«Ислам қаржы орталығы» ашылды

Биылғы жылы қазақ білімінің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жыл және осы университеттің экономика және бизнес жоғары мектебіне 70 жыл толып отыр. Осынау мерейлі жыл аясында Астана халықаралық қаржы орталығы және Катардың Хамад Бин Халифа университетінің ынтымақтастығы негізінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінде ТМД мемлекеттерінде болмаған бірегей Ислам қаржы орталығы ашылды.

 Рая ЕСКЕНДІР

Ислам қаржы орталығының ашылу салтанатына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов, Хамад Бин Халифа универси­тетінің президенті Ахмад М.Хасна, «AІFC Admіnіstratіon» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ернұр Рысмағамбетов, Аймақтық нарықты дамыту жөніндегі менеджер Эдуард Кан және Хамад Бин Халифа университетінің өкілдері қатысты. Орталықтың ресми ашылу салтанатынан кейін Исламдық қаржыландыруды дамыту және оның болашағы тұрғысында «Дөң­гелек үстел» өтті. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы ашылып отырған орталықтың еліміз үшін  емес, халық­аралық деңгейде маңызы зор екендігіне тоқталды.

– Біз бүгін еліміздегі экономика, қаржы саласына жақсы мамандар даярлау үшін кластерлік жүйеде үлкен орталық ашып отырмыз. Мұндай орталық негізі посткеңестік аймақта болмағандықтан айтулы оқиға деп қабылдауымызға негіз бар. Өйткені, бұл Ислам қаржысы бойын­ша білім және ғылыми-практикалық орталық. Елбасымыз­дың Жарлығымен астанамызда қаржы орталығы ашылып жатыр. Соның бір маңызы зор бағыты Ислам қаржысы. Сол ислам қаржысын елімізге тартып, экономикамызды көтеру үшін осы бағытты дамыту еліміздің алдын­да тұрған үлкен мақсат. Сол үшін Астана қаржы орталығы мен Катар Хамад Бин Халифа универ­ситеттерінің қолдауы­мен осы орталықты ашып отырмыз. Мұндағы басты мақсат – ең алдымен, жақсы маман­дар даярлау және практика­лық жүйеде үлкен жобаларды жүзеге асыру.

Екіншіден, бұл орталықтың тағы бір бағыты – биржалық сату, биржалық технологияларды біздің өмірімізге енгізу. Мұнда тек біздің мамандар ғана даярланып қоймайды. Астана Халықаралық қаржы орталығымен бірігіп, нақты соның бір бөлімі ретінде осы жерде біздің студенттер, магистрлер, докторонттар, оқытушылар биржаға қатысып, өздерінің біліктіліктерін шыңдап, нақты өздерінің пайдаларын шешудің мүмкіндігі туып отыр. Мен кластерлік жүйеде Қазақстанның қаржы, экономика саласына жақсы мамандар дайындайтын орталыққа айналатынына сенемін, – деді.

Бұл орталық аз ғана уақыттың жемісі емес. Оған әзірлік үшін он жылға жуық уақыт кеткен. Заманауи технологиялармен жабдықталған орталық Қазақстанның экономикасы мен бизнесін дамытуға зор үлесін қосатын әлемдік деңгейдегі орталыққа айналатын болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің деканы Рима Сағиева ашылған орталық мамандар даярлап қана қоймай, ғылыми тұрғыдан да, салалық бағытта да жұмыстар жүргізетінін айтты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *