«ИНВЕСТОРЛАР ТӘУЕКЕЛДI ҰНАТАДЫ», – дедi Лондонның экс-мэрi

I ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМ

13Әсел ДАҒЖАН

Алып шаһардағы тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигоны мен қалдықтарды өңдейтiн зауыт құрылысы, Алматының үлкен айналма жолының құрылыстары, көше жарығын модернизациялау мен интеллектуалды транспорт желiсiн құру, қоғамдық көлiкте электрондық билет берудi қамтамасыз ету. Шаһарымызда екi күнге созылған I Халықаралық Инвестициялық Форумның көздеген мақсаты – осы аталған iрi жобаларға шетелдiк және отандық инвесторларды тарту болды.

Әрбiр төртiншi кәсiпкер өз қызметiн осы Алматыда жүзеге асырады

Алматы қаласының инвестициялық мүмкiндiгiн талқылаған форумға ҚР Премьер-министрi Серiк Ахметов, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов пен Үкiмет мүшелерi, халықаралық қаржы институттарының сарапшылары және Лондонның экс-мэрi Кен Ливингстон мен Нобель сыйлығының иегерi Мұхаммад Юнус қатысты.

Тәуелсiздiктiң 22 жылдығы қарсаңында өткен ауқымды басқосудың шымылдығын ашқан Серiк Ахметов шаһардағы iрi жобаларға тоқталды.

– Алматыдағы студенттiк, ғылыми потенциалға ақпараттық технологиялар паркiнiң берерi мол. Бiз осыдан 4 жыл бұрын оны (СЭЗ ПИТ) салған кезде 150 гектар жердi тиiмдi пайдалану үшiн инвесторларды қалай тартамыз деп ойлаған едiк. Ал қазiр мұнда бос жатқан шаршы метр жер жоқ. Бiз ендi субаймақ енгiзудi ойластырудамыз, – дедi Премьер-министр.

Шетелдiк инвесторлар үшiн мегаполистiң сенiм индексi мен тартымдылығы қаншалықты? Алматы инвесторларды несiмен қызықтырады? Үш жүзге жуық делегат келген халықаралық форумда шаһар басшысы Алматының елiмiздегi iрi мегаполис екендiгiн жан-жақты дәлелдеп бердi.

– Шикiзат аймағы болып есептелмейтiн Алматы 38 млрд. АҚШ долларының (немесе 5 641 млрд. теңге) өнiмiн өндiрiп, аймақтық жалпы өнiм (АЖH) көлемi жағынан ел бойынша бiрiншi орында тұр, – деген Ахметжан Смағұлұлы Алматыдағы шағын және орта бизнес, көлiк инфрақұрылымы, қалаға бюджеттен тыс тартылған инвестициялар, шаһардың халықаралық қаржы институттарымен атқарған шаруаларына кеңiнен тоқталып, шетелдiктерге барынша ауқымды ақпарат беруге тырысты.

Алматының бiр өзi елiмiз бойынша жалпы iшкi өнiмнiң бесiншi бөлiгiн, салық түсiмiнiң төртiншi бөлiгiн, көтерме операциялардың 50 пайызын, сыртқы сауда айналымының алтыншы бөлiгiн бередi. Ал қаржы институттарын айтар болсақ, олардың барлығы дерлiк Алматыда шоғырланған. Ел бойынша берiлген несие мен депозиттiң 26 пайызға жуығы – шаһарымыздың үлесiнде. Әрбiр төртiншi кәсiпкер өз қызметiн осы Алматыда жүзеге асырады. Қаладағы бүкiл салық түсiмiнiң 60 пайызы шағын және орта бизнестiң үлесiнде. Hз сөзiнде шаһар басшысы қаладағы инвестициялық ахуалды жақсарта отырып, әкiмшiлiк кедергiнi азайту – қолға алған маңызды мiндеттердiң бiрi деп атап өттi. Hткен жылдың қорытындысы бойынша бюджетке түсетiн салық көлемi 15 пайызға артып, 8 млрд. долларды құраған.

Бұдан өзге қалалықтар үшiн Алматыда қандай жағымды жаңалықтар, оң өзгерiстер болып жатыр? Алдымен ойға оралатыны – қоғамдық көлiк қозғалысы. Қалалықтардың газбен жүретiн арнайы валидаторы бар автобустарға, газбен қозғалатын экотаксилерге де көздерi үйренгенiне бiршама уақыт болды. Тұрғындарға өмiр сүруге қолайлы жағдай жасауға тырысып келемiз деген Ахметжан Есiмов шаһардағы көлiк инфрақұрылымына ерекше назар аударып отырғанын жеткiздi. Шетелдiк қонақтардың арасында кезiнде жол кептелiсiмен ерекше күресiп, радикалды шаралар қолданған Лондонның бұрынғы мэрi Кен Ливингстон да болды. Hз кезегiнде экс-мэр мегаполистегi үлкен мәселелердi шешуде қала басшысына табанды болып, батыл шешiмдер қабылдай алса ғана үлкен жеңiстерге жететiнiн айтты. «Hйткенi, инвесторлар тәуекелдi ұнатады», – дедi.

Ерекше айтып өткен жөн, шаһарымызда биыл табиғи газбен жүретiн 400 жаңа автобус және эко-такси сатып алынған болатын. «Алдағы жылдың бiрiншi тоқсанының соңына дейiн газбен жүретiн жаңа 300 автобус сатып алынады» деген қала әкiмi жолаушылар үшiн жағымды жаңалық айтты. Яғни, келесi жылдың соңында экологиялық көлiктердiң саны 60 пайыздан асатын болады. Бүгiнгi күнi қала халқының 26%-ы автобуспен жүрсе, келер жылы олардың санын 33%-ға, ал одан кейiн бiрте-бiрте 50%-ға дейiн арттыру жоспарланып отыр.

– Бұл үшiн қоғамдық көлiктердiң санын арттырып, халықты қала сыртындағы көлiк тұрақтарына дейiн баратын автобустармен қамтамасыз етуiмiз керек. Мұны жүзеге асырсақ, Алматыға кiретiн көлiктердiң санын 30%- ға дейiн азайтамыз, – дедi қала басшысы.

Қалаға кiру және кей жолдарда жүру ақылы болады

Көлiк кептелiсiн азайтуды қолға алған шаһар әкiмi бұдан былай қалаға кiру және кей жолдарда жүру ақылы болатынын айтты.

– Бiз мынадай жобаны қолға аламыз. Бұл барлық тұрғындарға бiрдей ұнай қоюы екiталай. Яғни, айтпағымыз – қалаға кiрудi, қаладағы жолдарда жүрудi ақылы ету керек. Көлiкпен кiргiсi келмегендер қалаға кiре берiсте салынатын автотұраққа көлiгiн тастап кетедi. Әлемдiк стандарттарға сай ақылы көлiк тұрақтарын сынақтан өткiздiк. Мұндай тұрақтар қазiр Лондонда және басқа да бiрқатар Еуропа елдерiнде жұмыс iстейдi. Келесi жылдан бастап мұндай тұрақтарды жаппай iске қосамыз, – дедi А. Есiмов.

Бұдан өзге жеңiл рельстi көлiк құрылысы жобасын жүзеге асыру қолға алынып жатқанын айтып өткен жөн.

Инвесторлар үшiн тағы қандай жаңалық тартымды? Әрине, шаһардың қаржы институттарымен байланысы. Мәселен, соңғы үш жылда Еуропа қайта құру және даму банкi көлiк жүйесiнде жалпы сомасы 120 млн. АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларды жүзеге асырған. Дүниежүзiлiк банк, Халықаралық қаржы корпорациясы, Азия даму банкi және БҰҰ Даму Бағдарламасымен бiрлескен жобалар да әзiрленуде.

Алматы – Қазақстандағы аса iрi көлiк торабының бiрi. Олай деуге үлкен негiз бар. Hйткенi, Алматы Шығыс-Батыс өткелi жолында орналасқан өзiнiң табиғи ерекшелiгiн пайдаланып, Орталық Азия аймағында iрi көлiк және сауда-логистикалық хабқа айналу мүмкiндiгiне ие. Шаһар отандық және шетелдiк инвесторларға 150 миллионнан астам тұрғыны бар Ресей мен Беларусь нарығына шығатын тамаша алаң бола алады. Бүгiнде инвесторлардың шикiзат саласы емес, өнеркәсiптi өңдеу саласына келгенiн шет ел инвесторларының сенiмiнiң көрiнiсi деуге тұрарлық. Олай дейтiнiмiз, жуырда аса iрi Лоте Групп компаниясы Алматыдағы «Рахат» кондитер фабрикасына тиесiлi акцияларды 167 млн. долларға сатып алған болатын.

Отандық бизнестiң инвестициясы да өсуде

«Есентай парк» жобасына 1,5 млрд. доллар қаржы құйылған.

Отандық бизнестiң инвестициясы да қарқынды өсуде. Бұндай жаңалықтар шетел инвесторлары үшiн де рөл ойнайтынын естен шығармаған шаһар басшысы өткен айда ғана қаламызда ашылған екi iрi нысанға тоқталып өттi.

– «Есентай парк» жобасына 1,5 млрд. доллар қаржы құйылды. Бұл бүкiл бұрынғы кеңестiк кеңiстiкте отандық бiр инвестор тарапынан салынған ең iрi инвестиция болып есептеледi. «МЕГА 2» (140 млн. доллар) сауда, ойын-сауық орталығы «Есентай Тауэрсте» орналасқан 5 жұлдызды «Ритц Карлтон» (470 млн. доллар) қонақ үйi бiр айда пайдалануға берiлдi.

Алматыда жаңа жұмыс орнын ашу – кезек күттiрмейтiн мiндет деген Ахметжан Есiмов шаһардың туристiк әлеуетiн де кеңiнен таныстырды.

Жақын болашақта Алматыны – туризм орталығы ретiнде көруге үмiт зор. Iле Алатауы бөктерiнде орналасқан шаһарда тау шаңғысы туризмiн дамытуға мүмкiндiк мол. Осы тұрғыда «Көк жайлау» тау шаңғысы курорты жобасына әлемдiк танымал мамандар тартылғанын да айта кеткен жөн. Ең бастысы, бұл курорт ашылса, 5 мың адамды жұмыспен қамтымақ. Бұл – тау шаңғысы туризмiн дамытудың бiрiншi бөлiгi ғана. Ал жалпы, 30 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.

Осы ретте инновациялық идеяларды енгiзу мақсатында құрылған «IТ Алатау» Инновациялық технологиялар паркiн де айтып өткен жөн. Бүгiнде аталған паркте 153 инновациялық компания жұмыс iстейдi. Соңғы екi жылда олардың саны 4 есе өскенi байқалады. Аталған парк пен индустриалды аймақтың дамуы – шетелдiк және отандық инвесторларды тартуға, бизнестi өркендетуге тамаша мүмкiндiк.

Форум аясындағы панельдiк сессияларда тиiстi меморандум мен келiсiмдерге екiжақты қол қойылды.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

«Ақылы жол енгiзу арқылы көлiк кептелiсiн азайттым»

I Алматы халықаралық инвестициялық форумының кулуарында Лондонның экс-мэрi Кен Ливингстон мен Нобель сыйлығының лауреаты, банкир Мұхаммад Юнус тiлшiлерге сұхбат берген болатын.

Лондонның экс-мэрi Лондон көшелерiн автокөлiк кептелiстерiнен қалай 40 пайызға азайтқанын қызықтыра әңгiмелеп бердi.

– Мұндай нәтижеге ақылы жол енгiзу кезiнде қол жеткiзiлдi. Осылайша 10 жүргiзушiнiң 4-еуi көлiктерiн үйде қалдырып, қоғамдық көлiкке мiнетiн болды, олардың арасында мен де бармын. Қалаға енгiзген жаңашылдығымның бiрi – қоғамдық көлiк төлемi үшiн бiрыңғай карта енгiзу. Аталмыш өзгерiстердiң нәтиже беретiнiне ешкiм сенген жоқ, газеттер менiң ендi ешқашан қала басшысы болып тағайындалмайтынымды жазды, алайда, осыдан кейiн мен екiншi мерзiмге мэр болып сайландым, – дедi экс-мэр.

Бангладеште несие пайызы төмен, сондықтан оның банкке қайтпай қалуы деген мәселе жоқ

Ал Бангладеште микрокредит концепциясын ұсынған Мұхаммад Юнус қазақстандық банктердегi несие пайыздарының үлкендiгiнен шошып кеттi. Микрокредит концепсиясының негiзi – шағын бизнестi дамыту үшiн төмен процентпен кепiлсiз аздаған кредит берiледi.

– Бiз 1 мың долларға дейiн несие беремiз. Ол, яғни, ауылдық жерлердегi адамдарға берiледi. Олар 5-15 адаммен бiр топқа бiрiгiп, несие алады. Мұнда әлеуметтiк жауапкершiлiк жоғары болғандықтан, несиенiң 97 пайызы қайтады, – дедi М.Юнус.

Бангладеште несиенiң максималды ставкасы – 20%, ал микрокредиттi ұйымдар 10 пайызбен депозит бередi.

Сондықтан бұл елде бiздiң елдегiдей несие қайтарылмады деген мәселе атымен жоқ көрiнедi.

КЕРЕК ДЕРЕК

Банкир Мұхаммад Юнус қазақстандық банктердегi несие пайыздарының үлкендiгiнен шошып кеттi.

Биыл Алматы шаһарынан мемлекет қазынасына бағытталған салық түсiмi 8,5 млрд. долларға артады деп күтiлуде.

2010 жылдың соңында елiмiзде соңғы он жыл iшiнде тұңғыш рет 88,4 млн. долларының (13 млрд теңге) муниципалдық облигациялары шығарылған.

I Алматы халықаралық инвестициялық форумына келген канадалық Билл Хатчисон: «Алматы – таулары бар әдемi алма» деп жылы лебiз бiлдiрдi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *