Ізгі қала ілімі

Президенттің Жолдауын тыңдау барысында менің есіме бірден түркі ғұламасы, әлемге әйгілі энциклопедист ғалым, терең ойлы философ Әбу Нәсір әл-Фарабидің ізгілік қаласы туралы ілімі түсті. Қоғамның ол ұсынған үлгісі – адамдардың бақытқа жетуін көздейтін, ізгі басшының басқаруымен, бірлесе, бір-біріне көмектесе отырып, ізгі істер жасауға ұмтылатын қоғам. Әлемдегі басқа халықтар сияқты, қазақ халқының да түпкі мақсаты – осындай қоғам құру. Оған жетудің жолдарын көрсететін негізгі бағдарламалардың бірі деп қарастыруға болатын Жолдау жүзеге асырылуы тиіс шаралардың нақтылығымен, қоғамымызда орын алып отырған кемшіліктердің сыни түрде, ашық айтылуымен және оларды түзету бағыттарының айқын көрсетілуімен ерекшеленеді.

Кез-келген қоғамның өркендеуіне айқындаушы әсер ететін – білім мен ғылым екені сөзсіз. Сондықтан Жолдауда бұл салаларда қордаланған мәселелерге баса назар аударылған. Университеттер кезінде Еуропада білім мен ғылым ошағы ретінде қалыптасқаны белгілі. Қазіргі университет жоғары білім берудің осы классикалық үлгісіне сай болуы тиіс және бұл – заман талабы. Университет қабырғасында бұрынғыша білім берумен ғана шектелуге болмайды, ғылым мен техниканың барлық саласы бойынша ізденістер жүргізу, оның жетістіктерін оқу үдерісіне енгізу, сол арқылы жастарды ғылымға баулу өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жетістіктері қомақты және олар әлемдік деңгейде мойындалып отыр. Университеттердің QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде ҚазҰУ соңғы бес жылда 400 сатыға көтеріліп, биыл 207 орынға ие болды. «QS Worldwide 2019» Симпозиумы мен SUN Ассамблеясы қыркүйек айында ҚазҰУ-да өтетіні де университеттің әлемдік деңгейдегі жетістіктерінің тағы бір дәлелі.

Жолдауда елімізде әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Абайдың 175 жылдығы туралы, оларды атап өтуде даңғазалыққа бой ұрмау, керісінше, ойшылдарымыздың ілімдерін халықтың арасында кеңінен насихаттау мәселесі де айтылды. Оның да оң тәжірибесі ҚазҰУ-да бар. Университет қазақ топырағынан шыққан дана философ әл-Фарабидің ілімінің ренессансын жүзеге асырды десек, артық айтқандық болмайды. Оның ізгілік қаласы туралы ілімінің негізінде «Al-Farabi university cmart city» жобасы табысты жұмыс істеуде. «Әл-Фараби және қазіргі заман» пәні барлық факультеттердің оқу бағдарламаларына енгізілді, оның көптеген еңбектері қайта басылып шықты және әл-Фараби философиясы бакалаврлардың, магистранттар мен докторанттардың ғылыми ізденістеріне арқау болып отыр. Университет жыл сайын әлемдік деңгейде Фараби форум өткізіп келеді.

Әрине, еліміздегі ғылымның, білім берудің сапасы туралы Жолдауда айтылған сыни тұжырымдар бәрімізге ой салғаны сөзсіз. Бұл бағыттар бойынша жақсы істердің жақсы нәтижелері бар екендігі бізді үміттендіреді және жаңа биіктерге жетелейді.

Гүлжиһан НҰРЫШЕВА,

философия ғылымының докторы, профессор,

ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгерушісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *