ІШТЕ ДЕ БІР АРМАН ҚАЛУ КЕРЕК ШЫҒАР

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

 

Ойға алғанның бәрі орындала бермеді

Көңілдегі кілкіп тұрған келелі ойдың кейде айтыла бастағанда көркі кетіле беретіні бар. Кейбір жақсы бастамалар­дың аяғы да бей-берекет әрекеттер араласқаннан кейін соңғы нүктесіне жетпей қа­лады. Гүлфайруз оған бір ғана адам кінәлі емес екенін түсінгелі қашан. Күйеуі қанша тер төгіп, ты­нымсыз зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, кей­де тіпті іздеу салып, әз ба­басы Шың­ғысұлы Жақайымның ерен есімін қайта тірілтуге орай та­лай шаралар атқарды. Бұл жайын­да арнайылап тұрып кітапқа да жаз­ды.

Бабасының өскен-өнген, билік құрған жері Ақшатау – Арал мен Қазалының арасындағы зәулім төбе. Жан-жағы Алашакөл, Сасықкөл, Шөмішкөл, Қаракөл, Қотанкөл, Жалаңашкөл, Сорқақкөл деп атала­тын ылғи кілкіген көл, балығы мол, малға жайлы сабат жерлер еді. Айна­ласындағы Құмбазар, Қамбаш, Ескі­ұра, Аманөткел, Мырзас, Райым, Қызылжар, Дің –осы атадан тараған ұрпақтың жайлаған қонысы.

Гүлфайруз заты әйел болған соң шежіреге тереңдеп барып, әсіре білгірлік танытқанды ұната қоймады. Әйтсе де, Беріктің жазған ғылыми жұмыстары мен жазбаларын үнемі қадағалай оқып, оларды балаларына да таныстырып отырады. Кім бауы­рынан шыққан ұрпағының тегін білмегенін қалайды дейсің. Сол ойдың жетегімен Беріктің қолы тие бер­мейтінін ескеріп, мұндай шаруаларды да ұл-қыздарына тәптіштеп түсіндіре жүретін.

Берік қол жеткізген мәліметтер бойынша, Шыңғысұлы Жақайымның жамбасы тиген жерге байланысты бірнеше жорамал бар. Атақты жыршы Берекет Омаровтан қалған бір қолжазба деректе бабаның жатқан жері Ташкент маңындағы Алтынтау деген жер екені айтылады. Алайда, ол Алтынтау ма, Алтынтөбе ме, сондай-ақ ол нақты қай жерде екені де көрсетілмеген. Алтын­тауды Ташкент маңайынан іздеп Берік таппай қойған. Ол мүмкін әлгі жердің байырғы атауы болуы да ғажап емес қой.

Жақайым атасының дүниеден өткеніне бес-алты ғасырдай уақыт өтті. Одан бері жер-судың атаулары да неше мәрте өзгерген болар, кім білсін. Таш­кенттен жүз шақырымдай жерде Әлімтау деген биік төбе бар, Ташкент пен Шым­қаланың арасында Алтынтөбе деген жер жатыр. Ал анау Қаратаудың теріс­кейіндегі Созақ ауданында да Алтынтау атауы кездеседі. Енді айырып көріңіз…

Гүлфайруз әз бабасының асыл сүйегі осы аталған жерлердің бірінде жатқанына шүбә келтір­мейді. Өйт­кені, Берік үнемі солай деп айтып отырады. Ол айтса, өзінің зерделеп зерттеген, табанын тоз­дырып жүріп іздеп тапқан деректеріне сүйеніп айтатынын жақсы біледі. Берік көне­көздердің айтқандарын саралай келе, қазақ шағын тауды «төбе» деп те айта беретінін ескеріп, бабаның жатқан жерін Шымкент пен Ташкент­тің ше­карасынан іздеу керек шығар деп шеш­кен. Содан соң Жақайымның басына ескерткіш белгі қоюды парыз деп есептеді, бұған орай арнайы сайт ашып, алты аталы Әлім бабасына ас бергісі келген. Алайда, осыншама жасаған жұмыстардың бәрі аяқсыз қалатын түрі бар. Гүлфайруз «Аға­йын­ға не істесең де, бәрібір жақпай­ды екенсің» деген Беріктің сондағы бір сөзін ойына алды.

– Айтатындай бар-ау, анау Арал­дағы Ақшатауда ас беріп, Құран оқылған кезіндегі жайттар ойына орала береді. Жан-ділімен соншама жүгіріп жүргенде адамды жаманат­ты етіп, елге өсек таратқан кей аға­йынға не дерсің, – дейді Гүлфайруз. Кезінде Берігі қолын бір сілтегенде-ақ әлгі­лерге көңілі қалғанын бағам­дап еді.

– Басқасын айтпағанда, Жақайым кәдімгі «Мың бала» қозғалысының көсемі Сартай би мен Бәйімбет батырдың бабасы ғой. Ең болмаса, соны ескеруі керек еді мына ел-жұрттың, – деп, кейде Гүл­файруз өзінің әлі де болса алдағы игілікті істерден үмітті екенін байқатып қояды. Бірақ ойға алғанның бәрі орындала берген бе, іште де бір арман қалу керек шығар…

 

 

Таласбек екеуі адам ажыратпайтындай еді

Өмірдің өзі қуаныш пен өкі­ніш­тен тұрады. Басы жақсы басталып, аяғы түсініксіздеу болып бітетін жәйттер жетерлік. Қуаныштың жө­ні бөлек, ал өкінішсіз өмір болмай­ды. Берікпен бас қосқалы Гүлфай­руздың көрген-білген­дерінің ішінде қуанышы көп, әттеген-ай дейтін сәттер де аз емес еді. Соның бірі Та­ласбек ағасына қатысты. Иә, кәдімгі емен-жарқын жүретін, алғыр да албырт ғалым, жазушы, күйші Таласбек Әсемқұловпен Берік бірге тұрып, бірге жүріп, бір мекемеде қатар жұмыс жасады.

– Бір күні Берікпен бірге түнделе­тіп келіп, қонып қалды. Үйдегі кішкен­тай­ларды ұнатып қалды ма, «Мен сендермен бірге осы үйде тұра берсем қайтеді?», – деді. Басқа-басқа, Талас ағасының бұл таңдауына екеуі қуан­баса, ренжіген жоқ. Өзі қуықтай пә­тер­дің төрге өтер жерінде шағын ғана қуыс бөлме болатын, «Осы жер маған жетеді» деп, кәдімгідей қуа­нып, ор­наласып алды. Сөйтіп, олар біраз уақыт бірге тұрып, бір дастарханнан дәм татып, талай әңгіменің дүкенін қыздырып жатты. Болашақ жарын кез­дестіргенге дейін Талас ағасы «Ме­нің бұл шаңырақта осы қалғаным – қалған ғой» деп қоятын. Бір жылы Берік елден әке-шешесін көшіріп алды.

– Шалды күтіп алуға мен де ба­ра­­мын, – деп, Берікпен бірге вокзалға келді. Бір қолын соғысқа беріп, бір аяғынан ақсайтын Беріктің әкесі Мыр­залыны пойыздан күтіп алып, арбаға отырғызып қойып өзі сүйрей жөнелді. Ананы-мынаны айтып, әңгіменің көрігін қыздырып, шалдың көңілін көтеріп қояды. Мырзалы әкей «Менің Таласбай балам қайда?» деп, ол жұмыстан кешіге қалса іздеп, елегізіп отыратын.

Тәкең өте балажан болды. Берік­тің ұлдарымен кәдімгідей сөйлесіп, тілге тартып, «Қошақандарым менің!» деп ойнатып отырғанды ұна­татын. Бір күні тіпті үлкені Әбіл­манапханға өз қолымен домбыра шауып беріп, перне басуды үйретті. Жұмысқа Берікпен бірге барып, бірге келіп жүрді. Білмейтін тақырыбы, айтпайтын әңгімесі жоқ. Сөйтіп, Таласбекпен бірге тұрған күндер Берік үшін үлкен маңызға ие болды. Өйткені, олардың ғылымдағы ортақ ойлары бірін-бірі толықтырып отыратын. Таласбек шаңырақ көтеріп, Беріктен ірге бөлерден сәл бұрын келіп, қамығың­қырап отырып: «Гүлфайруздың оша­ғы маған құт болды, осы үйден бақы­тымды тауып шықтым» деп, ризашы­лығын білдіріп еді. Кейін келіншегі Зира екеуі Беріктің әкесіне сәлем бере келгенде Мырзекең:

– Әуелі Құдай, бұйыртса ұрпақты боласыңдар. Саған айтатын бір өсиетім бар. Мына келін ұл туса есімін Жансүгір деп қоярсың, марқұм нағашымның аты еді. Қызыңды Хадиша деп ата, пайғамбардың (с.ғ.с.) әйелінің есімі ғой, жаман болмас. Берік Алматыда жалғыз, ағалығыңды көрсет, сендерді әуелде Құдай ұшырастырды ғой. Өзің маған өкіл бала бол!, – деп, батасын берді.

Бәрі де Мырзалы ақсақал айтып, болжам жасағанындай болды. Талас­бек алдымен қыз сүйді, сосын көп ұзамай ұлды болды. Бірақ ол күнді ақсақалдың көруіне Алла жазбады. Таласбек пен Зира болса, Беріктің аузы дуалы әкесінің аманатын орындап ұлына Жансүгір, қызына Хадиша деп ат қойды.

Кейін бұлар Астанаға қоныс аударып кетті де, аралары суып сала берді. «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деген рас екен, ақыры ешқашан бірге тұрмаған, бірге жүр­меген адамдардай болды да қалды. Өмір деген осындайымен де түсі­ніксіз екен ғой. Ұстазы Таласбек аяқастынан қайтыс болғанын естігенде Берік қатты мұңайды. Оған Гүлфайруз басу айтып, «Біз Тәкеңнен тірі кезінде-ақ көз жазып қалған жоқ па едік?» деп, өзінің де өкінішін сездірген.

 

Аузына бақшы түкірген бала

Жаңылыспаса, 1996 жылдың шамасы болу керек.

Алматыда «Құрманғазы және ұлы дала музыкасы» атты үлкен жиын өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен, көршілес елдерден атақты сахна саңлақтары – жыраулар мен күй­шілер жиналды. Марқұм Таласбектің жалғыз жортып, «Көктем» ықшамау­даны жақта, Беріктің жалдамалы үйінде тұрып жатқан кезі, бойдақ.

Екеуі Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда бірге жұмыс істейтін. Дүбірлі жиын өтіп жатқан күндердің бірінде Берік әлгі өнер­паздардың басын қосып, тұрып жатқан бір жарым бөлмелі пәтерінде қонақ етті. Көп мейманның ішінен Гүлфайруздың есінде қалғаны адай күйлерін жеткізуші, маңғыстаулық Сержан Шәкіратов, Арқа күйлерінің бағын баянды еткен Мағауия Хамзин, Арал маңы – Ақбасты, Құланды күйлерін орындаушы Бақыт Басы­ғараев, қобызбен жыр айтатын қара­қалпақ жырауы Жақсылық Сырым­бетов, музыкатанушы Әсия Мұхам­бетова – бәрі қонақ болып, таңға дейін күй мен жырдың көрігін қыздырды.

Берік пен Гүлфайруздың аядай бөлмесінде тек кімдер қонақ болмады десеңші. Ноғай музыканты, әлемге әйгілі Асланбек Сұлтанбеков, баш­құрт қурай­шысы Ешмурат Ильбақов, алтай қайчысы Болот Байрышев, чатқаншы хакас Женя Ұлығбашев, жырау қоңырат Әбдіназар Поянов, Сүгірдің ізіне жиырма бес жыл ерген шәкірті Жақсылық Елеусінов, тамдылық жырау, шөмекей Қалдаш Сәдіров, сұрхандариялық халық бақшысы Шоберді Болтаев бұлар көтерген шаңырақтың түндігін талай жырмен желпіген.

2000 жыл. Ұлы Нұрсаяттың жаңа еңбектеп жүрген кезі. Қырғызстаннан оралған сапарларында үйіне қонақ болып түскен әлгі бақшы Шоберді (Шахберді) Нұрсаятты тізесіне алып отырып, суырып салып арнау айтып, баланың аузына түкіреді. Өзінің қалжың араластырып сөйлеп, жыр айтқанда былқылдап билеп отыратын дағдысы бар екен. Дастарханы жерге жайылған қуықтай бөлмеде жұрт сыйыңқырамай жатқанда онысы көзге бірден түседі. Бала да мәз, Гүлфайруз да көңілді. Нұрсаяттың осы күнге дейін ән айтып, қалжыңдасып жүре­тін әдеті бар.

– Сенің аузыңа Шоберді бақшы тү­кіріп еді, бұл әдет содан жабысқан желік шығар. Өзің де сол кісі сияқты қал­жыңбастау болып жүрсің, – деп күледі оған Гүлфайруз.

Осы кісілердің ішінде Сүгірдің шәкірті Жақсылық Елеусінов 2007 жылы Алматыға тағы бір рет келіп кетті. Оны естіген Берік бір шәкірті екеуі Қапшағай жаққа іздеп барып, жырауды Арна ауылындағы қайын жұртында жатқан жерінен тауып алды. Жақсылық аға зағип болған­дықтан, қасында үнемі әйелі бірге еріп жүреді екен.

Сол жолы Берік үйге түннің бір уағында келді. Келе сала:

– Гүлфайруз, ана кісі сен туралы біраз әңгіме айтты, – деді.

– Мен жайында ма? Мені қайдан біледі? – деді, таңырқаған Гүлфайруз кә­дімгідей үрейленіп.

– Жақаң құмалақ ашады екен. Соны­сын шашып жіберіп, сен жайында бір­талай сөз айтты. Шыққан тегіңді қозғады, сосын бір баланы босанғанда қатты қиналғаның түсті жыраудың ашқан палына. «Арқа­сында қалы бар екен» деп, ерекше белгіңе дейін түстеп бергенде, өзім таңқалдым. Құмалақты шашып салады, бірақ оған қарамайды, бірден айта береді, – деді Берік. Сол жолы Беріктің өзіне қаратып айтқан «Саған жақында Қызылорда мен Ақтөбенің біріне қызмет түсіп тұр» деген болжамы да божырамай келіп еді.

Арада бір-екі күн өткен соң, Жақсылық ағасын әйелі Жәмиламен Іргелідегі үйлеріне қонаққа шақырды. Таңға дейін жырлап, әңгіме айтып, қона жатып, даңғайыр Жақаң қайта-қайта батасын беріп кетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *