Ізгілік іздері

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Тіршілікте адам денсаулығынан қымбат не бар? Сондықтан  да болса керек, адамдар бір-бірімен кездескенде алғашқы  сұрайтыны да: «Денсаулығыңыз  қалай?» болып жатады. Десек те, қым-қуыт  тіршілікте  оған соншалықты  мән бермейтініміз де бар.  Ал өзінің емес, өзгенің денінің саулығын ойлау мен оны қорғайтын  мамандық иелерін қалай қабылдар  едің!? Ал ондай  жан өзі емдеп, өзінің  білгенін  өзгеге үйретер  болса ше?..

Үлкен жауапкершілік пен салмағы бар істіабыройменатқара білудің өзі үлкен арлылық  өлшеміне тәнқасиет.  Мұндай да халқымыз «Жарлы болма, арлы бол», – деп тектен-тек  айтпаса керек. Осындай арлы азаматтың бірі – республикамызға  белгілі  ғалым   Смағұл  Нұрғожаев еді.

Смағұл  Нұрғожаұлы 1919 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Көктөбе  ауылында дүниеге келеді. 1939 жылы Алматы Медицина институтына  оқуға түсіп, оны 1943 жылы бітіріп шығады. Сол жылы Кеңес  әскерінің қатарына  шақырылып, Украина  майданындағы  әскери дала  госпиталында дәрігер болып қызмет атқарады. 1944 жылы 1-ші Польша әскери госпиталында дәрігерлік қызмет атқара жүріп, жеңісті Германияда  қарсы  алады. Дала госпиталында  жаралы  жауынгерлерге  ота жасап, оларды талай өлімнен аман  алып қалады.

Соғыстан соң Кеңес әскерінің  Мәскеудегі орталық Бас  санитарлық басқармасында қызметке  қалдырылып,  әскерден 1946 жылы босап,  елге оралады.  Оның содан бергі  өмірі Алматы  қаласының  түрлі сауықтыру мекемелерінде өтеді. Октябрь аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, Қазақ  теміржол басқармасының емхана меңгерушісі, Орталық  теміржол  ауруханасының бас дәрігері қызметтерін атқарады. 1953 жылы ғылыммен айналысуға ден қойып, өмірінің  соңына  дейін Алматы Медицина  институтында 33 жыл  қызмет атқарады. Жоғары дәрежелі дәрігер 1997 жылы өмірден  өтеді.  Бүгін есімі елімізгекеңінен танымал көрнекті ғалымСмағұл  Нұрғожаев тірі  болғанда,  100-ге  келер  еді.

Өмірде өте қарапайым, менмендігі жоқ, кішіпейіл, үлкен-кішімен бірдей мәміле жасайтын, әдептен  озбай, сыпайы жүріп, байыппен сөйлейтін, ешкімнің ұжданына тіл тигізбей  ұлы  ұстаз   осы  мінезімен  сан мыңдаған  шәкірттерінің  есінде  қалды. Шынайы ізгі ниетпен біреулердің мұқтажын шешуге аянбайтын, көңілі дарқан даладай, ғұмырында ар мен намысты пір тұтқан асыл  азаматтың  бұл  өмірден өткеніне де  біршама  жылболыпты.

Ойды ой қозғайды. Бір пайым екіншісіне қанат байлайды.  Жарық сәуле деген ұғым бар, қайталанбас құдірет бар. Ұстаздық та, ғалымдық та, азаматтық та, басшылық та  – ардың ісі.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген халқымызда әдемі тіркес бар. Бұл кез-келген адамға айтылмайтын, телінбейтін баға. Нағыз гауһар тас жан-жағына жарқыратып сәулесін шашып, нұрын сыйласа, нағыз азамат та – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан.

Смағұл  Нұрғожаұлының еліміздің жоғары білім беру саласына сіңірген еңбегі мен ұстаздық қызметінің жеңісі мен жетістігі орасан  зор. Ол әріптестік ортада өзіндік таным, терең білім,  еңбексүйгіш, жұмысқа қабілеттілік пен талапшылдық және ізгілікке толы қасиеттерімен ерекшеленген тұлға деп толықтай айтуға болады.

Смағұл  Нұрғожаев өзінің тындырымды істерімен, батыл бастамаларымен өзі  өмір  сүрген  заманның сегіз қырлы, бір сырлы азаматының келбетін қалыптастыра білді. Абырой-беделінің кеңдігіне қарамастан қарапайым болуы ол кісінің тектілігін сипаттайды. Ұрпақтар сабақтастығына аса мән беруі, жасы үлкен азаматтарға ізгілік ілтипатын көрсетіп, жастарға арқасүйер қамқор аға бола білуі оның көңіл дархандығын бейнелейді.

Ұстаз-ғалымның  әрбір сөз саптауының, әрбір әңгімесінің астарында адамгершілік құндылықтары жататын. Өсіп-өнген ортасы, ата-анасының мейірімі, туған жерге сағынышы туралы кей-кейде әңгімелегенде тәрбиелік мәні терең мәліметтерге қанығасың. Қарапайым ғана өмірдің мысалын көңіл көкжиегіне ерекше әсерлеп жеткізеді. Кей сөздерінің тереңдігі соншалық, уақыт өте келе ғана оның дәл айтылғанын түсінесің. Ол ұстазға тән қасиет деп білеміз.

Смағұл  Нұрғожаұлы жоғары оқу орындарының  студенттеріне білім нәрін себуде үлкен нәтижелерге  қол жеткізді.  Ұстаздарының   осы қасиетін бүгінде   үлгі-өнеге  тұтатын  шәкірттері  бар.

Ол жастардың  үлкен жанашыры бола  білді.  Студенттердің, жас мамандардың   бойынан тек  жақсылық пен  білімге  құштарлықты іздейтін  ұстаз  олардың оқу  процесіндегі  мәселелеріне  қол ұшын  беруге  қашан да    қамқорлық  танытудан  бас  тартпаған  жан.

Жастық кезеңде кездесетін сан қиындықтарға мойымай, қиналғанда  қуаткер, оңашада ой-ерік, жалғыздықта жолдас, бақытқа бастар ақылшы, торыққанда таяныш, адамдар арасында айбар, жауға қарсы жебеболатын  білім мен ғылымды қуалауға  жастарды  баулудан   да  алдына  жан  салған  емес. Жылдар өте ізденіс пенқабілет-қарымныңарқасында шеберлігі дамып, өмірге деген көзқарасы кеңейіп, ғылым жолына бүкіл ғұмырының рухани азығына  айналып,  білім беру саласына өмірін арнаған жанның  осы  қасиетін  бүгінде  барша  шәкірттері   айтып  жүр. Ғылым майданының қатардағы жауынгері тек үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өтуі арқылы қайраткер дәрежесіне дейін көтеріле алатыны анық.

Белгілі  ғалым,  ұлт   қайраткері Евней Бөкетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Смағұл  Нұрғожаұлының бойынан осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы табылатын.

Оның өмірі мен атқарған ісі жас буынмен қатар, өзімен қатарласа қызмет атқарған барлық замандастарына да үлкен өнеге  болды. Осынау өнегелі өмірінде «Білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету» деп білген ұлағатты ұстаздың әрбір әрекеті, берген білімі барлық шәкірті үшін қашанда ұмытылмас дүние.

Ғалым-ұстаздың жарты ғасырдан  астам  педагогикалық қызметінде 50 ғылыми еңбегі,  3 монографиясымен қатар, 100-ден астам ғылыми мақалалары баспасөз беттері мен ғылыми басылымдарда жарияланып, қазақ ғылымы мен біліміне үлкен үлес болып қосылды. Бұл еңбектері арқылы  автор әлемдік  медицинадағы құндылықтарды  бір бойына  жинамай оны шәкірттеріне ұялата  білді.

Әл-Фараби  данышпан:  «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың  ешнәрсесін ұмытпайтын,алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.Ол мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын  ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан», – депті.

Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс. Әрине, бұл биік өлшемдерге ұстаздың ұстазы ғана сыя алатыны анық. Керісінше, екінің бірі данышпан айтқан қағидаларға теңесе алмайтыны тағы да аян. Дегенмен, шығыс ойшылының ұстаз жөніндегі ғақлияға толы толғамдары Смағұл  Нұрғожаұлына  қарата айтылғандай болады да тұрады.

Ұлағатты ұстаздың алдынан тәлім алып, білім нәрімен сусындаған шәкірттер өздерінің оған деген шексіз құрметі мен алғысын білдіріп келеді. Бүгінде олардың көпшілігі мемлекетт  құрылымдарын басқарып отыр.

Асыл  азамат еңбекте ғана емес, отбасында да береке-бірлікке  ұйытқы  болып, шаңырақтағы шаттықтың шалқуына отағасы ретінде қосқан үлесі зор.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық мақалына  орай,  өнегелі  отбасында  өскен  Еркін  Смағұлұлы  да   ата-ана  жолымен  жүріп,  белгілі  ғалым-дәрігер  дәрежесіне  жетіп отыр.   Бүгінде Еркін  Смағұлұлы  медицина ғылымының  докторы, профессор, Алматы Мемлекеттік  университетінің кафедра  меңгерушісі  болып  қызмет  етеді.Асқар таудай әке мен асыл ананың ғибратты ғұмыры болашақ ғалымның өсу жолдарына елеулі әсерін тигізгені айқын. «Отбасым мен іні-қарындастарым – Алланың маған сыйлаған бақыты» деп өз естеліктерінде үнемі айтып жүретін Смағұл  Нұрғожаұлының   зайыбы –медицина  ғылымының докторы, профессор еліміздегі  педиатрия мектебінің  негізін  салушы Барлыбаева  Нина  Ахметқызымен жұбайлық өмірде жарасымды жұп  бола білді.

Нина  Ахметқызы да  мінезге бай, бір бойынан қазақ әйеліне тән барлық жақсы қасиеттер тоғысқан, ақылына көркі сай ғалым.  Медицина  саласының  ірі ұйымдастырушысы, қазақ қыздарының  арасынан шыққан тұңғыш  доктор, балалар  дәрігері Нина  Ахметқызы әл-Фараби  атындағы сыйлықтың  екі  мәрте  иегері, Қазақстанның  еңбек  сіңірген дәрігері, КСРО  жаңашылы  атақтарына  ие  болды.  Оның  жетекшілігімен  еліміздегі  балалар  арасындағы жүрек,  буын  ауруымен  сырқаттанушылардың  үлесі  20 есе  азайды.  Сөйтіп,   ол отандық  медицина  ғылымының дамуына сүбелі үлес қосты.  Нина  Ахметқызы  арамызда  болғанда бүгінде  95 жасқа  толар  еді. Бүгін – Алматы  мемлекеттік медицина университетінде қос  ғалымды еске  алу  шаралары өтпек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *