Имандылық – ізгілік негізі

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция  жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты  Жолдауы еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін  беретін, халқымыздың   игілігін көздейтін нақты жоспарға құрылған, әсіресе,  жас ұрпаққа берері мол құжат. Жол­дау­дың басты ерекшелігі интеллектуалды салаға көп көңіл бөлінуінде. Оның ішінде адам капиталын  дамыту,  білім деңгейін жақсарту мәселелеріне назар аударған. Осы орайда адам капиталы  ретінде жастарды адамгершілікке,  имандылыққа баулудың орны ерекше.

Жуырда Шет тілдер және іскерлік карьера универ­ситетінің «Тарих және дінтану» факультетінде «Имандылық – ізгілік негізі» атты «дөңгелек үстел» өтті.

«Дөңгелек үстелді» Тарих және дінтану факультетінің деканы Ұ.Әбдәқалықов мырза кіріспе сөзбен ашып,  іс-шараның мақсаты, дін тақырыбының ауқымы, сонымен қатар қазіргі таңдағы адами құндылық­тарды қалып­тастырудағы діннің  мәні терең екендігін де жеткізді.

Онда «Тарих және дінтану» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. А.Жыланкөзова  «Жастарды ұлттық және рухани құндылықтар  барысында оқыту», ф.ғ.д. Б.Аташ «Қазақстандағы  зиянды діни  ағымдар», аға оқытушы Н.Абдуллаев  «Ислам дінінің ақиқаттығы»  деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Ғалымдардың дін мәселесіне байланысты жасалған баяндамаларын,  құнды пікірлері  мен салиқалы  сөздерін, келтірген деректерін  студенттер ұйып тыңдады. Қатысушылар  сұрақтар қойып, сонымен  қатар өз ойларын да ортаға салды. Студенттер дін жайлы, имандылық жайлы ұлы адамдардың  айтқан аталы сөздерінен үзінділер оқыды. «Ақылдың көзі – ибалы  сөз» демекші, небір ділмар-шешендердің ғибратты сөзінен студенттер рухани нәр алып, Ислам дінінің қасиетіне қаныға түскендей болды. Майлықожа ақынның дәстүрлі дініміз туралы жырында:

«Адамның күні бар ма сыналмаған,

Бақ тайса мал менен бас құралмаған.

Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле

Сонда да күдер үзбе бір Алладан!»

деген тамаша ғибратты жолдар бар.

Иә, имандылықты ту еткен ата-бабаларымыздан  жеткен жәдігер осындай! Осынау  ғылым мен техниканың қарыштап дамып келе жатқан жаһандану заманында адам баласы өзінің рухани құндылықтарын жоғалтып алмай , «қайдан келгенін, әрі қайда оралатынын» бір сәт те естен шығармауы маңызды. Сонымен қатар, жастарымыздың ой-санасын  улауға ұмтылып жатқан түрлі  діни секталар мен ағымдардың теріс ықпалынан да сақтану үшін діни сауаттылық керек ақ. Ислам діні адам өмірін сақтаушы, денсаулықтың қорғаны, адамның өзін-өзі құртып, жоюына тосқауыл болатын ғажайып  нәтижелер жиынтығы.

Ислам діні қайырымдылық пен зұлымдықтың  не екенін нақты түсіндіре алады. Одан қалай дұрыс өмір сүру керектігін, бала тәрбиесін, әйел ананы, қыз баланы, үлкендерді, ата-ананы қалай құрметтеу керектігін, тіпті тамақтану, киіну, тағы да басқа күнделікті тіршіліктегі амал-әрекеттеріміздің мәні мен маңыздылығына толық түсінік таба аласың. Яғни Ислам – «басынан аяғына» дейін құрылымы жетілген нағыз керемет дін. Еліміздің негізгі байлығы да иманжүзді, жан-жақты дамыған, саналы ұрпақ екені даусыз.

Осы орайда, университет ректоры доктор, профессор Сабри Хизметли мырзаның ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Себебі, бірінші басшы ретінде ол кісі студенттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бар күш-жігерін салады.

Жастарды имандылық, парасаттылық пен оларды түрлі діни секталар мен ағымдардың теріс ықпалынан сақтау, діни сауаттылығын қалыптастыруда университеттегі «Дінтану» мамандығының алатын орны ерекше. Мұнда елімізге танымал ғалымдар дәріс береді. Бұл мамандықта студенттер негізінен мемлекеттік және ішкі грантта білім алады. Осы мамандықта  168 студент ректор грантымен оқиды. Сонымен қатар, ақылы бөлімде білім алатын студенттерге әлеуметтік жағдайына қарай 10–30% жеңілдік беріледі. «Дінтану» мамандығын бітірген түлектер өз ана тілдерімен қатар ағылшын, түрік және араб тілдерін еркін меңгеріп шығады. Жыл сайын 20–30 студент Түркия мемлекетіне барып, ұтқырлық бағдарламасы бойынша тегін білімдерін көтеріп қайтады. Бұл мамандықты бітірген түлектердің жұмысқа орналасуына да жағдай жасалады. Оның айғағы Алматы қаласы дін істері басқармасында 15 түлегіміз жұмыс жасайды. «Осындай мүмкіндіктер жасап отырған университет ректоры доктор, профессор Сабри Хизметли мырзаға студенттердің алғысы шексіз», – дейді «Дінтану» мамандығы 1-курс студенті Олжас Жұмаханов.

Факультет деканы, т.ғ.к., профессор Ұ.Әбдіқалықов­тың тікелей ұйымдастыруымен өткізілген бұл игі іс – шара студент­тердің жүрегіне имандылық нұрын сеуіп, бой­ларына  адами асыл қасиеттерді сіңіріп өсуіне оң ықпалын тигізді десек артық айтқандық болмас.

«Дөңгелек үстелді» қорытындылай келе факультет деканы, т.ғ.к., профессор Ұ.Әбдіқалықов мырза жастардың бойында имандылықты, ізгілікті қалыптастыруда, сонымен қатар олардың діни сауаттылығын нығайтуда бұл іс-шараның өте маңызды екендігіне тоқталды, оған қатысушыларға үлкен алғысын білдірді.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *