Имамдар спортта бақ сынасты

Мешіт қызметкерлері де кәдімгі спорттан құралақан емес. Олар да бір мезгіл доп теуіп, тартысты түрде арқан тартысқанды жақсы көреді.

Өткен сенбі күні Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің стадионында шаһардағы мешіт қызметкерлері арасында спартакиада ұйымдастырылды. «Асыл мұра» бағдарламасы аясында өткізілген спорттық шара кезінде имамдар шағын футбол, армрестлинг, үстел теннисі, гір тасын көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ және шахмат секілді спорт түрлерінен өзара жарысты.

 Әсел ДАҒЖАН

Жарыс алаңына мешіт қызмет­керлерінен бөлек, мешіт жамағаты мен мешіттен сабақ алатын шәкірттер де келген. Мәселен, Қайнар колледжінің студенті Данабек Қуандықов ұстазының айтуымен шахмат жарысына қатысуда. Логиканы дамытатын ойынды ол бала кезінен қызық­тайтын көрінеді. Бос уақытында футболмен де әуестенеді.

Мешіт қызметкерлері арасында белсенді әрі үздік ұжымды анықтау мақсатымен өткізілген шараға қаладағы 49 мешіттің барлық қызметкерлері қатысты. Яғни спорттық шара мыңнан аса адамның басын бір стадионда қосты.

«Күнделікті өмірде біздің имамдар салауатты өмір салтын ұстанады» деген Алматы қаласы орталық мешітінің наиб-имамы Ермек Көкірекбаев бізге әрбір имам өзі әуестенетін спорт түрінен жарысқа түскенін айтты.

– Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с) «әлсіз мұсылманнан күшті мұсылман артық» дейді. Сондықтан мешіт қызметкерлері салауатты өмір салтын ұстанады. Біздің 5 мезгіл оқыған намазымыздың өзі емдік гимнастика.  Ал күніне 5 рет жуыну – ол тазалық, гигиена. Сол сияқты, бүгін әр имам өзі әуестенген спорт түріне қарай жарысқа түсуде. Жарысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқар­масы мен Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Алматы қалалық өкілдігі бірлесе өткізудеміз. Имам, наиб-имам, ұстаз, азаншы сияқты мешіт қызметкерлері бүгін өте белсенді. Мұндай жарыстан бөлек, жұмасына бір-екі мәрте қалалық спорт алаңдарында жина­лып, өз арамызда ойнап тұрамыз, – деді Ермек Көкірекбаев.

Айта кетейік, жоғарыда сөз еткен «Асыл мұра» бағдарламасы – мешіттер арасындағы бұқаралық спортты дамытуға арналған, үкімет алдында арнайы қорғалған  бағдар­лама. Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы қаржылан­дыратын бұл бағдарлама осымен екінші жыл ұйымдас­тырылып отыр. Бағдарлама бойынша биылғы жылға 69 спорттық шара өткізу жоспар­ланса, оның тең жарымы бүгінгі күні өткізілді.

– Биылға жоспарланған 69 іс-шара аясында Құрбан айт, Ораза айт, қала күні кезінде қазақ ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіп және қазақ күресінен турнир өткіздік, – дейді бағдарлама басшысы Досжан Қаматай.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Алматы қаласы мешіттерінің жамағаттары арасында шағын футболдан турнир өтіп жатқанын, оның бас жүлдесіне 1 млн. теңге тігілгенін де айтып өтті.

– Оған қаламыздағы барлық 49 мешіттің жамағаты қатысуда. Сайыс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең мешіттің ішкі іріктеуі, мәселен орталық мешіттен 7-8 команда шықса, олар өз ішінде сайыс өткізіп, мықты команданы анықтайды. Екіншісі – аудандық кезең, яғни ауданда неше мешіт бар, солар мықтыны анықтайды. Қазан айының соңында 8 ауданнан жолдама алған сегіз команда финалда сынға түседі. Қазір аудандық кезең өтіп жатыр, – деді «Асыл мұра» бағдарламасының басшысы Досжан Қаматай.

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, спорттық шаралар спарта­киадамен шектелмейді. Алдағы қараша айының соңында әйел адамдар арасында волейбол лигасы өтеді.

Имамдар тек дін, діл мәселелерін ғана көтермей, сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттауда да өзіндік үлестерін қосып жүр. Себебі, адам денсаулығы мен оның өмірі мемлекеттің де, діннің де басты байлығы болып табылады. Ұйым­дастырылған спорттық шара әсерлі өтті. Бір күн бойына созылған спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпы медальдық есеппен Медеу ауданы бірінші орынға жайғасса, Жетісу ауданы екінші орын, ал Әуезов ауданы үшінші орынды иеленді.

Аталған шарадан  біздің түйге­німіз – имамдар мен молдалар мешіттерде тек уағыз айтумен ғана шектелмейді. Қала имамдары салауатты өмір салтын өздері ғана ұстанып қоймай, мешітке келген жамағатты да спортпен шұғылдануға шақырады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *