Үйдің терезесін ашық қалдырмаңыз

Әсел ДАҒЖАН

Жаз маусымы басталысымен қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің ашық тұрған терезесінен балалардың құлап кету оқиғалары жиі орын алады. Соған байланысты қалалық әкімдікте Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, майор Бекболат Бұғабаевтың қатысуымен онлайн брифинг өтті.

– Жыл сайын жаз маусымы жас балалардың ашық тұрған терезелерден құлап кету сияқты қайғылы оқиғаларымен басталады. Наурыз айынан бастап Алматы қаласында 112 желісі бойынша осындай 2 оқиға тіркеліп, 1 бала оқиға орнында мерт болды, – деді майор Бұғабаев.

19 наурыз күні Алмалы ауданындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 4-қабатындағы ашық тұрған терезеден 3 жасар бала құлап кетіп, бас ми жарақаты және ми шайқалу диагнозымен №1 орталық клиникалық балалар ауруханасына шұғыл жатқызылды. Абырой болғанда 10 күннен кейін бала үйіне шығарылды. Ол терезеден құлап кеткен сәтте ата-анасы үйде болған.

– Аталған жағдай көбіне ересектердің терезелер мен балкондарды күндіз-түні ашық қалдыруынан орын алады. Бұл қауіпке әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар ұрынады. Себебі, табиғатынан әр нәрсеге қызығушылығы жоғары олар өмірлеріне төнетін қауіпті білмейді, – деді спикер.

Ал 22 наурызда Түрксіб ауданы «Жас Қанат» ықшам ауданындағы 9 қабатты үйдің 6 қабатынан үлкендердің қарауынсыз ас үйде ойнап отырған қыз бала терезеден құлап кетіп, жедел жәрдем келгенше сәби қайтыс болды.

Осындай жағдайларға байланысты спикер ата-аналар есте сақтауы тиіс төмендегідей ережелерді айтып өтті:

– егер терезе 12,5 см.-ден артық ашық болса, балаңыз терезеден құлап кетуі мүмкін;

– кең ашылуға мүмкіндік бермейтін терезе құлыптарын орнатыңыз;

– балаларға терезелерден алыс ойнауды үйретіңіз;

– балаларды үнемі бақылауда ұстау керек;

– терезеге орнатылған москитті торлар балалардың құлап кетуіне қорған бола алмайды;

– терезені ашуға мүмкіндік бермейтін шектеулер қойыңыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *