Ұйқымды ұрлаған түнгі Алматы

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бүгінде мың бояулы Алматы шаһарының түнгі келбеті ғажап! Оны көріп, сезінгіңіз келсе, шіліңгір шілденің аптап ыстығы басылған сәттегі кешкі қалаға серуенге шығыңыз. Айнала жап-жарық. Аспан төріндегі жұлдыз­дар да соншалықты жақын көрінеді. Тынысыңыз да ашыла түседі. Көкке қарай ұмтылып билеп ала жөнелетін субұр­қақтар көңілге желік бітіре­тіндей.

Алматыда маңызды әрі ең сәнді ғимараттарға архитектуралық жарық беру жұмыстары қарқын­ды түрде жалғасуда. Мәселен, кеше ғана кешке қарай мегапо­лис­тегі Ықылас атындағы халық аспаптары музейі, Офицер­лер үйі, 28-ші гвардияшы-пан­филовшы атындағы сая­бақтағы Даңқ мемо­риалы мен Бауыржан Момыш­ұлының ескерткіші, Жам­был атын­дағы республикалық филар­мония мен Қазақ мемлекет­тік циркінің ғима­раттары түнгі жа­рықтар нұрына бөленіп, шаһар­дың сәнін үстей түсті.

Қазіргі кезде архитектуралық соны үлгідегі жарық көздері көп­теген мега­полисте қолданы­лады. Олар әрбір көрнекі орын­дарды айшықтай түсіп, халыққа кешкі серуен кезінде қолай­лы жағдай туғызады. Өз кезегінде бұл зама­науи энергия­  жинақ­таушы тех­нологиялар электро­энергиясын да үнемдеп, жарық көздерінің ұзақ­тығын қамтамасыз етеді.

Алматыда соңғы екі жылда қала ғимараттарын, нысандары мен ланд­шафтарын кешкі және түнгі нұрлан­дырудың бірыңғай архитектуралық стилін қалып­тастыру барысында 120-дан астам маңызды архитектуралық нысанға көмескі жарық көздері орнатылған көрінеді. Олардың қатарында Тә­уелсіздік монументі, «Қазақстан» қонақ үйі, «Көктөбе» телемұна­ра­сы, Абай атындағы опера және балет театры, Республика Сарайы, М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театры, Ә.Қастеев атындағы музей, Орталық мешіт, Свято-Воз­несенский кафедралды соборы және басқа да маңызды ғимарат­тар бар.

Алматының бір стильдегі архи­тектуралық жарық көздері бюд­жеттен тыс қаржы көздері  ар­қылы жүзеге асуда.

Тақырыпқа орай танымал мәс­кеулік актриса, қазақ қызы Наталья Арынбасарованың бір сөзі еске оралғаны. «Маған түнгі Алматы ұнайды. Көшелерінде түнде серуендеп жүруден еш қорықпайсың, үрейлен­бейсің, қауіпсіз қала. Ал бүгінгідей саяси қақтығыстар ушығып тұрған ке­зеңде Мәскеу көшелерінде олай жүре алмаймын».

Бұл – менің Алматым!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *