Үйден оқимыз!

«Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның қызметкерлері де төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап баршаның амандығы үшін жұмысты қашықтан атқаруда. Өрлеуліктер мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын да қашықтан өткізуді жүйелі түрде ұйымдастырып, сәтімен жалғастыра бастады. Әлеуметтік желілерде мұғалімдерге әдістемелік құралдар мен қажетті ресурстардың сілтемелері де баршылық.
Міне, ІІІ тоқсанды мерзімінен бұрын аяқтаған мектеп оқушыларының сабағы басталды. 1 сәуірден елімізде оқушылар үшін сынақ сабақтары жүргізілді. Сынақ сабақтары барысында көптеген қиындық болды. Ең басты мәселе Интернеттің бәсеңдігі. Дыбыстың дұрыс естілмейтіндігі, кенеттен жүйеден ағытылудың оқу сапасын төмендетуі оқушылар мен біраз ата-ананың жүйкесін жұқартты. Тіпті, «…біз бұлай оқуға дайын емеспіз, сабақты қазір тоқтатып, кейін жалғастыру керек» деген пікірлер де айтыла бастады.
Сонда, ата-аналар үйде қамалып отырған баласының алтын уақыты бостан-босқа өтетініне алаңдамай ма? Неге біз қиындыққа тап келгенде күресудің орнына, сол жұмысты кейінге ысыруды ойлаймыз. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деп Абай атамыз айтқандай, қазір сабақты тоқтату – үйде отырған оқушының ойлау қабілеті мен дамуына тұзақ құрумен барабар емес пе?
Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов оқуды жалғастырудың маңыздылығын түсіндіруде. Министр интернеттің күш-қуатына байланысты туындайтын мәселелерді жақсы біледі. Біле тұра осындай батыл әрекеттер жасап отыр. Қысыл-таяң жағдайда үйде отырған оқушылардың уақытын зая өткізбеуді қарастырған Білім және ғылым министрінің жанашырлығын, қамқорлығын бағалайық. Оқушы мен ұстаз, ата-ана үшін жағдай жасалуда. Сын-сағатта даурықпай, балаларымыздың уақытын тиімді өткізейік. Үйде тек тамақ ішіп, ұйықтаумен шектелсек, ертең көп нәрседен кеш қалатынымызды ұмытпайық. Қандай жағдайда да еңбектенемін деген адам мүмкіндік табады.
ҚЫМБАТТЫ АТА-АНА!
Сіздің балаңыз демалысқа шыққан кезде, мұғалім демалған жоқ. Ол оқушыларына жаңа форматта сабақ берудің тиімді жолдарын қарастырды. Қашықтан сабақ өту әдістерін меңгеру үшін ізденді, дайындалды.
Балаңыз қашықтан оқып, уақытын үнемдесе, смарттехнологияны меңгеріп, берілген тапсырмаларды орындап отырса, ата-ана ретінде сіз қуанбайсыз ба? Балаңыздың білімі – мұқалмайтын капитал! Елге үрей төндірген қауіпті кезеңде ата-ана ретінде мұғалімге қолдау көрсетіңіз, балаға жағдай жасаңыз, балаңызбен бірге үйреніңіз.
Шәкірт санасына білім нәрін төгетін ұстаз еңбегін қадірлейік. Үйден оқуға қолдау көрсетейік.
Біз біргеміз!
Перуза ӨЗЕНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *