«Көгілдір отын» жабырқау көңілді жылытса игі…

 

2039960

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Иә, өткен жылы «Украина жерінен «көгілдір отынның» мол қоры табылды» деген жылт еткен  хабар тарады. Бәлкім, бұл біреулерге қызықсыздау,  саяси мәні жоқ, тек өндіріс саласындағы жаңалық болып көрінуі мүмкін. Алайда, Қырым түбегіне, елдің шығысындағы Донецк мен Луганскідегі  қарулы қақтығыстарға бай­ла­нысты саяси-экономикалық және әлеуметтік дағдарыстарды бастан кешіп отырған  Украина Республикасы үшін мұның  маңызы зор. Өйткені, мұндай қосымша табиғи газ кенішінің табылып, іске қосылуы елдің өндірісіне, экономи­касына күш-қуат береді, сұйық отын жөнінен экспорттық  кіріптарлықты азайтып, энергетикалық тәуелсіздікті нығайтады.

 

Ресеймен арадағы қайшылық  газ саудасынан басталған…

 

Шындығын айтқанда, бүгінде халық­аралық қатынастағы  қиын түйінге айна­лып отырған Украина—Ресей қайшылығы әу баста осы газ отыны саудасынан туындаған. Өзіміз жақсы білетіндей, сонау 1991 жылдың аяғында КСРО-ның тарауына байланысты Ресей де, Украина да өз алдарына дербес мемлекеттерге айналып, олардың арасындағы сауда-экономикалық қатынас нарықтық жүйеге бет бұрды.

Бір айта кететіні, Украина бойынша  тұтынылатын энергетикалық қуаттың 45 пайызын  табиғи газ отыны құрайтын болса, соның 28 пайызы ғана өз ішінде өндірілетін де, қалған 72 пайызы көршілес Ресейден тасымалданатын.

Ең алғашқы  газ отынына қатысты Ресей мен Украина  дауы 1993 жылдың 20 ақпанында пайда болды. 300 млн. доллар қарыздың өтелмеуіне байланысты  Ресей жағы 25 ақпаннан  «көгілдір отын» беруді тоқтататынын мәлімдеді. Украина тарабы  дереу берешек  соманың  48,2 млн. долла­рын аударды.  Келесі жылына қарыз 600 млн. долларға жетті.  Ресейлік «Газ­пром» акционерлік қоғамы Украинаға тасымалданатын күн сайынғы газ көлемін 114 млн. текше метрден 40 млн. текше метрге дейін азайтты. Осылайша жағдай біртіндеп шиеленісе берді. Екіжақты газ саудасын реттеудің әр түрлі жолдары қарас­тырылды. Мәскеу  Украинадағы газ тарату желісіне және бірқатар өнеркәсіп орындарына иелік ету ұсынысын жасады. Қарсы тарап Киев бұған көнбеді.

Тіпті, 1998 жылы Ресей мен Украина  газ отынын  үшінші жақ — ортадағы делдал арқылы сату мен сатып алу тәртібіне көшті. Ондай делдалдық қызметті 1998—2001 ж.ж. аралығында  ресейлік Іtera, ал 2001—2004 жж. венгриялық Eural TransGas компа­ниялары атқарды. Мұның мәнісі мынада болатын: аталған делдал фирмалар Украи­нада  өндірілген тауарларды  ТМД елдеріне экспорттап, одан түскен қаржыға  Ресей газын сатып алып, Украинаға таратады.

Табиғи газ саудасында Ресей де,  Украина да, өз қолдарында бар ықпал ету тетіктері мен мүмкіндіктерін пайдалануға тырысты. Мәселен, Мәскеу Киевтен Еуро­интеграциядан бас тарту, өзі бастап құрған Кедендік одаққа кіру талабын қойса, Украина Ресейден алатын «көгілдір отын» бағасының әлдеқайда арзан болуын, ондай болмаған жағдайда өз жері арқылы Еуропа елдеріне өтетін газ құбырының транзиттік  тасымал бағасын көтеруді талап етті.

Осының дәлеліндей, 2005 жылғы наурызда украиналық «Нафтагаз»  акцио­нерлік компаниясының төрағасы Алексей Ивченкон ресейлік «Газпром» концерніне  Украина жері арқылы Еуропаға тасымал­данатын  Ресей газының транзиттік баға­сын өсіру жөнінде ұсыныс жасады.  «Газ­пром» мұндай жағдайда  Украинаға саты­латын  газ отыны бағасының (әрбір мың текше  метрі) 50 доллардан — 160—170 дол­лар­ға  өсетінін алға тартты. «Нафтагаз» ком­паниясы мұны қабылдамады. Нәти­жесінде  2006 жылдың 1 қаңтарынан Украинаға газ жөнелту тоқтатылды, Ресей жағының айтуынша  осы алғашқы екі-үш күнде  Еуропаға жіберілген газдың белгілі бір мөлшері ұрланды.

Әйткенмен, 4 қаңтарда Ресей мен Украина арасында газ саудасы жөнінен алдағы бес жылға арналған келісім-шарт жасалынып, тасымалдаушы ретінде  «Газпром» мен «Нафтагаз» бірлесіп құрған  «РосУкрЭнерго» компаниясы белгіленді.  Сөйтіп, бұл компания  Украинаға  Ресей газына Түркмениядан алынатын арзан газды әрбір мың текше метрін 230 доллар­дан сатып отырды. Ал Еуропаға Украина жері арқылы жеткізілетін газдың транзиттік бағасы да әр шақырымына 1,6 долларға  қымбаттады.

Украина мен Ресей арасындағы  келесі «газ дауы»  2008 жылдың көктемінде туындады.  Пайда болған 1,5 млрд. доллар қарыз үшін  «Газпром» Украинаға жібе­ріле­тін газ көлемін елу пайызға қысқартты. Өз кезегінде «Нафтагаз» қарап қалмай Еуропаға жөнелтілетін газды  бөгеп, азайтатынын ескертті. Екі арадағы дау-дамай   әупіріммен  әрең реттелді.

Келесі 2009 жылдың басында  тағы да келіспеушілік  туып, «Газпром»  Украинаға газ беруді тоқтатты. Осының салдарынан Еу­ропаға жіберілетін газ да азайтылып, 7 қаң­тарда толықтай тоқтатылды. Арада 12 күн өткенде, яғни 19 қаңтарда екі елдің премьерлері: Ресей жағынан Владимир Путин мен Украина жағынан Юлия Тимо­шенко келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде «Газпром» және «Нафтагаз» басшылары 2009—2019 ж.ж. арналған  газ тасымалы мен транзиті туралы келісім-шарт жасасты. Ол келісім-шарт бойынша  Украинаға газ отыны мың текше метріне 450 доллардан сатылып, газдың транзиттік бағасы әрбір 100 шақырымына 1,7 доллардан төленетін болып келісілді.

Кейіннен осы келісім сол жылдары  үкімет басқарған Юлия Тимошенконың басына бәле болып жабысты. Ол 2011 жылдың 11 қазанында «өзіне берілген билікті асыра  пайдаланды және Ресеймен зиянды келісім-шарт жасасты» деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Әйтсе де әр түрлі халықаралық ұйымдардың қысымымен және биліктің ауысуымен 2014 жылдың 22 ақпанында Украина Жоғарғы Радасы (парламентінің) шешімімен Юлия Тимошенко абақтыдан босатылды.

 

Нарықтық қатынастың аты нарықтық қатынас.  Украинаның еуропалық бағадан төмен­деу баға қою талабына қарамастан  2010 жылдан бері қарай Ресей газының бағасы 337 доллардан,  2012 жылы – 426 дол­ларға, 2013 жылы — 400 долларға қымбаттады.

 

2014 жылдың сәуірінде  Украинаның  газ отыны жөнінен Ресейге берешегі 2,2 млрд. долларға жетті. Украина соның елу пайы­зын, яғни 1,3 млрд. долларын өтеп, қалға­нын  төлеуден бас тартты. Себебі, оның  талабы бойынша Ресей бұған газдың әрбір мың текше метрін 268,5 доллардан сатуы тиіс еді. Бұл бойынша халықаралық сотқа жүгінетінін де жасырмады.

Бейтараптық мақсатта Ресей мен Украина арасындағы  «газ дауы» жөнінен келіссөздер үшінші тарап Еуроодақ өкілінің қатысуымен 2014 жылы 2 мамырда Варша­вада, 26 мамыр мен 30 мамырда  Берлинде өткізілді. Өкінішке қарай, тараптар бәрібір ортақ мәмілеге келе алмады. Ахуал баяғы күрделі, шиеленісті күйінде қалды. Ақыр аяғында осындай келісеалмаушылықтың кесірінен 2015 жылдың қарашасында  Украина  Ресей табиғи газын сатып алудан толықтай бас тартты. Бұдан екі тарап та ұтылмаса, ұтпады.

Ендігі жерде Украина Батыс елдеріне бет бұрып, 2016 жылы Еуроодақ елдерінен 11,1 млрд. текше метр, оның ішінде  Сло­вакиядан – 9,1 млрд. текше метр, Венгрия мен Польшадан  — 1 млрд. текше  метрден газ отынын сатып алды. Өткен 2017 жылы  Еуропадан тасымалданатын газ импорты­ның көлемі 17,5 млрд. текше метрге  жетті.

Қалай десек те, «Саясат дегеніміз — экономиканың жинақталған көрінісі» деген анықтама дәл тауып айтылған. Сондық­тан саясатты экономикадан бөліп қарау жалаң түсінік болмақ. Демек, Ресей мен Украи­наның  табиғи газ саудасына, басқа да сауда-экономикалық қатына­сына саясат­тың салқыны мен зиянды ықпалы болмады деп айта алмаймыз. Украи­на билігінің Ресеймен мыңдаған жылдары бойы қалып­тасқан қарым-қатынасты шектеп, Еуро­паға бет бұрғаны, ал  Кремль­дің  Киевті бұрынғысынша өз ықпалында ұстап,  ең аяғы оны Армения, Белоруссия, Қазақстан және Қырғыз­станмен бірігіп құрған Еура­зиялық эко­номикалық одаққа кіргізгісі келетіні  айдан анық.

Тіпті, Украинаның шығысындағы Донецк мен Луганскідегі әлі күнге басы­май отырған қарулы қақтығыстар мен Қырым түбегінің  автономиялық республи­ка ретін­де Ресейге қосылуының бірден-бір себебі осы саясатта жатыр десек, онша қателесе қоймаймыз.

 

Өз отының болғанға не жетсін?!

 

Кейбіреулер ойлап жүргендей, Украина  жері де табиғи газға жұтаң не жұрдай емес. Оның  Карпат өңірінде, Днепр-Донецк айма­ғында және Қара теңіз жағалауында мұнай мен газдың айтарлықтай қоры бар. Табиғи газ отыны негізінен шығыс Днепр-Донецк аймағындағы Охтыр, Качан және Чернигов облысындағы Гнидынцев пен Прилуцк, Полтава облысындағы Сагадайт, Зачеплывск және Радченков кеніштерінен өндіріледі.

Сондай-ақ, Бориславнфтегаз және Долинонфтегаз өндіріс орындары жұмыс істейтін Карпат өңірі де табиғи газға бай аудан саналады. Батыс Украинадағы ірі кеніштер  Ивано-Франковск және Полтава облыстарының жерінде орналасқан.

Қара теңіз жағалау бойындағы мұнай-газ аймағы Николаев, Одесса, Херсон облыстарын  және Қырымның солтүстік бөлігін қамтиды. Бір өкініштісі, «Черно­мор­нефтегазом» компаниясы  пайдаланып келген  Одесса және Безымянное газ кеш­ніш­тері 2014 жылдың наурызынан Ресейге қосылған  Қырым автономиясының иелігіне өтті.

 

Қырым дегеннен еске түседі. Осыдан екі-үш жыл бұрын (14 желтоқсан, 2015 жыл) Turkіye’nіn Sesі Radyosu:  «Ресей игеруді қолға алған Жанкой  мұнай кеніші Қырымды Сауд Арабиясының деңгейіне көтеруі мүмкін. Халықаралық мамандар­дың болжамынша, бұл аудандағы мұнай қоры  7,5—11 млрд. тонна көлемінде, бұл түбекті кіші Саудияға айналдырады. Мұнда ілеспе газ да бар. Мұнай қабаты тереңде  жатпағандықтан оның өзіндік құны аса жоғары болмайды. Әзірге Мәскеу мұны құпия ұстауда» деген хабар таратты. Әрі Ресейдің Қырымға көз тігіп, қызығушылық танытуы осыдан дегенді меңзеді.

 

Жер қойнауында осындай табиғи газ қоры болуына қарамастан жоғарыда айтыл­ғандай, Украина «көгілдір отын» түріне деген өз сұранысын толықтай қана­ғаттандыра алмайды. Алайда,  газ көзін іздеушілер мен оны өндірушілердің бұл бағытта талмай жұмыстар жүргізіп келе жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2016 жылы украиналық «Искатель» геологиялық барлау кемесі Қара теңіздің солтүстік-батыс шельфінен 35 млрд. текше метр табиғи газ қорын анықтады. Мамандардың есебінше бұл 7 мың шаршы шақырым аумақтан табылған газдың мөлшері. Негі­зінде қордың шамасы бұдан да көп болуы ықтимал. Сол себепті геологтар барлау жұмысын одан әрі жалғастыра беретін болады.

Украинада басқалармен қатар «Укр­неф­тебурение» секілді жекеменшік компа­ниялар да жұмыс  істейді. Аталған компа­ния жаңа скважиналарды іске қосу және бұрынғыларын қайта жөндеуден өткізу арқылы газ өндіруді 2017 жылы елу пайызға арттырды.  Ол әрі 2010 жылдан бері  Харь­ков жеріндегі  Сахалин  мұнай-газ конден­саты  кенішін  қолға алып, одан табиғи газ, газ конденсатын және мұнай өндірумен  айналысып келеді.

Өткен жылдың қазан айында  Украина премьер-министрі  Владимир Гройсман  мен француздың атақты Engіe  компа­ниясының  атқарушы директоры Изабель Кошердің  келіссөздері нәтижесінде  Украинаның мұнай-газ саласында дамыту жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Осы сияқты  Украина үкіметі басшы­сы­ның орынбасары  Владмимир Кистион  Еуропалық комиссияның энергетикалық мәселелер бойынша өкілі Клаус-Дитер Борхардтпен кездесіп, онда Еуроодақтың  Украинаға қатысты үшінші энергетикалық пакеті  талқыланды.  Кездесуден  кейін В.Кистион: «Украина үкіметі Еуроодақ алдындағы өз міндеттемелеріне жауапкер­шілікпен қарайды және Украина мен ЕО арасындағы энергетикалық қауымдастықты құру мен ассоциация жөніндегі келісім-шартты  мүлтіксіз орындайды. Біз қазір табиғи газ  рыногын бейтараптандыру және Украинаның тәуелсіз газ тасымалдау жүйе­сі операторының  жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудыру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Мұндай күрделі істе Еуро­комиссияның түсіністікпен қолдау көрсетіп отырғанына  ризашылығымызды білдіреміз» дегенді айтты

Осылайша украин елінің газ өндіру ісі де уақыт өткен сайын ілгері жылжу үстінде. Бір ғана өткен өткен 2017 жылдың өзінде елде газ өндіру 4,2 пайызға  өсіп, бұрын­ғы­дан 838,2 млн. текше метрге артық өнді­рілді. Бүгінгі күні Украина жерінде 100 сква­жина  тоқтаусыз жұмыс істеуде. Осы жылдың аяғына таман тағы бір ірі газ қорының табылуы осындай табысты жұмыстардың нәтижесі. Сонымен, қазірше  бүкіл ел көлеміндегі барланған табиғи газдың қоры 1 трлн. текше метрге жетті. Салыстыру үшін айтар болсақ, Ресейдің жер қойнауындағы  газ қоры 44 трлн. текше метрді, Қазақстандағы газ қоры 3 трлн. текше метрді құрайды.

 

Рас-өтірігін қайдам, 2017 жылғы қара­шада Киевте өткізілген әлем қалалары басшыларының халықаралық саммитінде Украинаның премьер-министрі Владмимр Гройсман: «Бірқатар беделді геологиялық барлау ұйымдарының есеп болжамы бойынша, Украина жер қойнауындағы газ қоры жөнінен дүние жүзінде екінші не үшінші  орынды иемденеді. Жаңа иннова­циялық технологияларды ендіру арқылы біз  ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығаратын боламыз»  дегенді мақтанышпен айтып қалды.

 

Украиналық  сарапшылардың есебінше «көгілдір отын» алу өндірісі осы қарқынмен дамитын болса, алдағы төрт-бес жылда, яғни 2022 жылға қарай  Украина  газ отынын сатып алушы  елден, оны сыртқа шығарып сатушы  елге айналады.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, ең бастысы,  жыл сайын арта түскен «көгілдір отынның» жылуы  қиын дағдарыстарды бастан кешіп отырған Украина жұртының жабырқау көңілін  жылытып, экономи­касын ілгерілетсе  болғаны.

Айтпақшы, бұған дейін Украинадағы  «Донбасс  дағдарыс» төңірегіндегі келіссөз­дер  Беларусь астанасы Минскіде өткізіліп келгені, бірақ та ондағы кездесулердің тиісті  нәтиже бермей істің  қайраңдап қалғаны жұртқа мәлім.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кешегі  (16—18 қаңтар аралығындағы) АҚШ-қа сапары барысында Ақ үй қожайыны Дональд Трамп тарапынан  келіссөздерді  Минскіден басқа жерге ауыс­тыру жайында ұсынысы айтылған болатын. Қазақстан жағы мұндай ұсы­нысқа қарсы болмайтынын және ондай іс-шара өткізуге Астана төрін ұсына алаты­нын  жеткізді.

Дегенмен, осы орайда БҰҰ жанындағы Қазақстан өкілі Қайрат Омаров: «Аста­наның ондай келіссөздерді өткізуге лайық­ты орын болуға ықылас білдіруі  Минск кездесулерін теріске шығармайды. Кездесу алаңы ретінде Астана не басқа қала таңдала ма, ол аса маңызды емес, мәселе тығырық пен тұйықтан шығудың амалын табуда» деген түсінік берді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *