ҮЙДЕ НЕМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Армысыз, оқырман! Қала халқының жіпсіз байланып, карантинде отырғанына да екі аптаға жуықтады. Күнделікті өмірімізді аяқасты өзгертіп, тірлішігіміз үйдің ауанынан шықпай қалғаны көпшілігімізге қиынға соғып тұрғаны, жасырын емес. Десек те, үйреніп келеміз. Себебі, біз мұны қаласақ та, қаламасақ та үйде отыруға тиіспіз. Тәртіп солай. Заң солай. Ал оған бағыну дәл қазіргі жағдайда басты міндетіміз. Бізде қазір өзімізді жан-жақты дамытуға уақыт көп. Сол себепті еншімізге берілген бос уақытты қалай да пайдаланып қалғанымыз жөн. Ендеше, не істемек керек? Сіз үйде зерікпес үшін нендей іспен айналысып жатырсыз?

Жанар ТОҚЫБЕТ,
№53 мектептің оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары:

Уақытты тиімді өткізудің жолдары көп

Еліміз ғана емес, әлем халқын дүрліктірген қазіргі ахуал шынында да сабыр мен төзімді, аса сақтықты талап ететін кезең. Сондықтан, «тіртіпке бағынған құл болмайды» демекші, біз де отбасымызбен үйдеміз. Карантинде уақытты тиімді өткізудің жолдары көп қой. Мәселен, Алматыда ақысыз онлайн-шығармашылық үйірмелер, курстар, тренингтер басталды. Мұның өзі не істерін білмей зеріге бастаған бала үшін үлкен көмек. Одан бөлек үйдің тірлігі бар. Ұлым әкесіне көмектеседі, қызым маған үй шаруасына әжептәуір қолғабыс етеді. Екуеі де өнерге жақын, домбыра шертеді. Кейде әкелерімен қосылып күй тартады. Кітап оқиды, билеп жарысады. Өзім ұстазбын. Ал ұстаздар үшін қарбалас тірлік басталғанын сіздер жақсы білесіздер. Себебі, дүйсенбіден бастап мектептің барлығы қашықтан оқуға көшеді. Қазір қызу дайындық үстіндеміз. Онлайн-сабаққа, мұғалімдермен тәжірибе алмасудан қолымыз босамай жатыр. Сондықтан бізде бос уақыт деген атымен жоқ.

Мақпал СӘРСЕКОВА, үй шаруасындағы ана:
Хадистер кітабын аяқтап қалдым…
Карантин кезінде талапқа сай үйден шықпадық. Бұл жағына үй-ішімізбен ұқыптымыз. Жолдасым ғана дүкенге, дәріханаға тағы да басқа да шұғыл жұмыстар болса шығып отырады. Ал асханада ас-су, тамақ әзірлеу – әйел затының күнделікті тірлігі. Балалармен бірге қолымыз қалт еткенде кітап оқып, өмірі көрмейтін теледидарды көріп жатырмыз. Уақыт зуылдап барады. Қазір адамдардың өзіне көп көңіл бөлуге арналған ең пайдалы уақыты ғой. Адам өзін жетілдіріп, дамытып отыру керек деген ұстаныммен мен де имам әл-Бұхаридың «Жеке тұлғаның әдептері» деген таңдаулы хадистер кітабын аяқтап қалдым. Одан кейін де біраз құнды кітаптарды оқысам деген ойым бар. Алла қаласа, бұл күн де өтер. Сондықтан барлығыңызға үйдегі күндеріңізді пайдалы етіп өткізулеріңізге тілектеспін.

Бағдат МАҚСАТҰЛЫ, жас кәсіпкер:
Ертегі тыңдамай ұйықтамайтын болдық
Не істейміз енді?! Бәріміз үйдеміз. «Қане, кімдер жүр екен көшеде» деп терезеге бір қарап, балконға бір шығып қойып жүріп жатырмыз. Көпқабатты үйдің мұндай «қиын» жақтары болатынын кім білген?! Ешкім келмейді, Ешқайда бармаймыз. Төрт қабырғаға қамалдық та қалдық қой. Әсіресе, балаларға қиын екен. «Далаға шығам» деп жылайды. Әйтеуір, соларды жұбатамыз деп жүріп, уақыттың қалай өтіп жатқанын білмей қаламыз кейде. Жақында әлеуметтік желіден келген ішінде 240-қа жуық түрлі халықтың ертегілері бар «Ертегілер» топтамасын телефоныма сақтап қойғаным қандай жақсы болған! Осы кезде балалар кешкісін бір ертегі тыңдамай ұйықтамайтын болды. Карантиннің пайдасы сол, ертегі тыңдағалы балаларымның ой-өрісі жетіліп, сөздің қорлары кәдімгідей көбейіп қалды. Ондағы кейіпкерлер арқылы жақсы мен жаманды айыра бастады. Келіншегім, көрпе құрап үйреніп жүр. Өзім теледидар қараймын, ән тыңдаймын. Шынымды айтайын, кітапты асықпай оқимын. Тез оқысам түсінбей қаламын. Сондықтан аса қызықпаймын. Есесіне, мықты мамандардың кәсіп туралы, адамның қалыптасуы жайындағы онлайн-тренингтерін үзбей тыңдаймын. Көңілге түйгенім көп…

Рүстем ЕРЖАНҰЛЫ, «Қазтелеком» маманы:
Күндіз – ұйықтап, түнде – телефон шұқыласаң,
бәрінен құр қаласың…

Қазір технологияның заманы ғой. Үйде ішім пысты, зеріктім дейтін жандарға өз басым, түсінбеймін. Әлеуметтік желіні ашып, қалаған нәрсеңді жазшы, мың-сан түрлі кәсіп те, тіпті, сенің қиялыңда жоқ жұмыс та сонда толып тұр. Қалаған кәсібіңді үйренуге деген ақыл-кеңестер қаншама? Тіл үйренуге машықтанам, түрлі тәтті пісіруді үйренем, қолөнерді жаныма серік етем деші, бәрі бар. Ал күні бойы ұйықтап, түні бойы телефон көрсең – өмірден өз еншіңді ала алмайтының анық. Сондықтан, мен өзімнің қатарластарыма жанарыңда от ойнап, бойыңда күш-жігерің тасып тұрған қазіргідей жас шағыңда карантиннің де пайдасын көріп қал, уақытыңды телефонға қарап бос өткізбе дегім келеді. Мен қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Жап-жақсы сөйлеп қалдым. Бір мезгіл спортпен шұғылданам. Ең қызығы, біз отбасымызбен туыстар арасында «Біз біргеміз» деген тақырыпта челлендж ұйымдастырып жатырмыз. Ең мықты дегенімізге сыйлық тағайындадық. Күнде дайындық жасап жүрміз. Бір шетінен қызықты, екінші жағынан уақытың бос өтпейді. Ал енді өзіңіз айтыңызшы, мұндай адамдар уақытын өткізе алмайтындардың қатарына жата ма?!

Сауалнаманы жүргізген – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close