ИРАН РЕФОРМАҒА БЕТ БҰРМАҚ

Парламенттік сайлауда консерваторлардың жүні жығылды

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

11Кешегі ақпан айының соңғы жұмасында Иранда парламент пен сарапшылар кеңесіне кезекті сайлау өтіп, оның нәтижесі талайларды таңқалдырды. Бұған дейін  үстемдік етіп келген, ымырасыз да қатаң саясат жүргізетін бірбеткей консерваторлардың «тауы шағылып», ықпалы­ның әлсірегені байқалды. Консерваторлық блок әдеттегідей парламентте көпшілік орынды иемдену үшін барлық айла-амалдарын қолданып бақты. Қолдарында бар барлық әкімшілік тетіктерді іске қосып, өздерінің билігіндегі бақылау кеңесі арқылы реформистік пиғылдағы «сенімсіз» кандидаттарды сайлауға жібермеуге күш салды. Тіпті, оларды елдің жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеидің өзі қолдап-қуаттады.

Бір қызығы,  сайлаудың алдында рухани көсем мен президент өзара айтысып та қалды. Аятолла Хаменеи пре­зидент бастаған реформаторларды «шетелдіктердің қаражатын алып, оларды осында әкелмекші» деп айыпта­ды. Хасан Раухани:  «Хаменеидің  мұнысы негізсіз жала!» деді.

Өмірлік шындық кешігіп жүретіні болмаса, түбі бәрібір жеңеді. Түн түндігін жасағанымен, Күн шықпай қоймайды. Сол айтқандай, «ислам төңкерісі» ұранын бетке ұстаған консерваторлар қанша тырысқанымен, сайлаудың нәтижесі олар күткендей болмады.

Сірә, парсы жұрты АҚШ және Еуроодақпен текетірестен, оның елге тигізіп отырған зиян-залалынан шаршаған болуы керек. Бұл жолы олар   әлемнің жетекші елдерімен ядролық бағдарлама жөнінен келісімге келіп, экономикалық санкцияларды жоюға қол жеткізген, Батыспен ымыраласуды қалайтын реформатор президент Хасан Рауханиді қолдайтындықтарын білдірді.

Сайлау науқанына 55 млн. адам қатынасып, алғашқы санақ қорытындылары  бойынша парламенттегі 290 мандаттың 106-сы — консерваторларға, 79-ы — рефор­матор­ларға, 44-і — тәуелсіз кандидаттарға тиді. Ал, бірқатар аймақтарда үміткерлер қажетті дауыс жинай алмаған­дықтан, сайлау сәуірде қайта өтетін болды.  Мұнда консерваторлардың үлесіне 106 орын, яғни, 36,5 пайыз тигенімен, олар ендігі жерде бұрынғыдай билік ете алмайды. Оның есесіне, реформаторлар мен тәуелсіз депутаттар біріксе, шешуші күшке айналады.  Бейтарап сарапшылар «соңғы айтылған екі блок бірігеді және прагматик консерватор­лардың ішінен де Рауханидің реформаторлық саясатын жақтайтындар табылады» деген болжам жасауда.  Осы сияқты сарапшылар кеңесіне сайлауда да реформатор Хасан Раухани мен оның жақтасы — Иранның 1989 — 1997 жж. президенті, оған дейін 1980-1989 жж. парламентті басқар­ған прагматик саясаткер Әли Әкбар Хашеми Рафсанд­жанидің мерейлері үстем болды. Ол екеуі ендігі жерде сарапшылар кеңесінде ықпалды топ құра алатындарына сенімді.

Бір айта кететіні, Иран тарихында бұрын-соңды болмаған жаңалық – парламенттегі 20 депутаттық орын әйелдердің еншісіне тимек. Алайда, сарапшылар кеңесіне  бірде-бір әйел үміткер сайлана алмады. Оған сайлануға ұмтылған 16 үміткер әйелді Конституцияны қорғау кеңесі өткізбей тастады.

Әрине, бұл айтылғандардан «Иранда консерваторлар біржолата биліктен кетеді. Елде тең құқықты демократия салтанат құрады. Батыс елдерімен достық пейілдегі ынты­мақтастық орнайды»  деген ұғым тумауы қажет. Әйтсе де, мұны болашақтағы үлкен жеңістің алғашқы қадамдары деуге болады. Демек, Иранда «консерва­торлардың ықпалы біржолата жойылды» деп айтуға әлі ерте. Өйткені, ИИР (Иран Ислам Республикасының) Конституциясына сәйкес  парламент (меджлис) ішкі саясатпен: заң жобаларын жасақтаумен, бюджетпен, халықаралық келісім-шарттарды бекітумен айналысады. Сондықтан да атқарушы биліктің, президенттің табысты жұмыс істеуі үшін парламенттің қолдауы қажет-ақ.

Ирандық кейбір саясаттанушылар мен сарапшылардың айтуларынша, елдің бұған дейінгі президенттері Мохаммед Хатами мен Махмуд Ахмединежад  парламентпен тіл табыса алмағандықтан, ойға алған істері мен жобалаған жоспарларын жүзеге асыра  алмаған көрінеді.

Бас-аяғы 88 адамнан тұратын, сегіз жылға сайланатын сарапшылар кеңесі  елдің ең жоғарғы діни билік органы болып табылады. Ол Иран Ислам Республикасының  рахбарын (рухани жетекшісін) сайлайды.  Рухани көсем мемлекеттің басшысы және жоғарғы қолбасшы саналады, елдің сыртқы саясаты мен бағыт-бағдарын  айқындайды.

Иран мемлекетінің қатаң консерваторлық ұстанымдағы  қазіргі рухани басшысы   аятолла Әли Хаманеиден сыртқы саясатқа қатысты қандай да бір ымырашылдық пен прагматикалық  қадамды күту қиын. Дегенмен, Әли Хаменеидің жасы  қазір 76-да, біршама қартайып қалды, әрі денсаулығы да сыр бере бастаған сыңайлы. Сол себепті жаңадан сайланған сарапшылар кеңесіне оның орнына лайықты  мұрагерді таңдап сайлауға тура келетін шығар.

Бүгінгі таңда Иран Республикасының  алдындағы ең басты күрделі мәселе — экономиканың шатқаяқтап тұрғаны. Әйтпесе, әлемдік қауымдастық экономикалық санкция жариялаған 2011  жылға дейін Иранның ЖІӨ жылына 5,8 пайызға өсіп, 928,9 млрд. долларлық деңгейге жетіп, Азиядағы Түркиядан кейінгі қуатты мемлекеттердің біріне айналған болатын. Бұған қоса Иран дүние жүзінде  Сауд Арабиясы мен Венесуэладан кейін «қара алтын» қорына ( 18,8 млрд. тонна, әлемдік мұнайдың 9,9 пайызы) бай үшінші ел саналады. Санкция алынған бойда Теһранның: «экспортқа күніне 500 мыңнан-1 млн. баррель мұнай шығара аламыз» деп мәлімдеуі  жәйдан-жәй емес. Әрі бұлардың мұнайының өзіндік құны  саудия­лықтардыкіндей 10 доллардан төмен тұрады.

Қазіргі кезде ирандықтарды мазасыздандырып, алаңдаушылығын тудырып отырған — сыртқы саясат емес, ішкі жағдай. Дәлірек айтқанда, экономиканың құлдырауы, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатының төмендеуі. Бұл ретте олар реформатор Хасан Рауханиге зор үміт артып отыр.

Тұралап тұрған Иран экономикасын көтеру үшін президенттік билік тізгінін ұстаған Хасан Рауханиге кең көлемді реформа жүргізу, әсіресе, өндірістің жетекші салалары: өнеркәсіп, энергетика және құрылыстың инфрақұрылымын жақсартып, жандандыру керек. Оған ел бюджетінің қауқары жетпейді. Оның бірден-бір жолы мен мүмкіндігі — әлемнің қуатты елдерімен ынтымақтастық орнатып, инвестиция тарту.  Мұның бәрі, сайып келгенде,  реформаторлық қадам-қарекетте парламенттің қолдауын қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда,  президент Хасан Рауханидің айы оңынан туған тәрізді.

Әлемдік қауымдастықтың санкциясы жойылғаннан кейін Иранмен екіжақты ынтымақтастықты жандан­дыруға ниет білдірген елдердің бірі — Қазақстан.  Осының дәлеліндей, биылғы жылдың 6 — 8 ақпаны аралығында  Теһранда  қос тараптың сауда-экономикалық мүмкін­діктерін қарастырған кәсіпкерлік форум өткізілді. Бұған екі жақтан екі жүзден астам фирма қатынасты.

Қазақстан мен Иран Ислам Республикасының дипломатиялық қатынасы 1992 жылдың қаңтарында орнатылған. Екі елде де елшіліктер жұмыс істейді. Оларда Горган қаласында, бізде Ақтауда Бас консулдықтар ашылған.

Біздің ел Иранға, негізінен, дәнді дақылдарды, металл мен металл өнімдерін шығарады. Олардан машина бөлшектерін, автокөліктер, электроника бұйымдарын, киім-кешек пен дәрі-дәрмек, сыр-бояу, құрылыс материалдарын тасымалдайды. Өзара тауар айналымы 2014 жылы 987,1 млн. долларға жетті. 2014 жылдың желтоқсанында  Қазақстан мен Иранды жалғаған Өзен – Қызылқия — Берекет – Этрек (Түркіменстан) – Горган (Иран) ұзындығы 928 шақырым темір жол  жүк тасымалына, транзиттік байланысқа, сауда-экономикалық қатынастың дамуына кең мүмкіндіктер ашты. Бұл әрі халықаралық «Солтүстік – Оңтүстік»  темір жол қатынасын 600 шақырымға қысқартты.

Иран мен Қазақстан  БҰҰ, СВДМА (Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесі), ШОС (Шанхай ынтымақтастығы ұйымы) және ОЭС (Экономикалық ынтымақтастық кеңесі) сияқты халықаралық бірлестіктер шеңберінде өзара ықпалдастық және түсіністік ыңғайында жұмыс істейді. Теһран  Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу жайы және БҰҰ жанындағы Қауіпсіздік кеңесіне 2017-2018 жж. Қазақстанның тұрақты емес мүшесі болу мәселесі қаралғанда біздің елімізді жақтап дауыс берді.

Қалай дегенмен де, Иран әлемдік геосаясатта өзіндік орны бар мемлекет. Онымен АҚШ пен Батыс елдері санасуға мәжбүр. Ұзақ жылғы талас-тартыстан кейін жетекші державалардың Иранмен ядролық бағдарлама жөнінен келісімге келіп, санкциялық шектеулерін алуы осының айғағы. Бір өкініштісі, биылғы жылдың басында Сауд Арабиясы мен Иранның қарым-қатынасының ушығуы Таяу Шығыс-Парсы шығанағындағы жағдайды шиеленістіріп, бұлармен байланыстағы басқа мемле­кеттерді екіұдай күйге түсіріп қойды.

Иранның Сириядағы соғысқа қатысты ұстанымы да алабөтен. Ол Ресеймен альянс құрып, Башар Асад режиміне жан-жақты көмек көрсетуде. Сондай-ақ, оның Ирак пен Йемендегі шииттік әскери құрылымдарды қаржыландырып, қару-жарақтармен қамтамасыз етіп отырғаны да жасырын емес.

Ендеше, қазірше консерваторлық биліктің ық­палындағы Иранның сыртқы саясатынан қандай да бір өзгеріс күту бос әурешілік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *