Исламғали БЕЙСЕБАЙ

1946 жылы  Сайрам  ауданының  «Ханқорған»   (бұрын­ғы  «Мәдени»)   ауылында туған.  Шымкент  Мемле­кеттік  педагоги­калық  институтының  қазақ фило­логиясы  факультетін үздік  біті­ріп,  еңбек  жолын  1966 жылы  Сайрам  аудандық  «Еңбек туы», «Мехнат бай­роғи», «Знамя  труда» газеттерінде тілші-аудар­­­машы болып бастап, «Алғабас» аудандық газетінде жалғастырды.

1973–1988 жылдары  Қазақстан Журналистер  одағында  референт, Алматы  облыстық   «Жетісу»  газетінде тілші, бөлім  меңге­рушісі  болып  жұмыс  істеді. Журналистика саласындағы  еңбегі  жемісті  болып, очерктері  арнайы  жинақтарға  енді. 1975 жылы Қазақстан  Журналистер одағы  сыйлығының  алғашқы  лауреаттарының  бірі  атанды.

1988–1992 жылдары  астаналық «Алматы  ақшамы» газеті­нің  тұңғыш Бас редакторы болды. 1992 жылы  «ҚазТАГ»  ақпа­рат агенттігіне  шақырылып, 2000 жылға дейін  бөлім  меңге­ру­шісі, жауапты хатшы,  бас редактордың  орынбасары  қызмет­терін  атқарды.

Исламғали  Бейсебай шығармашылықпен  де үзбей айналысып  келді. Алғашқы  өлеңдері  1960 жылдардың  басын­да  «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланып  тұрды. Газеттің сол  кездегі  әдебиет және  мәдениет  бөлімінің меңгерушісі, белгілі  филолог, әдебиетші-ғалым  Әсілхан Оспанұлы  жасаған  дәстүрлі  әдеби  шолуда оны  «аз жазса да, саз  жазуға  тыры­сатын  жас  ақыны­мыз» деп  бағалады. Көлемді  топтамалары «Көк­тем тынысы» (1975 ж.), «Жырға сапар» (1985 ж.) жинақ­тарына енді. 1996 ж. «Жыр ғұмыр» атты жеке   жинағын  шығарды. Ресей,  Украина  жазушы­ларының  әңгіме, повестерін  аударды. Жүсіп  Баласағұн  төрт­таған­­дарының  тұңғыш  әдеби  аудармасын  жасап, «Қазақ  әде­биеті» газетінде (1985 ж.) жария­лады. «Мәдени мұра» бағдар­ламасы бойынша Елбасымыз  Н.Назарбаевтың  тапсырмасына  орай  ҚР ҒА 2006 ж. бастап шығарған  әлем­нің  ойшыл тарихшы-философтарының «Та­рих – адамзат  ақыл-ойы­ның қазынасы» атты 10 томдығына енген Н.А.Бердиевтің, И.Г.Гердердің, Вен Польдің, Э.Фриманның, Б.Л.Губманның   еңбектерін  аударды.

1981 жылдан  ән  шығарумен де  айналыса бастады. 2000 ж.  республикалық  «Жаңа  ғасырға – жаңа  ән»  конкурсында  «Ләз­зат­тың  әні»  атты  туындысы  «Дәстүрлі ән»  номинациясы  бойын­ша  үздік  әндер  санатында  бағаланып,  дипломант  атанды.  Осы және  басқа да әндерін Қазақ  радиосы  Н.Нүсіп­жанов,  Г.Сүндетова  секілді  жезтаңдай  әншілердің  орын­дауында эфирге  таратты.

 

Қазақ баспасӨзіне жаңа леп ала келді

Қалай дегенмен де «Алматы ақшамы» газеті қазақ баспасөзіндегі жаңаша леп еді ғой. Алдыңғы қатарда Исламғали Бейсебаевтың тұрғанын ешкім жоққа шығармаса керек. Тіпті, сол кезде осы «Алматы ақшамы» газетінің атауына қарсы шыққандар да болды. «Неге «Алматы кеші» деп атамасқа, «ақшам» деген діни ұғымды білдіреді» деді біреулер. Сондай пікірлердің бәріне тойтарыс берген де осы Исламғали Кенжебекұлы еді.

Ол кезде газет тікелей аударма болды. Жұмыс өте ауыр әрі қиын болды. Таңер­теңгі тоғыздан түнгі он екіге дейін жүре­тінбіз. «Алматы ақшамының» ең алғашқы саны 1988 жылдың 1 шілдесінде шықты. Мен газеттің сол күнгі санына кезекші болдым. Көп ұзамай газет халықтың сүйіктісіне айналып, сүйіспеншілігіне бөленді. Еліміздің бес облысына тарады. Тиражы да көп болды.

Ең алғашы Алаштың арыстары туралы материалдарды да басқан осы «Ақшам» еді. Батырхан Дәрімбетовтің біраз материалдары жарық көрді. Исламғали Бейсебаевтың тағы бір ерекшелігі – газет тілшілерін, яғни аудармашыларды өзі таңдап, іріктеуден өткізетін. Тамыр-таныстыққа қарамаушы еді. Мінезі де шыдамсыздау болатын, турашыл, бетке айтып салатын.

Газет қызметкерлеріне жағдай жасау үшін қалалық партия комитетіне күніне сан баратын. Сөйтіп жүріп, әрқайсымызға жеке-жеке кабинет, бір-бір машинистка берді. Адамгершілігі мол, ақкөңіл, кісіге жамандық ойламайтын. Ақындығы да керемет еді. Өзі әрі аудармашы болды. Нағыз шығармашылықтың адамы еді. Сол кезде біздер, Қиял Сабдалин, Қанат Қайым, т.б. жігіттер белсене жұмыс жасап, білікті басшының серігі болдық. Ислам­ғали соңғы кезде мүлдем хабарсыз, әдебиет ауылынан алыстап, көрінбей кетіп еді.

Жатқан жері жәннат, топырағы торқа болсын!

Отбасына қайғыларына ортақтасты­ғымды білдіремін.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ.

 

Тұңғыштың  аты –тұңғыш

1991  жылы  Мәскеу  Әдебиет  инсти­тутынан  келгенде  алдымда  екі  таңдау  тұрды. Бірі  – Жазушылар одағының проза  жөніндегі  кеңесшісі  де,  екіншісі – жаңа  ашылған  «Алма­ты  ақшамы» газеті редак­торының  орын­басары. Орын­басарлыққа  Шө­кең (Шона  Смахан­ұлы)  ұсынды.  «Жігіт  дегеннің  қалтасы  ақшаға  толып  жүруі керек.  Мұндағы  айлы­ғың  көп,  қала­­мақың  тағы  бар, – деп  тымпың-тымпың  етіп  қоймады.  – Онда  не  бар, жетім  баланың  күйін  кешесің», – деп  тоқтатты.

Редактор – Ислам  Бейсебаев. «Жеті­суда»  төрт жыл бірге  қызмет  істедік.  Негізі  – ақын, бірақ  көп  жариялана бермейді.  Журналистігі де жерге ұрып  алғандай,  бірақ көбіне «заказ»  орын­дайды.  Газеттен  келетін бәленің  бәрін  біледі.

Сол  кезде-ақ  «Ақшамға» деген  елдің ықы­ласы ерекше болды. Зиялы­лар дүңгір­шектен таба алмаса  редак­цияға  келетін.  Жолын  жақсы  баста­ған  газеттің жана­шыры да  көп  болды.

Ислам  жақсы  аудармашы  да  еді. Орыс сөзін  қазақ  сөзіндей  құлпыр­тып  жіберетін.  Кейде  аудармашыны  күтпей  өзі  кірісіп  кететін. Мінезі  бала  сияқты, анда-санда  ішек-сілесі  қатып  бір  күліп  алатын. Шах­мат­тың  майын  ішкен,  разряды  барларды  ысырып  тастайтын.

Мен 11 айдан кейін  Баспасөз  минис­­трлігіне  ауысып  кеттім.  Ол  тоңқылдап,  өкпе­леп қалды.  Сонан  кейін  көрген  жоқпын. Оған да 30 жылдың  жүзі  болды.

«Ақшамды» ақшамнан кешіктір­мей  шығарайық», – деп шыр-пыры шық­қан редактор көз алдымда. «Ақшам» бүгінде танымал  газет болса, алғашқы  редактор­дың  қолтаңбасы қашан  да  қадірлі.

Тұңғыштың  аты – тұңғыш.

 Қуандық ТҮМЕНБАЙ.

 

Жаны жайсаҢ еді

«Алматы ақшамының» алғашқы Бас редакторы Исламғали Бейсебаевтың қазасы туралы қаралы хабарды  естігенде, қабыр­ғамыз қайыс­ты.

Исекеңмен біз «Алматы ақша­мы» газеті «Вечерняя Алма-Ата» газетінің қазақ тіліндегі қосымша беттері болып шыға  бастаған ең бірінші санынан бастап, бірнеше жыл қатарынан қызметтес бол­дық.

Өзі ақын, білікті журналист, білгір  басшы болған Исекең басылым ұжымында айтарлықтай беделге ие еді.

Орыс тіліндегі газеттен  жеке еншісін алып, «Алматы ақшамы» атанған үнқағаздың оқырмандар арасында үлкен ықыласқа бөленуі жолында аянбай еңбек етті.

Сан қырлылығымен, жайсаң мінезі­мен есімізде сақталатын Исламғали Бейсебаевтың қазасына қайғыра отырып, отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамыз.

Бақұл бол, әріптес аға, рухың пейіште шалқысын дейміз.

 

Қанат ҚАЙЫМ,

«Алматы ақшамы» газетінің ардагер журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *