Әйел көлік жүргізсе, несі айып?

Саудияда сондай заң күшіне енді

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Осы жылдың 24 маусымынан бастап Сауд Арабиясы корольдігінде  әйелдер мен қыздарға автокөлік жүргізуге рұқсат ету туралы заң қолданысқа енді. Бұл жаңалық әлемнің көптеген елдері тарапынан қызу мақұлданып, нәзік жандылардың құқығын қорғау бағытындағы маңызды қадам ретінде бағалануда.

Жұртшылықтың бұған айрықша мән беріп, ден қоятынындай бар. Көпшілік білетініндей,  Саудия  әл-Сауд әулетінің билі­гіндегі, салт-дәстүрлері шариғатқа, заңдары ислам құқығына негізделген, әйелдер қауы­мының еркіндігі қатаң шектелген, абсолютті  теократиялық монархиялы мемлекет.

Тарихи деректерге ден қойсақ, корольдікте  1957 жылы әйелдерге көлік жүргізуге тыйым салынған. Мұндай шектеу қоғамда іштей болса да қарсылық тудырып отырды. Оның үстіне сыртқа, қалаға шығып, шаруаларымен айналысуы  немесе балаларымен қыдырыстауы үшін  көлік жүргізушісін жалдап,  қосымша шығын  шығаруларына тура  келді.

Бұрынғыларын айтпағанда, бергі 1990 жылдары  әйелдерге көлік жүргізуге құқық беруді талап етушілер қозғалысы пайда болды. Олар түрлі наразылық акцияларын өткізді. Билік мұндай әрекетті қош көрмей қозғалыстың белсенділерін қамауға алып, сот үкімімен жазаға тартты. Сонда да мәселе жазылмаған жара, бітпеген дау секілді  күн тәртібінде қала берді.

Мұны корольдік басшылығы сезбеді емес, сезді. Сондықтан болар, 2013 жылы  сәл жеңілдік жасалы­нып, әйелдер мен қыздарға  қамқоршысының не күйеуінің бақылауымен мото және велокөліктерге мініп жүрулеріне рұқсат етілді.

Өткен 2017 жылдың қыркүйегінде алдағы 2018 жылдың ортасынан  әйелдердің көлік жүргізулеріне  құқық беретін заңның мәтіні жарияланды. Тосын заңды талайлар мақұлдап, әсіресе әйелдер жағы қуана қабылдады.

Бір айта кететіні, халықаралық саяси сарапшылар  мен талдаушы мамандар  Сауд Арабиясындағы кейінгі кездегі мұндай бетбұрысты, радикалды реформалар мен өзгерістерді тақ мұрагері, премьер-министрдің орынбасары, қорғаныс министрі Мұхаммед ибн Салманның есімімен байланыстырады.

Естен шыға қоймаған шығар, 2016 жылдың сәуір айында іскер де белсенді, жаңашыл Мұхаммед ибн Салманның бастамасымен  корольдіктің Министрлер кабинетінде елдің таяу жылдардағы экономикалық бағыт-бағдарын белгілеген: «Saudі Arabіa’s Vіsіon 2030» («Сауд Арабиясының келешегі 2030»)  бағдарламасы қабылданып, онда  моральдық-әлеуметтік тақырып­тағы, оның ішінде әйелдердің құқығына қатысты  бірқатар мәселелер қамтылған болатын.

Дәлірек айтқанда, 2018  жылдан бастап әйелдерге жеңіл автокөліктер жүргізуге, қыздардың спорт түрлерімен айналысуына рұқсат етілді, концерттік залдар мен театр, кинотеатрлар жұмыс істей бастады делінген.

Мұның бәрін ханзада ислам дінін жаңа арнаға бұру емес, керісінше оны баяғы табиғи болмысына қайтару деп түсіндірген. Тіпті, сонау Мұхаммед пайғамбар ғалейкүмсаламның тұсында   музыкалық театрлар жұмыс істе­генін, ерлер мен әйелдер емін-еркін арала­сып, басқа діндегілерге, христиандар мен еврейлерге құрметпен қарағанын, шектеу мен тыйым салулардың беріде,  1979 жылдан  басталғанын еске салған.

Әлдебіреулер әйелдерге көлік жүргізу құқығын беру жайын 2016 жылдың желтоқ­санында ханзада әл-Валид ибн Талал әл-Сауд көтеріп, «рұқсат бермеу, тыйым салу  өрке­ниетке бет алған адамзат қоғамында адам құқығын сақтау ісіне қайшы  болып келеді» деп еді», – деседі.  Ол сондай-ақ, «әйелдердің өздері көлік жүргізбей, жүргізушіні жалдауы  отбасына қосымша шығын келтіретінін» айтқан  дейді.

Орайы келіп тұрғанда айта кеткен жөн. Шынды­ғында, Саудияда  әйелдердің құқығы  ер адамдармен салыстырғанда анағұрлым шектеулі. Әрбір ересек әйелдің жанында қамқоршы ретінде туысы немесе күйеуі  болуы керек. Жолға, саяхатқа шығу, кәсіпкер­лікпен айналысу, университетте не колледжде оқу жөніндегі шешімді сол қабылдауы тиіс. Сондықтан да  көпшілік орындарда заң тыйым салмаса да кейбір ұсақ-түйек мәселелер жөнінен билік өкілдері, полицейлер  міндетті түрде әйелдің жанында жүрген ер адамның мақұлдауын сұрайды.

Керек десеңіз, әйел адам қамқоршысының немесе күйеуінің рұқсатынсыз дәрігерге көрініп, қарала алмайды. Сотта бір ер адамның куәлігі екі әйелдің куәлігіне жүреді. Шариғатқа сәйкес ер адамға көп әйел алуға рұқсат етілген. Әйелімен ажырасқысы келсе, сотқа жүгініп жатпайды. «Талақ» деп айтса жеткілікті. Керісінше, әйелдің айырылысуы үшін күйеуінің  ризалығы қажет. Әйтпесе, күйеуінің күн көрсетпей­тінін, не денсаулығына зиян келтіргенін сотта дәлел­деуі қажет.  Сондықтан  саудиялық  әйелдердің  өз бетінше  ажырасуы қиын.

 

Қайтыс болған ер адамның мүлік мұрасы  алдымен мұрагер ұлына  сонан соң қалған бөлігі әйеліне беріледі. Суннит мұсылмандар қалауына қарай бақилық болған кісінің артында қалған дүние-мүліктің үштен бірін мұрагерге беруге құқылы. Өсиет қалды­рылмаған дүние-мүлік мұрагерге жататын ер-азаматтар арасында теңдей бөлінеді.

 

Әйелдер мен қыздардың көпшіліктің арасында емін-еркін жүруіне болмайды. Олар мейрамханаларда  арнайы белгіленген орын­дарда отыра алады. Үстерінде бүкіл денесін жауып тұратын абайя көйлегі мен бастарында хиджаб болуы  ләзім. Мұның бәрін  діни полиция (мутава) бақылайды.  Қыздар ерте жастан тұрмысқа шығатындықтан, көпшілігі  колледждер мен университеттерге түсіп оқи алмайды. Әйтсе де, саудиялық әйелдердің 70 пайызы, ер адамдардың 85 пайызы сауатты.

Сөз жоқ, сауд әйелдерінің көпшілігі өздерінің құқықтарының ер адамдардікінен төмен болмауын қалайды. Соған қарамастан олар өз елдерінің салт-дәстүрлерін  шетелдік сарапшылардың сынынан  қызғыштай қорғай­ды. «Қалай дегенмен де, Саудияның  өзіндік ерекшелігі болуы керек» деп пайымдайды.

Бұрынғы король Абдалла ибн Абдул-Азиздің (1924—2015) тұсында  2011 жылы сауд әйелдеріне муниципиалдық сайлауда дауыс беру және депутат­тыққа түсу құқығын беріледі деп жарияланған. Соның өзінде   «қамқор­шының не күйеуінің келісімі болуы керек» деп атап көрсетілген. Әрі сол жылы Саудия­ның спортшы қыздарына  Олим­пиадалық ойындарға қатысуға рұқсат етілді.

Базбір деректерге қарағанда,  өз мамандық кәсіптері бойынша биік дәреже мен жетіс­тіктерге жеткен  саудиялық әйелдер баршы­лық.  Мысалы, АҚШ-тың Калифорния штатын­дағы  медициналық зерттеу орталығын  доктор Гада  әл-Мутари ханым басқарады. Осы сияқ­ты Эр-Риядтағы  король Фейсал  госпи­талының  офтальмология бөлімшесіне  доктор Салва әл-Хаза ханым жетекшілік етеді.

2010 жылы  Халықаралық гендерлік есепте  әйел­дердің теңдігі жөнінен Сауд Арабиясы әлемнің 134 елінің арасында  129 орынды иемденген. Құрама Штат­тар  саяси жағынан корольдіктің одақтасы бола тұра әйелдер құқығы Саудиядағы шешімін таба қоймаған ең өзектің мәселе деп есептейді. Және де сауд әйел­дерінің  саяси-әлеуметтік құқықтарға қол жеткізуін қалайды.

Болашақ король, ханзада Мұхаммед ибн Салман  тек автокөлік жүргізу ғана емес, әйелдерге паран­жа­сыз және хиджапсыз жүру еркін берді. Бұл ретте ол: «Шариғат заңында  әйелдердің  де ер адамдар сияқты әдемі әрі жарасымды киініп  жүруі туралы айтылған. Бірақ та бұл олар қара абайя киіп, бастарын бүрке­мелеп жүруі тиіс дегенді білдірмейді. Өздеріне қандай киім  үйлесімді  таңдау  өз еріктерінде болуы керек», — деді.

Ал Сауд Арабиясы жоғарғы діни ұйымы – улемдер кеңесінің мүшесі шейх Абдулла әл-Мутлак теледидар арқылы сөз сөйлеп: «Ислам елдерінде  әйелдердің 90 пайызы  абайя киіп, оранып, бүркеніп жүрмейді. Сондықтан біз де әйелдерді солай киініп жүруге міндеттеуге тиіс емеспіз», – деген пікір білдірді.

«Көлге айдасаң, шөлге қашады» демекші, Саудия қоғамында  әйелдерге қандай киім кию  еркіндігінің берілуіне қарсылар да табылуда. Сондайлардың бірі Мешари  Жамади: «Абайя – киімін кию салт-дәстүр. Оның дінге ешбір қатысы жоқ», – десе, Кооше дейтін әйел: «Мейлі жүз пәтуа шығарсын, Алланың алдында ант етемін. Мен еш уақытта үстімнен абайяны шешпеймін. Ол үшін өмірім құрбан. Қыздар, ондай пәтуаға құлақ аспаңдар», — деп қарсыласады.

Кім не десе о десін, Мұхаммед Салман  Саудия қоғамын экономикалық һәм әлеуметтік жағынан жаңғырту бағытынан қайтпайтын сыңайлы.  Алдағы уақытта ол жұмыс істейтін ерлер мен әйелдерді жалақы жөнінен де теңестірмекші.

Ендігі жерде сауд әйелдері күйеулеріне: «сен  жүргізген автокөлікті біз де жүргіземіз,  жалақы­мыз да бірдей!» деп зіркілдемесе болғаны.  Бірақ заңдары мен моралі  исламдық құқық пен шариғатқа негізделген  Сауд Королдігі оған жол бере қоймас.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *