Ішкі туризм түрленеді

«Сайран», «Саяхат» автобекеттерінің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның төңірегі тазартылады

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

Жұмыс сапары барысында қала әкімі Бауыржан Байбек  халық­ара­лық «Сайран» автобекеті ғимараты мен оның айналасын және «Саяхат» автобекетін аралап көріп шықты. Шаһар басшысы «Сайран» автобекетінің көптен бері халықаралық деңгейге сай еместігін, сондықтан оны қайтадан жөндеуден өткізіп, менеджмент моделін қарастыру қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, аталған ғимаратты тарихи ескерткіштер тізіміне енгізу де сөз болды.

Қалада «Туризмді дамытудың 100 қадамы» жол картасы аясында қала сервисі мен  оның инфра­құры­лымын жақсарту бойынша жұмыстар одан әрі  жалғасуда. Осыдан бірнеше күн бұрын «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірге «Алматы-1» және «Алматы-2» вокзалдарын жаңғырту және қызмет сапасын жақсарту бойынша біріккен жоспар қабылданған еді. Десе де, мегаполистің  автокөлік бекеттерінің жағдайы сын көтермейтін болғандықтан жаңартуды қажет етеді.

Бүгінде «Сайран» автобекетінің маңы көптеген құрылыс нысандарына толы. Оның үстіне, кеңестік модернизм стилінде салынған ғимараттың бірінші қабатының ішкі және сыртқы кескіні біршама өзгерген. Соның салдарынан мекеме архитек­туралық бірегейлігін жоғалтқалы тұр.

Ішкі туризм әлеуетін дамытуды ескерген қала әкімі Бауыржан Байбек  күн сайынғы жолаушылар легі 1200 адамды құрайтын автобекет айналасын ретке келтіруді және  оның  ғимаратын жөндеуді тапсырды. Заңнамаға  сәйкес, нысанды жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне енгізу мәселесі де қарастырылады. Айта кетерлігі, бұған дейін шаһар басшылығы құны 20,2 млрд. теңгені құрайтын «Батыс» автобекетін салу жөніндегі жобаны бекітпеген болатын.

– Өткен жылы басталған қаланы қайта жаңғырту бағдарламасы  аясында біз Алматыға бұрынғы тарихи келбетін қайтарудамыз. Ең алдымен, нысандардың алғашқы бейнелерін сақтау қажет. Сарапшыларды тарта отырып, жолаушылар легінің логистикасын толық қайта қараған жөн. Біз тарихи нысанды қалпына келтіріп,  автобекеттің барша қызметін жаңаша жүргізіп,  оны қаланың көлік хабына айналдырамыз, – деді Бауыржан Байбек.

Бүгінде автобекет айналасындағы заңсыз салынған құрылыстар алынуда. Мұнда саудамен айналысқан кәсіпкерлерге ауданның басқа сауда орындары мен базарларынан жеңілдетілген орындар ұсынылады.

Қала әкімі шаһар маңындағы елді  мекендерге қызмет көрсететін «Саяхат» автобекеті мен оның  айналасын да аралап көрді. Ондағы жер  учаскелерінің иелеріне ғимарат айналасын абаттандыру бойынша тиісті жұмыстарды бастау және оны дамыту жөніндегі нақты жоспарды қысқа мерзімде ұсыну жүктелді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *