ӘЙЕЛДІҢ ҚОЛЫНАН БӘРІ КЕЛЕДІ

%d0%b0%d0%b9%d0%b5%d0%bb-%d1%82%d0%b5%d1%80%d1%80%d0%b8%d1%82%d0%be%d1%80%d0%b8%d1%8f

Міне, босағамыздан тағы бір жаңа жыл  аттағалы тұр. Айналаңдағы жалт-жұлт еткен шыршалар күлімдеп көңіл қытық­тай­тындай…Бірақ бәрінің емес. Себебі, бүгінде (жаңа жыл мерекесін айтам), жұрттың пікірі екіге бөлінген. Біріміз ме­рекеге қызу дайындалып жатсақ, екіншіміз, мүлде сезінбей жүрміз. Шынтуайтына келсек, өмірдің қадірін білетін жандарға әр күн мереке емес пе? Әйтсе де, отбасындағы көңіл-күйдің мерекедегідей болуы әйелге байланысты. Сондықтан береке мен бірлікті ту етіп, шаңырақтың отын өшірмей, маздатып отырған кез-келген әйел-ана қашанда құрметке лайық! 

Иә, біздің жаңа жылымыз Наурызда. Бірақ 31 желтоқсанның түнінде жыл өзгеріп, Жаңа жылдың келгенін әлем болып қарсы аламыз. Бұл анық. Мерекелік бағдарламалар, түрлі кештердің көкжәшік­тен қайталана көрсетілетін тұсы да дәл осы кез. Одан бөлек, барлық жерде, тіпті сіз бен біз де жыл аяқта­лар тұста өткен күнде­рімізді еске алып, өз-өзімізге есеп береміз. Жеткен жетістік­теріміз болса тәубе деп, жіберген қателіктер болса қайталамауға тырысатын да өзіміз. Осыны ескере келіп, біз де «Шуақ» бетінде жария­ланған мақа­лаларымызға шолу жасап, өткенге көз жүгірткенді жөн санадық.

Бүгінге дейін «Шуақ» қосымшасында қоғамдағы отбасы құндылығы, әйел-ана бақыты, қыз тәрбиесі, жастар мәселелеріне қатысты түйткілді тақырыптар жарық көрді. Тентегін тезге салатын ақылы дана ақсақалдар кеңесін берді, кемел ойлы аналар   тәжірибелерімен бөлісті. Көп болып тал­қыладық, жұрт болып жұмылдық. Әлбет­те, бұл қоғамдағы біз қозғаған мәсе­лелердің түйінін түбегейлі шешіп тастаған жоқ. Бірақ  «теңізге тамған тамшыдай» болса да үлес қосқанымыз анық.

Әйел, ана тақырыбы таусылмайтын тақырып. Себебі, әйел – қоғам айнасы, отба­сының ұйытқысы, ең бастысы, «Ана» деген асыл сөздің иесі. Ал ана атанудың бастауы қыз тәрбиесімен тікелей байла­нысты. Халқы­мыз «Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шы­райы» дейді. Ендеше, қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Ал қыз баланың бойына әдепті, әдемілікті, ақыл мен парасатты сіңіру отбасынан басталатыны айтпаса да түсінікті. Осы уақытқа дейін оқырмандарымыз қыз тәрбиесіне бей-жай қарай алмайтынын білдіріп, тақырыпты үнемі назарда ұстады. Әлеуметтік желіде талқылап, өмір тәжіри­белерімен бөлісті. Тіпті, кейбір хат иелерінің тағдыры талай жанға сабақ та болды. Бұл қыз бала тәрбиесіне анасы ғана жауапты  емес, бүкіл қоғам жауапты екеніне тағы бір дәлел екенін көрсетті.

 

Рухани дамуға арналған дүниелер көбейгеніне қуандық

 

Рас, әйелдің қолынан бәрі келеді. Дүниеге сәби әкеледі, отбасының, туыстары­ның көңілін тауып, үйінің ішін нұрға бөлейді. Керек десеңіз, бизнеспен шұғылданып, саясатпен  айналысады. Ерлермен иық тірестіре жауапты міндет атқару да нәзік жандыларға таңсық емес. Табиғат сыйлаған нәзіктігін жоғалтпайтын да дәл осы қыз-келіншектер екеніне ешкімнің таласы жоқ. Демек, олар қай салада болмасын қызмет етуге икемді, ұқыпты, епті. Оған биылғы жылы үрдіс алған қазақ қыз-келіншектерінің отбасына, әйел энергетика­сына арналған түрлі семинар-тренингтерді қосыңыз. Жылдың жетістігі деуге тұрарлық басқосулар отбасындағы береке-бірлікті сақтауға, әйелдің өзін-өзі дамытуына үлес қосып жатқаны бізді қуантқаны рас. Әлбетте, көптің көңілінен шығып, ел дамуы үшін аянбай еңбек етіп жатқан қыз-келіншектер Аллаға шүкір, баршылық. Елімізде қоғам мәселесін қалт жібермей, ұлтқа адал еңбек етіп жатқан, бесік тербете жүріп, ел абыройын асқақтата ән салып жүрген арулар да жетерлік. Айтсақ көп қой халықтың мақтан тұтар нәзіктері!

Айтпақшы, жуырда ғана «Шуаққа» шырайымен сұхбат берген Құралай Ошақ­баеваны ерекше атап өтуге болады. Өз ақыл-ойымен топ жарған қазақтың қарапайым қызы. Алты баланың анасы, келісті келін! Бір жылда Қазақстанның қалаларын аралап, семинар өткізді. Семинары қазақ қыз-келіншектерінің мәселесі! Отбасы берекесі, бала тәрбиесі, жар қамы, әйелдің өзін-өзі жетілдіруі сынды тақырыптарда шебер сөйлейтін Құралай көпшілікке «Құралай-ханым»  есімімен танымал. Оның өмірден жиған тәжірибесі көп. Әзілдей отырып, шындықты айтуға шебер. Әсіресе, инстаграм желісі арқылы беретін кеңестерін оқу тіпті қызық. «Қазақ қыздары жыламаса екен», «Әр қазақ әйелі ханымдай болса екен…» деп армандайтын Құралайдың алар асуы да, бағындырған белесі де аз емес.

Ал қазақ қыздарының ішінен дараланып, психологияны қазақша сөйлеткен Кәмшат Бекжігітова ше! Ол «Ойыңды өзгертіп, өмі­ріңді өзгерт» атты мотивациялық кітап жаз­ды.  Автор туындысында адамның өзін жақсы көруді, өзіне деген сенімділігін арттыруды, әрбір сәттен бақытты сезінуді өз тәжіри­белері арқылы баяндай отырып, табысқа жетудің қыр-сырымен бөліседі.

Сондай-ақ, «Бақытты отбасы болудың құпиясы» деген кітап жазған Жанар Сейсенбаеваның еңбегі көпшіліктің іздеп жүріп оқитын туындысына айналды. Әлбетте, мұның бәрі отбасындағы береке мен ынтымақты, шаңырақ шаттығын нығайтуға әсер ететіні сөзсіз.  Жоғарыда есімдері атал­ған аруларымыздың ұлттық құндылық­тарға негізделген тәрбиеміздің бақытты отбасы болуға жетелейтін кеңестері бізге ауадай қажет-ақ. Сондықтан осындай рухани дамуға арналған дүниелердің көбейгеніне қуануы­мыз керек. Өйткені, көрген-білгендерін қыз-келіншектердің пайдасына жаратуды мақсат етіп жүрген тәжірибелі қыз-келіншектердің татымды дүниелері бізге артықтық етпейді.

Құралай-ханым: «Әйелдердің ең басты шешілмеген мәселесі КҮЙЕУ ғой. Күйеу бар болса да, жоқ  болса да проблема қазіргіқыздарға. Жоқ  болса, «неге жоқ?» деп жылайды. Бар болса, бар күйеуге риза болмайды. Қоғамдағы проблеманы білмеймін, бірақ әйелдер проблемасы – отбасындағы ара-қатынас  (ене, күйеу, қайынжұрт). Егер осы проблемалар шешілсе, әр қазақ әйелі бақытты болып кететіндей…

…Күйеуді түзеу үшін оның жақсы қасиеттерін байқау керек. Мен кезінде бір бет парақты екіге бөліп, бір жағына күйеуімнің жақсы қасиеттерін, екінші жағына жаман қасиеттерін тізіп жазатынмын. Уақыт өте бірінші баған толып, екінші баған азая бастады. Күйеуді жамандай бергеннен ол жақсы болмайды. Қыздарға да ылғи айтатыным сол: күйеулеріңді жамандамаңдар! Жақсы көріп үйрену керек. Ең бастысы, өзіңді жақсы көріп үйрен. Мәселенің бәрі сонда. Өзін жақсы көретін әйел өзін ұрғызбайды.

…Әйел ханым болу керек. Өзге адамдар үшін емес, өз отбасында ханым болу керек. Ханым дәрежесіне жету үшін аянбай еңбек ету керек.

 

Жарларыңды

мақтап тұрыңдар

 

Менің жасым жетпіс бесте. Алла берген он бір баладан 35 не­мере, 26 шөбере бар. Бүгінде сол балалардан тараған ұрпағымның қызығы мен шыжығына куә болып жүрген жәйім бар. Әулеттің ұйытқысы болғаннан кейін көрген-білгенді үйрету бізге парыз. Балаларым ағайынның қадірін сезініп, біліп өссін деген ниетпен туған-туыстың басын жиі қосып отырамын. Бұл келіндеріме, қала берді қыздарыма сабақ болсын дегенім. Туыстың аражігін ажыратпау, көпшіл болу – ауызбіршілікті, татулықты нығайта түседі. Сондықтан балаларыма «жақсы өмір сүріп, ұзақ жасағың келсе барлық адаммен тату бол, кең бол» деп айтып отырамын.

«Әйел қырық шырақты». Бірі сөнсе бірі жанады деп жатады. Жаратқанның әйел баласына әу бастан-ақ жүктеген міндеттері аз емес. Әулеттің ұрпағын жалғастыру, отбасының қамын ойлау, туысқандардың көңілін табу, реті келсе қызмет істеу, тізбектесең кете береді ғой. Алайда, сол қырықшырақтыларды қажет кезінде мақтап, мадақтап  отырудың еш сөкеттігі жоқ. Себебі, елден бұрын тұрып, кеш жататынын айтпағанда, әйелдің атқарар шаруасы шаш-етектен. Аллаға шүкір, бізде отбасының жағдайын жасап, отағасының көңілінен шығып жүрген, елдің ықыласына бөленіп, құрметке ие болып жататын әйелдер жетерлік. Жұбайының бір ауыз жылы сөзін естімей, еңбегі еленбейтін әйелдерге менің жүрегім ауырады. Ондай әйелден қандай  ашық қабақ күтуге болады? Күйеуінен жылы сөз естімеген әйел басқаның тәтті сөзіне тез алданғыш келеді. Сондықтан бір жағыңа шығысып, жан-тәнімен отбасы үшін еңбектеніп жүрген әйелдің еңбегін бағалап тұру керек. Олар өздерінің тындырып жатқан шаруаларына ерінің көңіл бөлгенін ұнатады. Қалайды. Егер оның қандай да бір тағамды жақсы жасайтынын айтар болсаң, төбесі көкке жеткендей қуанып қалады. Өзі сондай нәзік болғанымен, бәріне үлгеретінін, үйдің жұмысы мен қызметін қатар алып жүре алатынын алға тартсаң, жаны жадырап сала береді.Ал бұл әйелге өзіне деген сенімділік пен күш-жігер береді. Сол себепті, жарларыңа лайықты дәрежеде көңіл бөліп тұрыңдар! Әйел баласы өте сезімтал, нәзік жаратылыс. Жұбайыңның саған жасаған қамқорлығын жылы сөздеріңмен бағалап отырсаң, отбасыңның бақыты еселене түсері хақ…

Дәнипа апаларың.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *