Өңірмен бірге өркендеген басылым

Сыр маржаны атанған алтын дәнмен әлемге мәлім болған Шиелі жұртшылығы өңірмен бірге жасап, өсіп-өркендеп келе жатқан аудандық «Өскен өңір»  газетінің 80 жылдық мерейтойын үлкен ықыласпен, зор сүйіспеншілікпен атап өтті. Кенттегі Бұдабай Қабылұлы атындағы Мәдениет үйінде дәуір үнінің мерейтойына арналған танымдық конференция болды.

Жиынға «Өскен өңір» газетінен түлеп ұшқан қаламы қарымды қаламгерлер, өмірін өлеңмен өрнектеген ақындар және газеттің байырғы авторлары мен жанашыр оқырманы қатысты. Конфе­ренцияны жүргізген аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жиналған қауымды қуа­нышымен құттық­тап, «Өскен өңір» газетінің аудан халқы ара­сында беделі биік екенін, газеттің шежірелі тарихын тілге тиек етті. Аудан айнасының абыройын көтеруге атсалысқан бірқатар азаматтардың атын атады.

– 80 жылдық тарихы бар «Өскен өңір» газетінің жылнамасында қаншама азамат­тар өшпес із қалдырып, қасиетті өлкенің та­рихында есімдері алтын әріппен жазыл­ды. Аудан тарихы, дәстүрі, еңбек адамы­ның болмысы, бейбіт тірлігі, өлкенің өркендеуі аудандық газетте үздіксіз наси­хатталып келеді, – деді өңір басшысы.

Қызылорда облысының әкімі Қуа­нышбек Ысқақовтың құттықтау лебізін облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов дүйім жұртқа мәнерлеп оқып жеткізді.

Дәуір үнін қағаз бетіне түсірген басы­лым тарихтың таразысы, болашақтың тағылымы, бүгінгінің танымына айналып отыр. Ең алғашқы нөмірі 1939 жылы 19 наурызда жарық көрген газет қазірдің өзінде уақыт көшінен қалмай, өңірдегі жағымды жаңалықтардың жаршысы болды, халықтың тілегін дөп басатын ақпарат көзі ретінде танылды. Басылым­ның бұқара арасындағы абыройын асқақ­татып, беделін биіктету жолында талай қаламгерлер тер төгіп, еңбек етті. Солардың бірі – 1967–1985 жылдары әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Бас редактордың орын­басары болып қызмет атқарған Сәрсенбек Бекмұратұлы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақ­станның «Құрметті журналисі», аудандық газеттің ардагері мерейтой төрінен табылды. Ол өз сөзінде Шиелінің шежіресіне айнал­ған басылымды өмірінің бір бөлшегі санайтынын, қызмет атқарған кезіндегі қызықты жағдаяттарды айтып берді.

«Сыр медиа» ЖШС директоры Аман­жол Оңғарбаев журналист қауымға ақжарма тілегін арнады. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан дәуірде бәсекеге сай дамудың жолдарын айтты. Әсіресе, жаңа медиадағы сайт өндірісі мен әлеуметтік платформаны тиімді пайдалану­дың тәсілдеріне ерекше тоқталды. Журна­листердің шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды да ескерусіз қалдырмады.

ҚР мәдениет қайраткері, газеттің байырғы қызметкері Ағайдар Ысымов, жазушы Қуандық Түменбай «Өскен өңір» мен аудан өмірінің сабақтастығын, ха­лықты Отанды сүюге, ел мен жерді қастер­леуге бағыттаудағы ерен істерін әңгімеледі.

Жиын барысында басылымның байыр­­ғы және бүгінгі қызметкерлерінің таңдаулы мақалалары топтастырылған және газеттің тарихы қатталған «Өскен өңір – 80» кіта­бының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Басқосуда Т.Маханов, А.Оңғарбаев, С.Бекмұратұлы, А.Ысымов, Қ.Түменбай, Б.Сарбалаев, Е.Шәдібекұлы, Ө.Исмаил сынды бірқатар журналистің өңіріне газеттің сексен жылдығына арнайы жасал­ған төсбелгі тағылды.

Аудан әкімі «Өскен өңір» газетіне ши­рек ғасырға жуық ғұмырын арнаған, әлі күнге қаламы қолынан түспей газет жұмы­сына атсалысып жүрген қажырлы да қарым­ды қарт журналист Сәрсенбек Бекмұратұлын ауданның жоғары награ­дасы – ауданның «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Конференция соңында өңір басшысы мен «Сыр медиа» ЖШС директоры төр­тінші билік өкілдеріне Алғыс хат табыс­тады.

 

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

аудандық газет қызметкері.

Шиелі ауданы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *