Үй жануарлары енді ережемен жүріп-тұратын болады

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

2 миллионға жуық тұрғыны бар алып шаһарда үй жануарларын ұстау және күтуге қатысты жаңа ереже күшіне енді. «Иттер мен мысықтарды ұстау және серуен­детудің жаңа ережелері» деп аталатын құжатты бекіту туралы шешім VІ сайланған Алматы қаласы мәслихатының XXVІІ сессиясында қабылданған болатын.

Бүгінде қаламызда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалып жатыр. Мұнда жаяу жүретін көшелер де, әңгіме-дүкен құрып отыратын демалыс орындары да, балаларға арналған ойын алаңдары да көп. Дегенмен, барлық қоғамдық ортаны пайдаланудың өзіндік ережелері бар. Аталған құжат та сондай ережелерді ескеріп, әрі қалада адамдар мен жануарлардың үйлесімді, гуманистік ахуалда бейбіт қатар өмір сүру қағидатта­рына негізделген. Қабылданған жаңа ережеге сәйкес, енді кез-келген тұқымды иттерді бақыланатын ұзындығы бар қарғы­баумен серуендетуге болады. Бұрынғыдай тұқымы кішкентай болып келетін иттерді қарғыбаусыз құшақтап алып немесе еркімен бос жіберіп қоя алмайсыз. Бұл ретте «Менің итім кішкентай. Ол адамдарды қаппайды» деген секілді сөздер ережеге әсер ете алмайды. Өйткені, бәрібір де иттің аты – ит. Тіпті, ережеде қажет болған жағдайда, айналадағы адамдардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін шаралар қолда­нудың керектігі де айтылған. Алматы қалалық ауыл шаруашылығы және ветери­нария басқармасының ұсынған мәліметіне сүйенсек, енді үйінде ит пен мысығы бар қала тұрғындары оларды кез-келген жерге алып барып, жүре алмайды. Мәселен, балаларға арналған және спорт алаңда­рын­да, мектепке дейінгі мекемелер және мектептердің, емдеу мекемелерінің аумақ­тарында және тыйым белгілері қойылған жерлерде иттерді серуендетуге тыйым салынады. Ал өзге жерлерге серуенге алып шыққанда ит иелері өздерімен бірге олардың нәжістерін жинап алу үшін пакеттер немесе арнаулы құралдар ала жүруге тиіс. Өйткені, ол қоршаған ортаны ластайды әрі жаяу жүргіншілердің жүріп-тұруына ыңғайсыздық тудырады.

Расында, үй жануарларының қоғамдық орындарда серуендеуі бұрындары қадаға­лан­байтын. Үй жануарларының қожайын­дары оларды үйлерінен алып шығып, аулаға қоя беретін. Олар сонда еркін серуендеп, дәретке де отыратын. Балаларды аулада ойнатып жүріп жануарлардың нәжістерін талай көргеніміз бар. Қараусыз қалдыр­саңыз, балақайлар тіпті оны ұстап та көреді. Баланың аты бала емес пе? Ал күн жылы рай танытысымен аулада отырып әңгіме-дүкен құратын тұрғындар сондай дәреттің исінен демалып отыра алмайтын. Оны иттер мен мысықтардың қожайын­дарына айтсаңыз, әрқайсысы өзінікін жақтап, «менікі дәретке отырған жоқ» деп ақтап алады. Бұл ретте олар бағынатын ереже болмағандықтан, артық ауыз аша алмайсыз. Аталған ереже туралы естіген жұртшылық осындай олқылықтардың орын алмайтынына дән риза.

Үйінде иттері мен мысықтары бар кей­бір қала тұрғындарына «сіздің итіңіз қаппай ма?», «итіңізді ұстай тұрсаңыз, өтіп кетейін», «итіңіз баламды тістеп алмай ма?» деген секілді әңгіме айтсаңыз, соған кә­дімгідей ренжіп қалады. Бірде аулада жү­ріп кішкентай қызым көршінің итінен қор­қып, жерден тас алып лақтырыпты. Оны көрген иттің егесі ренжіп, кешірім сұрау­ды талап етті. Итін баласы секілді көре­тінін айтқан ол, әлгі тастың өз маң­дайына тиген­мен бірдей болғанын жеткізді. Осындай нәрселерді ескерсек, үй жануар­ларына арналған заңның болғаны орынды-ақ.

Таңертең жұмысқа келе жатып, қаңғы­бас екі иттен өте алмай тұрған мектеп оқушы­сын көрдім. Иттерден қорыққан бала қалай қарай қашатынын білмей, қорқып тұр екен. Жанына барып, иттерді қуып, балаға көмектестім. Сөйтсем, үйсіз, иесіз иттердің қарны аш көрінеді. Баланың қолындағы сөмкесінен тамақтың исі шықты ма, екеуі соны иіскелепті. Өзінен сұра­сам, расында сөмкесінде түскі асы салынған ыдысы бар екен. Аштықтан адамға бас салудан тайынбайтын иттер бұған дейін де талай қала тұрғынына зиянын тигізгенін білеміз. Аталған заң бұл тұрғысынан да тиімді болғалы тұр. Енді есепке алу және жоғалған жануарларды іздестіру шараларын жеңілдету үшін шаһар аумағындағы барлық иттер мен мысықтар Біртұтас сәйкестендіру базасында тіркеле­тін болады. Қаңғыбас жануарлардың санын қадағалап отыру мақсатында билік иттер мен мысықтарды бақылаусыз өсіруге және олардан құтылу үшін бейберекет қаңғытып жіберуге жол бермеуге шақы­рады. Ал жануарларды одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда қожайындары оларды басқа адамдарға, арнаулы кәсіп­орындарға немесе басқа ұйымдарға иелік­ке беруі тиіс. Сонымен қатар, енді қала аумағында ит сайыстарын өткізуге жол берілмейді.

Ережеде иттер мен мысықтарды тасы­малдау, шет елдерге алып шығу және әкелу тәртіптері, көрмелер мен бұқаралық іс-шаралар өткізу, ветеринарлық-санитария­лық нормаларды сақтау және қалада тиісті түрдегі эпизоотиялық және эпидемиоло­гия­лық ахуалды қамтамасыз ету мәселелері де қозғалған. Мәселен, тұқым түріне қарамастан, үй жануарларының барлығына дерлік 3 айлық мерзімнен бастап міндетті түрде құтыру ауруына қарсы екпе жасатылуы міндетті. Қожайындары болса, өз иелігіндегі жануарларды тері паразиттері мен гельминттерінен қорғау үшін тоқса­нына бір реттен сирек емес профилакти­калық өңдеу жүргізіп отыруы тиіс. Адамды жарақаттаған немесе қауып алған жағдай­да ит иелері жануарды ветеринар­лық клиникаға жеткізуге немесе ветеринарлық дәрігерді үйге шақырып, қатерлі аурулар­дың алдын алуға әрекет жасауы керек.

– Жануарларды үйде тиісті түрде ұстамаған (тазалық талабы сақталмаған), көршілердің тынышын кетірген жағдайда, соның ішінде шу тудырған немесе иіс-қоңыс таратқан жағдайда жануарды тәркі­леп алу немесе оны ұстауға тыйым салу туралы шешімді сот шығарады. Тұрғын үйлерде иттер мен мысықтарға арнап қонақүйлер, питомниктер және пана­жайлар ұйымдастыруға жол берілмейді, – деп, қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының баспасөз қызметі ереже меншік түріне қарамастан, иттер мен мысықтардың қожайындарының барлығына, заңды және жеке тұлғаларға қатысты болатынын, ережені бұзушылар ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік жүктеп алатынын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, аталған ереже «Алматыда иттер мен мысықтарды ұстау және серуендетудің жаңа ережелері», «Үй жануарларының жағдайы жөніндегі 2017–2020 жылдарға арналған жол картасы» атты құжаттың шеңберінде жасалған болатын. Оны жасауға қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасымен бірлесе отырып, жануарлар мен аңдарды қорғау жөніндегі ұйымдар мен қоғамдық бірлестік­тер, кинологтар, «Anіmal Law Kazakhstan» комитеті, «Қазақстан Республикасының ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдас­тығы» мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *