«Үйге үт кірді, егіншінің көкейіне құт кірді»

Наурызды көпшілік  болып  тойлау дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бола ма, болса қандай ұсыныс жасар едіңіз?

 

Тілеулес  Машенбаев,

Қазақ  Мемлекеттік Қыздар  педагогикалық

университетінің профессоры

 

Ырыс пен берекенің  бастауы

 

Наурыз  – өткенді  саралап, бүгін­гіні  бағамдайтын, табиғат-ананың  оянып, тіршілік атаулының  түрлі түске  енетін  құлпыру  дәурені. Наурыз – халқымыздың ескіден келе  жатқан құндылық  мұрасы. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп санаған. Осы жаңару  мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен тату­лық әкелсін. Туған жеріміз аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын деп  тілеймін! Әрбір шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Әрбір отбасына толағай табыстармен, жақсылықтар әкелсін!

Ұлыстың ұлы күні келер  қарса­ңында тазалану табиғатқа да тән. Бұл күні саябақтарға ағаш көшеттері отыр­ғызылуы  заңды  құбылыс.  Көп  жер­лерде  бұл  күн  «Береке күні» деп белгі­ленген. Наурыз – береке-бірліктің, ырыс-несібенің мейрамы. Несібесін жер анадан терген диқан үшін нағыз қарбалас уақыт.

«Береке басы – еңбек» ұғымын өмір қағидатына айналдырған халқымыз үшін бұл мерекенің орны айрықша. Сондық­тан  осы мереке аясында аудан, қала­ларда жәрмеңкелер ұйымдастырылса  деген  тілек бар. Онда «Қазақстанда  жасал­ған» отандық өнімдер көрмесі өткізілсе, дұрыс  болар  еді. Бұл  күні бұрымды сұлу  қыздарымыздың шаш  қою  үлгілері  жөнінде  жарыстар  өткі­зіл­се,  жастар Наурыз  туралы өз  өлең­дерін оқыса, түрлі суреттер салып жарысса, нұр үстіне  нұр  болар  еді.

Наурыз күні адамдар  пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында  пәк болуға  тырысатыны  анық. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі» сияқты нақылдарды өзек етіп,  араға жік түскен бауырлас,  ағайын, дос-жарандарды бір дастар­қаннан дәм таттырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін  аспандатқан.

Наурыз – құт мерекесі. Құт дегені­міз, адам мен табиғаттың бірлігін білдіретін ұғым. Құттың халқымызда қалыптасқан символы бар. Ол – Қыдыр Ата. Жыл басында жұртшылыкқа шапа­ғат тілейтін Қыдыр Ата, қасына Наурыз айын бейнелейтін бозбала Наурызды ертіп, сәбилерге молынан сыйлық тарат­са, ол тәрбиенің  басы  болар  еді.

 

Балтабек Әшірқұлов,

архитектор, еңбек ардагері

 

Жаңару  мерекесі

 

Наурыз мейрамын наурыздың он төртінші жұлдызынан бастап, көрісуден бастаған абзал. Елбасы айтқандай: «Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен, алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татула­сып, қайта табысқан. Міне, көрісудің мақсаты осы». «Көрісу» дәстүрі Батыс өңірімізде әуел бастан қалыптасқан. Соны жалпыұлттық дәстүрге айнал­дыру маңызды іс болар  еді. Наурыз – бір ұлттың тұтас тарихында, ұлт болып қалып­тасу барысындағы келелі оқиға­лар мен ғасырлар бойы басып өткен өмір жолдарын, наным-сенімдерін, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын,  әдебие­ті мен мәдениетін, өнері мен ғылымын, табиғат тепе теңдігін, көрсететін   ғажап мереке. Ол – қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркітектес ұлттардың ұлы мейрамы. Бұл мереке басқа ұлт пен­ұлыстардың өзара  қарым-қатынасын тереңдете түседі. Наурыз – бір ұлттың алтын тұтқасы.

Біздің салт-дәстүрлеріміз өте про­грессивті.  Өзгелер жаңа жылда  жайқа­лып тұрған шыршаны кесіп жатса, біздің халқымыз  Наурызда­ жаппай көшеттер отырғызады. Бұл –  жаңару  мере­кесі. «Бір күн күлген адам­ның 90 күн­дік өмірі ұзарады» дейді дана халқымыз.

Наурыз мейрамының ең басты сипаты үйлесімде. Бұл күні табиғат пен адам үйлесім табады. Бұл күн – Күн мен түннің теңелген, әдемі үйлесімділікке келген тұсы. Сондықтан бұл күні  жас­тардың табиғатқа құрметін, үлкендерге  құрметін қалыптастыру керек.

Наурыз – қазақтың шын мағына­сындағы ұлттық  мейрамы.

Наурызда  киіз үйдің есігінен күн түссе, оны «үт» деген. Бұл ақпанның 19-ы мен наурыздың 20-сы аралығында болады. Осыған байланысты Оңтүстікте  «Үйге үт кірді, егіншінің көкейіне құт кірді» деген мәтел бар. Оңтүстік өңірде Жыл басы жылқышы торғайдың ұшып келуімен» орайластыра мереке­ленеді.  Наурыз  – бір халыққа тиесілі ұлт­­тық мереке ғана емес, жалпы халық­тық мерекеге  ұласып отыр. Наурыздың қайта тіріліп, жаңғырып, халқымен қауы­шуына бүгінгі тәуелсіздік салта­наты ғана мүмкіндік алып берді. Биыл  еліміз  Наурыз  мерекесін  кеңінен той­лап келе  жатқанына отыз  жыл толып отыр.

 

Сауалнаманы жүргізген — Азат ҮСЕН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *