ИМЕНЕ КІРЕР ЕСІКТЕН, ТӘРБИЕ — ТАЛ БЕСІКТЕН

50Бала деген адамның арманы шын,

Ата-ананың қорлама  ар-намысын.

Бағып-қаққан еңбегін етпе зая,

Өксітпе сәл көңілің қалғаны үшін.

 

***

Шоқты ұстама, күйдіреді қолыңды,

Жамандық ойлама, бөгейді жолыңды.

 

***

Жан мен тән сұлулығы болса егіз,

Жаратқан сыйға тартқан терең теңіз.

Бір-бірімен үйлесіп нұрын шашса,

Қаланар болашаққа үлкен негіз.

 

***

Жетпей бір адамдықтың парасына,

Досыңның қалып жүрме наласына.

Кеңейтіп көкжиегін танымының,

Әуелі сәуле түсір санасына.

 

***

Іздемегін себебін қай елдерден,

Барлық бәле шығады әйелдерден.

Тауыңды да тастайды тас- талқын ғып,

Күш-қайратын бұлардың  әлем көрген.

 

***

Ана тілін өгейсіп жетім еткен,

Итеріп тастаған соң көкіректен.

Шүлдірлеген  өз елі, өз  жерінде,

Жүрек сыздар намыссыз жетімектен.

 

***

Әйел құдырет, жеңеді айбаттанса,

Қиындықты көтерер қайраттанса.

Көкірегінен көрікті ой құйылады,

Сарқылмастан бойында қайрат қанша!

 

***

Таппаса өзіне тең жарасымын,

Қол ұстасып жүретін жан  асылын,

Ата-ананың көңілі қапа  болар,

Болашақ қамын ойлап  баласының.

 

***

Баласын шолжаңдатып туысынан,

Өмір бойы шығармай уысынан.

Бойкүйез, әрі жалқау, дүмбілез ғып,

Сырт қалдырды өмірдің тынысынан.

 

***

Кетті ұшып бірі ойға, екіншісі қияға,

Бала осы отбасына  сия ма?!

Ата-ананың елжіреген  көңілі,

Өз баласын жамандыққа қия ма?!

 

***

Имене кірер есіктен,

Тәрбие –  тал бесіктен.

Көргені жақсы болмаса,

Шығып кетер тесіктен.

 

***

Тұлға болу үшін қулығын асырады,

Жалған атақ қадірін қашырады.

 

***

Мұратың асыл болса – өсесің,

Көпке топырақ шашпа – өшесің.

 

***

Балаң жақсы болса, қадіріңді асырады,

Жетесіз болса,  құтыңды қашырады.

 

***

Көміп тастасаң да алтын ескірмейді,

Жаманға қанша қақсасаң  да ес кірмейді.

 

***

Жақсы адам ағайыннан күдер үзбейді,

Жылпостар басына іс түскенде іздейді.

 

***

Ата-ананың қарамай жай-күйіне,

Қарттардың жеткізіп жүр әлі үйіне.

Қайыры жоқ баланың  тірлігінен,

Өртеніп тұрғандай бір жан дүние.

 

***

 

Жүрегім менің жаралы,

Лақтырма, қалқам, баланы.

Тастанды сәби іңгәлап,

Жаңғыртып кетті  даланы.

 

***

Уақыт қиын, басады меселіңді,

Тұла бойға жинайды кеселіңді.

Өкіндіріп, өзіңе мұрша бермес,

Жүзеге асыратын есебіңді.

***

Адамға жарасады ақ, адалдық,

Досыңа жасамашы еш арамдық.

 

***

Балаң бетіңнен алса,

Бәсің қайтып қалады.

 

***

Әлін білмейтін жаман көп,

Түзеуге оны шамаң жоқ.

 

***

Жымысқы әйел жымын білдірмейді,

Қулық-сұмдығын құрыққа ілдірмейді.

 

***

Өшетін адам көтерер көкірегін,

Мейманасы тасып, ұмытар өкінерін.

 

***

Әйелі өліп, артында қалса ері,

Мұң болады әр қадам басқан жері.

 

***

Көзге түсер беттің жаман секпілі,

Айыра біл тексіз және  тектіні.

 

***

Баланың көңілін таптама,

Жамандай көрме жатқа да.

 

***

Есіңе алып жас күнді сағынасың,

Қартайғанда әйелге бағынасың.

«Байтал шауып бәйге алмас» деген атам,

Сөзімнің түсін, шырақ, мағынасын.

 

***

Езілер кеуде, тұла бой,

Еңсені басса жаман ой.

 

***

Тәрбиелі бала сызылып сөйлейді,

Есерсоқ  бала кіжініп сөйлейді.

 

***

Қатарыңда жүргенде ойы арам,

Білдірмейді айласын жымысқы адам.

Екі жүзді, сұрқия, жөгіменен,

Бірге жүріп, дос болу өте жаман.

 

***

Кісіге еш жақсылық ойламаған,

Қулығына сырық та бойламаған,

Бүгінде арамызда талтаңдап жүр,

Емін-еркін ішіп-жеп тойған адам.

 

***

Дүниеде бала қызығың, көргенің,

Бағжаңдап бетіңнен алса өлгенің.

 

***

Адамдар бар жүретін есеппенен,

Ұдайы бас пайдасын есептеген.

 

***

Бетіңе қарап жалбақтап күлімдейді,

Ішінде не жатқаны білінбейді.

 

***

Жақсының әрқашан да көңілі көктем.

Адамдар бар әрі озбыр, әрі өктем.

 

***

Басын бассаң кетпеннің,

Маңдайға тиер сабы бар.

Түсінбей қу өмірді,

Жүргендер де табылар.

 

***

Қадалып, қайтпай сөзінен,

От шашып ала көзінен,

Басшыны да көрдік біз,

Жан  жоқтай басқа өзінен.

 

***

Қайырымсыз бала ісінен шошынамын,

Тірлігін байқап ақыл айтудан тосыламын.

 

***

Әдепсіз бала бетіңнен алар,

Жүрегің айнып көңілің қалар.

 

***

Ақшадан арын жоғары санайды,

Рахым жасап риза еткен талайды.

Қазақтың жаны жайсаң асылдары,

Жайнатып, гүлдендірген маңайды.

 

***

Көргенде оны ағып тұр сөзге,

Жарқ етіп бірден түседі көзге.

Қырық құбылған қылығы бар,

Осы мінезіне тең келмес өзге.

 

***

Мейірімі мен әдебі жоқты нетесің,

Бір көргенде ығырың шығып кетесің.

Құдай сүйер қылығы жоқ адамды,

Сонша неге өлгенше мақтап бөсесің.

 

***

Қазіргі бала әкенің тілін алмайды,

Байлықты қуып қыр соңынан қалмайды.

Қолы бірдеңеге жеткесін кеуде керіп,

Аяусыз арбап көрер-көзге алдайды.

 

***

Таза ауа денеңді серпілтеді,

Жақсы сөз ойыңды сергітеді.

 

***

Достың тәуірі әзіл айтып күлдіреді,

Жаманы көңіл-күйді бүлдіреді.

 

***

Жемқорлықпен қатты байығанда,

Бойыңды қорқыныш, үрей билейді.

Қолға түссең бүркіттей бүріп,

Саз балшықтай езіп илейді.

 

***

Түлкі ұстатпайды, бұлаңдайды,

Айлалы қыз жігітке  сылаңдайды.

 

***

Жігіттің жүзі жарқын, көңілі ояу,

Көңілге түсірмейді ешбір қаяу.

Емініп  құшағында аймалап жүр,

Бикеш масаң, ерні қызыл бояу.

 

***

Бойыңда болса ізет пен  қанағат,

Сыйлайды риза боп жамағат.

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ,

Қазақстанның

Құрметті журналисі

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *