ҮЙІҢІЗГЕ ЖЫЛУ БЕРІЛДІ МЕ?

Сенбілік сауалнама

6Күрең күздің алғашқы ызғары сезіле бастаған тұстан әлеуметтік нысандардан бөлек қаладағы көпқабатты үйлерге де жылу беріле бастады. Ал, сіздің үйіңізге жылу берілді ме?

 

БИЫЛ ЖЫЛУ МАУСЫМЫ ЕРТЕ БАСТАЛДЫ

Нұрлан ҚҰТТИЕВ, «Ақсай-1» ықшамауданының тұрғыны:

– Қазіргі таңда жылуды өндіру мен оны жеткізу жұмыстарында ешқандай кедергі жоқ-ау шамасы. Әдетте қазан айының ортасына қарай қосылатын жылу биыл көпқабатты тұрғын үй нысандары үшін ерте басталды. Жылу жүйесіне ерте қосылып, ел игілігі үшін қызмет еткен жергілікті биліктің, осы іске жауапты тиісті мекемелердің бұл жерде орасан зор жұмысының куәгеріміз.

 

ЖЫЛУ СХЕМАСЫНЫҢ ӨЗГЕРІСКЕ ҰШЫРАУЫНАН БОЛЫП ТҰР

Раушан СӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, «Жұлдыз-2» ықшамауданының тұрғыны:

– Биыл жылу жылдағыдан 1-2 күнге ерте берілді. Ауа райының жылы болуына байланысты шығар, жылу құбырлары ыстық емес.

Үш бөлмелі үйде тұрамын. Барлық бөлмелерде жылу бар да, тек біреуінде ғана жоқ. Мамандар мұны көпқабатты үйіміздегі бір пәтердің ішіне жасалған  құрылыс жұмыстарымен байланыстырып отыр. Айтуларынша, жүргізілген құрылысқа байланысты жылу схемасы өзгерістерге ұшырап, жылудың қалыпты желісі бұзылған дейді. Мұндай жағдайлар жиі кездесетін көрінеді. Бұл мәселені ПИК шешеді дейді.

 

СҮЛГІ КЕПТІРЕТІН ЖЫЛУ ҚҰБЫРЫ ҚЫСЫ-ЖАЗЫ СҰП-СУЫҚ

Ақмөр МОЛДАҚҰЛОВА, «Құлагер» ықшамауданының тұрғыны:

– Жылу 13 қазанда берілді. Бірақ, осымен үшінші жыл болды, біздің үйдің жуынатын бөлмедегі сүлгі кептіретін жылу құбыры қысы-жазы сұп-суық болып тұрады. «Алматы жылу жүйелері» ЖШС мамандары бұған жауапты емес екен. Айтуларынша, біздер үйдің ПИК-не хабарласып, ыстық су құбырындағы рециркуля­циялық жүйенің не себепті өшірілгенін анықтауымыз керек екен. Ал, ПИК басшысы осы мәселені біле тұра, ештеңе істемей отыр. Шара қолданылса екен.

 

ЖЫЛУ 1-2 КҮНДЕ БЕРІЛЕДІ

Қайрат, «Алғабас» ықшамауданының тұрғыны:

– Қала бойынша жылу беріліп жатқан көрінеді. Бірақ, мен тұрып жатқан «Алғабастағы» үйде жылу әлі жоқ. Көршілеріміз тиісті мекемеге хабарласса,  «жылу 1-2 күнде беріледі» деген жауап алыпты.

 

ҮЙІМІЗГЕ ЖАЛПЫҮЙЛІК ЕСЕПТЕГІШ ҚҰРАЛДАРЫ ОРНАТЫЛДЫ

Мақпал ТЕҢЛІКҚЫЗЫ, «Көкжиек» ықшамауданының тұрғыны:

– Біздің үйге жылу 14 қазан берілді. Бұл ауданға көшіп келгенімізге биыл екінші жыл болды. Былтыр бірінші жыл қыстап шықтық. Жылуға қатысты ешқандай проблема болған жоқ. Ал, биыл  үйімізге жалпыүйлік есептегіш құралдары орнатылды. Тұрғын үйге ортақ жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік есептегіштің орнатылуы арқылы биыл жылуды үнемді пайдаланып, ұқыпты жұмсап, ол үшін төлемді де соншалықты аз төлейтін шығармыз деп ойлаймын.

 

Сауалнаманы жүргізген – Мәншүк БЕКБОСЫН.

 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Қалада жылу маусымы қазанның 15-інде басталып, сәуірдің 15-інде аяқталады. Бірақ, 15 сәуір мен 15 қазан – мөлшермен айтылатын уақыт.  Мәселен, әдетте қазан айының ортасына қарай қосылатын жылу  әлеуметтік нысандар үшін биыл ерте басталды. Сол сияқты көктем ерте шығып, күн жылынып кетсе, жылу маусымы ерте өшірілуі мүмкін. Яғни, ол үшін үш күн бойы ауа температурасы орта есеппен алғанда +80С болу қажет.

Жалпы, Алматы қаласы бойынша жылу беру маусымы қала әкімінің қаулысы шыққаннан кейін аяқта­лады.

Биылғы жылыту маусымында жалпыүйлік есептегіш құрылғысы бар мен жоқтарға арналған екі түрлі тарифтік жүйе бар.

Осы жүйеге сәйкес жалпыүйлік есептегіш құрылғысы бар жеке тұлғаларға 4 мың 119,86 теңге болса, есептеуіш құралы жоқтарға 5 мың 634,51 теңгені құрайды. Байқағандай, 1 мың 514,65 теңгеге арзан шығып тұр. Сонымен қатар, жалпыүйлік есептегіш құрылғысы бар заңды тұлғаларға 4 мың 621,90 теңге болса, есептеуіш құралы жоқтарға 7 мың 043,14 теңгені құрайды. Ал, техникалық тұрғыда мүмкіндігі жоқ апаттық жағдайдағы немесе сүрілуге жақын үйлердің тұтынушыларына арналған баға бір бөлек. Ол 4 мың 695,43 теңгені құрамақ.

 

Бүгінде Алматыда 4233 үйге жалпыүйлік есептегіш құралы орнатылыпты. Бұл қаланың 57 пайызы деген сөз. Сонымен қатар, 202 тұрғын үй құрылғыны енді орнатып жатыр. Кезекте 3203 көпқабатты баспана тұр. Қаланың қажеттілігіне келсек, бүгінде 7426 тұрғын үй ортақ есептеуіш құрылғыны қоюды қажет ететін көрінеді

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *