Әйел қолы тиген зат әдемi, тағамның дәмi тәттi

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

27-қыркүйек күнi «АДК» ойын-сауық орталығында нәзiк жанды әйелдер басқаратын кәсiпорындар шығарған өнiмдердiң көрме-жәрмеңкесi — «Қанатты әйел» бесiншi рет қанат қағып, Алматы жұртына өз өнiмдерiн ұсынды. «Қанатты әйел – 5» жәрмеңкесiн ұйымдастырушылар – Алматы қалалық әкiмдiгiнiң Кәсiпкерлiк және кәсiпорындар басқармасы мен қала Әкiмi жанындағы Әйелдер iсi және отбасы-демографиялық саясат жөнiндегi комиссиясы. Жәрмеңкенi Алматы қаласы Әкiмiнiң орынбасары, Әйелдер iсi және отбасыдемографиялық саясат жөнiндегi комиссияның төрағасы Серiк Сейдуманов ашты.

 Әйелдер жетекшiлiк ететiн 30-дан астам кәсiпорындар мен өндiрiс орындары ұсынған жеңiл өнеркәсiп тауарлары мен тамақ, кондитерлiк өнiмдер жәрмеңке басталмай жатып-ақ, өз тұтынушыларын тауып жатты. Бiр қолымен отбасының отын жағып, бiр қолымен қоғам iсiн тындырып жүрген әйелдер араласпайтын сала бүгiнде кемде-кем шығар. Отбасы, бала-шағасының жағдайын қалай ойлап, қамқор болса, қолға алған кәсiбiнiң де өркендеуiне сондай жанашырлықпен қарайтын кәсiпкер әйелдер басқаратын өнiмдердiң түрi де, сапасы да көз тартып, көңiл қуантады.

Жәрмеңкеге қойылған жеңiл өнеркәсiп, қолөнер бұйымдары, ет-сүт өнiмдерi мен кондитерлiк өнiмдердi көргенде «бiзде түк жоқ, түймеге дейiн сырттан сатып аламыз» деген сөзге әбден сүйенiп алғанымызды, әлi де өзiмiздiкiнен гөрi, өзгенiң затына езеуреп тұратынымызға көз жеткiздiк. Алматы қаласында шағын кәсiпкерлiктiң дамуы үшiн барлық жағдай жасалған. Қалалық Кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасы бастығының орынбасары Меруерт Исабекованың айтуынша, Алматы қаласындағы кәсiпкерлiк саласының 25 пайызы әйелдер үлесiнде болса, «Бизнестiң жол картасы» бағдарламасындағы қала бойынша бекiтiлген 96 жобаның 16- сын әйелдер басқаратын өндiрiс орындары жүзеге асыруды қолға алған.

Бұл жобалардың құны 4 млрд. 656 млн. 283 мың теңгенi құрайды. Жалпы, Алматы қаласы бойынша қалада жұмыс iстеп тұрған өндiрiс орындарының 30,7 пайызын әйелдер басқарса, өнеркәсiп пен экономика саласында қызмет iстейтiн әйелдердiң үлесi — 47 пайыз, ал, денсаулық, бiлiм мәдениет саласының 70 пайызын әйелдер құрайды екен. Демек, әйелдердiң де азаматтармен тең дәрежеде еңбек етiп, қызмет жасап, елiмiздiң экономикалық, әлеуметтiк дамуына өзiндiк үлесiн қосып келе жатқан жайы бар.

Жәрмеңкенiң ашылу салтанатында сөз алған қала Әкiмiнiң орынбасары С.Сейдуманов нәзiк жандылар еңбегiне жоғары баға бердi. «Әйел затының қолы тиген зат әдемi, тағамы тәттi, өйткенi, сiздер әдемiлiктi жақсы көресiздер. Iстерiңiзге сәттiлiк, еңбектерiңiзге жемiс тiлеймiн, – дей келе, сегiз аталым бойынша тағайындалған «Қанатты әйел – 5» байқауы жеңiмпаздарының аты-жөнiн атап, оларды арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Бiрiншi, «Креативтi-инновациялы кәсiпкер» номинациясы үш кәсiпкер — «Жұлдыз Кенан» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң директоры – Бағлан Баққұловаға, «Әлмерек» ЖШС-нiң директоры – Айнұр Бикебаеваға, «Көздиатест» ЖШС-нiң директоры – Күлбаршын Жиенбаеваларға берiлсе, екiншi, «Әйел – дәмдi және құнарлы тағам» номинациясын «Бижан» ЖШС-нiң директоры – Хадиша Бижан, «Колобок и Ко» ЖШС-нiң директоры – Наталья Сладкова, «Солнечный» сүт зауыты ЖШС-нiң директоры – Ольга Долгуева, үшiншi «Әйел: сән және стиль» номинациясына – Елена Хван жетекшiлiк ететiн «Winterfantasy» ЖШС, Бақыт Әлiмбекованың «СЭШ Элегант», Бәзила Әдiлманованың «Мақпал» сән орталығы иелендi.

Ал, төртiншi «Әйел және шығармашылық» жүлде Көшбасшы әйелдер қорының жетекшiсi – Яна Исаковаға, Қазақстан Қолөнер шеберлерi одағына (жетекшiсi – Айжан Бекқұлова) және «Тәлiм-таным» ЖШС-не (жетекшiсi – Динара Ахметкәрiмоваға) берiлдi.

Бесiншi номинация бойынша, «Казакювилир» АҚ президентi – Ғайша Қуандықова, «Пэри» ЖШС-гi директоры – Анар Ахметова, «Оксана Малицскаяның клиникасының» жетекшiсi – Оксана Малицская, алтыншы – «Жәрмеңкенiң тұрақты қатысушысы» номинациясын «Семирамида» ЖШС директоры – Наталья Ақшабаева, «Жәрмеңке, көрменiң ең жас қатысушысы» марапатына «Serif» ЖШС, директоры – Айжан Тiлембекова, ал, жәрмеңке көрменiң ажарын ашып, ұлттық сәнiн келтiрген «Ерке Нұр» ЖШС-нiң директоры – Фарида Мерхамитқызы «Ұлттық дәстүрдi сақтаушы» марапатына ие болды.

Марапатқа ие болып, жүлдегер атанған кәсiпкер әйелдердi қалалық Мәслихат депутаты, №5 емхананың бас дәрiгерi Ж.Қасымжанова, «Алматыкiлем» ЖШС-нiң директоры Роза Әбсәметова, Ұлттық экономикалық палатаның «Атамекен» одағының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Светлана Ыдырысовалар құттықтап, көрме-жәрмеңкенiң өрiсi кеңейiп, мәртебесiнiң биiк болуына тiлектестiктерiн бiлдiрдi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *