ІЗГІЛІКПЕН БАСҚАРУ

өтіп бара жатқан жылдағы рухани бетбұрыстар туралы

Президент парасаты

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

Жыл өтті. Не байқадық?

«Қасиетті топырақты басып тұрып Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді:

«Бүгін мен түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келдім.

Осы киелі топырақта сіздермен жүздескеніме қуаныш­тымын.

Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен ру­ханиятымыздың сим­волы және бүкіл халқымыздың бой­тұмары.

Бұл қасиетті жерді көзіміздің қара­шығындай сақтап, дамытуымыз керек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айт­қандай, «Түркістан тарихы – барша қазақтың тарихы».

Қасиетті жерге келгенде бәріміз ай­рықша сезімге бөле­неміз. Рухымыз асқақ­тай түседі.

«Әзірет сұлтан» тарихи-мәдени кеше­ні аумағында қазақ халқының игі жақсылары жерленген.

Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Түр­кістанды түлетіп, өркендету мәсе­лесі әр­дайым Тұңғыш Президен­тіміздің наза­рында болады.

Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді.

Президент ретіндегі алғашқы сапа­рым­ның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды».

Маңыздылығында сөз жоқ. Солай, біз де бұл қадамды жақсы ырымға баладық. «Қазақстан маған өзімнен де қастерлі» деп Әбіш айтқандай, бүкіл түркінің атажұрты Түркістанға барып тағзым ету бәріміз үшін де қастерлі. «…Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан бол­мақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мухаббәт уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!» деп Мұстафа Шоқай айтқандай, қазақ­тың қай жері де киелі, бірақ Түркі­станның жөні бөлек. Тоқаевтың сол Түр­кістандағы толғанысы ұлы қайраткер ойымен үндесіп, толқытты, тебірентті. Ендігі жерде журналистік машыққа салып айтсақ, елдік, мемлекеттік, ұлттық мәселені қысқаша ғана тұжы­рымдап берген Түркістан тезистері басты бағ­дарымыз болмақ.

Мемлекет басшысы Президенттік қызметіне кіріскенде осылай бір деппіз. Қасиетті топырақты басып тұрып айтқан сөзі, Түркістан тезистері Президенттің күні бүгінге дейінгі қызметінің алтын арқауына айналып келеді. Айталық.

Ұлы Мұқаң «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деді. Бәрі де бесіктен басталады. Бұл ұғымның мағынасына тереңдеп үңілсек, «Ел боламын десең, оқулығыңды түзе» деуге болатын шығар. Ең бастысы, балабақшадан (бір ғұлама­лардың айтуынша, жатырдан), мектептен балаға берілетін бағыт-бағдардың ұлт үшін маңызы зор. Дұрыс бағыт-бағдар берілсе, оқушының ізденісі де соған сай болады. Оқытушы еңбегінің қайтарымы да осы. Бәрі айналып келгенде баланың қолындағы оқулыққа байланысты. Бұл тараптан келгенде Білім және ғылым министрлігінің атына айтылып жатқан сын да аз емес. Тіпті, министрдің өзі бәзбір оқулықтардағы өрескел қате­ліктерді мысалға келтіргені бар…

Министрді былай қояйық. Бұл мәсе­леде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де бас болып, үлгі көрсетті. Президенттік қызметін «қазақтың тілі – қазақтың жаны» деп бастаған бұл кісі бірден ұлттық құндылықтарға ден қойды. Өз тілінде сөйлеген басшы халыққа жақындап қана қоймайды, сол халыққа туған бауырынан да артық боп кетеді. Абайдың 175 жылдығына байланысты жыр эстафетасын өзі бастап, «Алтын Орданың 750 жылдығын» тойлауға пәрмен берді. Одан соң Елбасы белгілеген ұлттық домбыра күнінің маңызын одан сайын арттырып жіберді. Домбыра күніне орай сөзінде былай деді.

– Тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап, ажырап қалған сәттері болғаны жасырын емес. Алайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың көреген бастамасының арқасында бүгінде халқымыздың дәстүрлі өнерге деген шынайы ықыласы артып келеді. Ұлттық домбыра күні – соның айғағы. Барша халық осы шуақты мерекені айрықша қуанышпен тойлайды. Себебі, қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбір­леген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Дом­быра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазы­намыз болуға тиіс.

Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалар бастаған күйшілік дәс­түрді еліміздің дарынды жастары жалғас­тырып келеді. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойын­даған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер – ұлт келбеті» дей­ді дана халқымыз. Барша­мызға ортақ құндылық – дом­бы­раны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сон­дық­тан мек­тепте домбыра үйрену сабақ­тарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақы­тында халқымызға тән бірегей құнды­лықтарды жаңғырта бер­уіміз қажет. Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мем­ле­кеттің айрықша назарында бола­ды. Біз қазақтың дәстүрлі әнін, күйін елімізге ғана емес, әлем жұрт­шылығына танытып жүр­ген өнерпаз­дарымызға лайық­ты қолдау көрсете білуіміз ке­рек.

Президент ізінше мектептерде «Дом­быра» пәнін енгізуге, соған арнап оқулық жазуға және пәрмен берді. Қорыта келген­де Мемлекет басшысы «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген Қадыр­дың атақты сөзін асқақтатып жіберді. Айтыл­ған сөздің іс жүзіне асуы да көп күт­тірмеді. Атақты күйші Жанғали Жүз­баев домбыра жөнінде оқулық жазып, оған Мем­лекет басшысының өзі үшкіріп берді. Саяси, эконо­микалық бағыттағы тірлік­терді былай қойғанда, жылдың ұлт рухына байланысты атқарған ең басты шаруасы осы.

Демек, домбыра ұстаған ұл ұлтты да ұстайды. Әсіресе, шенеуніктерге құлақ­қағыс.

Мұның сыртында қоғамда ашық диа­лог­­қа жол ашып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы келешектен көп үміт­тендіреді.

 

Имаш қайда жүрсе де Имаш

Қай халықты да болсын дүниеге мәш­һүр ететін ең алдымен оның өнері, мәде­ниеті, яғни руханияты. Басқасын былай қойғанда, бұл жылы да дүние дидарында Димаш болды. «Алматы ақшамында» ол жөнінде жеткілікті жазылды. Ең бастысы Димаштың Тәңірден берілген осынау ұлы қасиетін ұстап тұру, одан әрмен дамыту бағыт­тарында да біраз тірліктер атқарыл­ды. Бұл ретте бір талант көрсе өзінен де бетер қуанатын, ұлт руханиятын өрге сүйреп жүрген Иман­ғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың бұл жылғы айрықша белсенділігін де атап өту керек. Димаш жарқ етіп көрінгеннен әлемдік деңгейдегі өнер қайраткерлерінің де назарын аудар­ғаны сөзсіз. Соның бірі – Ресейдің әйгілі композиторы Игорь Крутой мен Димаштың шығармашылық байланысына жол ашып, өнерін одан әрі өрістетуіне Имекең игі ықпал етті. «Талантты талант ғана таниды, түсінеді» деген рас. Шығармашылықтағы бұл өзгеше жұптасу сөз жоқ Димаштың кеңістігінде ерекше дүмпу туғызды.

Имаш қайда жүрсе де Имаш. Ресей елшілігіндегі қызметін таяуда тоқтатып, зейнет демалысына шыққан көрнекті қайраткердің екі ел арасындағы ынтымақ­тастықты жаңа бір белеске алып шыққаны жұрттың жадында. Әрине, оның бәріне тоқталсақ, бір мақала аздық етеді. Дейтұр­ғанмен де, Ресейдің Рязань облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысына шыққан Ораз Мұхамед сұлтанның басына мемориалды тақта қойып, осы орайдағы алыстан сәлем жолдаған Мұхтар Мағауиннің бірауыз ілтипатының Алаш жұртының айрықша назарын аударған ақжолтай ақпарат болғанын мақтаныш сезіммен атап айту ләзім. Оның маңызды­лығы сонда – өз ішіндегі тарихты былай қойғанда, сырттағы тарихымызды түген­деуге тағы бір бетбұрыстың жасал­ғандығы. Бұл қайда жүрсе де  елге деген ыстық сезімнен бір сәтке ажырамай жүретін Елбасының сенімді серігі Имаштай азаматтардың ғана қолынан келетін іс.

Осы жылдың орта тұсында Алматыда Мұстай Кәрім атында көше ашылды.  Осы істің басы-қасында жүрген Имекең бір сөзінде «Елімнің исі бұрқырап, аман-сау жүріңіздерші зиялыларым» деді. Осы сөздің салмағын екшей білсек, қане?!

 

Бақытжанның бағыты

немесе жылдың естен кетпес сөзі

Шынын айту керек, Алматы соңғы кезде  рухани жаң­ғыруға, керек болса қайта бір өркендеу дәуіріне бет алды деуге болады. Қалаға рух келді. Оның басты көрсеткіші ұлттың әкесі мен шешесіндей өнері мен мәдениетіне деген қамқорлық.

Әрине, бұл тараптағы атқарылған әлі де атқарыла беретін жұмыстарға тоқтал­сақ, алысқа кетіп қаламыз. Оның үстіне бұл тірліктердің деніне жуығы «Алматы ақшамында» жыл бойына егжей-тегжейлі, жеткілікті жазылды, жұрт хабардар.

«Алматы қай кезден де мәдениеттің, әдебиеттің ордасы ғой. Ол сол мәрте­бесін сақтап қалуы керек». Бақытжан Сағын­таевтың зиялылармен кездескен­дегі осы бір сөзі есімізде. Рас, қай қазақ болсын Алма­тыны қай кезден әдебиет пен мәдениеттің орталығы ретінде біледі. Алматы – Алаштың ардақты­лары Ахаңдар мен Жақаңдардың таба­нының ізі қалған, қазақтың байырғы зиялыларының қасиетті мекені. Міне, сол ұлыларды ұлықтау ісінің жалғасын табуы қуантады. Бізде бір дағды бар. Елге айрықша еңбегі сіңген адамдардың мерейтойын күтіп отырамыз да, сол тұста ғана құрмет көрсетуді міндет санаймыз. Меніңше, мерейтойларды күтіп отырумен іс бітпейді, мұндай тұл­ғалардың қызметінен түйетін тағылым әр кезде орайын тауып жалғасып отыруы қажет. Бұл ретте белгілі бір қасаң қағидаларға құрылып қатып қалған нұсқаулардың бұл кісілерге қатысы болмауы керек. Кез-келген басшы мұндай шектеулерді, шеңбер­лерді өзінің ақыл-парасатына сай бұза алады. Бұл ретте оның саяси тұлға ғана болуы жеткіліксіз, ол ең алдымен руха­ни тұлға болуы керек. Сол қасиетке ие тұлға халықтың көңілінен шығатынына сөз жоқ. Өйткені, елді бір-бірімен жақындастыратын өнер, рухани тұлғалар, олар ұлтқа бағыт-бағдар беруші. Міне, осының сырын түсінген адамның өзі рухани тұлғаға айналады. Осы ділгір қасиет өз тегінен тамыр тартатын Бақытжан Әбдірұлы сондай тұлға екенін аз уақыттың ішінде дәлелдеді. Әрине, әкімге саясатты да, экономиканы да, әлеуметтік мәселені де терең білгені жөн. Әкім әмбебап қызмет. Дейтұрғанмен де, рухани бағытты қолға алған адамның қай кезде де ұтары көп. Олай дейтініміз, мұндай адамның өзі де, сөзі де түзу болады. Халық сөзі арқылы оның парасат-пайымын, білім-білігін, тегін таниды. Осы тұрғыдан келгенде, Бақытжан Сағынтаев өзін сол биік өреге сай екендігін танытып үлгерді. Әрине, біреуге жағымпазданатын жағдайымыз жоқ, дейтұрғанмен де көр­генді, сезінгенді айту парыз.

Бір мысал келтірейін. Шерхан Мұртаза­ның өмір­ден озғанына орай, ол кісі тұрған үйде ескерткіш-тақта ашылды. Сонда Бақыт­жан Әбдірұлы былай деді:

– Бізде көп дүние қағазға байла­нысты шешіледі. Қағазға әлденені жазамыз да, сол сияның артындағы азаматтың кім екенін ұмытып кете­міз. Біз бәрін таразыға салып қоямыз. Өкінішті-ақ. Осыны жасап жүрген өзіміз. Ал Шерағамыздың дүниеден өткеніне жыл толып жатқан кезде, қағазға қарап қаламыз ба? Осылай қағаздың бәрін ысырып тастап шешім қабылдадық. Мұндай шешім бір жылдан кейін емес, бес жылдан кейін емес, марқұм болған күннің ертеңінде қабылдануы керек. Өйткені, бұл азамат – елдің азаматы. Тек «елім» деп қана өтті. Сол себепті, осындай ізгі шаруаның басы-қасында жүрге­німе қуаныштымын.

Айналып келген­де, осы бір ауыз сөздің өзі оның ішкі мәдениеті мен тазалығынан жеткі­лікті хабар берсе керек.

«Рухани биік кісі – ұлтының ұйыт­қысы» дейді Қадыр Мырза-Әли.

Рухани биік әкім бұл ең алдымен елдің бақыты.

Әр салада мәдениет қолға алынса кез-келген дағдарыстан шығуға болады. Бәрі заңмен шешілуі, реттелуі мүмкін емес. Заңнан биік ұғымдар, құндылықтар бар. Ізгілікпен, рухани жолмен басқарылса, көп мәселенің түйіні тарқатылары сөзсіз.

Өтіп бара жатқан жылдағы санаға сілкініс, жаңғыру әкелген сәттердің біз байқаған қысқа қайырымы осы.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *