ҚИЯНАТ

немесе академик Евней Букетов қалай қудаланды?

Жақында «Алматы ақшамы» газетінің саяси шолушысы, Қазақстанның құрметті журналисі Әшірбек  Амангелдінің  «Зерде» баспасынан  «Таным» атты танымдық-сараптамалық кітабы  жарық  көрді. Бұл  автордың  осы  тақырыптағы екінші  кітабы. 2015 жылы  жоғарыдағы   баспадан «Көзқарас» атты  танымдық-талдау кітабы жарық көріп, ол көпшілік оқырмандардың  ыстық ықыласына бөленген  болатын.

Кезекті кітабы дүние жүзі мемлекеттері басшыларына берілген саяси сипаттама тақырыптарынан тұрады. Мұндағы саяси сипаттамалар мен тұлғалар өмірінен жазылған терең толғаныстардың бәрі кезінде «Алматы  ақшамы» газетінде жарық көрген. Бүгін соның бірін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы  ақшамының» саяси шолушысы

Бұл  кешегі 70-ші жылдардың аяғында орын алған жағдай. Ол кезде Евней Арыстанұлы Букетов Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры ғана емес, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі деген тәрізді жоғары атақ-лауазымдарға ие, елге танымал тұлға болатын. Өзге ғалымдардан бір айырмашылығы – оны зиялы қауым мен қалың жұртшылық публицист, жазушы және аудармашы ретінде де жақсы білетін.

Евней Букетовтің шығармашылығынан туған: «Досы­ма алты хат», «Түйе қомында туған адам», «Шы­ғармашылықтың қырлары», т.б. повестер, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, Д.Менделеев туралы естеліктер, батыс және орыс клас­сиктерінен У.Шек­спирдің «Макбет», «Юлий Цезарь» драмаларының, Эмиль Золяның әңгіме­лері мен Сергей Есениннің «Анна Снегина» поэ­масы және өлеңдерінің қазақшаға аудармасы әдебиет сыншылары мен оқырман көпшілік­тің оң бағасын алып үлгерген еді. (Мен өзім кезінде ол кісінің «Нефть, бензин, керосин и другие из воды и угля» деген ғылыми-танымдық мақаласын қазақшалап, «Зерде» журналының 2000 ж. №2,3 нөмірлеріне жария­лап, автордың жазу стиліне, көркем тіліне тәнті болғанмын).

Көз көрген, қызметтес болған замандастарының жазуларынша Евней Букетов Қазақстандағы ҚазМУ-ден кейінгі екінші университет болып ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры (1972–1979 ж.ж.) ретінде оның ірге қалап, қалыптасуына орасан зор үлес қосты. Оның биік біліктілігі мен зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында  КарГУ аз уақыттың ішінде республика­мыз­дағы айтулы жоғары оқу орындарының біріне айналды. Университетке тән кәдуілгі физика, матема­тика, химия, биология, тарих және филология сияқ­ты мамандықтарға қоса, мұнда заң факультеті ашылып, жұмыс істей бастады. Ондай факультет бұған дейін Қазақстан бойынша тек КазГУ-де ғана  болатын. (Ақиқатын айту керек. «Балам закон білді деп, қуанар ата-анасы» деп данышпан Абай айтпақшы, заңгерлікке ұмтылу әуелден қазақтың қанында бар нәрсе. Сондықтан да болар, сол бір 70-80-ші жылдары өз баласын болашақта прокурор не судья, тергеуші, ең құрығанда учаскелік милиционер қызметінде көргісі келетін әрбір үшінші-төртінші ата-ана тамыр-таныс іздеп,  Алматы мен Қарағандыға сабылып жататын).

ҚарМУ-дегі  ректорлығымен қатар Евней Арыс­танұлы бұған дейін өзі директоры болған Қазақ химия-металлургия институтынан да  қол үзген жоқ. Қазақ КСР ҒА президенті Ш.Есеновтің  республиканың Жоғары және орта арнаулы білім министрі К.Ай­мановқа жазған өтініш хатына орай аталған ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер міндетін қоса атқарып, бірнеше тақырыптарға жетекшілік етті. Ол жұмыстары да ойдағыдай жүріп, айтарлықтай нәтиже, жетістік­терге  қол жеткізіп жатты.

Көрнекті ғалым 1975 жылы  50 жылдық мерейтойын кейбіреулерге ұқсап,  даңғаза-мадаққа толы жиналыс өткізіп, аста-төк дастархан жаймай-ақ ең жақын достары мен жанашыр ағайын, мақсаттас әріптес­терінің ортасында қарапайым ғана атап өтті. Респуб­лика ғана емес, КСРО-ның  әр қиырынан: Мәскеу, Ленинград, Киев, Баку, Ташкент, Қазан, Улан-Удэ, т.б. қалалардан әйгілі ғалымдар, жазушылар және қоғам қай­рат­керлерінен оны  жартығасырлық мерей­тойымен шы­н жүректен құттықтаған жеделхаттар жауып кетті.

Былайша айтқанда, жетпісінші жылдардың аяғы талантты химик-металлург ғалым, жоғарғы мектептің білікті ұйымдастырушысы, академик  Евней Букетов үшін  қызметте де, ғылымда да, шығармашылықта да тасы өрге домалап тұрған, нағыз жұлдызды шағы еді.

Кенет, ойламаған жерден 1979 жылдың 19 мамыры күні  республикалық «Ленинская смена»  жастар газе­тінде тарих ғылымының кандидаты Ю.Рощин дегеннің «В соавторстве… с Хлес­та­ковым» деп аталатын фельетоны жарық көрді. (Тақырыптың бұлай қойы­луы атақты  орыс классигі Н.В.Гогольдің  жұртқа танымал «Ревизор» шығармасындағы даңғой Хлес­таковты меңзегені-тін). Орынсыз күйе жағу, қисын­сыз әжуа мен мысқылға толы бұл фельетон Е.Букетов пен оның айналасындағы тілектес көпшілікке жарық күнгі найзағайдай әсер етті. Пенде, адам баласы дос-дұшпансыз болған ба? Әуелден Букетовке реніш-өкпесі, қыжылы барлар «әп бәлем, бәсе!» десті.

Кеңестік идеологияның талап-өлшеміне және сол кездің  жазу әдебі, стиліне сай фельетон алыстан орағытып: «Жұрт білетіндей, мемуар дегеніміз  әуелден мойындалған және кеңінен танылған жанр. Көзбен көріп, бастан кешкенді шынайы, нанымды етіп жазып көрсету кім-кімге де тыйым салынбаған. Тарих­та орын алған қилы оқиғалар мен жағдаяттарды оның тікелей  куәгері болған авторлар жазбаса, ондай дерек­ті прозасыз әдебиетіміз жұтаң болып қалар еді…» деп басталады. Сонан соң  мұндай тақырыпқа қалам тартқан әрбір автордың мейлі ол – партия-кеңес қайраткері, не әскери қолбасшы, дипломат,  ғалым немесе мәдениет қызметкері болса, ең алдымен, туындының партиялылығына, тарихи объективтілігіне жете мән беру қажеттігі, сондай-ақ, эгоцентризмнен, өзін-өзі  жарнамалаудан аулақ болуы ескертіліп, Е.Букетовтің «Простор» журналының 1978 жылғы №8 және 9 сан­дарында жариялаған «Время светлой судьбы» деген деректі повесі, яғни «ғылыми қыз­меткердің жаз­балары»  сынға алынды.

Фельетонда «автор  «мен» деп өзін жиі айтып, мақтангершілікке жол берген, өзінің қоғамдық-әлеуметтік рөлін жоғары етіп көрсеткен» деп кінә­лады. Мәселен оның: «Мақтанды демеңіз, менің тікелей белсенді қатысуыммен елуге жуық өнертабыс және бір жаңалық ашылды» деген сөзін келтіріп, мұнысы ғалымға тән сыпайылықты, әдептілікті сақтамау деп санады.

Оқырманды иландыру үшін беталды жамандай бермей: «Сөз жоқ, Е.А.Букетовтің жазғанында бірер көңіл  аударарлық қызықты пайымдаулар, қисынды түйіндер бар» дей отырып, алайда тұтастай алғанда, автордың «жазбалары» қоғамның бет-бейнесін, ғылыми-техникалық интеллигенция әлемін ұсақ, әлеуметтік жағынан шектеулі, араларында көбінің ғылымға пайдасы жоқ, бос сенделіп жүрген мансапқорлар етіп  көрсеткен» деді.

Автор: «Мен уақыт және өзім туралы сөз етейін деп ем. Қарап отырсам, екеуінің де сәті түспеген тәрізді» деп айтады. Ал шындығында, жазғандары тек өзі жайында болып шыққан  деп  сынады.

Тіпті, Қаныш Сәтбаевтың  Евней Букетовке: «Ой, сен қандай азаматсың! Осындай бір талантты, еңбек­сүйгіш, білікті де зерделі,  қарапайым бір жас жігіт бар деп еді. Маған сен туралы институтыңдағы акаде­миктер айтқан» дегеніне де күдік келтірді.  Білетін­дердің айтуынша, бұл пікір академия президентінің сөз саптауына ұқсамайды-мыс.

Жалпы, автордың мемуарын бастан-аяқ сынап, «ғылыми қызметкердің жазбаларының»  идеялық-тәрбиелік мәні жоққа тән деген баға береді.

Осы сияқты фельетонның аяқ жағында Е.Буке­товтің шығармашылықпен айналысып, XVІ-XVІІ ғ.ғ. ағылшынның классикалық драматургия туындыларын, сондай-ақ С.Есенин, А.Пушкин мен В.Маяковскийдің өлеңдерін тісі батып, қарым-қабілеті жетіп, сәтті аударғанына күмәнмен қарады.

Бір айта кетерлігі, фельетон авторы Ю.Рощиннің бұл тақырыпқа «жан-жақты дайындықпен» келгені және де  оның ықпалды біреу болғаны байқалады. Олай дейтініміз, Е.Букетовтің деректі повесін жария­лаған «Простор» журналының  1979 жылғы мамыр нөмірінде шұғыл редакциялық поштаға шолу ұйым­дастырылып, онда  қарағандылық оқырман Ж.Тюле­невтің хаты арқылы авторды «жазбаларында өзін тым асыра мақтауға жол беріп, бірге қызметтес болған­дарды негізсіз қаралаған» деп  бір түйреп өту екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Әрине, мұндай шағын мақалада фельетонда жазылған жәйттің  бәрін тізбелеп келтірудің қисыны мен реті  жоқ. Әйтсе де, оны мұқият оқып шыққан оқырман оның о бастан  «тырнақ астынан кір іздеп», әр нәрсені ілік етіп,  авторды аяқтан шалып,  сағын сындыру мақсатында жазылғанын оңай аңғарады.

Ендігі жерде оқырман тарапынан: «Кім туралы, қандай фельетон жазылмай жатыр? Мұнда Е.Букетов­тің бір шығармасы ғана сынға алынған. Оның ректор­лық қызметіне, не ғылыми жұмыстарына баға беріліп жатқан жоқ қой» деген сауал тууы ықтимал. Әңгіме сонда. «Сыныққа сылтау» демекші, жоғарыдағы мүдделі біреулерге осындай себеп пен түрткі қажет болған болса керек.

Ғалымның туған інісі Қамзабай Букетовтің  жазға­нындай  («Воспоминания о Евнее Букетове», «Индус­триальная Караганда», 2004 г. 27.ХІ–2005 г. 11.01), аталған фельетон жарық көргеннен кейін-ақ, универ­ситеттің «оқу процесіне, қаржы-шаруашылық қызме­тіне. т.б. шұғыл және жан-жақты тексерулер жүргі­зілген.Тексерушілер қандай да бір кемшілік пен ілік таппағандықтан, сол жылдың аяғында Е.Букетовті денсаулығына байланысты  өз еркімен өтініш жазып, жұмыстан кетуге мәжбүр еткен».

Естелік жазушының болжауынша,  мұндай жағдай­дың орын алып, ағасының қызметтен қуылуына  сол кезде «Евней Букетов республикалық Ғылым академиясының президенті болады екен» деген сыпсың сөздің шығуы себеп болған көрінеді.

Тағы да естелікке сүйенсек, онда мынадай жолдар бар: «…Бұл  ол туралы ашық әрі теріс сипатта жазыл­ған алғашқы да жалғыз материал  болатын… Мұндай фельетонның  жариялануы зиялы қауымға, әсіресе, ғалым­дар мен жазушыларға жайсыз әсер етті. Сондықтан олар фельетонның авторын іздестіріп, дереу тапты. Ол сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бірінші хатшысының көмекшісі Владислав Владимиров болып шықты. Республика жұртшылығы мен ел алдындағы жауапкершіліктен жасқанған автор фельетонға  бүркеншік атпен қол қойған.

Менің өзімше жүргізген зерттеуім де осы фактінің растығын дәлелдеді. Біреуді қаралауға арналған бұл фельетонсымақ алдымен «Казахстанская правда» газетіне ұсынылыпты. Алайда, басылымның бас редакторы Ф.Михайлов автордың жоғары лауазымды қызмет атқаратынына және республикадағы бүкіл баспасөзге билігі жүретініне қарамастан азаматтық табандылық танытып, фельетонды жариялаудан бас тартқан. Ал жастар газетінің бас редакторы Ф.Ф.Игна­тов  басшы партиялық аппараттағы биік лауазым иесінің қысымына шыдамаған, оның үстіне фельетон кейіпкерін онша танып, білмеген. Федор Федоровичтің өзі мойындағандай, артынан онымен кездесіп, сөйлескеннен кейін, жариялағанына қатты өкініш білдірген…».

Бұған қосымша  Қамзабай Букетовтің естелігінен оқып-білгеніміздей,   «Кооперативные новости» басы­лымы 1992 жылы  «Это не Записка. Это донос» деген мақала жазып, мәселенің соңғы нүктесін қойған. Онда әлгі автордың «жасырын қаралауы» мен озбыр қияна­тының арқасында талайлардың жазықсыз жапа шеккені, солардың қатарында  академик Е.Букетовтің да болғаны айтылған.

Мақаланың редакциялық соңғы түйінінде: «Жала жауып жатыр деп В.Владимиров бізді сотқа берсе дұрыс болар еді. Жасырын жаланың авторын сараптама жасап, анықтауға қажетті қаржыны қанша болса да төлер едік. Біз куәгерлердің бәрін де тыңдауға дайынбыз. Қалай дегенмен де кәзірше лайықты жазадан құтылып кеткен адамға қатысты қызықты бір сот процесі болар еді»  деп жазылған.

Алайда, фельетонның, яғни жасырын жаланың авторы редакцияны сотқа бермеген.

Ешбір негізсіз Қарағанды мемлекеттік универси­тетінің ректорлығынан босатылғаннан кейін академик Евней Букетов  баяғы өзі басшылық еткен Химия металлургия институтына аға ғылыми қызметкер болып ауысып, онда  үш-төрт жылдай жұмыс істеген. Рек­торлық қызметтен кеткенде еңсесі түспей: «Бәлкім, бұл жақсылықтың басы шығар. Мен енді алаңсыз ғылыммен айналысатын болдым. Көптен бері сапасы төмен көмірден мұнай, бензин, керосин, т.б. отын өнімдерін алу мәселесін зерттесем деген ойым бар еді» депті.

Өмірде көрер көзге жасалған қиянаттан ауыр жаза жоқ. Өйткені, ол  тәнге емес, жанға жара салады. Тәннің жарасы жазылады. Ал жанның жарасының жазылуы қиын.

Көрнекті химик-металлург  ғалым, талантты жазу­шы-аудармашы, ақынжанды азамат Евней Арыстан­ұлы Букетов 1983 жылғы15 желтоқсанда кенеттен 58 жасында көз жұмды.  Көргендердің айтуынша, ол таңер­теңгілік қасындағы сенімді сырттанымен қыды­рыстап жүргенде кенет жүрегі сыр беріп, тоқтап қалған…

Осылайша  пасық пиғылмен жазылған бір фельетон арқылы  бергенінен берері көп талантты ғалымның өмірі ерте  қиылып, Қазақстан ғылымына қиянат жасалып, зор нұқсан келтірілді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *