады. Мәскеудің бір есеп кеңсесіндегі бастығы мен бағыныш­тының махаббаты туралы кино бар болатын. Орысша онша түсіне қоймайды. Бәрі өтірік боп көрінеді. Еміс-еміс бірдеңе көз алдынан бұлдырап өтіп жатты…

– Иә, музыкасы жақсы, – деді білетін адамдай боп көрініп.

– Сондай музыка бізде де бар. Екі күннен кейін дәл осы уақытта маған кел. Жауабыңды бер. Күтем, – деген кезде орны­нан  көтеріле беріп еді: – Шәйіңді тауыссайшы. Бұл шәй ішудің басы, – деді түсін суыта сөйлеп. «Рахмет!» деп пәпкесін уыстап ұстап, боз кілемді басып жүре берді. «Артымнан қарап тұр. Менің тостағандай төңкерілген бөксемнен көзін алмай тұр. Өзім де сезетінмін» деген бір әйелдік мақтаныш сезімі өнбойын бунап барады. «Күтем», – деді дардай басымен. – Мені күтеді ғой сонда». Бұл әлем өзгеріп, басқа бір әлемге мойынсұнғандай буалдырланып бара жатты.  Әшейінде маң-маң басатын әйел еденді тесіп жіберердей тық-тық басып тез жүрді.

Үйге келген бетте үлкен қызды азық-түлікке жұмсап, тамақтың түр-түрін алғыз­ды. Бойжетіп қалған қызы да таңқалды.

– Мама, туған күніңіз сияқты дайын­далып жатырсыз ғой, – деді риясыз күлімсіреп.

– Әкең жұмыстан шаршап келеді. Ыстық ішсін. Күнде қуырған картоп пен макарон. Кеспе көже жасайық, – деп, қолы да, бойы да жеңілдеп, екі бөлмеде алып-ұшып жүріп алды…

Екі күннен кейін басқарма бастығы белгілеген уақытта алдына келді.

– Ләзка, ойландың ба? – деді жеп-жеңіл сөйлеп. Атын орысша атағанда мырс ете қалды. Өмірі өстіп ешкім айтпапты. «Қатын!» деген күйеуінің бұранда бұра­ғандай шықыр даусы да құлағына қабат естілді. «Қайтсін, ол да жақсы көріп кеткен­де айтатын шығар» деп тұрып қалды. Сол сәт:

– Онда, ертең сенбі. Біз де өкіметтің берген демалысын жаңаша өткізейік. Өзің қай жерде тұрасың?

– Интернациональный – Шевченкода…

– Онда сағат 11-де сол жерде күтем. Аялдамаң қалай аталады?

– Интернациональный…

– Онда какраз интернационализмге біраз үлес қосайық. Қазақша қосайық.

Бұл сөзге түсінбесе де басын изей берді.

– Күтем, – деді ең соңында.

Келіншек келіскендей үнсіз теріс айналды. «Тағы да ту сыртымнан қарап тұр. Осындай бөкселі ғып туған анама мың да бір рахмет», – деп жеңіл басып бара жатты.

Күні бойы көңілді жүрді. Өзінің тең сөйлесетіні – қабылдау бөлмесіндегі қол-аяғы жеңіл кішкене қыз бен қара машин­каны қадалып отырып басатын саусақтары беріш боп кеткен әйелдер. Әйел көзінің байқамайтыны жоқ, жан сарайындағы жеңілдікті сезіп қалыпты.

– Көңілдісің ғой. Байың индийский киноға апарам деп жүр ме? – деді қырық екі әріпке қадалып, саусақтары би билеп тұрған ені мен көлденеңі бірдей былшиған әйел. Әшейінде алдындағы «мягкий знак» пен «твердый знак»-қа әріп деп қарамаса,  бұған да солай қарайтын.

– Апарып бітті ғой…

– Әйтеуір киноға баратын адам сияқтысың?..

Үндеген жоқ. Машинкаға басылған қағаздардың екі данасын түгендеп алды да, шығып кетті. «Екі дана. Адам да екі дана қағаз секілді. Ортасына қара қағаз салып басады. Қара қағаз қалың кезде әріп те анық түседі. Жұқарғанда…» дей бергенде, ойын тағы да былшиған әйел бұзып жіберді. Ұзын дәлізде кесекөлденең тұр. «Солай де…» деді кекесінмен. Бұл өнбойы дір-дір етіп, ең соңғы беттің арасына жабысып қалған қара қағазды тырнағымен түртпектей берді. «Тастап кет қара қағазды!» – деп бұйыра сөйлеп, қолын созды. Быртиған саусақта­рын қып-қызыл ғып бояп алыпты. «Жетісіп қапсың…».

Екінші құлағына да көздей сырғаны әрең тақты. «Екеуі бірдей бітеліп қалмаған шығар». Өзінше бұра тартқан болды. Бағана  гүжбандай күйеуі есікті тарс жапқаннан кейін жан-дүниесі жеңілдеп қалды. Өзін еркін сезініп, еркін ойланды. Ескі айнаның алдына барып, өз бейнесіне өзі сүйсіне қарады. «Жұрттан кеммін бе? Қол-аяғым балғадай. Жастықтай жалпақ бөксем бүлк-бүлк етеді…». Болмысына риза болған отыздан енді асқан әйел айнаға қарап тұрып өзіне де, өмірге де осылай баға берді.

Есік тарс жабылды. Бір сағат бұрын мамырлап еркек шыққан есіктен қолды-аяққа тұрмай әйел шықты. Аптығып жүріп, есікті құлыптауды ұмытып кетіпті. Бір тепкешек төмен түсіп, қайта бұрылып, салбыраған кілттің ұшын көздей тесікке дір-дір етіп әрең кіргізіп, бұжыр темірді қытырлатып екі бұрады. Сосын «бір нәрсем қалып қойған жоқ па екен?» деп, темір есіктің дәл ортасындағы дөңгелек тесіктен бір көзін қысып тұрып, біраз шұқшиды. Ұзын дәлізде терезені ашқанда кіріп кеткен қоңыр көбелек лып-лып етіп бір жерге қона алмай жүр екен. «Жүре бер, келгесін шығарармыз» деп, өз-өзінен қуанып, жалт бұрылып, асығып-аптығып төмен түсе берді.

 

***

Қайтып келгесін қосағына қызыл шәйді қою ғып дайындап, палау пісірді. Еттің орнына мөлдіретіп қара мейіз қосты. Енесі байғұс айтулы күндерде осылай ас дайындап, қазаннан отты аямай, жеген адамның тәбетін ашып, риза қылатын. «Сонан қалған сарқыт қой, менікі де айту­лы күн ғой» деп, өзін-өзі келеке қыла бергенде есіктің құлпы шақыр-шұқыр бұралып, гүжбандай боп күйеуі кіріп келді.

– Сұрапберген, шәй дайын, – деді алдынан шығып. Күйеуінің өзіне ішіп-жеп қараған тұңғиық  көзімен  беттесе  алмай  асүйден ытқып шықты да, кең залда телевизор көріп отырған қызына: «Әкең­нің шәйін берші, мен кір жуып тастайын», – деді қипақтап. Қызы дайын тамақты буын  бұрқырата түсіріп, бір күн әуежайды күзетіп келген әкесінің алдына бір табақ палау қойды.

– Шешең қайда? – деді күнұзақ көрмеген жұбайын іздеп, айналасына аңсаған көңілмен бір қарап ап.

– Кір жуып жатыр.

– Санитарный день, – деді орысша араластыра сөйлеп. – Қара мейіз қосыпты ғой. Апам анда-санда өстіп пісіруші еді… – Ол да шешесін еске алып, ақ күріштің арасынан ноқат-ноқат боп көрініп тұрған қара мейізді қасық ұшымен түртіп алып, майлы палаудан қарбыта асады.

Ләззат болса белі бүгіліп, «Осы кір жуатын мәшинеге қолымыз жетпей-ақ қойды ғой» деп, тіршіліктің таусылмас құқайына беріліп тұрып, өмірді бір сыбап алды да, өзін күйеуімен бетпе-бет келуден құтқарған осы тұрысына риза болды.  Бұл жолы кірді ұзақ жуды. Бір сығатын нәрсені нәзік алақанымен екі сығып тұрып алды. Сөйтіп, кірден тазарып, жеңілдеп, бір керсен жуылған киім-кешекті әрең көтеріп балконға шыға бергенде, палауға тойған кеуделі еркекпен бетпе-бет келіп қап, бетіне қарай алмады.

– Қара мейіз қосып істепсің ғой палауды. Өзбектің кәнизактарына ұқсап кетпе, – деп ыржың-ыржың күлді.

«О, сорлы, неңе жетісіп күлесің, – деп тағы да еркегін күстәналады. – Сен жақсы болсаң, мен…» деп, жытқыр ой жылмың ете қалғанда, «Енді узбечканың шәй көйлегін кисең…» деген  өгіздей өңкиген еркектің гүр-гүр еткен күлкісін естіп қалды. Көз қиығын салғанда өзіне-өзі риза боп езуі жиырылып, қарнын сипаған күйеуін көрді. Ол диванға қырынан жатып ап телевизор тамашалады. Бұл бір керсен жуылған кірді балконға жайып болып, ер-азаматтың үстінен басып өтіп, жатын бөл­меге келіп жантайды. «Осы менің байым­ның жұрттан қай жері кем?» – деп жиыр­ма жыл отасқан серігінің болмысын ақтай бастады. – Дене десең дене бар, даусы гүрілдеп жер жарады, тек сауаты аз, жоғары білімі жоқ.  Өзіме тең…» дегенмен, әйелдік пейіл өзін бір саты жоғары қойып, етегі желпілдеп кетті. «Ал бардым, көрдім жоғары білімдіні. Сонда не болды, несі артық менің байымнан» деп, бір сәт аузын ашып аңтарылып қалды да, көңілдесін көз алдына әкелді. «Түк салмағы жоқ. Еркек деген жаншып жіберу керек қой… Қимылы шалт екен. Шағын адамдар шалт болады» деп, оның да бойынан жақсылық іздей бастады. «Әйтеуір адамды тартып тұратын бір  бәлесі бар» деп, көңілдесін көргісі кеп кетті. Жұмыс күні тезірек бас­талса екен деп дүйсенбіні күтті. Арнайы бармаса да, дүйсенбідегі бес минөттік беймаза басқосуда бөлмесіне кіреді. «Бетіне қалай қараймын?..». «Ал алып қой» деген жіңішкелеу шыққан әуезді дауыс пен өзі сидам саусақпен шымшып ұстап құйған «Белый аист» деген сыртында тырнаның қалықтаған суреті бар қып-қызыл коньяк… қорабы айқыш-ұйқыш гүлмен көмкерілген тәтті торт келді көз алдына. «Келесі жолы да осылай болар ма екен?.. Әй, қайдам?! Еркектер бір-ақ рет шабады дейді ғой. Біз сорлы ғой, дәметіп, дір-дір етіп тұратын» деп, енді өзін сорлыға теңеді. Түңілді де, қайта тірілді. Жолай кездескен екінші еркегін көргісі кеп алабұрта бастады. Сол сәт өмірге енді-енді ғана ене бастаған ұялы телефон шыр еткенде селк ете қалды.

– Қорқақ боп кетіпсің ғой, – деді есіктен қарап тұрған күйеуі. Бұл шұғыл телефонның түртиген қызылын басты. «Менен батыр ешкім жоқ», – деді іштей ызаға булығып. Қосағына көз астымен де қарай алмады. Дөңбекшіген әйел екі адам­дық кереуетте не тұрарын, не жата­рын білмей аударылып-төңкеріле берді.

Езуі ыржиып қарап тұрған терісі кең азаматтың ай маңдайынан өзіне ғана түсі­нікті жазуды оқыды. «Пешенеме жазыл­ғаны да». Кері бұрылғанда жалпақ жауырынынан да шимай жазулар көрініп бара жатты. «Маған бір жазғыш адам жазған екен» дегенді көз қиығы шалып қалды.

Еркегі көгілдір экрандағы әншілермен көз алдап отыр.

Әйелі дүйсенбіні күтіп дөңбекшіп жатыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *