Әйел жәбiрленбесе екен…

Бүгiнгi таңда әлем бойынша зорлық-зомбылыққа қарсы алуан түрлi iс-шаралар жасалып, әртүрлi ұйымдар құрылуда. 25-қараша – Әйелдерге қатысты зорлықпен дүниежүзiлiк күрес күнi. Осыған орай Алматыда «Зорлықсыз 16 күн» атты iс-шара ұйымдастырылған едi. БҰҰ-ның ұйымдастыруымен осымен 19-рет өткiзiлетiн бұл iс-шара барлық адамзатты адамгершiлiкке шақырды. Алатау АIIБ әйелдердi зорлық-зомбылықтан қорғау жөнiндегi бөлiмнiң аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Әсия Сералинамен сұхбаттасқан едiк.

– Әсия Қабиқызы, «Зорлықсыз 16 күн» iс-шарасы жайлы айтып өтсеңiз.

– Әйелдерге қарсы зорлықпен күрес халықаралық онкүндiгi қарсаңында Алматы қаласында «Зорлықсыз 16 күн» iс- шарасы өткiзiлдi. Бұл аралық әйелдерге қатысты зорлықпен дүниежүзiлiк күрес күнi мен «Жалпы адам құқығының қорғау күнiмен» тұспа-тұс келдi. Жалпы, мақсаты — қазiргi қоғамда көп орын алып жатқан әйелдерге зәбiр көрсету қылмыстық iс-әрекеттi бәсеңдету, қыз балаларды сақтандыру, адам құқығы мен тұлға дербестiгiн бұзуға қарсы түрлi iс-шаралар өткiзу нәтижесiнде халықтарды зорлық-зомбылыққа қатысты Қылмыстық әрекеттерден сақтандыру болды. Биылғы ұйымдастырылып отырған iс-шараға денсаулық сақтау, бiлiм беру мекемесiнiң, әкiмшiлiк қызметкерлерi мен волонтерлер жұмылдырылды.

– Iс-шара барысында қандай жұмыстар жүргiзiлдi?

– 1380 арнайы буклеттер дайындалып, таратылды. Әртүрлi тақырыпта дәрiстер оқылып, дөңгелек үстелдер өткiзiледi. Сондай-ақ, полиция инспекторлары 184 әкiмшiлiк бөлiмшелердi аралап шықты. Тақырыптар аясында әртүрлi дәрiстер оқылды. Мәселен, Алатау ауданындағы «Golden Packing» ЖШС, «Queen company» ЖШС, «Престиж» ЖШС, «МТ-Фарм» ЖШС-iнде «Үй зорлығы» тақырыбында дәрiстер оқылып, Қазақстан Республикасының 2009 жылы 4-желтоқсанда қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңы түсiндiрiлдi.

– Бiзде қыз-келiншектерге арналған қандай дағдарыс орталықтары бар?

– Алматы қаласында бiрнеше дағдарыс орталықтары бар. Олар «Забота», «Подруги», «Родник», «Қалпына келтiру әйелдер орталығы» деген секiлдi тағы да басқа орталықтар бар. Бiрақ та, қазiр кейбiр орталықтар қаржы тапшылығына байланысты өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болып тұр. Мәселен, «Забота» дағдарыс орталығы өз жұмысын ақпан айына дейiн уақытша тоқтатып тұр. 2000 жылдан берi нәтижелi жұмыс жасап келе жатқан бұл дағдарыс орталығы тәулiктiк телефон байланысы, заңгер мен психологтың тегiн кеңесiн және жәбiрленушiнi белгiлi бiр уақытқа дейiн баспанамен қамтамасыз ететiн едi. «Забота» дағдарыс орталығымен тағыз байланыста жұмыс iстеп келген едiк.

– Сiздердiң бөлiмде қанша адам қызмет iстейдi?

– Алматы қаласы Iшкi iстер департаментiнiң ӘЗЗҚБ-де 8 полиция инспекторлары жұмыс iстейдi. Олар – полиция майоры Айкерiм Шайзадақызы, полиция капитаны Ақбота Болатжанқызы, полиция майоры Гүлбаршын Көшербайқызы, полиция капитаны Раушан Райымқұлқызы, полиция аға лейтенанты Әсем Оралханқызы, полиция капитаны Ботагөз Сейтақова, полиция аға лейтенанты Бағдат Тойғалиқызы және мен Алатау ауданының ӘЗЗҚБ-нiң инспекторымын. Бiздiң бөлiм кәмелетке толмағандар iстерi жөнiндегi учаскелiк инспекторлар мен криминалдық полиция және тергеу қызметкерлерiмен және дағдарыс орталықтарымен бiрлесе отырып жұмыс жасайды. Бiздiң басты мiндетiмiз – қылмыстыны анықтау. Негiзгi мамандығымыз заңгер болғандықтан, кей жағдайларда жәбiрленушiге психологиялық тұрғыдан көмек бере алмауымыз мүмкiн. Сондай жағдайларда бiз оларды дағдарыс орталықтарына жiберемiз. Бiздiң мiндетiмiз – әйелдердiң конституциялық құқықтары мен мүдделерiн оларға қайшы iс-әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету, отбасында жиi орын алатын зорлық-зомбылық әрекеттердiң алдын алу және әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық фактiлерi туралы өтiнiштер мен шағымдарды қарастыру болып табылады.

– Бiр инспектордың бiр ауданды бақылауға мүмкiндiгi жете ме?

– Әрине, жеткiлiксiз. Мәселен, мен жұмыс бабымен қылмыс орнына шақыртумен бара қалсам, менiң орным бос тұрады. Сол мезетте екiншi бiр жәбiрленушiге менiң көмегiм тимей қалады немесе менi күтiп қалуы мүмкiн. Бiзге арнайы ауысыммен қызметкерлер келедi, бiрақ олар жұмыстың қиындығына шыдамағандықтан көп тұрақтай бермейдi. Бәлкiм, әкiмшiлiк тарапынан алдағы уақытта штат мәселесi қосымша қаралар деген үмiттемiз.

– Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету қаншалықты жиi орын алады?

– Статистикалық есеп бойынша әйелдерге қастандық жасау, ұрып-соғу 3 есе артық болады. Жалпы, зорлықтың өзi жiктеледi. Олар физикалық зорлық, эмоционалды-психологиялық зорлық, сексуалды зорлық, экономикалық зорлық түрлерi бар. Бұлардың барлығы адамға өте ауыр жағдайлар. Әсiресе, әйелдерге қатысты қылмыстық жағдайда сексуалды зорлық өте басым. Сексуалдық зорлыққа әрiптесiнiң келiсiмiнсiз жасалған кез-келген мiнез-құлық жатады. Бұл зорлық түрiнен әсiресе жасөспiрiмдер зардап шегедi. Бұл зорлық түрiне ұшыраған адам психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алуы мүмкiн. Олар көбiне суицидке ұрынады. Көпшiлiк жас қыздар қиын жағдайға тап болғанда iстiң мәнiн ашып айтпайды. Оларда психологиялық тұрғыда қорқыныш басым болады. Бұл бiздiң жұмыста қылмыстың анық-қанығына жетуге көп кедергi жасайды.

– Зорлық-зомбылық көрсету бойынша айыпталушы қалай жазаланады?

– Әр қылмыстың өзiне лайықты жазасы бар емес пе? Жасаған қылмысына қарай тиiстi жазасын алады.

– Жалпы, бұл салаға қалай келдiңiз, әйел адам үшiн ауыр қызмет емес пе?

– Қиындықсыз iс көрген емеспiн. Cз қызметiм өзiме ұнайды. Әсiресе, әйелдердi қорғау бөлiмiнде жұмыс iстегенiмдi абырой санаймын. Cзiм де әйелмiн, анамын. Сондықтан, кез-келген уақытта қиын жағдайға тап болған, көмек сұрап келген қыз-келiншектерге қолымнан келген жақсылығымды аямауға тырысамын. Бiрде-бiр әйел зорлыққа ұшырап, жаны жәбiрленбесе екен деп тiлеймiн.

Әңгiмелескен – Ұлжан ҚОЙШЫАМАНОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *