ІСІҢЕ ІЗІҢ САЙ БОЛСА…

228Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Бала – адамның болашағы, ал болашағы бар әке – бақытты әке! Бесікті балаға балап, жүйрікті данаға балап сөйлейтін біз, ұл бала келсе «малтабарым, ізбасарым» келді деп, бөркімізді аспанға лақтыратын халықпыз ғой. Ал «Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой шіркін қашанда!» демекші, дүниеге қамшы­ұстар келгенде ер азаматтардың ерек­ше қуанышқа кенелері сөзсіз. Әлбетте, адамдықтың алды – жақсы тәрбие мен өнегеден бастау алатыны ақиқат. Ен­деше, бүгінгі тех­никаланған қызылды-жасылды қоғамда әке атанған жастар ұлдарын қалай тәрбиелеп жүр? Бала­сының білмекке ұмтылған сұрақтары оларды қаншалықты толғандырады? Олар өмір мек­тебіне керек дағды­ларды әкесінен үйрене ме, әлде оларға бейәдеп көріністері аралас ғаламтор үйрете ме? Осы орайда біз көңілге түрлі ой салған сұрақтарға жауап іздеп көрген едік. Сонымен…

 Сіз қандай әкесіз?

 Балаға жақсы тәрбие беру – ата-ананың міндеті. «Сайына қарай саласы, әкесіне қарай баласы» деп те бекер айтылмаған. Ер баланың жеке тұлға ретінде қалыптасып, мықты азамат болып өсуіне әкенің жауапкершілігі зор. Әсіресе, әкенің қатал тәрбиесі баласының өмір ағысындағы кездесер қиындықтарға төтеп беруіне, өмірден өз орнын табуына керек екені сөзсіз. Ешкім баласының жаман болып өскенін қаламайды. Десек те, бала тәрбиесіне атүсті қарап, сан соғып жататын кездеріміз жоқ емес. Сондықтан балаңыздың тәрбиесін тек анасына арқалатпаңыз! Егер ұлыңыздың жігерлі, қайратты болғанын қаласаңыз, өзіңіздің әр қимылыңыз бен сөзіңізге, іс-әрекетіңізге мұқият болыңыз! Ал ақылдың да ақылы бар: салмағы, алтыны, күмісі бар. Балаңызды білімге құштар етер ақылдың бәрін айтыңыз! Әкенің беделі анасының еріне деген қарым-қатынасы мен сөйлеген сөзі арқылы да қалыптасатынын ұмытпайық. Міне, осы тұста балаға әкесінің асқар таудай еңселі екенін айтып, оның мәртебесін түсірмеуді, абыройына кір келтірмеуді үйретуді анасына тапсырыңыз!

 Әкеге қарап ұл өсер…

 Кейбір әкелердің ұлдарын жастайынан еңбекке баулығаны көрініп тұрады. Өйткені, қарапайым ғана үй тірлігіндегі ер адамның істейтін тірліктерін айтпай-ақ балалары өздері-ақ тындырып жатады. Біз салыстырмалы түрде қала мен ауыл баласына зерттеу жүргізіп көрдік. Мәселен, қалада өскен ұл балалардың көбі нәзік әрі әлжуаз болып өседі. «Олай емес» деп ашулана көрмеңіз, «иә, солай» деп жайбарақат тағы да отыра алмассыз. Әрине, спорттық жаттығуларға барып, өздерін шыңдап жүрген балалардың жөні бөлек қой. Білімді бала биіктен көрінетінін де айтып жүрміз. Десек те, ананың әлдиінен әлі де ажырамай жүрген бозбалалар бізде жетіп-артылады. Көргені мен білгені телефон мен көк жәшіктен, ғаламтор мен «агенттен» әріге бармайтын балалар жоқ деп айта алмайсыз. Өйткені, қоғамның сыздап тұрған «іріңді жарасы» бұл. Олай дейтініміз, бүгінде түкке қажеті жоқ ақпараттар мен жетесіз тәрбие беретін ғаламтор беттеріндегі кереғар пікірлерге ешкім қарсы тұра алып жатқан жоқ. Осы тұста біз қала мен ауыл баласының айырмашылығы жер мен көктей екенін көреміз.

«Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық аздырар адам баласын»…

Кейбір қарапайым ауыл баласының тіршілігі былай басталады. Таңертең ата-анасы жұмысқа кетеді. Үйдің үлкені пешке от жағады. Ауладағы қарды күрейді. Көлік бұзылса, әкесінің қасынан табылып, көмектеседі, тазалайды. «Істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деген қағиданы мықтап ұстанатын әке баласына шеге мен балғаны қалай ұстап, қалай қағуды көрсетуді де ұмытпайды. Ауылда өскені болмаса, олардың қаладағы ұлдардан ұтылған жері жоқ. Бір мезгіл спорттық жаттығулармен айналысады. Жаттығады, шыңдалады, бауырларына үйрететіні тағы бар. Яғни, баласының болашағын кішкентай кезінен бастап үй тірлігіне бейімдеуден  бастаған әкелер ісіне ізінің сай болатынын естен шығармайды. Міне, кейбір отбасыларда азаматтық тұлға осылайша қалыптасады.

Ал қала баласы ше?.. Көлік бұзылса, СТО-ға апарады, қар тазаламайды, өйткені, олар көпқабатты үйлерде тұрады, әкелеріне үй салуға көмектеспейді, неге десеңіз, олардың көпшілігі жалдамалы еңбек күшін пайдаланады. Сондықтан олар маужырап, жастыққа жантайғанды ұнатады. Бәрі дайын. Демек, «WһatsApp» пен «Мой мирді» шарлауға уақыт бар. Абай атамыз «Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық аздырар адам баласын» деп осындайда айтқан шығар. Міне, оқу-білімге үңілмеген баланың жат қылықтарға үйірсек келетіні де сондықтан.

 Өз бағыңда бәйтеректей әкең болмаса…

 Қазіргі кезде әкенің тәрбиесін, әкенің қамқорлығын аңсайтын ұл мен қыздың көп екені жасырын емес. Олай деуімізге, отбасындағы ажырасу фактілері дәлел бола алады. Сот процесінде баланың көбінесе анасымен қалатынын ескерсек, қанша отбасының шаңырағы шайқалса, сонша отбасында әкенің тәрбиесіне зәру балалар болатыны анық. Өз бағыңда бәйтеректей әкең болмаса, өзгенің шарбағынан сығалағаннан не пайда?

Әлбетте, ажырасқан отбасындағы анасының қам­қорлығында болған бала ешнәрседен кенде болмауы мүмкін. Баласының ел қатарлы өсуіне барын салатын аналар оларды киіндіреді, оқытады, ел қатарлы заман талабына сай қажеттіліктерін әпереді. Бірақ, олардың дүниесі түгел болғанымен, әке орнын толтыра ма? Әке – отбасының қамқоршысы, тірегі. Ол өзінің бойындағы салмақты, байсалды мінезімен жақсы қасиеттерді көрсету арқылы перзентінің, әсіресе, ұлының болашағына жол сілтейді. Әке баласының бойына қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсірсе құба-құп. Ал пайдалы кеңестерді тыңдап өскен зерделі баладан ақ пен қараны ажырата білетін, нағыз ержүрек, ұлтжанды азамат шықпауы мүмкін емес.

Бала тәрбиесін техникаға артпаңыз!

Байқайсыз ба, біздің қоғамда қызға ұқсайтын ер жігіттер көбейіп келеді. Сенбесеңіз, теледидарға үңіліңізші? О заманда, бұ заман жігіттердің тырыстырып шалбар киіп, шаш өсіріп, қас қиғанын кім көрген?! Ондай келбет шетелдіктерге тән шығар? Ал біз қазақ емеспіз бе? Етігімен су кешіп, ел қорғаған, ат жалында ойнап, асау жуасытқан қазақтың нарқасқа жігіттері қайда сонда?! Кешегі қалың қасты, бүркіт қабақты ер азаматтарымыз бүгін неге қыздай биязы? Неге нәзік?  Сол Отан қорғайтын атпал жігіттеріміз «қалқам, тастама мені, құрбаның болайын», «сүйем деші, жалы­намын», «сенсіз маған бәрі жалған» деп қыз қабағына жал­тақтап неге ән шырқауға көшті? Осыны көрген бозбала ерге тән сұстылықты, мықтылықты кімнен көруі тиіс. Әрине, әкесінен! Сондықтан бала тәрбиесін тех­никаға артпаңыз, артсаңыз, ертең ата-ананың жүзін қызартар өз балаңызды танымай қалуыңыз бек мүмкін.

Әкесі жақсы қандай-ды…

Өмірдің дауылына пана, апта­бына көлеңке, жауынға шатыр бола білетін әкенің орны ерекше ғой, шіркін! Әкенің темірдей тәртібі мен таудай талабы кез келген отбасындағы бала үшін таптырмас байлық екені даусыз. Әкеге деген құрмет, әкеге деген ілтипат ерекше орын алған отбасылар көп бізде. Ондай отба­сыларда әкенің қас-қабағының өзі-ақ  барлық жәйттен хабардар етіп тұрады. Түптеп келгенде, ұл баланың қандай болмағына негіз қалайтын да сол әкенің өзі.

  • Жақсы болса ұл балаң, қайрап қойған қылышың, Жақсы болса қыз балаң, өрісің әрі тынысың.
  •  Жас кезінде құлын қуып, құрық тастап үйренбеген бала ержеткенде ат жалында ойнай алмайды.

 Аңыз әңгіме

 КІМ ЖЕҢЕДІ?

Баяғының қарттары енді ғана ес біліп келе жатқан немерелерін алдына алып, өнегелі өсиеттерді ақылды аңыз, есті ертегі түрінде жастайынан келер ұрпақтың құлағына сіңіре береді екен. Сондай кемеңгер қариялардың бірі немересіне өмір сырын былай деп айшықтап айтып беріпті:

– Әр адамның көкірегінде екі қасқырдың өзара тайталасына ұқсас тартыс жүріп жатады. Оның бірі – күншілдік, қызғаныш, өзімшілдік, өтірік сияқты жаман қасиеттерді бейнелесе, екіншісі – сенім, шындық, мейірім, адалдық секілді жақсы қасиеттерді бейнелейді. Бұл екі қасқыр сәт сайын, қадам сайын айқасып, өмір бойы күресумен болады… Сонда зерделі немересі атасының сөзін бөліп, былай деп сұрапты:

– Ал ең соңында қай қасқыр жеңеді? – Атасы сәл ойланып, немересінің пайымдылығына сүйсіне отырып, жауап беріпті:

– Сен қайсысын көбірек қоректендірсең, сонысы жеңеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close