Ізгілік іздері

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 Қай заманда, қандай қоғамда болсын азаматтың халық алдында беделге, атақ-абыройға, құрметке бөленуі оның ел үшін атқарған адал еңбектеріне байланысты. Арғын  Арынұлы Сүлейменов – 1916 жылы таршылық қиын кезеңде Павлодар  облысы, Май ауданының  Қызылқұрама  ауылында қарапайым отбасында дүниеге  келіп, бар ғұмырын  денсаулық  саласына  арнаған асыл азамат. Ол жаны жайсаң,  қарапайым, кішіпейіл, ақыл-парасаты мен  қайырымы мол, білімі терең, табиғаты таза, өресі биік, халықпен етене араласып жұмыс істеген еңбексүйгіш, іскер, дарынды басшы болды.

 

Уақыт жаңашылдығын біріктіре  білген

Қазақ медицина  институтын 1940 жылы бітірген  ол әр жылдары Алматы  медицина  институтының  профессоры, оқу ісі  жөніндегі  проректор, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институ­тының директоры, Қазақ  кеңес энцикло­педиясының медицина  редакция­сы ред­алқасының  төрағасы  қыз­меттері  жол­дарынан  өтті.  Іскер ғалымның 250-ден астам ғылыми еңбектері, оның ішінде 4 монографиясы  жарық  көрді. Оның  жетек­­шілігімен 4 докторлық және  12 кан­дидаттық  диссертация  қорғалды. Онко­логиялық ғылыми сараптама бойын­ша еліміздің  Кеңес Одағы Республикалары мен Еуропаның, Американың онколо­гиялық  мекемелерімен  ғылыми  байла­ныстары  кеңейді.

«Ерім деп еміренетін ел болмаса, елім деп езілетін ер қайдан  болсын» деген сөздің астарынан ұлт үшін басын бәйгеге тіккен тұлғалардың ерекше болмысы жайлы танымды аңғару  қиын емес.

Арғын  Сүлейменов кәсіби біліктілігі жоғары, ғылымды  ұйымдастырудағы таланты мен шеберлігі тоғысқан,  уақыт жаңашылдығын біріктіре білген академия­лық медицина өкілі. Ол өзінің саналы ғұ­мы­рының  жарты  ғасырын ғылым жолына арнады, медицина ғылымын дамытуға зор еңбек сіңірді. Адал еңбегінің арқасында Қазақстанның  еңбек сіңірген дәрігері  атағына ие болды. Өзінің саналы өмірін медицина саласына арнап, осы жолда абырой биігіне көтерілген оның өткен өміріне көз жіберсек, өркен жайған өнегелі істің, ел ертеңін ойлаған халықшыл азамат­тың бітім-болмысы бірден көзге  түседі.

Ғалым шығармашылығындағы бір ерекшелік ұлтжандылық пен ұлттық мүдде жолында  қызмет етудегі азаматтық бейнесі дер едік.

Адамның бойында талант пен дарын, нұрлы келбет, ақыл мен парасат болса, ол адамға табиғаттың тартқан құнды сыйы.  Қазақта «түсі игіден түңілме» деген қанатты сөз бар. Бұл сөз осындай ұлағатты кісілерге арнап айтылған тәрізді.  Бүгінде универ­ситет қабырғасында білікті акаде­миктің құрметіне ғалымдардың бас қосуы, Отан медицинасының іргелі мәселелері бойынша жинақталған ой-тұжырым­дардың, теория­лық-әдістемелік негіздердің талқылануы дәстүрге айналған.

Қазақ азаматтары Арғын  Арынұлының етек-жеңі кең, парасаты мен шапағаты, мейірімділігі мен  қайырымдылығы мол, намысы мен пайымы зор екендігін айтудан  жалықпайды. Шәкіртіне білім нәрін беретін ұстаздың өн бойында білімділік пен өмірге деген құштарлық  болуы тиіс. Мұндай қасиеттер академик, профессор,  Арғын  Арынұлының бойынан табылады. Дана халық «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деп тегін айтпаса керек. Оның кез-келген құбылыстың шындық  негізінің қарама-қайшылығы болатындығын көре білетіндігі  ғалымдық зеректігімен ұшта­сады. Шынында да бүгінгі күні ғалымның терең ойлы пікірлері мен өзекті ұстаным­дарының кез-келген мәселені шешу барысында, әсіресе, медицинада кешенді қадам жасаудың бастамасы екендігін айқын аңғарамыз.

 

Медицина  институты  студенттерін қазақ тілінде  оқытуға бастама көтерген

Ол туралы тілге тиек еткенде, ең алдымен, оның алғырлығы, қашан да шалт қимылдап, шапшаң шешім қабылдай­тындығы бірден көзге түседі. Әдетте, ондай әрекетке бейім адамдар көбіне-көп қателікке бой алдырып жататыны анық.  Ал ол кісінің ісінде мұндай жағдай аз, тіпті мүлде кездеспеді десе де болады. Өйткені, оны өмірдің өзі шындап, өзі тәрбиелеп, санасына мол тағылымын терең сіңірген десек, артық айтқандық емес.

Мұндай ерекше жаратылған жан, үлкен пайым мен парасат және абырой биігінен аласармай өткен азамат жөнінде «еді» деп өткен шақты сөз саптап отырғанымыздың өзі өкінішті-ақ. Білікті ғалым, ұлағатты ұстаздың соңына қалдырған ғибраты мол.

Арғын  Арынұлы қоғамдық орта мен әріптестері арасында үлкен сый-құрмет пен беделге ие болды. Достыққа адалдығымен,  адами құндылықтың қадір-қасиетін  көтере білуімен де ол ел алдында есімі ұмытыл­мастай болып жатталып қалды.

«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң тереңдей түседі, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» деп Сократ айтқан тәмсіл асыл тұлғалы жандарға арнап айтылғандай.

Арғын Арынұлы жастайынан алғыр, зейіні зерек болып, бойына қазақы рухты сіңіріп өсті. Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деп дана халқымыз айтқандай, оның  бойындағы адамгершілік асыл қасиет, алдымен анасының ақ сүтімен дарыса, екіншіден, өскен ортасының тәрбиесі де ерекше болғанын көреміз.

Болашақ ғалым  1935  жылы оқуға  түс­кенде курстағы  300–400 студенттің  ара­сында  бар жоғы  7–10 ғана қазақ  жастары  болыпты. Оған кедергі  қабылдау тәртібі тек орыс тілінде өткізілуі себеп  болған. Ол тұста  мұны  айту  мүмкін емес  болатын. Осындай әлеуметтік әділетсіздікті  көрген  Арғын аға  ойлана келе  белгілі ғалым, медицина ғылымының  докторы, профес­сор Естөре  Оразақовпен бірлесіп, инсти­тутта емтиханды  қазақша алуға, студент­тердің 1-2-курста  қазақша білім алуларына  рұқсат сұрап, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші  хатшысы Д.Қонаевқа  өтініш жазады. Мәселе Орталық комитеттің  Білім және  ғылым бөлімінде  қаралып, оңды  шешім қабылданады. Осыдан соң 1962 жылдан бастап Медицина  институтына  қазақ мұғалімдерін  тарта бастайды. Соның  арқа­сында  институтқа түсетін қазақ  бала­ларының  саны  артады. Ұлт дәрігерлерінің  де саны  артып, ғылым кандидаттары, док­торлары, профессорлары  шыға  бас­тайды. Мұндай азаматтық  бастамасыз  қазақ  медицинасы табысқа жете алмас еді. Оның  тұлғалық  қасиеті  осы  жылдары  айнала­сына таныла түсті. Үстінен арыз ұйымдас­тырылып, оның  бәрінен де адал шықты.

Тұлға тек қоғамда атқарған азаматтың орнымен ғана тұлғалық қасиетке  ие бола алады. Демек, тұлға ең алдымен қоғамға керек.

Данышпан Абай: «Егер де есті  кісі­лер­дің қатарында болғың  келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің», – дейді. Демек, біз сол екі аралықта істеген  ісімізге, сөйлеген сөзімізге талдау  жасауымыз керек. Әрине, мұны  іске асыру оп-оңай дүние емес  екені анық. Дегенмен, әр азамат  өзінің қоғам аясында атқарған  күрделі бір ісінен кейін болғанды  таразылап, айтылған сөзді талдап отырғанының өзі үлкен нәтиже берері сөзсіз.

Әр адам өзіне сын көзбен   қарап, өз іс-әрекетін қадағалап,  талдап отырса елдегі бірлік, береке еселенеді. Бүгінде заманның, елдің сипаты өзгерді. Өзгерген заман талабына сай жүріп, талай қиыншылықтан мойымай өтіп, тек  қана алға ұмтылған бүгінгі қазақ кәсіби   медицина  саласы осындай ғалымдардың  арқасында әлем медицинасының алғашқы қатарында тұрғанын мақтанышпен айта аламыз.

Тұтас бір ұлтқа тірек болған асыл жандар сөз жоқ, ұлттық ақыл-ой мәдение­тінің төрінен орын алып, ортақ мақта­нышқа айналады. Тура сөйлеп, тік жүретін адамдар қоғам байлығы. Өркениетті, өсіп-өнген ел-жұртқа ондай кісілер қай уақытта өте-мөте қажет. Халық та сондай деңгейде әрбір айтулы азаматты көргісі келіп тұрады. Болған кезін әсте ұмытпайды. Тірі жүргенінде ірі болған тұлғаларын сағы­нады. Тасқа басылған асыл ойлары мен өшпес ізін кейінгі жас толқынға тағылым ретінде айта жүреді. Ұлағатын ұлықтайды. Белгілі ғалым, елімізге танымал қоғам қайраткері Арғын Сүлейменов  осы биіктен көрінген азамат еді.

Жұмыр басты адам баласы жер бетін жайлағалы бері жаһанның жұмбақ сырларын ашуға деген құлшынысы әсте бір толастаған емес. Қоршаған ортаның құпиясына қанығып, тылсым сырын терең тануға деген талпынысы үлкен ізденіске жол ашып, ғылым-білімнің қалыптасуына алғышарт та бола білгені жасырын емес. Одан беріде он сегіз мың ғаламның қисапсыз құпиялары ашылды. Қаншамасы зерттеліп, зерделену үстінде. Сырын бермей сол қалпында сақталып тұрғаны да бар. Белгілі тұлғаның  өмірінің қай беле­сінде де ізгілік ізі сайрап, ізетті ісі жайнап жатыр. Өзінің өмірін адал еңбекке, халықтың мүддесіне, мемлекеттік істерге арнап, ұрпағын ел азаматтарының қатары­на қосқан, үлкенге қамқор, кішіге қалқан болған Арғын аға, аузы дуалы ақсақал­дардың батасын, кие қонған кейуана­лардың алғысын алды.

Тұлғаларға лайықты құрмет көрсету – қоғамның парызы. Айналасындағы ағайын­ға жүрек жылуын сыйлаған, өз басының қамынан ел-жұрттың мүддесін биік қойған Арғын  Арынұлы бұл күнде арамызда жоқ. Бірақ оның есімі мен ісі, айтқан сөздері мен көркем мінезі жұрттың жадында қалды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *