«Әйелдің бақыты – бауырындағы баласы»

Менің Самал деген құрбым бар. Мектеп қабырғасынан жұбымыз жазылмаған дос болдық. Кейіннен жоғары оқу орнына түстік. Диплом алдық. Содан Самал Павлодарға жұмыс бабымен кетті де, сол жақтың жігітіне тұрмысқа шықты. Мен алматылық азаматпен отбасын құрдым. Қанша доспыз десек те, күйкі тірліктің күйбеңімен жүріп, арамыздағы байланыстың үзіліп, біраз уақыт хабарсыз кеттік. Жақында сол құрбым Самал жұмыс бабымен Алматыға іссапармен келді. Уақыт тауып, менің үйімде қонақ болып қайтты. 

Көптен көрмеген соң ба жылап көрістік. Сағыныштың көз жасы ғой… Амандық-саулықтан соң, Самалға арнап дастархан жайдым да, қонақ бөлмеге шақырдым.

«Балалы үй базар» деген… Есіктен төрге дейін ойын­шықтар шашылып жатыр. Төргі бөлмеде аралары екі-үш жас шамаларындағы үш кішкентай бір-бірімен шүлдірлеп сөйлесіп, ойнап отыр екен. Самал болса, балалардың қылықтарына сүйсініп қарап тұрып қалған. «Ұялған тек тұрмас» демекші, құрбымнан ыңғайсызданып:

– Қазір жинасаң – қазір шашады. Бала деген осы… Айып етпеші, жинап үлгере алмадым… Төрге шық! –  дедім де, ойыншықтарды жәшіктерге сала бастадым.

–  Тиіспеші, шаша берсін! Жинама! Біз жүрміз ғой, міне, үй шашатын осындай баланы армандап. Тұрмыс құр­ғаныма біраз уақыт болса да әлі баламыз жоқ. Ажырасып кетейін десем, жолдасымды жақсы көрем. Екеуміз бір-бірімізді қимаймыз. Әлі де болса үмітімізді үзбей жүрміз. Балалы болармыз деп. Бармаған жеріміз, қаралмаған дәрігеріміз қалмаған шығар. Нәтиже болмай жатыр. Жұмыстан келгенде үйіңнің іші тап-таза, тым-тырыс… Не істеріңді білмей, аласұратын кездер менің бір басымда жетіп-артылады. Білесің бе, Ажар, адам ондай тазалықтан да, сілтідей тынған тыныштықтан да жалығады екен. Сондықтан еш қысылма! Ойнай берсін! Әр кезеңнің өз ләззаты бар, сәл естері кіріп, үлкейгенде өздері-ақ тап-тұйнақтай етіп жинап қояды әлі. Қазір қарашы, үйің шашылып жатыр, қандай бақыттысың! Әйелдің бақыты – бауырындағы баласында ғой!..  – деді Самал көзіне жас толып…

Шынында да, кейде біз өз басымызға қонған бақытты сезіне алмайтынымыз бар. Біреулер бір балаға зар болып, басын тасқа да, тауға да соғып жүр. Ал енді біріміз, бар баланы мейірімге бөлей алмай, далаға тастап жатырмыз. «Үйің шашылып жатыр, қандай бақыттысың!» дейді. Самалдың сөзінің жаны бар. Қай жағынан алсаңыз да, бәрі өз уақытында болғаны жақсы екен ғой.

Екеуміз көп әңгімелестік. Сосын қимай қоштастық. Құрбым қайтарында сөмкесіне балаларымның бір-екі ойыншығын ырымдап салып бердім. «Жұғысты болсын!» деп…

Күні кеше сол Самал досым телефон шалды. Қуа­нышты хабарымен бөліскісі келіпті. Жүкті екен! Жарат­қаннан ешқашан үмітін үзбеген құрбымның қуанышын естігенде жанарыма еріксіз жас үйірілді. Ұзақ уақыт сәби исін аңсаған отбасының бүгінде қандай сезімде екені айтпаса да түсінікті шығар. Мен құрбым үшін, оның отбасы үшін шын қуандым.

Риясыз көңіл мен жылы лебіз де адам баласына көп қуаныш сыйлайтыны рас-ау… Біз қанша жырақта жүрсек те, бір-біріміз жайында тек қана жақсы ойлаушы едік. Міне, соның дәлелі болар, құрбымның шаңырағы шаттыққа бөленер күн де алыс емес. Мен осы кездесуден кейін қандай да болсын қиындықтарға, сынақтарға төзіммен, сабырмен қараған жанға Жаратқанның  мейірімін төгетініне шүбәсіз сендім.

Ажар ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Алматы қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *