ИМПЕРИЯ ҚУҒЫНДАҒАН ИМАНЖҮСIП немесе тәуелсiздiк үшiн күрестiң үш кезеңi

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

1881 жылдың күзiнде Қоянды жәрмеңкесiнде жұртқа жаға ұстатқан жағдай болды. Патшалы Ресей отаршыларының қазақ жерiнде еркiндей бастаған кезi едi. Әсiресе, қазақ даласының солтүстiк аймағын отаршылар өздерiнiң меншiгiндей көре бастаған. Бұратана халықтарға үстемдiк құру о баста пешенесiне жазылғандай көрiп, еркiнсiген олардың арам пиғылдары күн сайынғы iс-әрекеттерiнен айқын аңғарылып жататын. Қазақтың үлкен мәдени-сауда орталығының бiрi – Қоянды жәрмеңкесiнде болған оқиға осының бiр көрiнiсi болатын.

Кең даланың түкпiр-түкпiрiнен келiп бас қосатын орталықтағы жәрмеңкеде күз күндерiнiң бiрiнде бүкiл елдiң көзiнше жаттығу жасап жатқан екi жауынгер нысанаға Кенесарының суретiн iлiп қойып ата бастайды. Олардың бұл жаттығуы жаттығу емес, балақтағы биттiң басқа шығып, халықты қорлауы едi. Iш қазандай қайнап, күресерге дәрменi болмаған жұрт тiсiн қайрағанмен, амалсыздық танытқан. Осы кезде еңсесi биiк еңгезердей бiр жiгiт алшаңдай басып екi жасауылға таяй бердi.

– Көпшiлiктiң iшiнен суырылып шыққан он сегiздегi еңгезердей жiгiт екi жасауылдың желкелерiнен қыса ұстап, бiр-бiрiне бетпе-бет қатты соғыстырып, екеуiн екi жаққа лақтырып жiбередi. Жұрт у-шу болып қалады. «Қайда, ойбай? Кiм өзi?!» дескендер абыр-сабыр болып, не iстерлерiн бiлмей де қалады. Иманжүсiптiң аты сол кезде қайта-қайта аталып, ел арасына кеңiнен белгiлi болған едi. Иманжүсiптiң бұлай жасайтын ретi бар едi, оның әкесi Құтпан (шын аты – Баймырза) Кенесарының жасағында болатын. Сол Кене ханның жасағында соңына дейiн болып, кейiн Ертiстiң жағасын паналап, Павлодардың маңындағы Алтыбай деген жерде тұрғанда Иманжүсiп дүниеге келген. Иманжүсiптiң алғаш елге танымал болып, отаршылдыққа қарсы шығып, халыққа қамқорлық таныта бастауы да осы жәрмеңкеден бастау алады, – дейдi Иманжүсiптiң немересi, зерттеушi-ғалым Раушан Нұрханқызы.

Тоқтауды бiлмейтiн тарихтың темiр доңғалағында мың өлiп, мың тiрiлген қазақтың басына не келiп, не кетпедi дейсiз. Ұлы дала сан рет нағыз өлiм мен өмiр арпалысқан нағыз шайқас алаңына айналған. Ата-бабамыз қасиеттi қонысын қанымен, жанымен қорғаған. Ал, әр кезең өзiнiң бейнесiн көрсетер өз тұлғаларын тудырып отырды.

Бұған дейiн бiреу бiлiп, бiреу бiлмейтiн Иманжүсiптiң аты осы бiр сын сағаттан кейiн-ақ аңызға айналып кете барды. Алайда, көпшiлiк жұрт оның нағыз кiм екенiн әлi бiле бермейтiн. Өйткенi, небәрi он сегiз жастағы Иманжүсiптiң тағдырында тарихтың талай қатпарларының iзi бар болатын. Ол қазақтың маңдайына бiткен жұлдызы болғанымен, дүниеге ғайыптан келе қалған жоқ едi.

– Ол өзi өте бiр ғажайып тұлға және оның өзi ғана емес, шыққан тегiнде ата-бабасынан келе жатқан күрескерлiк дәстүр бар. Иманжүсiп тақырыбын айтқанда, қазақ халқының үш кезеңдегi азаттық күресi елестейдi. Үш кезеңдегi үш түрлi жауға деген қарсылық. Алғашқы кезеңi – Қоқан әкiмшiлiгiнiң озбырлығына қарсы күрес. Иманжүсiптiң атасы – Тұрғанбай датқа қазақ намысы үшiн кеудесiн бастырмаймын деп, адамдық атын жоғары көтерiп жүремiн деп, Қоқан ханының қырына алынып, ақыры, қорлықпен дүние салған. Кенеттен келген Қоқан әскерлерi аяусыз жауыздықпен ауылындағы бүкiл адамның бәрiн қырып жiберген. Жалпы, қоғам билеушiлерiнiң дәуiрi деген тақырып әлi де жазылған жоқ, кеңестiк кезде ұлттар достығына шiркеу түспесiн деген жалған бiр теория болды. Егер жақсылығын да, кемшiлiгiн де көрсетiп расын жазса, шiркеу келмейдi. Ал, ендi Қоқан хандығының Сыр бойының орта ағысы мен жоғары ағысындағы ел үшiн жасаған естен кетпейтiн зәбiр-жапасы деген өте қайғылы айғақтарға толы болды, – деген болатын марқұм академик Рахманқұл Бердiбай.

Ел аузында Иманжүсiп Құтпанұлы туралы аңыз көп. Бiр ғажабы – оның арғы жағында шыңғырған шындықтың табы жатыр. Қоқан билеушiлерi көрсеткен сый-құрметтiң ешбiрiне қарамай, Түркiстанды Қоқан езгiсiнен босату мақсатында бiтiспес күрес жүргiзген атасы Тұрғанбай датқа сол басқыншылар қолынан қаза тапқан. Тұрғанбай датқаның баласы Құтпан сәби кезiнде керуеншiлер қолына тап болып, Ертiс жағалауына қарай кетедi. Ол сонда жүрiп ер жетiп, екiншi бiр тарихи кезеңдi бастан өткередi. Ол – Кене ханның қолында жүрiп, орыс отаршыларына қарсы күрескен адамдардың бiрi едi.

Патшалы Ресей отаршылары өз дегенiн iстету үшiн қазақтың бiрiн бiрiне айдап салып, өшiктiрiп қойып отырған. Алғашында, ақиық ақын, сұңғыла сазгер, өркеуде палуан Иманжүсiп Құтпанұлы да осындай саясаттың құрбаны болады. Патша итаршыларының азғыруымен Иманжүсiптi өзiнiң Шәрiп деген досы ұстатып жiберген.

– Бұл 1885 жылы болған нәрсе. Иманжүсiптi бүкiл халық қолдап, сайлауға қатыстырады. Алайда, отыз бес жасқа толмағандықтан, оны үмiткерлер қатарынан алып тастайды. Содан бастап Ыбырайдың баласы Рахым Жайықбаев болыс болады да, Иманжүсiптiң соңына түседi. Бiресе атын сұрап, бiресе қамшысын сұрап, түрлi сылтаулармен iзiнен қалмай қояды. Иманжүсiптi қалай ұстарын бiлмей, көп әуреге түскен. Ақырында, Иманжүсiптiң старшина болған Шәрiп деген жан жолдасын азғырады. Ақмола уезiнiң Ерейментау ауданында жүрген Шәрiптiң осы жақын досына барып, «Старшина болғың келсе, Шәрiптi ұстап бер» деген шарт қояды. Шәрiптiң үйiнде қонақта отырғанда, сөйтiп, Иманжүсiп қолға түсiп, айдауға жiберiледi, – дейдi Раушан Нұрханқызы.

Иманжүсiптiң өзi сыйлайтын, шын берiлген достары да аз болмаған. Өр кеуделi өжет ақын өз тұлғасымен теңдес адамдармен жақсы араласып тұрады. Соның бiрi – күш атасын танытқан кәдiмгi қазақтың палуаны Қажымұқан. Алайда, талай елде, талай жерде орда бұзып, жауырыны жерге тимеген Қажымұқан бойы екi метрден асатын палуан Иманжүсiппен белдесiп көрмеген. Себебi, Иманжүсiп оған екi-үш жас үлкендiгi бар аға болып келетiн. Қажымұқан оны қатты сыйлап өткен. Оған 1913 жылдары болған қызықты бiр оқиға дәлел бола алады. Бiрде Қажымұқан қисық-қыңырлау бiр шалды көтерiп алып, үй үстiне отырғызып кетедi.

– Ел-жұрттың алдында масқара болған осы үлкен кiсi кегiмдi қалай аламын деп жүргенде, бiреулер «Мұның Иманжүсiп деген ағасы бар, соған шағымданыңыз» деген ақыл айтады. Шал байғұс құп көрiп, «Менi бүкiл елдiң алдында масқара қылды, менiң iстер лажым жоқ, кегiмдi алып берiңiз» деп Иманжүсiпке барған. Бұл аралықта Қажымұқан әлгi шал туралы ұмытып та кетедi. Бiр күнi ақын, әншi, сазгерлермен бас қосып, киiз үйде қымыз iшiп отырғанда, «Әлгi Қажымұқан деген ит осында ма?» деген сырттан бiр дауыс естiледi. Қажымұқан жаны қалмай: «Иә, аға, мен осындамын» деп бәйек боп жатқанда, Иманжүсiп таяп келiп, қамшысымен бiр тартып жiбередi де кетiп қалады. Қажымұқанның өзiнiң айтуынша, көзi қарауытып, не iстерiн бiлмей, әрең дегенде аяғында тұрып қалады. Киген киiмi екi айырылып кеткен. «Ағаң екенi рас болса, сенi неге аямады?» деген қасындағы жұртқа: «Бұл аяғаны ғой, егер аямаса, Иманжүсiптiң қамшысының ұшында Әзiрейiл отырады деушi едi, шын ашуланса, мен тiрi қалмайтын едiм» дептi. Осының өзiнен екi палуанның бiрiн-бiрi қатты сыйлағанын, бiр-бiрiнiң алдынан кесiп өтпегендiгiн аңғаруға болады, – дейдi Раушан Нұрханқызы.

Өзiнiң зор тұлғасы сияқты Иманжүсiп биiк рухтағы, кең тынысты композитор болған. Кейiннен оның әндерiнiң бiразы қазақтың мың әнiн жинаған Александр Викторович Затаевичтiң жинағына ендi. Ал, Иманжүсiптiң «Сармойын», «Сарыарқа», «Ерейментау» деген әндерi көпшiлiк елге онсыз да жақсы мәлiм едi. Алайда, кеңестiк саясаттың кесiрi тиiп, 1931 жылы «халық жауы» болып атылып кеткен соң, Иманжүсiптiң есiмiн атауға болмайтын.

–Иманжүсiптiң өзi өмiр бойы патшаға қарсы күресiп өткен. Өскеменге де, Жетiсуға да, басқа жерлерге де талай рет жер аударылған. Сондағы жалғыз жазығы кеудесiн ешкiмге бастырмаймын деген намыстылығы, әйтпесе ешкiмге қорлық көрсеткен емес. Қай заманда болса да, өзiнiң пiкiрiн айта алатын, халықтың қамын ойлап, сөзiн сөйлейтiн адамды үкiмет жақсы көрмейдi. Кейiн кеңес өкiметi орнап, жақсылыққа қол жете ме деп жүргенде, оның саясатының да сұрқы жаман екенiн ойы зерек, сұңғыла адам жақсы бiледi. Елдi жайлаған азамат соғысын, ашаршылықты, басқа да бассыздықтарды көрiп, одан да күдер үзген. Кезiнде Сәкен Сейфуллиннiң шақыртуымен Қызылордаға да барды. Бiрақ, соның бәрiнде халықтың басына түсiп отырған күйзелiстi көрiп, көңiлi суииды. Бұл қоғамнан да жақсылық көруге болмайтынын бiлiп, түңiлген. Сөйтiп, ол кеңес өкiметiне iштей қарсы да болған, оны да жасыруға болмайды. Ақыр аяғында, Мойынқұмда жүргенiнде әртүрлi желеулер тауып, басқа күрескерлермен бiрге ұстап, 1931 жылы «үштiктiң» шешiмiмен ату жазасына кескен. Байқап қарасаңыз, Иманжүсiптiң өмiрiнен бiр әулеттiң үш буынының тағдыры көрiнедi. Бұл үш буынды жалпы қазақ халқының тәуелсiздiк жолындағы күресiнiң символы деуге болады. Иманжүсiп – заман тудырған тұлға, – деген бола- тын академик Рахманқұл Бердiбаев.

Қолда нақты деректер болмаған соң, кесiп айту қиын. Сонда да болса, Иманжүсiптi отаршылдыққа қарсы күреспедi дей алмайсыз. Оның әндерiнде кездесетiн «Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шоңай, Адамзаттан жан тумас мендей құмай. Төрт стражник, переуәтшiк және ауылнай, Бәрiн сойдым бақыртып қойдан оңай» дейдi. Немесе, «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын, Өрт тиiп лаулап жанған құрақтайын? Аузы түктi кәпiрдiң талайларын, Бақыртып бауыздаушы ем лақтайын» деген шумақтардың өзi талай сырды ақтарып тұрғандай. Иманжүсiп сонау Қоянды жәрмеңкесiндегi оқиғадан кейiн-ақ патша жандаралдарының қырына iлiккен болатын. Ол кезде он сегiз жастағы Иманжүсiп Кенесарының суретiн қорғап қалған едi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *