ӘЙЕЛ ЖАНЫНЫҢ ЖАРШЫСЫ

Әнші, ұстаз Гүлмира Ақүрпекова туралы бір үзік сыр

Қазақ ән өнері сырлы әлем. Сол болмысы бөлек қазақ ән әлеміне ән орындаушылардың келу жолы да әр түрлі. Бұрын кәсіби әнші боп, білім алып, түрлі ән байқауларын жеңіп алып келетін болса, бүгінде өнер әлемінің төрінен орын алу оңай боп кетті. Қай кезеңде де, қалай келсе де өнер ауылында өзіне тән ерекшелігімен тыңдаушы жүрегінде қалып қоятын әншілер болады. Оларда табиғат берген бір ерекшелік болады.  Осындай  жаны да, сазы да бөлекше әншілердің бірі  –  Гүлмира АҚҮРПЕКОВА.

Менің әкем «Алғашқы махаббат», «Қыз сыны», «Мерекем сен», «Әке арманы», «Кездесу мен қоштасу», «Әнші балапан», «Ғасыр әлдиі», «Сен елессің», «Анажан», «Ардағым сен», «Сені іздедім», «Бауырым», тағы да басқа ән мәтіндерін жазған көрнекті ақын, журналист Құдайберген Қазыбекұлы.

Әлі есімде, қазіргі таңда қазақ эстрада жұлдыздары атанған біраз әншілермен шығармашылық байланыста болған. Солар­дың бірі – танымал әнші Гүлмира Ақүр­пекова  болатын.

Ойларымды әнші туралы туындауы мүмкін сауалдарға жауап бере отырып жалғастырайын.

Біріншіден, маған басқа әншілерге қарағанда Гүлмира несімен ұнайды деген сауалға тоқталайын. Гүлмира да мен сияқты ұстаз. Қазіргі Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін бітірген, талай жыл ұстаздық қызмет атқарған абзал жан. 2015 жылы «Түркістан» газетіне берген сұх­батында ол: «Ұстаз деген аяулы мамандықты игергенімнің арқасы болар, сөйлеу мәде­ниетін, көптің ортасында өзімді ұстауды, адамдармен тіл табысуды меңгердім…», – деген болатын.

Екіншіден, басқа әншілерге қарағанда Г.Ақүрпекованың ерекшелігі неде деген сауал туындайтыны рас. Неге басқа әншілерді емес, Гүлмира туралы жаздыңыз деген де пікірлер туындауы мүмкін. Оған менің беретін жауабым мынандай болмақ. Қазіргі кездегі әншілердің дауыстары, өлең айту мәнерлері, киім киістері де бір-біріне ұқсас келеді. Ал қазақ эстрадасында жүзін көрмей жатып, ерекше сыңғырлаған даусынан танитын Гүлмираның бойында көп адамда кездесе бермейтін табиғи әдемілік пен әуезділік бар.

Үшіншіден, қазақ эстрадасында бұл әнші несімен танымал болды? Әрине, алғашы­қылардың бірі болып гитарамен ән салған да осы Гүлмира болатын. Даусының сыңғырлап шығуы да ерекше әуезді, бойыңды бір жылы әсерге бөлейтін қасиеті де бар.

Төртіншіден, әншінің қандай хит әндері бар? Ең алдымен, «Әйел монологі», «Шырқа, гитара», «Тамды аруы», «Бауырым», «Сені іздеймін», «Досым сыйлаған гитара» т.б. Бір әншілер бір ғана әнмен танымал болады да, содан кейін хит әндері мүлде болмайды. Ал Г.Ақүрпекованың әр әні хит, әр әнін тың­дарман зор қуанышпен қарсы алады. Бұл – сирек кездесетін құбылыс.

Бесіншіден, әнші бақыты мен ана бақытын қоса алып жүретін әншілердің қатарына Гүлмираны да жатқызуға болады. «Ана үшін перзентінің бақыты – бәрінен де қымбат» деген бір пікірі әншінің ардақты да сыйлы ана екендігін дәлелдей түскендей.

Алтыншыдан, қазақ эстрадасында бір ғана хит әнмен танымал бола сала, өзін жұлдыздар қатарына қосатын әншілерден Гүлмираның қандай ерекшелігі бар? Гүлмира ханымның қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, танымалдылығы қоса бар, ерекше даусы бар. Десе де, әншінің қарапайымдылығы, кішіпейілдігі, әр берген сұхбатындағы ойлары мен пікірлері, өмірдегі ұстанымдарының айқындылығы оны өзгешелеп тұрады деп айтар едім. Осы жерде ежелгі Қытай ойшылы Конфуцийдің «Қарапайымдылық – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі» деген пікірі ойыммен астарлас келетіні анық.

Ал әнші Гүлмира Ақүрпековаға үлкен шығармашылық табыс тілеймін.  Халықтың сүйіктісі болған Гүлмирадан  болашақта да  талай сөзі мәнді, әуені әуезді жаңа хит әндер күтеміз.

Гүлмира ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындығы ҚазҰУ-дың профессоры.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *